Шалкиіздің ақындық шеберлігін танытатын көркемдік тәсілдер

Шалкиіз поэзиясы – қазақ өлең дүниесінің баға жетпес қымбатының бірі.

М. Мағауиннің мәліметінше Шалкиіз шығармалары төңкеріске шейін 12 рет басылыпты – М. Мағауин Шалкиіздің қазақ әдебиеті тарихындағы, қазақ жыраулар поэзиясындағы қайталанбас орнын нақты, дәл дәйектермен, күрделі көркемдік талдаулармен негіздей түсті. Жыраулар өмірнамасында Шалкиіз поэзиясының бергені, бұрынғы-соңғыдағы көркемдік құбылыстармен арақатысы туралы кең қамтып, даусыз, аса қисынды тұжырымдар жасады.

Ғалым Шалкиіз шығармаларын көркемдік, сөз қолданыс жағынан талдады, оның өзіндік ерекшеліктерін айғақтады.

Жапырағы жасыл

Жайқалмағы желден дүр…

Шақырмақ бұлт жай тастар,

Ағытқан қойды жол бастар,

Ақ шекпенді жел бастар,

Шешен адам сөз бастар.

Шалкиіздің “Алаштан байтақ озбаса”, “Жебедей желге жүгірген”, “Жапырағы жасыл бәйтерек” т.б. жырлары батырлық, жаугершілік жайын қозғайды.

Жыраудың Би Темірге арнаулары ең алдымен, көңіл күй құпиясын құдіретпен ауыздықтаған үздік өлең, әлемдік деңгейдегі поэзия. Тұнып тұрған теңеу айдарлы сөз. Шалкиіз сөзге көңілдің бар күйін: сесін де, кегін де, айбарын да, ақыл өсиетін де, өзі мен өзгеге берер бағасын да, ханына деген өксікті өкпесін де сыйғызады.

Аспанды бұлт құрсайды-

Күн жауарға ұқсайды,

Көлдерде қулар шулайды-

Көкшіліден ол айуан

Соққы жегенге ұқсайды,

Көп ішінде бір жалғыз

Көп мұңайып жылайды-

Күйбеңдескен көп жаман

Сөзі тигенге ұқсайды!

Жыр-арнаулар тұтастай троптардан тұрады десе болардай. Жыраулар поэзиясының барша көркемдік кездері, шарты мен салты көрініс беріп жатқан өлең. Арабы торым, алдаспаным, қағбамсыңғ алтынсың, жібексің, сұлтансың, сұңқарсың.

“Ағынды сулар, аймақ көл”, “Жақсының жақсылығы сол болар”, “Асқар, асқар, асқар тау”, “Жалп-жалп ұшқан жапалақ”, “Туырлықсыз қара үйге”, “Жауынды күні көп жүрме”, “Шығармақ бұлт жай тастар”, “Жайыңды білген қарындас”, “Айғырдан туған жампоз бар”, “Қатынасы биік көлдерден” т.б. жырларында Шалкиіз дүние шарттарын, тіршілік заңдарын алға тартады; сол жаратылыспен үйлесіп ғұмыр кешудің жолдарын үйретеді. Өнеге, өсиет сөзін нақылға айналдырады.

Шалкиіз шығармаларынан қайталанбас образдар, тамаша суреттерді көре аламыз.

“Жалп-жалп еткен жапалақ

Аттансаң жазы түзде көрерсің.

Жапалақ ұшпас жасыл тау…

Ағынды сулар, аймақ көл

Тасыса дөңбек келтірер…

Арқаның құба жонында

Арыстан ойнар шарқ ұрып…

Қара басты ақ құспен

Кендір баулы ақ желкен

Көк теңіздің жал толқынға жектірдің”.

Осы образдардың қайсысы болмасын жыраудың өзгеше талант иесі, сөз өнерін жеріне жеткере меңгерген суреткер екендігінің айғағы іспеттес.

Жырау өз жырында әр батырдың басқаға ұқсай бермейтін қасиетін танытарлық эпитет, метафоралар мен теңеулерді іріктей алған.

“Ақ табан ару торы ат жайлаған,

Алдаспан ауыр қылыш байлаған,

Сыпайышылық бұ-ды деп,

Ала білек оқ салған…

Құястан жап-жас қана Жұмай бар…

Байсасы таудай Мәмбет бар…

Ол тырысқан, тырысқан,

Күніне мың кісімен ұрысқан,

Жаурынына қанды көбе сыймаған,

Жағасына адам қолы тимеген

Үйсіннен Бозторғайұлы Баубек бар…

Атқан оғын оздырған,

Дұшпанның тобын тоздырған,

Бір ойында алпыс ала балта сындырған

Айсаның ару ұлы Қолай бар.

Тоқал торы ат жайлаған,

Тобығына тондық ала байлаған,

Хандар шыққан төбедей,

Қабырғадан бүтін шыққан сүбедей,

Аударылмас қара кемедей,

Қандауызға сырлап салған жебедей,

Хан ұлы төредей,

Би ұлы шорадай,

Қан жұқпас қайқы қара болат өтпеген,

Мақтауына адам тауып жетпеген

Бұ жиынның ішінде

Ер Жақсымбет-аға бар..”

Осы үзінділерден Шалкиіздің көзінің жітілігі, психологиялық портрет жасаудың шебері болғандығы көрінеді. Жырда жөнсіз гипербола жоқ. Әйткенмен де беліне “Алдаспан ауыр қылыш байлаған”, “бір ойында (ұрыста) алпыс ала балта сындырған”, денесіне “қан жұқпас қайқы қара болат өтпеген” ерлердің кейпі шынында да адамды сескентерліктей. Батырлардың сипаттамасынан сол замандағы айдындылықтың, айбарлылықтың белгілерін аңғаруға болады. Сонымен қатар жырдың этнографиялық мәні де зор. Жыр көне, жаугершілік заманның тұрмыс көбінен елес береді.

Шалкиіз шығармаларының көркемдік ерекшеліктері жайындағы кейбір пікірлерімізді жоғарыдай, жолай баяндай отырдық. Бұл жерде жырау тілінің, оның сөз қолданысының тек өзіндік қана екендігін ескертпекпіз. Сонымен қатар Шалкиіз шығармалары архаизмдерінің көптігімен ерекшеленеді. Оның толғауларында ұшырасатын: жәзит (рұқсат), көкшілі (сұңқар), алдаспан (наркескен, өткір қылыш), күлік (жүйрік, тұлпар, сәйгүлік), асмар ету (қалдыру, тастау), сайғақ (қабырдың басына шаншылған ағаш), жазы (дала, жазық), балаңқы (бала-шаға, осал, нашар), жімлә (бүкіл, барлық) сияқты көптеген сөздер қазіргі қазақ тілінде мүлдем қолданылмайды. Жырау шығармаларында кездесетін кейбір тіркестер мен ұғымдардың мағынасы күңгірт немесе мүлде ұмытылған. Сонымен қатар тілімізден белгілі кейбір сөздер Шалкиіз қолдануында басқа формада айтылады. Мәселен: “Сөз боларсың күлемге” (күлкіге), “Иесі би Темірден саңыратын” (соң, кейін), “атайы ер” (аталы, текті ер), “Аңдып жүрген дұшпаннан жүз сақын” (сақтан), т.т. Мұндай өзгешеліктерінің болуы – жырау туындыларының көнелігіне байланысты.