Жазба жұмыстар арқылы тіл дамыту

Жалпы жазба жұмыстары тіл дамытумен қатар, балаларды ойлай білуге, ізденіске жетелейді. 5-7 сыныптардағы жазба жұмыстарының ең ауқымдысы – мазмұндама. Мазмұндама мынадай бірнеше түрге бөлінеді:

а) Мәтінге жуық жазылатын мазмұндама. Мұнда оқиға эпизод, диалог, монолог, баяндау, суреттеу сияқты элементтер сақталынып жазылады.

ә) Ең басты оқиғаларды ғана теріп жазатын мазмұндама.

б) Бір оқиғаның айналасында ғана жазылатын мазмұндама.

в) шығармашылық бағыттағы мазмұндама.

Мазмұндаманың түрлері мұғалімнің оқу-тәрбие мақсатына байланысты өзгеріп отырады.

Шығармашылық бағыттағы мазмұндамаларды 8-9-сыныптарда да жүргізу тиімді. Әсіресе, шешендік қақтығыстар. Сырым, Қазыбек би, жыраулар мұраларына байланысты мазмұндама оқушыларды шешендікке, көркем сөйлеуге баулиды. Осы тақырыптарға жаздыратын мазмұндама оқушыларды шешендікке, көркем сөйлеуге баулиды. Осы тақырыптарға жаздыратын мазмұндама күрделі болып келеді, себебі, олардан шешендік сөздердің дәнін сақтау, сұлбасын нақты беру талап етіледі.

Жоспар жасауға дағдыландыру, әсіресе, 5-7 сыныптарда күрделі де маңызды мәселе. Оған үйретудің тиімді деген әдіс-тәсілдерінен мұғалім де үзбей үйренуі керек. Көркем мәтінді оқу, мазмұнын меңгерту кезінде мұғалім ең басты мәселелерді бөліп алып, оқушы назарын үнемі соған аудартып отыру керек. Оған қысқа, тұжырымды тақырып қойып, тақтаға, не дәптерлеріне қолма-қол жаздырып отырады.

  1. Негізгі, маңызды мәселелер баяндалатын абзацтарға көңіл бөліп, оған ат қойғызады.
  2. Эпизодтарға бөлгізеді. Композициялық құрылысын анықтатады (байланыс, шарықтау шегі деген сияқты).
  3. Оқиғаларды рет-ретімен жүйелеп, сол бойынша сұрақтар қойып, мазмұндатады.
  4. Шығарманы оқу, талдау алдында оның ең негізгі түйінді дәні жазылған («Нені білу керек?» деген атпен жазуға болады) көмекші-нұсқауды кесте-плакатқа іліп қою тиімді. Себебі, жоспар жасауда оқушы оны басшылыққа алады.

Шығарма жазба жұмыстарының ең күрделісі. Шығармаға дайындық тіл дамыту жұмыстарында жүргізіледі. 5 сыныптан бастап шығарма жаздыруға дағдыландырады. Жазу дағдыларын қалыптастыру біртінділік әдісі бойынша дамып, күрделеніп отырады. 5-7 сыныптарда жай, 8-9 сыныптарда күрделі, 10-11 сыныптарда сыр, ой-толғау проблемалы шығармаларды жаздырады.

Шығармаға қойылатын негізгі талаптар: Өмірден көргенін көкірекке түйе біліп, қорытынды жасау; көркем туындыдан алған өнегесін өмірмен, өз ой-пікірімен ұштастыра білу; тақырыптың идеясын ашу, дәйектемелерді (қанатты сөздер, мақал-мәтелдер) орынды үйлестіру; шәкірттердің жазба жұмыстарына психологиялық әзірлігі.

Шығарма мазмұнына қарай: әдеби тақырыпқа байланысты; шығармашылық әңгіме; пейзаждық ой-толғау; инсценировка; поэзия негізінде; прозалық жанрға жазылатын шығармалар болып бөлінеді.

