Тамаққа байланысты атаулар

Адам өмірінде тамақтың орны ерекше екендігін барша жұрт біледі. Оған байланысты алуан түрлі сөздер бар.

Ақ-айран. Жазда күн ыссыда ақ ішеміз. Ауқат – ас, тамақ, азық. Оңтүстік Қазақстан өңірінде осылай аталса, Еділ бойы (Саратов) қазақтары ауыздық дейді.

Ақ билет – ақталған тары. (Қалмақ).

Сөк – шикідей ақталған тары.

Астық – ұн, бидай ұны. Жайдаққа нан жайып отырғанда, астық сеуіп отырады. (Сар).

Ақ сүт – машинадан өтпеген сүт.

Ауыздық – дәм, тамақ. Е, ауыздық деймісің, оларды ішпеймін. (Сар.).

Ашымал – ашыған көже. Ашымық – Шу сөйленісі. Ашымал жасау керек еді, күн ыссы (Қалмақ).

Маңғыстау сөйленісінде ашыған көжені қымыран десе, Оңтүстік Қазақстанда қымыран деп шұбатты айтады.

Жаламық – сүтке ұн салып, қант қосып пісірген быламық. Шу сөйленісінде быламық – талқаннан жасалған қою көже. Алматы облысының кейбір аудандарында қара көже деп айтады.

Қансоқта – ет, май, өкпе-бауыр турап қанды сол араластырып, бүйенге салып пісірілген тамақ. (Саратов).

Қатырлақ – жұқа нан. Қатырлақ нан тәтті болады.

Көмбе – табасыз, қоламтаға сала салып, пісірген нан.

Құймақ – блин. Құймақты балалар жақсы жейді. (Саратов).

Өтпек – нан. Ақ өтпекті өзіміз жейміз. Бұл татар тіліндегі икмәк //епи (нан) сөзімен төркіндес.

Секер – қант (батыс), шақпақ секер – рафинат.

Судия – піскен айран. Ыссылықта судияны сіміріп алып кете бересіз. (қалмақ).

Тас құман шай – бірінші сортты үнді шайы. Тәпентақта шай.

Тосап – көбік. Ет қайнағанда сорпаның бетіне тосап шығады. оны қалқып алады (Саратов).

Турамыш кеспе – ішіне ет турап, кеспе қосып жасаған тамақ.

Іңкәл – нан, қамыр. Еттің әңкәлін жайдың ба? Қарағанды облысының Шет ауданында нан, күлше, Көкшетау, Қызылту, аудандарында жайма нан, құлақ нан сөздері қолданылады. Қырғыз тілінде қамыр, өзбек тілінде хамыр, Қарақалпақ тілінде қамыр дейді.