- а) Драмалық шығармалардың өзіндік ерекшелігі:
Әдебиеттің басқа жанрына қарағанда драмалық шығармаларды оқытудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік драмалық туындылардың жанрлық табиғатына тікелей байланысты болып келеді. «Пьеса-драма, комедия-әдебиеттің ең қиын формасы»,-дейді М. Горький. Себебі, әдебиеттің проза, лирика жанрларында айтатын ой, кейіпкерлер іс-әрекеті, көрініс, сахна бірінші кезекте болады. Орыс жазушысы Гоголь: «Пьеса тек сахнада ғана өмір сүреді» деуі осыған дәлел. Драмалық шығармаларда оқиғалар оқырман көз алдында жаңа өтіп жатқандай әсер қалдыруы керек. Күшті сюжет, ең бастысы, өткір, шиеленісті тартыс, өмірдегі қарама-қарсылықтар – драманың өзегі, негізгі арнасы. Драмада қаһарман белгілі бір мақсат үшін күреседі, сол себепті оның күші зорайып, іс-әрекет, қимыл арқылы көрінеді. Драмадағы тағы бір ерекшелік, қаһармандар іс-әрекеті әр жаққа шашырамай, бәрі бір жүйе, бір арнада өрбіп, дамиды.
- ә) Драмалық шығармаларды талдау әдістемелері:
- Талдауды бастамас бұрын, балаларға өтілгелі отырған драмалық шығармаларды алдын ала оқыту керек. Балаларға оқу барысында ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беру міндетті түрде жүзеге асырылады. Әсіресе, ең негізгі, басты тартыстар, шиеленістерді көрсететін акт, суреттерге ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Оны мұғалім үлестірме-нұсқау арқылы да жүргізеді. Мысалы, Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» трагедиясын оқу барысында мынадай нұсқау ұсынуға болады:
— Трагедиядағы басты тартыстар, оқиғалар, соған назар аудар:
- Трагедияда өзіңе, әсіресе, не ұнады, не ұнамады? Ойыңды, пікіріңді дәлелді айтуға тырыс, т.б.
Талдау алдында оқушыларға әдеби-теориялық ұғым берудің маңызы зор.
- Талдауды драмалық шығармаларды күйтабақтан талдау, немесе, содан көрініс көрсетуден бастаудың маңызы зор.
- Талдауда мәтінге сүйену, үнемі соған арқа сүйеу, әсіресе, драмалық шығармаларды оқытудың алтын арқауы болып табылады. Мұғалім ең негізгі көрініс, актілерді, монолог, диалогтерді бөліп ала отырып, сол бойынша жұмыс істеуі керек.
- Мәнерлеп оқу, түсіндірмелі оқу, рөлге бөліп оқуға ерекше назар аударылады.
- Талдау барысында жиі-жиі оқушыларды қозғау салып, олардың қиялы, ойына ерік беріп отыру да драмалық шығармаларды оқытудың тиімді жолдарының бірі.
- Драмалық шығармаларды оқытудың жолдары көп. Ол — әр мұғалімнің ізденісі, шеберлігіне де байланысты шығармашылық жұмыс. Дегенмен, оның өзіне тән оқыту әдістері, сабақ түрлері болады. Концерт-сабақтар, композициялық сабақтар түрі – драманы өтудегі тиімді сабақ түрлеріне жатады.