Ақан сері Қорамсаұлы (1834-1913).

Арқаның ардагері атанған Ақан (Ақжігіт) – қазақтың ән өнері аспанында зор даусымен асқақтата жыр нөсерін ақтарып өткен ерекше дарын иесі; халқымыздың бойындағы тамаша таланттың айқын көрінісі есепті сегіз қырлы, бір сырлы ардагер азамат.

Ақан – кең байтақ жерін, қасиетті ел-жұртын шын жүрегімен сүйіп, жастық шақтың жалынына күйіп, тынымсыз өмір кешкен, өршіл де ілгерішіл поэзияның шебері.

  1. 1. Ақынның туған жері – Көкшенің кербез сұлуы атанған қасиетті жер. Ақан – осы бір әсем табиғат құшағында еркелей өскен ел серісі. Болашақ ақын Көкшетау өңірінде, Қоскөлді жайлаған қарапайым қазақтың отбасында туып-өскен. Ол 1843 жылы, күздің жомарт айы – қыркүйекте дүниеге келді.

Жасынан алғырлығы, ұқыптылығымен көзге түскен Ақан ауыл молдасынан алған біліміне қанағаттанып қалмайды. Ол енді Қызылжарға аттанып, Уәли ахун қазіреттің медресесіне түседі.

Осы медреседе өткізген үш жылға жуық мерзімде Ақанның сусындаған кәусар бұлағы – Фердауси, Низами, Хафиз, Шамси, Сағди, Физули, Науаи, т.б. еңбектері. Бұларға қосымша араб, парсы, шағатай тіліндегі көне түркі әдебиетінің ежелгі үлгілерімен де танысады. Медресе шәкірттерінің жетік білуге тиіс сабақтары – араб, парсы халықтарының тілі, ертегі аңыздары жазба дүниелері.

Ақан – жастай оқып тәлім алған өнерлі, білімді жас. Өз замандастарының көбінен озық, араб-парсы, шағатай әдебиеттерінен де, сол әдебиеттерді туғызған тілдермен де жете таныс, соған қоса, орыс тілін де білген мәдениеті жоғары өнерпаз адам.

Ақан өнер бастаған кез – ұлы ағартушы, гуманистердің реалистік поэзиясы жасалып жатқан дәуір; Шоқан, Ыбырай, Абай, Біржан, Шәңгерей, Мәшһүр Жүсіптердің әдебиетте жаңа бетбұрыс жасаған тұс. Жазба әдебиеттің профессионал өкілдері қалыптасып, жаңа реалистік гуманистік өнер үстем болуға бет алған-ды. Ақан, Ақмолла, Жаяу Мұса, т.б. өнер адамдары – аталмыш жаңа топтың өкілдері. Бұлар да жете сауатты, білімді қаламгерлер; өз шығармаларын ауызша айтып таратуға мәжбүр болса да, көбінесе жазып шығарған, ақ қағаз, құсыни қаламды қолдарында ұстап, хаттасып, хабарласып отыру салтын бастаушылар.

Ақан сері өз заманы ұсынған дәуір талабын таныған, сол жаңа талаптар тұрғысында ізденіп, оқып білім бұлағынан сусындаған зор талаптың жемісі.

  1. Ақан сері – лирик ақын. Ақын қалдырған мұраның бәрі – түгел дерлік, жүрек отының жалынындай, терең толғаныстардың туындылары, адамның сезім сырнайын тарта білген сыршыл да шыншыл поэзия, әрбір сөзі жүректі елжіретер, жаныңды жадыратар жастық лебіне суарылған нұрлы.

Ақан сері 1843 жылдар шамасында (бұған шейінгі деректе де 1834 жылы туған деген әңгіме болатын) осы күнгі Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Қоскөл деген жерде туған. Әкесі Қорамса – Арғын ішінде Қарауыл. Ақан кішкентайынан өзінің зеректігімен, әрнәрсеге әуестігімен көзге түседі. Ауыл молдасы Күнтеу дегеннен жас кезінен бастап оқиды. Аздап болса да хат таниды, көзі ашылады. Жасы он үшке келгенде Ақан Күнтеу молданың шыбығынан құтылып, Қызылжарға тартып кетеді. Онда Уәлиахун дегеннің медресесінде оқыды. Қалада жүрген соң аздап болса да орысша біле бастайды.

