Асан Қайғы.

Асан тарихта болған адам, алайда оның өмірі туралы нақты тарихи деректер сақтала қоймаған. Халық аңыздарында Асан қайғыны қазақтың бірінші ханы Әз-Жәнібектің тұсында өмір сүрген адам еді дейді. Тарихи деректер бойынша, Жәнібек XV ғасырда хандық құрған кісі. Бұл туралы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің “Тарихи Рашиди” атты әйгілі еңбегінде жазады. Тарихи деректер негізінде қазақтың бірінші ханы Жәнібектің хандық құрған кезеңін 1465-1466-1480 жылдар аралығы еді деп белгілесек, Жәнібек пен аты қатар аталатын Асан қайғы ел аңыздарында Жәнібек таққа отырғанда, жасы келген қарт кісі еді деп баяндалады. Мұның үстіне ол сол Жәнібек ханнан көп кейін қайтыс болған адам деп сипатталады.

Асан қайғы қай ортадан шығып, қай дәуірде, қандай өмір кешкен еді, көп жасаған өмірінде қандай қызмет атқарды, кімдермен істес, замандас болып еді деген сұрақтарға жауап беретіндей бізде нақты тарихи деректер жоқтың қасы. Бұл тұста Асан қайғының өз толғауларында айтылатын мәліметтер мен сол тұстағы кейбір жырларда келтірілген қосалқы дерек-түсініктерді, Асан туралы сақталған кейбір аңыз, әңгімелерді ғана негіз етеміз.Қалай дегенде де ол әр қилы аумалы-төкпелі тарихи дәуірлерді бастан өткеріп, талай-талай хандардың қысылғанда ақыл сұрайтын кемеңгер кеңесшісі, болжағыш та білгір биі болғанға ұқсайды.

Қ. Халидұғлы аталған еңбегінде Асан атаның бір кезде Хасен аталғанын әңгімелей келіп, жоғарыдағы Құдабай ақын айтқан өлеңге орай өз ойын білдіреді: “Асан қайғы асылы ноғай еміш (бұл сөз “еді”, “екен”, “делінеді” деген ұғымдарды береді-М.Ж.). Шыңғыс ханның тұстасы ұлан Майқы бидің алтыншы немересі”, -деп көрсетеді. Бұл “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би” деген көне мәтелдегі Ұлы жүздің әйгілі Майқы биі болып шығады.

Шыңжандық тарихшы ғалым Н. Мыңжани өзінің “Қазақтың қысқаша тарихы” атты еңбегінде Асан қайғыны Алтын орданың 1445 жылы қайтыс болған ақырғы ханы Ұлығ Мұхаммедтің (Ормамбет) қасындағы ықпалды билерінің бірі, Сарай және Қазан қалаларында билік басында болған әйгілі жырау және философ, ол Алтын орда ыдыраған соң, қазақ ханы Әз-Жәнібектің қасында болғандығы мәлім (Аталған кітап. Алматы, 1993. 205-206 –бб.) деп жазады. Ормамбет ханның қазақ тарихына қатысын кезінде ұлы Шоқан да атап көрсеткен еді.

Асан қайғы туралы аңыздар мен жыраудың өз жырлары кеңестік дәуірде ғана үздіксіз жарық көріп, жүйелі түрде зерттеле бастады. Бұл істе әйгілі жазушымыз С. Сейфуллин жинап бастырған “Қазақ әдебиеті” жинағының алатын орны ерекше.

Сондай-ақ Сабыржан Шәкіржанның “Асан қайғы” атты мақаласын да атауға болар еді.

Асанды тану және зерттеу саласындағы елеулі еңбек деп М. Мағауиннің “Қобыз сарыны” атты монографиясы мен “Алдаспан” жинағын бөліп атаған жөн.

