Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов — заманының жан-жақты білгір ғалымы, батыл саяхатшысы. Ол — қазақтың тарихын, этнографиясын және әдебиетін тұңғыш зерттеуші. Шоқан қазақ пен қырғыздың әдебиет теориясы мен фольклоры туралы алғаш рет ғылыми пікір айтып, зерттеу еңбектер жазған әдебиетші. Сондықтан Шоқан – қазақтың демократтық сынын бастаушы, кезіндегі ілгерішіл дәстүр мен әдебиеттану ғылымын негіздеуші, публицист жазушы. Қазақтың әдебиеті мен мәдениетін орыс жұртшылығына алғаш танытушы.
- Шоқан 1835 жылы қазіргі Құсмұрын бекінісінде туған. Шоқанның жастық шағы – атамекені Сырымбеттің сұлу табиғатының қойнауында, биік қарағайлы, қалың қайыңды, көгі мен көлі мол жерде өткен. Бұл жердің табиғат байлығы, сұлу суреті Шоқанға ерекше әсерлі болған. Ол бұл жердің табиғатын өскеннен кейін де қызыға әңгіме етіп жүрген.
Шоқанның шыққан ортасы-қазақтың ірі феодалдары, хан-сұлтан тобы. Әкесі – Шыңғыс – Омск әскері училищесін бітірген. Орысша сауатты, офицерлік чині бар (полковник болған) адам.Ал Шыңғыстың әкесі Уәли мен шешесі Айғаным да хандық құрған адамдар. Арғы аталары тарихқа белгілі – Абылай хан.
Шоқан – осындай белді отбасыдан шыққан жас. Бұл оған жасынан оқуға мүмкіндік береді. Шоқан әуелі аулында оқып, ескіше хат таниды. Он жасқа толғанда, әкесі оны Омскідегі кадет корпусына (әскери училищеге ) береді. Кадет корпусына ол орыс тілін білмейтін, ауыл салтындағы бала ретінде келіп түседі де, бір жыл ішінде орыс тілін үйреніп алады. Шоқан талапты, зерек болып өседі. Ол корпус оқушыларының алды болып бірден көзге түседі. Шоқан талабын оқытушылары ерекше ықыласпен ескереді.
Шоқан кадет корпусын өте жақсы үлгеріммен бітіріп шығады. Ең жетік оқушылардың бірі болып бітірген Шоқан туралы Григорий Потанин өзінің естелігінде: ”Шоқанның санасы тез өсіп, өз қатарластарынан өте озық болған еді. Табиғи қабілеті және басқа да ерекшеліктері мол адам болатын”,-дейді.
Шоқанды кадет корпусын бітіріп шығысымен 1853 жылы генерал-губернатор өзіне жәрдемші етіп алады. Генерал-губернатор кеңесінде болу арқылы Шоқан орыстың дворяндық ортасын, офицерлері мен чиновниктерін көп көріп, олардың мақсаты мен істеп отырған істерін байқайды.
Шоқан ендігі жерде кейбір қоғамдық істерге тікелей араласа бастайды. Өз ойын білдіріп, ел мақсатын көздейді. Ресей болашағын жақсылық жағынан танытуды арман етеді. Осындай игі мақсаттармен Шоқан қазақ қоғамын билеу ісіне байланысты өкімет тарапынан жүргізіліп жатқан жаңа ереже жасау істеріне араласады.Орта Азияны, Қырғыз өлкесін зерттеу жұмысымен әуестеніп,1856 жылғы экспедицияға қатысады. Кейін Шоқан Құлжаға, сосын Қашқарияға сапар шегеді. Осылайша Шоқан 1856 жылдан бастап, ұлы саяхат сапарына шығады. 1858 жылы саяхат сапарын сәтті аяқтап, Құлжа, Қашқар өлкелері туралы ғылымға көп жаңалық қосады. Шоқан Еуропа еліне Қашқарияны тұңғыш танытушы, ашушы болып есептеледі. Саяхатшы ғалым Семенов-Тянь-Шанский Шоқанның қабілетін жоғары бағалап, оның Географилық ғылыми қоғамға мүше болуын жақтайды, Петербургке баруды ұсынып, оқы деп кеңес те береді.
