XV ғасырда өмір сүрген көрнекті жыраулардың бірі – Шалкиіз. Оның шығармалары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтары арасына кең тараған. Біздің қолымызда бар деректерге қарағанда, Шалкиіз шығармаларының алғаш қағаз бетіне түсуі XIX ғасырдың екінші жартысы. Бұған дәлел-жырау өлеңдерінің 1874 жылы жазылған “Қазақ өлеңдері мен хиссалары” дейтін көне дәптерде кездесуі.
Шалкиіздің “Аспанды бұлт құрсайды”, “Қарабас күспен шалдырып” деп басталатын көлемді толғаулары алғаш рет 1875 жылы “Записки Оренбургского отдела Императорского Русского географического общества” жинағында жарық көрді.
Шалкиіз жыраудың өнегелік мәні зор өміршең толғаулары ағартушы Ы. Алтынсарин хрестоматиясынан да елеулі орын алғанын көреміз.
Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірде Шалкиіз шығармаларын қазақ даласына кеңірек таратып, таныстырған XX ғасыр басында жарық көрген “Жақсы үгіт”(Қазан, 1903), “Ақын” (Қазан, 1912), “Шайыр….”(Орынбор, 1910-1912), “Көксілдер…” (Орынбор 1910-1912), жинақтары болды. Шалкиіздің “Жақсы үгітте” – “Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауларының толық нұсқалары, “Ақында” – “Шағырмақ бұлт жай тастар”, “Көксілдерде” – “Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауларының үзінділері, “Шайырда” – “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауының үзіндісі жарияланды.
Жоғарыда аталған жинақтардан көне мұраларды қазақ, ноғайлар арасындағы кәрі құлақ қариялардан, ақын, жырау, жыршылардан тірнектеп жинап, кей ретте өздеріне дейін жеткен жазбалардан көшіріп қағаз бетіне түсірген, не жариялатқан, сөйтіп халықтық асыл қазыналардың өмірін ұзартқан Ибрагим Шейхали (1874), Т. А. Сейдалин, С. А. Жантурин, И. Н. Распопов (1875), Ы. Атынсарин (1879), М. Османов (1883), М. Бекмұхаммедов (1908), Ғ. Мұштах (1910), А. Беркалыұғлы (1910 — 1912) еңбектерін ерекше атауға лайық. Бұлар атадан балаға, баба жыраулардан жас жыршыға үласып, халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан асыл туындыларды тарихқа әйгілеп, жоғалмас мұраға айналдырған игі еңбек иелері еді.
Шалкиіз шығармалары кеңес дәуірінде қазақ тілінде “Ертедегі әдебиет нұсқалары” (1967) хрестоматиясында, М. Мағауин құрастырған “Алдаспан” (1971), “Поэты Казахстана” (1978) жинақтарында басылды. “Бес ғасыр жырлайды” (1984, 1989), т.б топтамаларда жарияланды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдебиет тарихы бөлімі дайындаған XV – XVIII ғасырлардағы қазақ ақын, жыраулар мұрасының ғылыми басылымы (1982) жарық көрді. Бұл істер – есімдері көмескі тарта бастаған ақын, жыраулар мұрасын халық назарына ұсыну жолындағы игі қадамдар еді. Және бұл басылымдардың бір артықшылығы – бұрын әрқилы антологиялар мен архив қазынасындағы Шалкиіз жырларын біркелкі жинақтап беруінде.
Ел аузынан жазылған қолжазба деректер мен өз жырларына қарағанда, Шалкиіздің Орақ, Мамай, Темір сияқты мырзалар мен билер маңында – ақсүйектер ордасында өмір кешкені белгілі болғанымен, дәл өз әкесі Тіленшінің кім екендігі мәлім емес.
Ел аузынан жазылған материалдарда Шалкиіздің “ноғайлы” екендігі айтылады. Жыраудың балалық, жігіттік шағы Орақ, Мамай маңында өткендігі, бірақ батырдың Ноғай Ордасындағы бедел, құрметін күндегендер оны елден кетірмек болып, жауға жалғыз жұмсағаны, батырдың жауды жеңіп келіп, аттан түспестен Орақ, Мамаймен жиналған жұртқа жыр толғап, өкпесін айтып, жапан түзге кеткені айтылады. Аталмыш материалдарға қарағанда Шалкиіздің Ордада – Орақ, Мамай маңында өсіп, бедел-даңқы сол кезде белгілі болғаны көрінеді.
