Әсет өзінің әрбір өлеңіне арнап ән шығарып, өлең-жырын шаршы топта домбыраға қосып шырқап айтатын, әйгілі әнші-ақын. Ақын Әсет асыл жырын, әсем әнімен домбыраға қосып, аспанға шалқыған асқақ даусымен аңырататын болған.
Ән салсаң өзімдей сал аңыратып,
Жайлатып, қоңырлатып, жамыратып.
Аққудай аспандағы әнді өрлетіп,
Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып.
…Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебеңді әсерлі етіп.
Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.
Әсет — әнші, композитор.
Әсет – нәзік сезімді, ұшқыр қиялды лирик ақын; ол – тілге бай, алғыр ойлы, бөгелмей жүйткитін айтыс өнерінің де өрен жүйрігі; ол алысқа алқынбай сілтейтін жүйрік, бай оқиғалы поэма, дастандар жазған эпик ақын. Сондықтан Әсетті нағыз сегіз қырлы өнерпаз дейміз.
Әсет Найманбаев бұрынғы Қарқаралы уезі, Темірші болысы, сегізінші ауылда (қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы) 1867 жылы туған. Руы Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Майлық деп аталатын аз атадан. Әкесі Найманбай кедей шаруа болыпты. Ауыр тұрмыстың айдауымен 1875 жылдар Найманбай Семей қаласына көшіп келіпті. Қалаға келген соң да күн көрерлік мардымды кәсіп-қарекет таба алмапты.
Найманбай Семей қаласында да тұрақтай алмай, Бақтыда тұратын (қазіргі Семей облысы, Мақаншы ауданы) апа, жездесін сағалап, сол жерге көшіп келеді. Бақтыға келіп орналасқан соң, Әсетті сондағы медресеге оқуға береді. Он-он бір жасында мектеп есігін ашқан зерделі, талапты жас шәкірт, төрт-бес жыл оқып, ескі медресенің берген білімін жақсы меңгеріп алады. Медреседе оқып жүрген шәкірт кезінде-ақ оның табиғи ақындық таланты таныла бастайды.
Әсеттің ақындығы ең алдымен айтыс өнерінде танылады. “Айтыс – майдан, айтысқан ақындар майданның жекпе-жектегі батыры. Жеңу үшін нелер қатты шабуылдар жасалса да мін емес”,- дейді Мұхтар Әуезов.
Әсеттің алғашқы түскен ең үлкен айтыс майданы – Рысжан қызбен айтысы.
Әсеттің ақындық, әншілік өнер жолында үлгі-өнеге алған ұстазы Абай. Әсет 1889 жылдан бастап ұлы ақынның ауылында болып, Абайдан тәлім-тәрбие алған ең талантты шәкірттерінің бірі. 1889-90 жылдар Абайдың ең бір мағыналы өткізген өмір кезеңі еді. Ақын өмірінің осы бір кезеңін Мұхтар Әуезов толық сипаттап, 1933 жылы жарияланған “Абайдың туысы мен өмірі” атты еңбегінде жазған болатын. 1889 жылы ел жұмысын өзінің інісі Оспанға тапсырып, өзі бір беткей ілім іздеу жолына, ақындыққа берілген.
Осы жылдан бастап Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған, ел ішінің көзі ашық жастарына Абай ауылы үлкен білгіштіктің медресесі сияқты болды. Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы, талапты жастардың бәрі шәкірт,- дейді.
Айтыс бәйгесіне түсіп жүлде алып, елге атағы шыға бастаған жалынды, албырт жас ақын, асқақ әнші Әсет ұлы ақынның, кемеңгер ұстаздың алдына келген кезде 22 жаста еді. Абай ауылы қазақ сахарасындағы өнер-білімнің, мәдениеттің өнегелі ордасындай еді.
Абай шәкірттеріне тек өз өсиетін ғана айтып қоймай, Шығыс пен Батыстың, орыстың өзі таныс болған және ардақтап, қадірлейтін, бұрынғы-соңды данышпан ғалым, ақын, жазушыларының өмірі мен еңбектерінен қызықты мысал келтіріп, өнегелі әңгіме айтып отыратын болған.
Әсет Абайдың алдында болып, мол тағлым алып, ұлы ұстазының әдебиеттегі дәстүрін өзінің ақындық, әншілік өнерінде үлгі-өнеге еткен. Ғылымның әр саласынан өнеге айтып отыратын Абайдың әңгімелерін, өсиет, ақылын тыңдаушылардың бірі болады. Орыстың ұлы ақын, жазушыларының, соның ішінде Пушкин шығармаларымен де, Әсет осы Абай ауылында алғаш рет танысады.
Әсеттің “Евгений Онегин” романының оқиғасын алып, еркін аударма жасап, Пушкин шығармасының қазақ поэзиясында өзінше бір нұсқасын тудыруы – сөз жоқ тура Абай әсері, Абай өнегесі.
Әсеттің бұл аудармасы “Онегин мен Татьянаның әңгімелері” деп аталып, Пушкиннің қазақ тілінде 1937 жылы басылып шыққан “Таңдамалы шығармаларының” 2-томында басылды.