- 1860 жылы Шоқан Петербургке аттанады. Ондағы әр түрлі идеядағы топты кездестіреді, олармен пікір алысады. Көп ізденген Шоқанның Астанада болуы оған үлкен бір мектеп болды. 1861 жылдары ауруы қайта қозып, еліне оралады. Ауруынан біраз сауыға келе, 1863 жылдары Омскіге келіп, әскери қызметке қайта орналасады. Сібір өлкесіндегі қазақ елі үшін жасалып жатқан сот реформасына өз жобасын ұсынады. 1865 жылы әскери қызмет бабымен Жетісу өлкесінде болады. Верныйға келіп, бұл өлкемен де жете танысады.
1865 жылы Шоқан қайта науқастанып, біржола төсек тартып жатып қалады. Асқынған көкірек ауруы Шоқанды 30 жасында, тым жас кезінде арадан алып кетеді. Оның сүйегі Қапал жақтағы қазіргі Алтын Емел стансасы маңына жерленген. Орыс достары оның басына мәрмәрдан ескерткіш құлпытас қойған. 1959 жылы Шоқан қабірінің үстіне оның жас ұрпағы сәулетті мүсін-ескерткіш орнатты.
Шоқанның саяси көзқарасы айқын, ол — дүниені материалистерше түсінген ағартушы-демократ. Оның негізгі мақсаты-өз елін Еуропаның озық мәдениетіне жетелеу және сол арқылы халық санасын ояту, өзінің туған елін мәдениетті елдер қатарына қосу.
Шоқан көзқарасының қалыптасуына петрашевшілдер көбірек әсер етті. Олардың ішінде Шоқан С.Ф.Дуровпен жақын дос болды. Ол арқылы Шоқан ішкі Россияда болып жатқан саяси қозғалыстармен танысты.
- Шоқанның көпке мәлім еңбектері ішінде мәдениетімізге тікелей қатысы бар ең көлемділері мыналар: “Абылай”, “Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары”, “Елдегі мұсылманшылдық туралы”, “Қырғыздар туралы жазбалар”, “Қазақтың ертедегі қару-жарақтары”, “Жоңғария очерктері”, “Қазақ шежірелері”, “Жәмиғ-ат-тауарихтан ”, “Алты шахардың хал-жайы”, “Сібір тарихынан хаттар”, “Көкетай ханның өлімі”, “Сібірге қарайтын қазақтардың сот құрылысын өзгерту туралы”, “Құлжа күнделіктері” және басқалар. Ал, әдебиет саласындағы зерттеулері, сан-салалы еңбектері-баға жетпес мол қазына.
Шоқанның шығармаларын зерттеу мәселесіне келсек, оның мақалалары мен хаттарының жинағы 1949 жылы екі тілде басылып шықты. 1858 жылы Шоқанның бір томдық таңдамалы шығармалар жинағы Ә.Марғұланның басшылығымен жарық көрді. 1978 жылы Шоқанның шығармалар жинағы үлкен бес кітап болып шықты. Шоқанның біраз еңбектері әдеби зерттеу саласына арналған. Оның ішінде: “Қырғыз-қайсақтардың үлкен ордасына қарасты елдердің аңыз-әңгімелері”, “Бұқардың Абылайды жоқтауы” және “Қазақ халық поэзиясының түрі туралы” еңбектері — поэзиямыздың теориясы туралы тұңғыш зерттеулер.
Шоқан өз еңбектерінің өзегі етіп, қазақты, оның әдебиеті мен мәдениетін орыс пен Еуропа жұртшылығына таныстыруды мақсат тұтқан. Ол, ең алдымен, қазақ халқының ақындық қабілетін жоғары бағалайды.
