Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет (XIII-XV ғасырлар)

Бұл кезеңде Монғол шапқыншылығына ұшыраған Қазақстан мен Орта Азия мәдениеті мен экономикасы мейлінше құлдырап кеткен еді. Өндіргіш күштер талқандалып, қыруар мол мәдени қазыналар жойылып кетті. Монғол әскері сәулетті қалаларды, білім мен мәдениет орталықтарын, бейбіт елді қырып-жойып өзіне жол ашты. Бұл 1219-1220 жылдар еді.

Шыңғыс хан көзі тірі кезінде-ақ жаулап алған елдерін ұлдарына бөліп бергені мәлім. Қазақстанның территориясы монғолдың үш ұлысының құрамына енген еді. Қыпшақ даласын билеген Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы болды. Жошы қазаға ұшырағаннан кейін баласы Бати биледі. Ол көптеген қанды жорықтар жасап қарудың күшімен, зорлықпен Алтын Орда мемелекетін құрады. XIII-XV ғасырларда Алтын Орданың қоғамдық және мәдени өмірі жандана түседі. Көрші елдермен қарым-қатынас жасайды. Алтын Орданың ірі қалалары саналатын Бати сарайы, Берке сарайы салынады. Осы кезде Алтын Орданың астанасы Сарай қаласына есімі әлемге мәшһүр Құтұб ад-Дин ар-Рази, Садад-Дин ат-Тафтазани, Жәлел ад-Дин , Хафиз ад-Дин ал-Баззави, Ахмад ал-Хаджандари сияқты әдебиетші, тілші, тарихшы, философ ғалымдар келген болатын.

Алтын Орда дәуірінің мұралары онша көп сақталмаған. Бұл кездегі әдебиет өкілдерінен біз Сайф Сарай, Хорезми, Құтб, Дүрбек, Рабғузи т.б. шығармаларын білеміз.

Бұл кезде өмірге келген көркем туындылардан ақын Хорезмидің “Мухаббат-наме” поэмасы, Сайф Сарайдың “Гүлістан” дастаны, Құтбтың “Хұсырау-уа Шырыны”, Дүрбектің “Жүсіп-Зылиха” дастандары және Рабғузидің “Қисса – сул әнбиясы” ерекше мәшһүр болды.

“Кодекс куманикус”- латын сөзі. Бұл сөздің мағынасы-кумандардың кітабы, қыпшақ тілінің сөздігі. Сөздік екі бөлімнен тұрады . Бірінші бөлімде үш бағана етіп жазылған латынша-парсыша-куманша сөздік беріледі. Ал екінші бөлім сан қилы аңыз-әңгімелер, ертегілерден тұрады. Мұнда христиан дінін уағыздауға айрықша көңіл бөлінді.

“Кодекс куманикустың ” түпнұсқа қолжазбасы қазір Италияның Венеция қаласындағы әулие Марк шіркеуінің кітапханасында сақтаулы тұр. Сөздікті зерттеген ғалымдар : Г.Ю. Клапров, Г. Кун, В. Радлов және К. Гренбектер болды. Кітапты тұңғыш рет қазақ тілі тұрғысынан егжей –тегжейлі зерттеген ғалым Ә. Құрышжанов болды.

“Кодекс куманикус” қыпшақ даласында XI-XIII ғасырларда жазылған, сол кездегі қыпшақ тілі мен әдебиетін зерттеу үшін аса құнды материалдар беретін жазба ескерткіш болып табылады.