Асан қайғы ел қиялындағы осындай аңыз кейіпкері ғана емес, сан алуан жыр-толғаулар тудырған белгілі жырау да еді. Ол өз толғауларында белгілі бір тарихи кезеңдегі ел-жұрттың көкейкесті ой-арманы мен мұң-мүддесін өзекті тақырып етіп жырлап, соны нақты іске асыруға да өз үлесін қосты. Халық бақыты ел басшысының іс-әрекетіне тікелей байланысты деп санаған жырау көптеген толғауларын Жәнібек ханға арнады. Оны дұрыс жолға салып, бұқара тұрмысын жақсартуға болады деп сенді. Мастанған ханды батыл сынап, кемшіліктерін бетіне басты.

Әй, хан, мен айтпасам білмейсің…-

деп, біржолата ат құйрығын кесуге дайын екенін танытады.

Асан толғауларының саяси-әлеуметтік сипаты оның жоғарыда сөз еткен “Әй, хан, мен айтпасам білмейсің” атты жырымен қатар, “Қырында киік жайлаған”, “Алты атанға қос артып” тәрізді жырларында да үшталып, тереңдей түскен дей аламыз. Әсіресе, “Қырында киік жайлаған” атты толғауы елдің Шу бойына көтеріле көшкен кезеңін бейнелейді.

Жыраулық поэзияда, оның ішінде Асан толғауларында үлгі-өсиеттік, насихаттық, тағылымдық ойларға ерекше мән беріледі. Мұның бәрі айтылар ойдың ұтымдығы мен әсерлігіне орай қайталаулар мен дыбыс үндестігіне (аллитерация, ассонанс) құрылып отырады.

Асан қайғы көп жағдайда өзі көзбен көріп кейбір мәнді де құнды кіші-гірім оқиғалардан үлкен түйіндеу, жинақтаулар жасауға да шебер. Бұл, сөз жоқ, жыраудың алғырлығы мен дарындылық қуатының шама-шарқына байланысты көрініп отырады. Мәселен, оның:

Ердің құны сөз емес,

Есебін тапқан сабазға.

Төрден орын тимейді,

Патша болсын малы азға, —

деп келетін жолдарын осының айқын айғағы дер едік.

Қорыта келгенде, әңгіме, аңызға қарағанда, Асан қайғы XV ғасырдағы қазақтың тұңғыш ханы Әз-Жәнібектің тұсында жасаған белгілі тұлға болып саналады. Ол өмірінің соңғы кезеңдерінде туған халқының алғаш рет өз алдына шаңырақ көтеріп, ұлт болып қалыптасу кезеңін көзбен көрсе де, патша өкіметінің отаршылдық саясатынан сақтану қажеттігін, бұл үшін “Жер ұйыққа” көшудің тиімділігін өз жырларына арқау етті. Жыраудың ел жүрегіне ұялаған толғаулары, жер, қоныс туралы айтқан сын, бағалары халқымен әлі күнге дейін бірге жасап келеді.

Ә. Марғұлан өзінің “Қазақ халқының поэтикалық көне мәдениетінің сақтаушылары туралы” атты мақаласында Асан қайғы мен Бұхарды әйгілі Сыпыра жыраудың бірден-бір мұрагері, Қорқыт, Ұлық жыршы, Аталық, Сыпыралар негізін салған жыраулық дәстүрдің ізбасар, жалғастырушылары еді деп жазып, оның Сыпыра жырау секілді кезінде эпикалық жырлар тудыруға да үлес қосқанын атап көрсетеді.

М. Ғабдуллиннің “Қазақ халқының ауыз әдебиеті” атты еңбегінде Асан қайғы жайындағы халық әңгімелері кейбір кейінгі қоспаларына қарамастан, негізінен, реалистік болмыс пен шындық өмірден алынған шығармалары тұрғысында бағаланады.

Асан қайғы жөнінде ертелі-кеш жазылған зерттеулерден өзінің сонылығы мен ғылыми ұстамдылығы жағынан М. Әуезовтің “Қазақ әдебиеті тарихына” (1948) арнап жазған “Асан -қайғы” атты еңбегін жеке бөліп атауға болар еді. Бұл зерттеуінде автор Асанның өмірде болған тарихи тұлға екенін, ол жөніндегі әр алуан аңыздардың шындықпен суарылып, өмір сорабынан туындап отыратын ерекшеліктерін баса көрсетеді.