  1. Ақан Қызылжардан еліне қайтады. Қорамсаның азды-көпті дәулетінің арқасында ол аса кемдік көрмейді. Балаларының ішіндегі жасынан көзге ерте түскені болғаннан ба, жоқ, басқа себептен бе, Қорамса Ақанның айтқанын қайырмайды. Шілдехана, алтыбақан, ойын-той болса Ақан сонда жүреді. Ақанның әдемі бойы, келбеті, жақсы даусы, оны ерте халыққа танытады. Оның үстіне көп адамдардың күйттейтін, дала өмірінің қызығы: жүйрік, қыранқұс, алғыр тазы Ақанның да арманы болды. Ол кедей еліндегі Шөкетай деген кісіден Құлагерді бір ат, бір сиыр, жиырма бес сом ақшаға сатып алады. Ақанның жас та болса талабына риза болған, оның жай, көптің бірі емес екенін сезген Әлібек деген өзінің жанына балаған бүркіті Қараторғайды сыйлайды. Сайрат төреден күшік күнінде Базарала атты тазының күшігін сатып алады. Тағы біреуден көкжендет деген қаршығаны таңдап алады. Енді Ақан тек әнші, ақын емес даланың жігіт басына керекті барлық қызығын жинайды. Өзі ақын, өзі әнші, сұлу жігіт халық арасында атағы тез жайылады. “Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған дегендей”, Ақанның айналасында қыз-бозбала топтала береді.

Баласының осындай даңқына сай деп әкесі Қорамса Ақанға сегіз ұлдың ортасында жалғыз өскен Бекбастың қызы Фатимаға құда түседі. Бірақ Фатима ауырып, әкесінің оң жағында, Ақанның босағасын аттап үлгермей, қайтыс болады.

Ақан бұрынғысынша ел аралап, еңсесін жоғары ұстап, өзінің өнерін көрсете береді. Жанбай сөнген ғашықтығын өлеңдетіп, “Желдірме” стилінде өлең шығарып, домбыраға қосып әндетеді.

Ақан біраз уақыт ешкімге көз салмай жүреді. Кейін Шомайт қажының қызы Фатимаға үйленеді. Фатима ақылды, байсалды, жақсы жан болады. Фатимадан Ақан бір ұл, екі қыз көреді. Оншақты жыл тұрғаннан кейін Фатима аурып қайтыс болады. Ақан Қарауыл ішінде Балташы дегенге атастырылып қойылған Тінәлінің қызы Ұрқияны алып қашады. Ұрқия үш айдан кейін ауырып өледі. Енді Ақанды ауыр қайғыдан арылтатын тек аты болады. Бұл кездерде баяғы Құлагердің аты Ақанның өзімен бірге шығады. Құлагер небір сәйгүліктерден озып шыққан, бәйгені ешкімге бермейтін жануар болады. Құлагердің жеңісіне Ақан “Маңмаңкер” деген ән шығарады.

Халқына қадірлі Ақан өзінің орнын біледі, мақтанып асып кетпейді. Ел ішінде Ақан:

Кепсер ал, кепсер алсаң Қызылжар бар,

Өзім сал, өзім сері мен кімге зар,-деген әнін айта жүреді.

Сондай-ақ Ақанның шығармалары ішіндегі шоқтығы биігі — Сырымбет. Бұл — адамның жүрегін қозғайтын, жан ашуының, үлкен адамшылық, азаматтық сырларды жыр ететін шығарма.

Ақын ел аралап жүріп, Ыбырайдың қызы Балқадишамен кездеседі. Қыздың мінезінің, түрінің тартымдылығын әнге қосып, “Балқадиша” деген өлең шығарады.

Ақанның творчествосында үлкен бір оқиға – аты Құлагерге байланысты болады. Керей Сағынайдың асында Ақанның тісі батып жүрген Батыраш-Қотыраш деген байлардың балалары бәйгеге қосылған Құлагерді шоқпармен ұрып өлтіреді. Бір жамандықты көңілі сезген Ақан аласұрып атын іздей бастайды. Ол сүйікті жүйрігінің бел омыртқасы үзіліп өліп жатқан үстінен шығады. Құлагерді жоқтап Ақан өзінің әйгілі “Құлагер” атанып кеткен әнін шығарады. Бұл ән – серінің жан ашуының туындысы.

Құлагер трагедиясынан кейін Ақан арада біраз уақыт өткеннен кейін, творчестволық шабытқа қайта оралып, ел аралап жүріп, үш сұлу қызды кездестіреді де, соларға арнап, “Үш тоты құс” атанған өлеңін шығарады. Жасы алпысқа келгенде Ақан шығармаларын басқа тақырыпқа құрып, ақыл, насихат, толғау сияқты сөздерді термелеп айтады.

Белде, белде бел асар,

Белгілі жерден ел асар.

Әлдилеген ақ бесік,

Келіншекке жарасар.

1913 жылы Ақан төсек тартып, жатып қалады. Әйгілі үкілі Ыбырай Ақанның көңілін сұрап келеді. Ауру күннен-күнге меңдетіп, қараша айында ардагер әнші, халқын қызыққа бөлеген сері, дарынды ақын, үлкен жүректі адам көз жұмады. Қасында Фатимадан туған жалғыз ұлы Ыбан ғана болады.

Ақанның өзі өлгенмен, соңында өлеңі, әні, өмірінің шежіресі қалды. Ақан творчествосы талай көркем шығармаларға негіз болды. Жазушы Ғ.Мүсірепов “Ақан сері – Ақтоқты” атты трагедиялық пьеса жазса, С.Жүнісов “Ақан сері” деген екі томдық романын дүниеге келтірді.