- Сабақ – оқытудағы ең негізгі үрдіс. Материалды есте қалдыру, жан-жақты оқушы бойына сіңіре білу — әрбір мұғалімнің өзіндік шеберлігін қажет етеді. Жаңа тақырыпты оқытуда, болжауда шешуші тұлға – мұғалім. Мұғалімнің білімі, шығармашылық ізденімпаздығы жан-жақты көрінеді. Мұғалімнің әрбір әдісті алдын ала болжап, сабақ өту барысында жүйелі әрқайсысын өз орнына қою – оқу мәселелеріндегі ең маңызды кілт. Қай мұғалім болсын сабақ жоспарын жасауда ең әуелі жаңа материалды мазмұндаудың жүйелілігіне көңіл бөлуі тиіс. Сабақ кезеңдерін қалай орналастыруды ойластырғаны жөн. Сонда ғана ғылыми негізделген сабақ жоспары жасалады. Сабақ жоспары – мұғалімнің бір 45 минут ішінде атқаратын жұмысының арқауы. Оқытудың алдын ала болжау ұстанымының мақсаты – сабақ беруде әдістердің ең маңызды әдістерді материалға байланыстырып, оқушының білімін тереңдетіп, әдебиетке құштарлығын оятып, оларға сапалы білім беру жолын табу. Бұл мақсатқа жетуде мұғалім ізденісі шешуші роль атқарады.
Нақты міндеттерді айқындау – мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Сабақты меңгерту барысында, оқушы міндетін анық-айқын болжай білуі керек. Мұғалім шығармашылығы мен оқушы шығармашылығындағы үйлесімді нақты болжау маңызды үрдіс. Көрнекті неміс педагогы Адольф Дистервег 19 ғ. өзінде-ақ: «Жас мұғалімнің негізгі кемшілігі — өзіне белгілі материалды балаларға тегіс айтып беруге тырысуы» деген болатын. Ол – жаман мұғалім. Шындықты (материалды) өзі айтып, хабарлайды, жариялайды, ал жақсы мұғалім шәкірттерді оны табуға, болжауға үйретеді деп есептеді. Мұғалім бүкіл сабақ барысында, әрбір кезеңінде оқушылардың танымдық оқу іс-әрекетін жандандыра, белсендіре алатындай нақты міндеттерді айқындап алып, жоспарын түзеді. Жоспар сайып келгенде, ұстаз оқыту үрдісінің нәтижесіне болжам жасай отырып, шәкірттердің білім сапасының жоғарылығы – олардың өз іс-әрекеттерінің сипатына тікелей тәуелді екенін үнемі басшылыққа ала отырып жасалады.
- Әдістерді таңдап алу – ең күрделі үрдіс. К. Д. Ушинский: «Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен, оның мұғалімдігін де жойылады», — деп мұғалімдер ісіндегі жауапкершілікті орынды көрсеткен. Жоспардағы әдістерді жүзеге асыру үшін: сабақтың білімділік, дамытушылық, тәрбиелік мақсаттарының бірлігі; сабақтың дидактикалық ұстанымдары мен әдістер байланысы; жас ерекшелігі мен тақырыптың үйлесімі; пәнаралық байланыс жүйесі. Осы талаптар өзара өзектестік тауып, жоспарға айналғанда сапалы оқу үрдісі нәтижесін береді. Ал, әдістерді жоспарда дұрыс орналастыру – мұғалімнің шеберлігі мен білім деңгейін таразылайтын сәті. Мұғалім бала қабілеті мен әдістерді толық меңгерген, сабақ үрдісінде әр әдісті өз орнында шебер пайдалана білетін жүйе-жүйесімен орналастыра алатын, біліммен бала жанын тербейтін, білім нәрін құятын дирижер болуы керек. Сонда ғана шәкірт пен оқытушы арасында «педагогикалық ынтамақтастық» туады. Материалдан алатын білім сапасын болжау – білім мазмұнының құрамына оқу пәнінің жанрлық ерекшелігіне, оқу материалының көлеміне байланысты.
Болжау: жаңа материалды проблемалық ситуация арқылы шешімін табу; негізгі материал мен қосымша материалды ажырата білу; жоспардың нақты болжамын жасау; оқулықпен жұмыс, материалды іріктеу, салыстыру, зерттеу болжамдарын жасау. Жоспар (жай, шығармашылық – күрделі, проблемалы) жасалынғанға дейінгі мұғалімнің ізденісіне байланысты сабақ үрдісінің құрылымдық негізі қалыптасады. Білім сапасының ең жоғарғы деңгейінің негізі – мұғалімнің сабақты дұрыс болжап, шығармашылықпен нақты жоспар жасап еңбектене білуінде.