Шығарманың түріне байланысты ақындардың шумақтарын; эпиграфтарды орынды пайдалану; жоспарын жасай білу; сол жоспарға сай баяндау, хабарлау, суреттеу, мінездеу әдістерін үйрену; халықтық педагогикалық тәрбие мәнін ашу; шығарманың кіріспесі мен негізгі, қорытынды бөлімдерінің арасындағы байланысты қиюластыру; тақырыпқа, идеяға өз көзқарасын, пайымын ашық үйлесімді жазу.

Шығарма тақырыбы өтілген материалдарды қорытындылап, талдап бере алатындай дәрежеде алынады. Шығарманың мәтіні, тақырыптың тарихы, теориясы, даналық көзқарасы – тақырыпты ашуда, оны талдауда оқушының саналы түсінуіне жол ашады. Шығарманың жоспары тақырыптан нені жазу керек екеніне жол көрсетеді. К. Медеубаеваның «шығарма тақырыптарына жоспар құру үлгісі» мақаласында: Даналық мәйегі (мақал-мәтелдер).

  1. Кіріспе бөлімі.

Мақал-мәтелдер – халықтық мұра, ұлттық өнеге мектебі.

  1. Негізгі бөлімі:

а) Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас.

ә) Мақал-мәтелдегі еңбек туралы өзекті ой.

б) Ерлікті дәріптеу, батырлықты марапаттау жайлы халық даналығы.

в) Өнер, оқу-білімнің халық педагогикасындағы көрінісі.

  1. Қорытынды бөлімі.

Мақал-мәтелдердің сөйлеу мәдениетіндегі маңызы.

Мақал – сөздің мәйегі, ойдың дәйегі, халық даналығы.

Жамбыл Жабаев шығармаларындағы патриотизм

  1. Кіріспе бөлімі.

… Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай…

  1. Негізгі бөлімі:

а) Жамбыл қазақ жырының алып бәйтерегі.

ә) Жамбыл Жабаевтың тарихи дастандарындағы патриотизм.

б) Ұлт-азаттық тақырыбы жырларындағы азаматтық сарын.

в) Отанды сүю, Жамбыл өлеңдеріндегі негізгі идея.

  1. Қорытынды бөлімі.

Өлең сөздің Жамбылы. М. Әуезов. (149)

Мазмұндама мәтіні оқытудың білімдік, тәрбиелік міндеттеріне сай, мазмұны мен тілі оқушыларға түсінікті болуы тиіс. Мазмұндамаға әдебиет бағдарламасында көрсетілген көркем шығармалардан да, бағдарламадан тыс текстер де алынады. Мазмұндама мәтінін мына көлемде алады: 5 с. – 150-200 с., 6 с. – 200-250 с., 7 с. – 250-350 с., 8 с. – 350-450 сөзден аспауы тиіс.

Мазмұндаманы бағалау нормативі: «5» деген баға: а) мәтіні толық, желісі сақталып баяндалған, мазмұны дұрыс ұғынылған, нақты материалды баяндауында қате жоқ; «4» деген баға: а) мазмұны дұрыс ашылған, оқиғаның желісі сақталған; ә) тілі жатық, сөйлем құруы мен сөз қолданысында бір-екі олақтығы бар; «3» деген баға: а) мазмұны негізінде дұрыс берілген, оқиғаны баяндауында 1-2 дәлелсіздік бар; емле қатесі бестен, тыныс белгісі қатесі алтыдан аспаған, үш емле қатесі, сегіз тыныс белгісі қатесі бар. «2» деген баға: а) мазмұны жеткілікті толық берілмеген, мәтіннен ауытқыған, нақты материалды баяндау желісінде кемшіліктері бар; б) емле мен тыныс белгі қателері он төртке жетеді. «1» деген баға: мазмұнын баяндап бере алмаған, сөздерді талдап қолдануы мен сөйлемдерді құрастырып жазуында алтыдан артық қатесі бар, орфографиялық, пунктуациялық қатесі 14-тен асқанда қойылады.

