- Оқыту үрдісінде мұғалім – белсенді іс-әрекет иесі. Мұғалім – сабақ үстінде шешуші тұлға. Ол көп оқитын, көп білетін, ізденгіш еңбекшіл адам. Абай Құнанбаев: «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға», — дейді. Оқыту байыптылыққа, ақылға салып аңғара қарауды тілейді. Мұғалімге Ақсақ-Темірдің қаталдығы, ананың мейірімі, дәрігердің дәлдігі қажет. Мұғалімнің іс-әрекеттері:
- оқыту теориясына жетіктігіне;
- оқыту әдісінің жүйесін меңгеруіне;
- мұғалім мен шәкірттің ынтымақты жұмысына байланысты.
Оқыту теориясы:
- іс-әрекет жөніндегі жалпы теория;
- оқытудың шарттары;
- мұғалімнің әдісті жеткізу шеберлігі;
- әдістер теориясын жетік білу.
Мұғалімнің іс-әрекеті әдебиетті оқыту жүйесі мынандай кезеңдерден, құрамдас буындардан тұрады:
- оқыту жүйесіне мақсат қою;
- оқыту барысын жоспарлау;
- тақырыпты меңгерту шарттары (мақсат қою мен жоспардың жүзеге асуы);
- сабақты меңгеру барысын тексеру.
Оқу материалын меңгертудің, ұзақ уақыт есте қалдыртудың жеті (әдістік) шарты бар:
- ұйыту (оқушының зейінін, ықыласын сабаққа аудару үшін төте жол іздеу, яғни оңай жолын табу);
- көркем шығарманы түсіндіріп, талдап оқыту;
- интеллектуалдық біліктерін арттыру, ақыл-ойын тәрбиелеу, берілетін білімнің өмірде қажет екенін сезіндіру;
- шәкірттің қабілетін ескеріп, тақырыпты (жеке амал, жалпы амал) жеңілдетіп, ауырлатып шығармашылықпен жеткізу;
- шәкірттің сезімін – синтезін тәрбиелеп, байқағыштығын жетілдіру;
- дәстүрлі оқыту, шығармашылық, проблемалық сабақтардың жүйесіне, әдісіне, ерекшелігіне назар аудартып, тәжірибеде пайдалана білуге үйрету;
- сабаққа белсенділігін арттыру.
- Оқушының оқу іс-әрекеті негізінен, ойлау қызметінен тұрады. Білім сапасы оқушының ойлау қызметіне байланысты.
Оқушының оқу іс-әрекеті:
- ойлау іс-әрекеті;
- танымдық іс-әрекет;
- іздену іс-әрекетінен тұрады.
Оқушының ойлау іс-әрекетін қалыптастыру мынандай ретпен жүзеге асырылады:
- оқушының алдындағы мақсаты;
- материалдармен әрекеті;
- материалдар көмегімен оқушы өзі бақылап, байқап, әрекет жасап көргендердің ішінен ізделінді, қасиеттерді бөліп қорытынды жасауға дайындалады;
- мұғалімнің көмегімен орындаған әрекеттерін анықтаған қасиеттердің дұрыстығын өздігінен тексеріп шығады;
- оқушы қорытында жасауға үйренеді. Нәтижесінде таза өзінше ойлау әрекетін жүзеге асырады.
- Оқу мотивтері екі топқа бөлінеді:
- оқушы белсенділігін өзі меңгеретін нысанаға бағыттайтын танымдық мотивтер;
- оқушы белсенділігін басқа адамдармен қатынасы негізінде қалыптастыратын әлеуметтік мотивтер.
Адам танымы байқаудан, сезіп қабылдаудан, нақты аңғарудан, заңдарды теория жүзінде ашуға, ал сонан кейін сол заңдарды күнделікті қолданыста қолдануға қарай жүріп отырады.
- Оқушының іздену іс-әрекеттері – салыстыру, талдау, жинақтау, абстракциялау, жалпылау, нақтылау сияқты интеллектуалдық біліктері. Салыстыру – салыстырылатын тақырыптардың идеясын, мінез-қырларын анықтау; әрбір салыстырылатын кейіпкерлердің өмірде берілетін шындық көрінісін табу; салыстырылатын нысаналардың айырмашылығы мен ұқсастығын қорытындылау.
Талдау, жинақтау – тақырыптан талданатын негізгі бөлшекті бөліп алу. Қарастырылатын нысанаға кіретін бөлшектің құрамын анықтау, талдау жасау.
Абстракциялау – салыстыра қараған үрдістердің жалпы маңызды белгілерін, маңызды емес белгілерінен ажырату.
Нақтылау – анықталған маңызды белгілерін басқа нысанаға қатысты талдап, заңдылықтарды тұжырымдау.
Психологтар: Оқыту материалдарын оқушылардың меңгеруі бес сатыдан тұрады, — дейді. Олар: бағдарлау, материалданған әрекет, сөзбен құбылтып түсіндіру, ой тәсілінің қысқартылуы, ойланып үндемей орындау. Бұлар сатылап оқыту құралына енеді.
Оқушының үлгерімі, білім сапасының жоғары болуы мұғалім шеберлігіне байланысты. Ең алдымен – оқу еңбегін дұрыс ұйымдастыру. Мұғалім оқыту үрдісінің негіздерінің теориялық ғылыми жетістіктерін әдіспен шебер үйлестіре білсе, тәжірибеде басшылыққа алса терең білім берері анық.