Әдебиетті оқытуда базалық білім курсы мен тарихи-әдеби курсты жоспарлау

  1. Білім беру мазмұны – оқушыларды жан-жақты дамыту, ақыл-ойын, танымдық қызығушылығын қалыптастыру, еңбекке дайындау үшін белгілі типтегі мектепте оқытылатын білім мен біліктер жүйесі.

Оқу мазмұны дидактикалық талаптар негізінде қай сыныпта, қандай көлемде қандай пәндер оқытылуы керектігін белгілейді. Бастауыш сыныптарда барлық пәндерден алғашқы элементарлық ақпарат берілсе, орта сыныптарда жүйелі білім беріледі.

Білім берудің мазмұны оқу жоспарларында, жеке пәндердің оқу бағдарламаларында және оқулықтарда, электронды оқу құралдарында нақтыланады.

Оқу жоспары, бағдарламалар, оқулықтар. Оқу жоспары.

  • оқу жылының, тоқсандардың, демалыс күндерінің мерзімін,
  • оқытылуға тиісті оқу пәндерінің тізімі,
  • әрбір оқу жылы (сыныптар) бойынша оқу тәртібін және ретін,
  • әрбір пәнге бүкіл оқу мерзімінде және апта сайын әр пәнге бөлінетін сағаттардың мөлшерін көрсететін мемлекеттік құжат.

Типтік оқу жоспары оқу министрлігінде жасалынып барлық орта мектептерге ортақ болып бекітіледі. Оқу жоспары мектептердің түрлеріне орай да жасалынады. Шағын комплектті, сегіз жылдық, ұлттық мектептерде жоспар өзінше құрылады.

  1. Оқу бағдарламалары оқу жоспары негізінде құрастырылады.

Ол түсінік хат, негізгі бөлім және әдістемелік аппаратынан тұрады.

Қоғамның дамып, жаңаруына, ғылыми жаңалықтардың өсуіне байланысты оқу бағдарламалары қайта қаралады. 1990 жылдан бастап Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне, ұлттық идеяға бағытталған бағдарламалар дүниеге келуде. 1990 жылы қабылданған «Білім туралы» заңға байланысты білім беру саласын демократияландыру, гуманитарландыру, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруге сай білім беру саласының құрылымына, мазмұнына, сипаты мен оқу жоспарына, оқу бағдарламасы мен оқулықтарға өзгерістер енгізілді.

Оқулық – оқу бағдарламасына сай оқу пәнінің мазмұнын жүйелі түрде баяндайтын кітап.

Оқулық оқушылар оқу материалын саналы, белсенді түрде, толық меңгеруін қамтамасыз етуі керек.

Оқулыққа қойылатын талаптар күрделі болғандықтан соңғы кезде әрбір пәннен бірнеше нұсқада оқулықтар, оқу құралдары жарыққа шығуда. Дәстүрлі кітаптармен қатар аудио-видеокассеталар және компактдисктерге жазылған оқулықтар пайдаланып жүр.

Оқытуды ұйымдастыру формалары

Қоғамның даму тарихында жас ұрпақты оқытудың ұйымдастыру тәсілдері де өзгеріп тұрады. Оқыту жұмысын ұйымдастырудың тарихында, оның негізінен үш түрлі формасы қалыптасқан: жеке-дара, топтық және сынып-сабақтық жүйе.

Оқытудың кең таралған сынып-сабақ жүйесінің негізін қалаған Ян Амос Коменский болды. Ол өзінен бұрын өткен және ағымдағы педагогикалық тәжірибелерді зерттеп, оқу ісін жүйелі ұйымдастыруды ұсынды.

Сабақ – оқыту жұмысын ұйымдастырудың басты формасы болғандықтан, ендігі жерде оның атқаратын қызметі мен оқыту процесінде алатын орны ерекше болды. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, олардың рухани-адамгершілік қасиеттері мен ақыл-ой қабілеттерін дамыту мақсаттары көзделеді.

  1. Қазіргі мектеп тәжірбесінде көптеп қолданылатын сабақ түрлеріне мыналарды жатқызуға болады:
  1. Кіріспе сабағы.
  2. Жаңа білімді хабарлау сабағы.
  3. Білімді, білікті және дағдыны бекіту сабағы.
  4. Жаттығу және тәжірибе сабақтары.
  5. Зертханалық сабақ.
  6. Қайталау-қорыту сабағы.
  7. Оқушылардың білімдерін, біліктіліктері мен дағдыларын тексеру және бақылау сабағы.
  8. Аралас сабақ.
  9. Өздігінен білім алу сабағы.

Оқу жұмысының мазмұнын ойластырып алу – сыныпта оқу материалын өтудің бірізділігі жөнінде айқын да анық түсінік құрып алу деген сөз. Сондықтан мұғалімнің оқу бағдарламасымен жүргізетін жұмысы оларға оқу тоқсанына белгіленген материалдың өтілуін қысқаша жоспарлап алу болып табылады. Бұлай ету оларға әр тақырыпша шеңберінде сабақтарды неғұрлым айқын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Мектепте оқу материалы әрбір жарты жыл бойынша жоспарланады. Мұндай жоспардың түрін күнтізбелік (календарный) жоспар деп атайды. Күнтізбелік жоспар жүйесіне белгілі бір тоқсан ішінде өтетін тақырыптар енгізіледі.

Тақырыптық жоспарлау – белгілі бір пәнге қатысты оқытудың барлық формасының бірлігі мен байланысының көрінісі..

Ол мұғалімге бір сабақтан келесі сабаққа өту барысында дидактикалық мақсаттарды анықтауда бірізділік пен жүйелілікті анықтауға септігін тигізеді, оқу материалының мазмұнындағы негізгі ойды бөліп қарауға, оқушылар мен мұғалімдердің негізгі оқу әрекеттерін белгілеуге, пәнаралық байланысты орнықтыруға, оның барысында пайдаланылатын көрнекі және техникалық құралдарын ойластыру, сонымен бірге нақтылы тақырыптарды оқыту нәтижелерін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

  1. Жеке сабақтардың жоспары — әрбір мұғалімнің жеке сабақ құжаты. Ол мұғалімнің тақырып жөнінде алдын-ала қандай жұмыс жүргізетіндігімен анықталады. Сондықтан тиімді жасалған жоспар – тиімді өткен сабақ болып табылады.

Қазіргі кезде мектеп тәжірибесінде қалыптасқан мұғалімнің жеке жоспарының үлгісі төмендегідей:

  1. Оқу бағдарламасының берілген тарауы бойынша сабақтың күні мен реттік саны анықталады.
  2. Сабақтың тақырыбы.
  3. Сабақтың мақсаты.
  4. Сабақтың құрылымы немесе дидактикалық кезеңдері.
  5. Сабақтың мазмұны.
  6. Оқыту әдіс-тәсілдері.
  7. Сабақ құралдары.
  8. Үй тапсырмасы.
  9. Қорытынды, сабақтың аяқталуы.

Сабақ жоспарлары мұғалімнің дайындығы мен тәжірибесіне байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ негізінен жоғарыда көрсетілген кезеңдерді қамтуы тиіс.

Тәжірибелі мұғалімдер жоспарды жасап, сол жоспар бойынша сабақты өткізгеннен кейін, оған қысқаша талдау жасайды: жоспар қаншалықты сәтті орындалды және мақсатқа қалай қол жеткізілді т.с.с. Бұл мәліметтер мұғалімге келесі сабақты нәтижелі даярдауға септігін тигізеді.