Әсет өлеңдері “бөтен сөзбен былғанбаған”, ”тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін” , әрі мағыналы, әрі көркем. Әсет қалам алып жазуға көшумен бірге өзінің импровизаторлық дәстүрін де тастамайды.
… Жорғамын, жортарманмын жұрттан озған,
Майдамын, майда желіс мамырлаған.
Жұртымның асау қызу жиынында
Бұл кезде ән адыра салынбаған…,-
деп шырқайтын Әсеттің дауысына кейін егде тартқан кезде, ұзақ өлең, ән айтатын уақытта аздаған жарықшақ пайда бола бастайды. Сол себептен даусын ашық, айқын шығару үшін тамағына мүсәтір салуды әдет етеді екен.
1923 жылы шаршы топтың алдында ән салып отырып, әдеті бойынша мүсәтір деп қатеден тамағына алмас салып жіберіп (мүсәтірді қолдан сатып алып жүретін болса керек) қапылыста уланып қалады.
Сөйтіп, атақты ақын, әйгілі ақын, әйгілі әнші Әсет арманда қаза табады.
Ақын өлер алдындағы қоштасуында өзінің қапылыста дүние салып бара жатқанын, қолы қысқа болып, ауыр тұрмыстың талқысын көп көріп, ақындық қазынасын түгел ақтарып, жарыққа шығара алмай, арттағы ұрпаққа Абай сияқты мұра қалдыра алмай бара жатқанын арман етеді.
Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,
Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.
Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,
Айғайға қайран даусым ерінбеген,
Абайдай арттағыға сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген.
Ертең жазып, бүрсікүн бітірем деп,
Баянсыз тіршілікке сенуменен,
Қатын-бала асырау амалында,
Кеттім-ау үнем көңіл бөлуменен,
Менен сорлы ақын да өтті ме екен,
Бір сөзі баспа орнына берілмеген.
Осыменен өмір бітті, дем таусылды,
Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген.
Тіршілікте әрекет етпеген соң,
Сүйектен не шығады кебіндеген,-
дейді.
Әсетті көрген, онымен достас болған, Әсеттің өлеңдерін көшіріп жазып алып, жаттаған Семей облысында марқұм Сапарғали Әлімбетов (1889-1956), Төлеу Көбдіков (1874-1954) және Есенсары Құнанбаев сияқты белгілі ақындар бар еді.
Әсеттің “Арғынмын атым Әсет арындаған” деп басталатын әйгілі өлеңін, “Қызыл табан-ағаш ат” деген поэмасын түгел өз қолымен жазып берген болатын.
1945 жылы Әсеттің “Салиха-Сәмен” поэмасы мен таңдамалы өлеңдері Қытайда жеке кітапша болып басылып шыққан.
Әсеттің алғашқы ақындық қадамындағы шығармаларынан бізге жеткендерінің ішіндегі ең көлемдісі де, көркемі де Рысжанмен айтысы.
Бұл айтыс өзінің көркемдік жағынан болсын, идеялық мазмұн жағынан болсын басқа белгілі ақындар айтысынан ерекше. Бұрынғы айтыстарға тән рушылдық сарын Әсет айтысынан орын алмаған. Рысжан да, Әсет те өз руларының рубасы, бай, би, болыстарын дәріптеп, мадақтаудан аулақ. Өздерінің алғыр ойлы ақындық өнерін айтыс бәйгесіне қосады.
Әсеттің ертеден ел аузында жатталып, сақталып келген “Қызыл табан-ағаш ат” поэмасының көшірме қолжазбасының бір нұсқасы Абай қорында сақтаулы. Поэма 1947 жылы жазылып алынған. Көлемі бес жүз он жол өлең.
Поэманың тақырыбына, оқиғасына қарағанда Әсеттің Абай ауылында болған 1889-1890 жылдар шамасында жазған шығармасы деп жорамалдауға болады.
“Қызыл табан-ағаш ат” поэмасының оқиғасы да Шығыс елінің әңгімелерінен алынған. Патша көп заман перзент көрмей жүреді. Ақырында тілегі оң болып бала көреді.
Поэма Шығыс әдебиетінің әсерімен жазылса да баяндауы басқаша. Ақын оқиғаны өзінше түйіндеп, өзінше дамытып, өзінше әңгімелейді.
“Қызыл табан-ағаш ат” поэмасын Шығыс ертегі әңгімелерінің әсерімен жазылған, өз уақытына сай қазақ поэзиясында туған ғылыми-фантастикалық поэма деуге болады.
“Салиха-Сәмен” поэмасы Ақылбай, Мағауия поэмаларының үлгісінде жазылған лирикалы-романтикалық поэма.
Салиха мен Сәмен де бас бостандығы үшін махаббат жолында құрбан болған жандар. Олар да қатал хандардың қайырымсыз заңының құрбандары.
“Салиха-Сәмен” поэмасының идеялық мазмұны хандық дәуірде адамның жеке басының ерікті болуына ешбір мүмкіндік жоқтығын көрсетеді.
Ханның ақылды, сұлу қызы Салиха, сол ханның қолбасы батырының бірі Сәмен сияқты шын сүйіскен екі жастың махаббаты қайғыға айналады.
“Салиха-Сәмен” лирикалы-романтикалы көркем поэмалардың бірі. Әсет поэзиясының жақсы мұрасы.