Жергілікті ерекшеліктерде кездесетін сындық мағынаны білдіретін сөздерді сапалық және қатыстық сын есімдер деп екі топқа бөліп қарауға болады. Говорларда сапалық сын есімдерге қарағанда, қатыстық сын есімдер көбірек кездеседі. Заттың түсін, сапасын білдіретін қызыл, көк, ақ, сары, қара, қызғылт, жасыл сияқты негізгі есімдердің бәрі де әдеби тілдегідей. Олардың құрамында диалектілік ерекшеліктер байқалмайды. Жергілікті ерекшеліктерде үлкен, зор сөздерінің синонимі ретінде қолданылатын сөздер өте көп. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік шығыс облыстары тұрғындарының тілінде шоң/ғоң сөзі жиі кездеседі. Мысалы, Ол ғоң кісі болған дейді. (Сем. Үрж).
Білегі арыстанның білегіндей,
Жүрегі жолбарыстың жүрегіндей.
Шоң желке, кең жауырын, жазық маңдай,
Тұрпаты Түркістанның түбегіндей.
Бұл сөзден басқа говорларда үлкен, зор мағынасында дығал, дырау, нән, нәнбай, әйдік сияқты сөздер қолданылады. Нән, нәнбай сөздері батыс қазақтарының тілінде жиі кездеседі.
Тонау нән түйе тауықты қарашы (Түркм.). Қарсы алдымнан нән сүңгуір кездесе кетті. Қос ауызды аша сала басып қалғанымда, ұшып түсті (Ақт.). Кешегі күреске қатысқан жігіт нән екен (Маң.). Қопаның ішінде бір әйдік өгіз жүр. (Ыр.). Ол да бір әйдік ауыл екен (Орын.). Жетісу, Шығыс Қазақстан тұрғындарының тілінде шоян (жоян) ноян сөздері үлкен, зор мағынасында жұмсалады. Бір ноян жігіт үйге кіріп келді (Алм., Тал.). Ол ноян ыдыспен қымыз ішті. (Сем.Ақс.). Сыртынан қарағанда жоян жігіт көрінеді (Монғол.). Дырау сөзі үлкен, зор мағынасында батыс қазақтарының тілінде жиі қолданылады: Ол дырау бір жігітті ертіп келді. (Орал). Қайтер ең аяулыңды алса дырау (Х. Ерғалиев). Бұлардың қатары дып-дырау, дып-дырбай болып, күшейткіш буын қабылдап та қолданылады. Батыс аймақтарда ыссы, ыссыладым десе, оңтүстік аймақтарда ыстық, ыстықтады дейді.
Қатыстық сын есімдер әсіресе –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы жасалады. Говорларда кішкентай мағынасында зәрекендей, құртақандай, құртапаштай, құйттай, т.б. сөздер қолданылады.
Әлменді, күшті, қуатты. Бұл колхоздың аттары әлменді келеді (Ақт.). Сүдінді. әдемі. Оның апасы сүдінді дейді (Орал).