Шалкиіз Темір биге Орақ, Мамай ордасынан кеткесін барғанға ұқсайды. “Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” деген толғауларына қарағанда оның Темір бидің қол бастар батыры, жұртты аузына қаратқан аталы сөз айтар ақылшы жырауы болғандығы аңғарылады. Өкпелеп, ажырап кетіп барып қайта табысады. Темір мен Шалкиіз татулығын көре алмаған билер қызғаныш, бақталастықпен оны елден кетіруді талап етеді. Билер шешіміне амалсыз көнген Темір оны өгейлейді. Ақыры хажыға кетпек сыңай танытып, елі басшысыз қалуға айналып, амал таппай дағдарған кезде жұрт Шалкиізді алып келіп жырлатады. Шалкиіз сынды парасат иесі, ақылшы жырауды жанына жақындатудың бір себебі ме — әйтеуір Темір сапарынан тоқтап, онымен қайта табысады.Бұл тұста Шалкиізбен табысу жолындағы ақылды әдіс-айласы, Шалкиіздің байтақ жұрты дағдарған тұста жол-жоба беріп, ақыл айтар жыраулық биік рухы да танылады. Сонда :
Темір еді ханымыз,
Теңіз еді халқымыз,
Тебірлерге қалғанда,
Теңселер ауыр ноғай жұртыңыз ! – деп тебірене толғайды.
Шалкиіз мұрасы 760 жолдай. Оның 500 жолдайы қазақ арасынан, 260 жолдайы ноғайлар арасынан жиналған.
Шалкиіздің бізге жеткен жырлары түгелдей азаматтық, әлеуметтік лирикаға жатады. Ол өз көңіл-күйін толғайтын бірді-екілі толғауының өзінде де өмір заңдылығын, заман үрдісін қатар суреттеп отырады. Жырау “отбасы, ошақ қасының” қарапайым пендешілік халіне айналмай, өзіне дейінгі һәм өз заманындағы қилы-қилы сырларға көз жібереді, өмірде көрген көп жайларын көңіл таразысына салып, қорыта толғайды, көсем көңілмен, өнегелі сөзбен ізгілікке үндейді.
Шалкиіздің бір шоғыр жыры Темір биге арналады (“Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны”, “Тор балақ құсты қолға алып”, “Арық хан”, “Әжікам сен Мансұрұлы Токусан”, “Ғизмәт иям би Темір”, “Не болды”). “Боз үстінде от жаққан”, “Мен иемнің күнінде” толғауларында Темір маңында дәуірлеп тұрған шағын еске алады.
Шалкиіз шығармалары ой, мазмұн жағынан қисынды, жүйелі келеді.
Шалкиіз жырау шығармаларында өз дәуірінің нендей мәнді мәселелерін көтерді, өмір құбылыстарын қалай суреттеді ?
Шалкиіз жырларында суреттелетін адамдар – Темір, Әзике, Мансұр, Арық хан және жыраудың өзі. Жыраудың өзін біз көбінесе лирикалық “Мені” арқылы танимыз.
Осылардың ішінде жыраудың Темір би мен өзін бейнелеуінен сөз зергерлігін анық аңғарамыз.
Шалкиіз жырларында философиялық толғаныс, тебіреніс ретінде келетін дидактикалық өнеге-өсиет, мақал-мәтел, ақыл-нақылды шумақтар мол. Жырау өнегелі — өсиетті бір қатар жолдарында өмірден түйген өрісті ойларын жақсы мен жаманды салыстыра отырып суреттейді.
Шалкиіз жырларынан бір байқалатын сыр – оның туып өскен мекеніне, ата қонысына, өзін қоршаған табиғатқа деген құштарлығы.
Шалкиіз жырларында ежелгі қоныс Еділ, Жайық пен Қобан атаулары кездеседі. Кездескенде “Ақ Жайық”, “Ақ Қобан” дегендей аса іңкәр құштар сезіммен аталады.