Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

  • мәтінді талдап оқуға және пікір алысуға ұсынылған шығармаларды өз бетімен оқып, мұғалім басшылығымен зерделеп меңгеруі, пайымдап оқу, дұрыс оқу.
  • өлеңдер мен прозалық туындыларды, 10-12 өлең (бұған поэмалар фрагменттері де кіреді), 3-4 прозалық туындылар үзінділерін жатқа айта білуі;
  • тегі, жанры әр түрлі туындыларды, оларда бейнеленген оқиғалар мен кейіпкерлерге өзіндік қарым-қатынас білдіре отырып, мәнерлеп оқи білуі;
  • өзіне бұрын таныс емес кез келген мәтінді (шығарманы) дауыстап та, іштей де дұрыс оқуы;
  • жылына талдап оқуға және пікір алысуға ұсынылған ауыз әдебиетінің, Отандық және шетелдік классикалық балалар әдебиеті үлгілерінің мұғалім басшылығымен және өз бетімен кемінде 20-ға тарта туындыларын оқуы;
  • оқып зерделенген туындының тектік, жанрлық сипатын білуі;
  • әдебиет және фольклор туралы жалпы ұғымдарды, олардың негізгі сипаттарын; қазақ ауыз әдебиетінің басты жанрларының (тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер, эпостық жырлар, лиро-эпостық жырлар) негізгі сипаттарын және әдебиеттің тектерін (эпос, драма, лирика) білуі;
  • оқылған лирикалық туындыларға, олардың көркемдік, поэтикалық тіл ерекшеліктерін пайымдай отырып, өзіндік сезінуі, түйсінуі негізінде баға беруі;
  • туындыдаға көркем суреттеу, сипаттаулардың (портрет, пейзаж, интерьер және т.б.) баяндаулардың түрлерін, автор позициясын бейнелеу құралдарын (ажуа, мысқыл, сарказм), юмор мен сатира, аллегория түрлерін айыра білуі; оларға қатысты ұғымдарды практикалық қолдану деңгейінде меңгеруі;
  • тақырыбы бір-біріне үндес (жақын) шығармалардың кейіпкерлерін, оқиғаларын (анықтайтын мәселемен байланыстыра отырып) салыстыра пайымдай алуы;
  • өлең сөздің құрылымдық элементтерінің (өлшем, ырғақ, ұйқас, шумақ) мән-мағынасын, негізгі ұғымдарын білуі және олардың практикалық қолданыста ажырата алуы;
  • мәнерлеп оқудың партитурасын, яғни барлық элементтерін (дауыс ырғағы мен екпіні, олардың бірде жоғары, бірде бәсең болуы) білуі;
  • оқылған шағын эпикалық туындының мазмұнын (кейбір стильдік ерекшеліктерін сақтай отырып) толық, қысқаша және іріктеп мазмұндап айтып беруі;
  • оқылған, зерделенген мәтіннің, өзінің сөйлейтін сөзінің, шығарма жұмысының жай күрделі жоспарын құра білуі;
  • проблемалық сұраққа ауызша немесе жазбаша байыпты жауап беруі; мәтінге сұрақтар мен тапсырмалар түзе білуі;
  • әдеби шығарма бойынша (кейіпкерлер мінездемесі, кейіпкерлерге салыстырмалы мінездеме), сондай-ақ сол шығармалар бойынша салынған иллюстрациялар мен суреттерге негіздеп өз толғамын, көзқарасын білдіре отырып, шығарма жазу.
  • әдеби тақырыпқа бір дерек бойынша реферат әзірлеу, әдеби сын мақалаларға конспект жасай білуі.