Шығарма жұмыстарының көлемі шамамен төмендегідей болады: 4-с. 1-1,5; 5-с. 1,5-5; 6-с. 2-2,5; 7-с. 2,5-3; 8-с. 4-5; 9-с; 4-5; 10-с. 5-7 дәптер беті (2 сағат ішінде). Қандай шығарма болмасын 4-7 с. бір апта ішінде, 8-10 с. 10 күн ішінде тексеріледі. Шығармаға екі баға қойылады: мазмұны мен тіліне, сауаттылығына.

Шығарманың сауаттылығын бағалағанда, қазақ тілінен диктантқа қойылатын бағалау нормасы басшылыққа алынады. «5» деген баға: түгелдей толық, дұрыс орындалған жұмысқа қойылады; «4» деген баға: тапсырманың кем дегенде ¾ бөлігі дұрыс орындалған жұмысқа қойылады. «3» деген баға: тапсырманың 2/1 бөлігі дұрыс орындалған жұмысқа қойылады. «1» деген баға: түгелдей дұрыс орындалмаған жұмысқа қойылады.

Оқушылардың тілін ұстартуға арналған жазбаша жұмыстардың түрі көп. Жазбаша жұмыстар сауаттылық үшін де, алған білімдерін тексеруде де қолайлы болып келеді. Жазбаша жұмыстар оқушыларды ойлау еңбегін дағдыландырады, қосымша материалдарды пайдалану машықтарын жетілдіреді. Себебі, балалардың жазбаша жұмыстарды орындау кезінде асықпай ойлауға, ойланып жазуға уақыты, мүмкіндігі көп болады, ауызекі сөйлеуде ондай жағдайлар бола бермейді

Мектептегі ең көп тараған, тәжірибеде жиі пайдаланатын жазба жұмыстардың ішінде күрделісі де, ең маңыздысы да шығарма жұмыстары болып табылады. Шығарма жаздырудың ең басты мақсаттары мыналар:

  1. Бала біліміне бақылау, білім деңгейін тексеру.
  2. Жазбаша көркем тілін дамыту, теориялық білімдерін практикалық жұмыстарда пайдалана білу.
  3. Ойлау еңбегіне өз беттерімен іздендіру, өз пікірлерін салыстыру, қорытынды жасай білуге дағдыландыру.
  4. Оқушылардың қабілеті, дарынына әсер ету, шығармашылық жұмыстарға баулу.

«Шығарма» деген сөздің негізінде «шығару» деген ұғым жатады (яғни, ойдан шығару, ойлап шығару). Көркем туындыны «көркем шығарма» дейміз. Шығарманың күрделігі сол, бұл – оқу процесіндегі бірден-бір жеке-дара орындалатын жұмыстың түрі. Қарастырылатын мәселе, жазатын тақырып біреу болса да, әр оқушы оны өзінше жеткізеді, яғни тілі, пікірі, қорытындысы сол көркем туынды, не кейіпкерді қабылдау дәрежесіне байланысты.

Шығарма жазуда басшылыққа ал:

Таңдаған тақырыбыңды әбден ойла.

Жоспардың тақырыбына байланысты нақты жасалсын.

Эпиграф ал. Ол тақырып пен негізгі идеяны ашуға сәйкес алынсын.

Пікірлердің, ойдың, жазатын негізгі мәселелердің реті мен жүйесін сақта:

а) Тақырыптан ауытқыма;

ә) Кіріспең тұжырымды, бірақ шығарманың қалған бөлімдерінің де дұрыс, нақты жазылуына бағыт, бағдар беретіндей болсын;

б) Пайымдауың, дәйексөзің, салыстыруың негізгі пікірге байланысты алынсын;

в) Қосымша материалдарды, ғылыми еңбектерді пайдаланғанда, авторы, кітаптың аты, беті айқын жазылсын;

г) Негізгі бөлімнің толық, әрі дәлелді келуімен қатар, шығарманың ең басты пікірлері осында болатындығын есте сақта;

д) Қорытындың негізгі пікіріңнің төңірегінде жазылсын.

