Назым Хикмет-әдебиет тарауындағы ұлы ақын. Сонымен қатар ол-көркем прозашы, драматург, киносценарииші. Шығармалары /жарияланған кітаптары/:
- «Күн нұрына суарылғандар жыры » /1928/
- «835 тармақ» /1929/
- «Даусын жоғалтқан қала » /1931/
- «Адамдық кеңестік» /1941-61 ж.ж. Бұл түрік тілінде 1966-67 ж.ж. жарияланған эпопея/.
- Драмалық шығармалары: «Елеусіз қалған есіл ер» /1935/; «Дарақы» /1955… т.б.
Назым Хикметтің шығармашылығы әдеби тек жағынан лирика, эпос, драма түрлерін түгелдей қамтиды. Назым Хикметтің әлемдік сөз өнеріндегі негізгі тұғыры-ақындығы. Ақынның лирикалық шығармашылық құдіретін әлемге танытқан ерекшелік-оның туған елін Туркияны, Анадолы жерін, Ыстамбулды, дүниежүзінің еңбекшілерін азаматтық, гуманистік жүрекпен жырланғандығы Хикметті түсіну үшін лирика табиғатына үңілу керек. «Лирика… шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөліп, ойымен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі»… «Ақынның көңіл-күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-жайына байланысты». Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, — сол өз кезінің шындығымен сыры жатады.
… «Лириканың бас қаһарманы-ақынның өзі… Өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақынмен оқырманның көңіл-күйлері бір-біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді… Сонда ақын көкірегінде сезім-оқырман сезімі, ақын көңіліндегі сыр-оқырман сыры болады да шығады». /Қабдолов З. Екі томдық таңдамалы шығармалары. А., Жазушы. т.2. 315-316, 319 беттер/ Бұл айтылған тұжырымдарды Н.Хикмет жырлары арқылы түсінеміз. Назым Хикметтің лирикалық шығармашылығын өлең тарихындағы қалыптасқан жіктеулер тұрғысынан саяси лирика, философиялық лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы түрлерінде қарастыруға болады.
Назым Хикметтің саяси лирикасына мынадай өлеңдері жатады:
«Лидия Ивановнамен сырласу», «Сендердің қолдарың хақында һәм жалғандық жайлы өлең», «Мадрид қақпасы алдында», «Шығыс адамы және СССР», «Үміт», «Сені ойлаймын», «Құрыш білектер», «Ағаштар», «Қайран, он тоғыз!», «Бес тәулік ашыққанда», «Мұнайстанға саяхат», «Мен түрмеге түскенге», «Ешбір ағаш берген жоқ мұндай ғажар жемісті», «Әлем достар, жаулар, сен және жер», «Поль Робсонга», «Айқас» және т.б.
Ақынның саяси лирикасынан адамзаттың бақыты жолындауы күреске өмірін арнаған лириканың қаһарманның асқақ мұраттары жырланды. Құрлықтарды мекендейтін барлық нәсілдегі адамдарда сүйетін гуманистік бауырмал үні шынайы қалпымен естіледі.
Африка не Азиядан,
Не Таяу Шығыс елінен.
Не Қиыр Шығыс,
Не Тынық мұхитының шегінен.
Қай тараптан да бол, мейлің,
Планетамның халқының төрттен үш бөлігі,
Бөрі де маған бауырлас туған ел деймін.
/ «Сендердің қолдарың хақында»/
Ал, «Өлген қыздың елесі» жырында Хиросимадан басталған атомдық зұламатқа қарсылық үнін танимыз. Мәңгілік апат, қырғын атаулыға жаны түршіге қарсы ақынның күрескерлік жырының қуаты айқын.