Шоқанның әдеби зерттеу еңбектерін 3 топқа бөлуге болады:
Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері, ақындар, олардың шығармалары туралы мәлімет;
Қырғыз бен қазақ халықтарының ауыз әдебиеті туралы зерттеулер;
Қазақ пен қырғыз поэзиясының түрлері туралы теориялық зерттеулер.
Шоқан – қазақтың тұңғыш ағартушысы, елін ілгерішіл мәдениетке үндеген адал ниетті азамат. Оның еңбектері ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына қосылған зор үлес деп танылады.
Қазақ ауыз әдебиетінің жіктері мен түрлерін, оның құрылыстарын, шешендік сөздерін, айтушылары мен сақтаушыларын Шоқан біраз қарастырған. Қазақтың кейбір ақындары: Сыпара, Асан, Бұқар, шал, Жанақ, Түбек, Шөже, Орынбай ақындар туралы пікірлер айтқан. Шоқанның бұл пікірлері әдебиет тарихы үшін өте маңызды.
Шоқанның әдебиет зерттеу еңбектері өзінің осындай ғылымдық жоғары маңызымен және бұқарашылдығымен құнды.Ол әдебиеттің қоғамдық мәнін, халықтық қасиетін, реалистік сипаттарын қастерлеуді талап етті. Оның ғылыми еңбектері әдебиет мәселесін кең қамтыды. „Ұлы жүз қазақтарының ескңі сөздері, ертегісі”, „Ыстықкөл саяхатының күнделік дәптері.”, „Қытай мемлекетінің батыс өлкесі және Құлжа қаласы”, „Құлжа күнделіктері”, „Қырғыз халқы туралы жырлар”, тағы басқа мақала, очерк хаттары әдебиетке байланысы мол шығармалар. Шоқанның бұл шығармалары оның талантты әдебиетші-зерттеуші ғалым екенін толық танытады.
Аталған еңбектерінде Шоқан өзінің талапты публицият жазушы екенін де көрсете алды. Өмірден көргендері мен түйгендерін Шоқан өзіне тән шебер тілмен бейнелей суреттейді. оНың очерктері мен күнделіктері жай ғылыми еңбек болып қана қоймай, көркем шығарма- көркем публицистика дәрежесіне көтеріледі. Өзінің бейнелі де шешен сөздерінің арқасында Шоқан еңбектері әңгіме, повестер сияқты оқушысын өзіне бірден тартып, баурап алады. Шоқанның еңбектерінде табиғат суреті, адам портреті мен олардың характері, үй-жай сипаттары көркем баяндалып, оқушысын үлкен полотноға салынған суреттер галереясына ертіп әкелгендей әсер қалдырады. Мысалы, 1858 жылы Құлжаға қарай аттаныс сапарын баяндай келіп, жазушы Алтынемел маңын, Алтау аңғарып, бұл жерлердің сұлу табиғатын сүйсіне суреттейді.
Шоқан жүрген жерінің табиғатын жалаң баяндап қоймайды. Ол сол өлкені мекендейтін халықтың жайын түгел қамтиды. Жергілікті халыққа тән іс-әрекет, мінез-құлық, әдеп, кәсіп, елдегі дау-шар, үстем тап езгісі-барлығы баяндалған. Бұл рчерктерден біз керуеншілерге келіп, базарлық дәметкен қарапайым қазақтар сұлтандардың бейнесін де көз алдымызға елестетеміз.
- „… Біз сұлтанның мінезінің оғаштығына таң қалдық” – деп жазады Шоқан. – Ол шатырға семіз қаздай байпаңдап басып кірді. Сөйтті де төрге шығып отыра қап, мелшиіп қатты да қалды, жұрттың бәрін көзімен жедел шолып өтті де, тақпақтап: „Жалайырда қой көп, Жанғазыда ой көп ”,- деді. Соны айтты да, тағы да мүлгіп, мелшиді де қалды. Осындай қызық суреттер қырғыздар тұрмысын көрсетуде де жиі ұшырайды.