Қате жібермей жазуға талаптан. Емлелік сөздіктер жаныңда болсын, сауаттылық – шығарма үшін ең маңызды мәселе.

Жазу мәдениетіне де ерекше ден қой: таза, ұқыпты жаз әрі әрбір айқын, еркін оқуға жарайтындай болсын, әрі жазуың көркем түссін.

5-6 сыныптарда, әсіресе, шағын шығарма-суреттеме, шығарма-сипаттама, шығарма-кескіндеме, шығарма-мүсіндеме, шығарма-бейнелеме т.б. жаздыруға болады. Бұлар көркемөнер туындылары бойынша жазылатын шығармашылық бағыттағы жұмыстар.

Ғалым-әдіскерлер, ізденімпаз мұғалімдер іс-тәжірибесі бойынша шығармаларды мынадай түрлерге бөлуге болады:

  1. Публицистикалық шығармалар. Оған очерк, фельетон, мақалалар, пікірлер жаздыру жатады. Мысалы, «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Жариялылық – бақыттың басы».
  2. Шығармашылық бағыттағы шығармаларға әңгіме, инсценировка, өлеңдер жаздыру жатады (Әдеби жанрларды басшылыққа алады).
  3. Ғылыми зерттеу сипатындағы шығармалар. Оған реферат, ғылыми сипаттағы мақала, аннотация, әдеби шолулар, пікірлер жатады. Мысалы, «Бейімбет әңгімелеріндегі деталь, штрихтың маңызы».
  4. Әдеби тақырыптарды қамтыған, білім дәрежесін, тіл байлығын тексеруге арналған шығармалар.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, шығарма жаздыру – балаға білім беру ісінің ең күрделі, маңызды жұмыстарының бірі. Шығарманы үйде де, сыныпта да жаздырады. Бағдарламада қанша шығарма жаздыру керек, сағаты беріледі. Тақырыптың ауыр-жеңілі, оқушылардың жас ерекшелігі, сыныбы, дайындығына байланысты шығарма жазудың уақыты белгіленеді. Мысалы, сыныпта 2-3 сағат, үйде бір апта, 10 күнге дейінгі мерзімде.

Шығарма жазуда жоспардың жай, күрделі түрі пайдаланылады. Бірақ, бір ескертетін мәселе, егер оқушы шығармасы мазмұны, тілі, стилі, сауаттылығы жағынан талапқа сай жазылса, жоспар бар ма, жоқ па (эпиграф та солай) – оны негізге алмау керек.

Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»жыры бойынша (9-сынып) «Махаббаттың қос шынары» немесе Қозы, Баян бейнелеріне мынадай жоспар құруға болады (күрделі, әрі шығармашылық бағыттағы жоспар үлгісі):

Кіріспе:

  1. «Қозы Көрпеш, Баяндай бір молада өлсем-ай» (жырдың негізгі тақырыбы, идеясы).
  2. Негізгі бөлім:
  1. «Қыпша бел, алма мойын, сұлу Баян» (Баян бейнесі).
  2. «Сенен басқа хор қызы болса да, көз салмаспын» (Қозының бейнесі)

Қорытынды бөлім:

а) Қозы мен Баян бейнесінің маңызы.

ә) Көркем-поэтикалық тілі.

Күрделі жоспар осындай басты-басты үш бөлімнен тұрады. Үш бөлім де ең негізгі тақырыпты, негізгі мәселені қамтиды. Жай жоспарды да дәйексөзбен, шығармашылық бағытта құруға болады.