О/ұ алмасу батыс говорларына тән: құлдану-қолдану, құрытынды-қорытынды, тұмалау-дұмалау, жұмалау-домалау, ұяну-ояну, сұрақы-сорақы, сұпы-сопы, ар-ождан, ар-ұждан, онжырғасы түсу-үнжырғасы түсу, орпақ-ұрпақ, марқом-марқұм, арық-торық-арық-тұрық, оқсайды-ұқсайды, т.б. Мысалы: мені оқсатқан олар зарплат бермей, (Орын ад.). Пәленшенің орпағымыз, түгеншенің орпағымыз деп атаңның есімін атай аласың ба? Осы елд Иса Доаннан қалған орпақ аз емес (Мақ). Біздің жақта көп сөздерді басқаша құлданады (Орын). Сөздердің құлдануында да өзгешелік бола ма екен? (Қарақалпақ).
Ө/ү алмасу батыс говорларына тән: дүнен-дөнен, үгей-өгей, үшбойы-өнебойы, нүсірлеу-нөсерлеу, күміскі-көмескі, төнеру-түнеру, мүңіреу-мөңіреу, т.б. Үгей шеше. Бұлар үнепойы ауылда жүреді. (Қызылорда). Күміскі із байқалады (Маң.). Күн төнеріп жауғалы тұр. Өзінің колонизаторлық үктемдігін тағайынды орнатқаннан кейін, бірқатар қалалар мен соғыс бекіністерін салды («Соц. ауыл», 76, 1940) . Нүсерлеп құйған жаңбыр суы жыра, сайларға сыймай, жер бетін сел ғып қаптап, қатты ағынмен сарқырап жатты (Ә. Нұрпейісов).
ы/і: тірнектеп-тырнақтап, пысқан-піскен, гір-шыр, зәлім-залым, іләж-ылаж, т.б. Мысалдар: тірнектеп жиған малымыз бар еді (Алм.). Іләжі болса, сол балаға соғып кетсеңіз жақсы болар еді (Шымк.). Қарап келші барып, пысқан шығар (Сем.).
Фонетикалық ерекшеліктерді сөз еткенде кейбір сөздердің не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке айтылуы ерекше атауды керек етеді. Солтүстік батыста көбіне жуан айтылатын біраз сөздер оңтүстік шығыста жіңішке айтылады; жәутеңдеу-жаутаңдау, әбіржу-абыржу, шілдахана-шілдехана, тірнектеп жию-тырнақтап жию, жәудіреп-жаудырап, әсілі-асылы, ажым-әжім, шетінен-шатынан, кәртеміш адам-қартамыш адам, егіл-тегіл-ағыл-тегіл, жәпірейген-жапырайған, кәйерде (қайерде)-қай жерде, кемпір-семпір-кемпір-сампыр, т.б. Ол үйге кемпір-семпірлер жиналыпты ғой (Алм.). Жылысбайдың кәперде екенін ешкім білмейді (Шым.). Кетпенін иығына асып, қария үлкен атыздың басымен ілгері аяңдады (Қызылорда). Әсілі бақыт дегеннің өзі осы емес пе екен? («Мәд. ж/е тұрмыс», 1964, №4, 11-бет).
Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың қолданылуына байланысты байқалатын басты-басты ерекшеліктерді төмендегіше топтап қарастыруға болады.
- Еріндік дауысты о, ұ (ө, ү) дыбыстарының өзара алмасуы және керісінше ұ (о, ү) ө.
- Езу дауыстылардың арасында кездесетін сәйкестіліктер:
а) езулік ашық а, е дыбыстары мен езулік қысаң ы, і дыбыстары арасындағы алмасулар: ы/а, а/ы, і/е, е/і.
ә) жуан а, ы дыбыстары мен жіңішке ә,і,е дыбыстары арасындағы сәйкестіктер.
б) езулік жіңішке дауысты ә,е дыбыстарының кейбір сөздердің құрамында бірінің орнына бірінің жұмсалуы.
- Еріндік қысаң дауысты ұ, ү дыбыстарының езулік қысаң ы, і – мен алмасуы ұ/ы, ү/і.
и (ый, ій) дифтонгының орнына жалаң дыбыстардың (ы, і) қолданылуы