Қырғыздардың ас беруі, қонақ күту салты, ондағы көптеген жабайылық көріністер жай баяндалмай, әсерлі тілмен шебер бейнеленеді.
Шоқанныңкүнделіктері де өзінің көркемділігімен құнды. Оның күнделіктерін көркем шығарма деуге әбден болады. Шоқанның „Құлжа күнделіктері”- осындай көркемдігімен ерекше шығарма. Оның қай бетін ашсаңыз да , көркем сурет өзіңізді бірден баурап алады. Осыдан болса керек, Шоқан туралы келелі пікір айтып, маңызды зерттеулер жазған ғалым Ә.Марғұлан Шоқанды прозашы жазушы деп таниды.Шоқан Құлжадағы базаршылар көрінісі, әрбір ұлт өкілінің киімдері, сырт келбеті, істері, сөздері түгел бейнелі сөзбен баяндайды.
Құлжа табиғатының көрінісі, Құлжаға дейінгі жолда кездескен асулар мен таулы жолдар, тасты шатқалдар, өткелсіз өзендер, құнарлы көк алқап пен жыртқыш аң, улы жәндіктер жайлаған құлазыған қу дала Шоқан еңбектерінде барынша шынайы суреттеледі.
Шоқан-публицист жазушы. Оның мақалалары мен хаттары- қазақ әдебиеті туралы алғаш пікір көтерген маңызды еңбек. Шоқан- қазақтан шыққан, европалық тәлім алған жан-жақты ғалым, мәдениетті қоғам қайраткері, батыл саясатшы. Шоқанның досы Потанин өзінің естеліктерінде: „Оның өз бетінмен оқыған кітаптарының көптігіне, білімінің молдығына қайран қалушы едік. Мінезі де жарқын, көңілді, жүрген жері думан-күлкі болушы еді”,- дейді.
Екінші бір досы- атақты орыс жазушысы Достоевский Шоқанға жазған бір хатында: „ Қазақта шын мағынасында европалық білім алған бірінші адам екеніңіз есіңізде болсын? Оның үстіне, тағдыр Сізді жүрегі, ақылы бар тамаша адам қылып жаратты”, — деп , оның бойындағы өзгеше күші мен талантын жоғары бағалап, елі алдындағы азаматтық борышын ескеріп отырған. Осы сияқты Семенов-Тяншанский мен Н. Веселовскиййлер де оған жоғары баға берген. оРыс дрстары Шоқанды аспан әлемінде жарқ етіп ағып өткен құйрықты жұлдызға теңеген.
- Шоқанның Европаға ерте тараған еңбектері Жоңғария туралы жазғандары болатын. Ғалымның „Жоңғария очерктері” мен „Алты шаhардың жай-жапсары” деген еңбектері 1861 жылы, өзінің тірі кезінде, орыстың императорлық география қоғамы жазбаларының үш кітабында басылған.
Шоқанның еңбегі ағылшын, неміс, француз тілдеріне де аударылды. 1865 жылы Лондон баспасы оның Жоңғария туралы жазғагдарын ағылшын тілінде жариялады. Орыстың алдыңғы қатарлы баспасөзі Шоқан туралы ең жанашыр пікірлер айтып отырады. „Современник” журналы Шоқан туралы өз пікірін 1864 жылы-ақ жариялаған.
„… Шоқан Уәлихановтай ерекше қабілетті адам бұратана деп аталатын басқа халықтардың ешқайсысынан бұрын-соңды шыққан емес”, — деп жазған.
Шоқан- жан-жақты ғалым. Ол- этнограф, географ, экономист. Сондықтан бұл саладағы ғалымдар да Шоқан туралы бағалы еңбектер жазып жүр. Бұл зерттеулердің бәрі Шоқан қалдырған мұралардың маңызды орасан зор екенін дәлелдейді. Әсіресе, ол- әдебиет ғылымы мен публицистиканың дамуы үшін ерекше еңбек еткен адам.