Тіл білімінің тілдегі диалектілер мен говорларды зерттейтін саласы – диалектология (диалектос – сөйлеу, говор, логос – ілім деген грек сөздерінен құралған) деп аталады. Диалектологияның зерттейтін нысаны – жергілікті тіл ерекшеліктерін тексеру. Қазақ диалектологиясы қазақ тіліндегі говорлар мен диалектілерді зерттейді. Диалект, говор деп халықтық я ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері бар жергілікті тармақтарын, бөліктерін айтамыз.
Ол жалпы тілге тән ортақ белгілер деп өзгеше ерекшеліктерді қамтиды. Қазақ тіл білімінің жас саласы деп есептелсе де, диалектологиялықзерттеулерге назар аударылғаны 70 жылдан астам уақыт өтті. Қазақстанның барлық облыстарына қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері жиналып, бірте-бірте Қазақстаннан тыс жерлердегі қазақтар мекендейтін аймақтардан материалдар жинала бастады. Соның негізінде арнайы ғылыми жұмыстар қолға алынып, мақалалар мен монографиялар, құнды-құнды еңбектер жазылды. Түрлі аймақтарда тұратын қандастарымыздың тілі сәл болса да өзіндік айырмашылығымен ерекшеленеді. Диалектология мәселесіне айтулы ғалымдар С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, Ж. Досқараев, Ш. Сарыбаев, Ғ. Қалиев, Ә.Нұрмағамбетов, С. Омарбеков, О. Нақысбеков, Ж. Болатов, Н. Жүнісов, Т. Айдаров, Ш.Бектұров, Б. Бекетов т.б. айрықша көңіл аударғанын айтып өткеніміз жөн.
Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктеріне байланысты педагогикалық институттар мен университеттердің филология факультеті студенттеріне арналған алғашқы оқулық Ғ. Қалиев пен Ш. Сарыбаевтың авторлығымен 1967 жылы жарық көрді. Оқыту тәжірибесінің соңғы жылдардағы талабына сай кейбір түзетулер, қосымшалар енгізіліп, 1979 жылы қайта басылып шықты. Аталған оқулық толықтырылып, 2002 жылы үшінші рет жарық көрді.
Тіл деректерін зерттеу және оларды пайдалана білу тарихқа қатысты әр түрлі проблемаларды танып білуге көмектеседі. Ол проблемалардың қатарына белгілі бір халықтың тегі, оның пайда болуы, халықтардың дамуының әр дәуіріндегі мәдениеті, белгілі бір халықтардың басқа халықтармен байланысы туралы мәселелер енеді. «Сөз – барлық фактілердің, барлық ойдың киімі» (М.Горький) дегенді ескерсек, тіл халықтың тарихы, шежіресі, халықтың күллі өмірінің жаңғырығы мен ізі болып есептеледі. 19 ғасырға дейін диалектілік ерекшелік тілдегі «қате сөйлеу», дұрыс сөздің «бұрмалануы» сияқты болып көрініп келді. Жергілікті диалектілердің зерттеле бастауы 19 ғасырдың 2-жартысында Германия (И.А.Шмеллер), Франция (Г. Парис), Италия (Г.И.Аскоме) сияқты елдерде кеңінен дамыған. Диалектологияның жеке сала ретінде қалыптасуында орыс ғалымдары И.И.Срезневский, А.А.Потебня, А.И.Соболевский, әсіресе А.А.Шахматов көп еңбек сіңірді.
Зерттеу нысанының саралануына және сипатына қарай диалектология – сипаттама және тарихи диалектология болып екі салаға бөлінеді. Сипаттама диалектологияның міндеті – тілдегі диалектілер мен сөйленістердің дыбыстық, грамматикалық және лексикалық құрылысын сипаттау, сол жайында түсінік беру. Тарихи диалектологияның міндеті – тілдегі диалектілер мен сөйленістердің, диалектілік ерекшеліктердің пайда болу сырын, тарихын зерттеу.
Қазіргі қазақ тілінде төрт түрлі сөйленістер тобы айқын көріне бастайды: оңтүстік, батыс, шығыс, орталық, солтүстік.