Мағауия Абайұлының шығармашылық жолы.

Мағауия – Абайдың жиырма бес жасында, Ділдадан туған кенже баласы. Жас шағында Абай баласын ауылда мұсылманша аз оқытқаннан кейін қалаға апарып, Семейдегі Городское училище дейтін орысша мектепке түсіреді. Мағауияның алдында орысша оқуға берген ағасы Әбдірахман Түмен қаласында оқып жүреді. Мағауиямен бірге Абай Күлбәдан деген қызын да орысша оқуға береді. Мағауия екі-үш жыл оқығаннан кейін науқасқа шалдығады. Содан амалсыздан оқуын тоқтатып, ауылға қайтады. Осыдан соң, үнемі Абайдың қасынан қалмай, әкенің өз тәрбиесінде болады.

Бұның жастық шақтарында Абай орысша кітап оқуға барынша еңсесін беріп, өздігінен мол ізденеді. Сонда Абаймен ілесіп Мағауия мен Кәкітай екеуі де орысша кітапты Абайша қатты зер салып оқиды. Жаз сайын келіп жүретін Әбдірахманның да оларға көмегі көп болады.

Сонымен, Мағауия оқымысты жастың бірі болады. Ол әкесіне ел жұмысында да үлкен серіктік етеді. Ел көпшілігі Абайдың билігімен қатар , бертін кездерде Мағауияның әділ көмегін де көп көреді.

Әкесінің ақындық еңбегін аса қадірлеп, жақсы білген, ұғынған Мағауия өзі де Ақылбай, Көкбай сияқты ақындық еңбекке беріледі. Ол жазған поэмалар: “Еңлік-Кебек”, “Абылай” және “Медғат-Қасым”.

“Еңлік-Кебек”, “Абылай” поэмалары қолжазба күйде сақталса да, оқушыларға тарамаған.

Мағауияның ең көлемді және көркем поэмасы-“Медғат-Қасым”. Оның ақындық ерекшелігін анық, айқын көрсететін де осы “Медғат-Қасым” поэмасы.

“Медғат-Қасым” поэмасының тақырыбы да қазақтан жырақ, алыс елдер өмірінен алынған. Ақылбай ізденген жолменен тың тақырып пен мазмұнды Мағауия да Африка елінің болмысынан алады.

“Медғат-Қасым” поэмасы романтизм сарынындағы поэма. Бірақ негізгі стилі солай бола тұрса да, бұл поэманы реалистік шындықпен өмірге жанасымды, қонымды берген тартыстары, мінездері дәлелді көркемдікке сұйенген.

Мағауияның бұл поэмасын қазақ әдебиетінде XIX ғасырдың соңында шыққан жаңалықтардың бірі деп атауға болады. Абай берген бағыт бойынша ізденген шәкірт ақын осы шығармасында Абайдың өзі жазбаған анық сюжетті поэманы туғызды. Бұл тұрғыдан алғанда, Мағауияны романтикалық поэманың стилін қазақ әдебиетіне әкеліп кіргізген және жаңа, жақсы ағым әкеліп қосқан ақын ретінде бағалауымыз керек.