Ахмед Иүгінеки (Ахмед Мұхмұдұлы Жүйнеки) – XII ғасырдың бас кезінде өмір сүрген аса көрнекті ақын, есімі кезінде бүкіл ұлан ғайыр Қарахан мемлекеті түркілеріне мәшһүр ғұлама ғалым болған. Ол туралы:
Ақындардың ақыны, даналардың көш басы,
Гауһардан сөз теретін, одан ешкім озбады- деген өлең жолдары сақталған. Ол өз шығармаларын сол кезде кең тараған түркі тілінде жазған.
Болашақ ақын Сыр бойындағы белгілі қалалардың бірі Жүйнекте (қазіргі Шымкент облысы, Түркістан ауданы ) туып өскені мәлім. Ахмед Иүгінекидің біздің заманымызға дейін сақталып, жеткен жалғыз шығармасы бар. Ол – “Ақиқат сыйы” немесе “Шындық сыйы” деп аталатын дастан. Бұл дастан орта ғасырдағы түркі тектес тайпалардың көбіне түсінікті болған Қараханид түркілерінің тілінде жазылған. Тек шығарманың аты ғана “Хибатул-хақайық” деп арабша қойылған.
Ахмед Иүгінекидің өмірі мен ақындық қызметі жайында мәлімет жоққа тән. Әйтсе де ақын дастанда өзі туралы кейбір деректер берген.
“Ақиқат сыйы” дастанының көне қолжазбасы табылғаны жөніндегі алғашқы мәліметті түрік ғалымы Нәжіп Асим 1906 жылы хабарлады. Қазір бізге бұл шығарманың бірнеше қолжазба нұсқасы мәлім. Солардың ішінде ең көнесі, әрі біршама толық сақталғаны Самарқан нұсқасы.
“Ақиқат сыйы” дастанын зерттеу ісіне В.В. Радлов, Т. Ковалевский, Ж. Дени сияқты шығыстанушы ғалымдар да белсене атсалысты. Өзбекғалымы
К. Махмудов бұл дастан жөнінде аса құнды монографиялық еңбегін жариялайды. Бұл-Ахмед Иүгінеки дастаны жөніндегі ең толық, әрі сәтті шыққан зерттеу деуге болады. “Ақиқат сыйының” прозалық және поэтикалық аудармасы қазақ тілінде де жарық көрді.
“Ақиқат сыйы”- дидактикалық сарында жазылған шығарма. Дастан сюжетке құрылған емес. Шығарманың әрбір тарауында белгілі бір мәселе жөнінде әңгіме болады, автор оқушысына тиісінше ақыл-кеңес беріп отырады. Бұл дастан өзінің көтерген тақырыбы мен идеялық мазмұны жағынан ақын өмір сүрген феодалдық қоғамдағы моральдық ұғымдар мен мінез-құлық нормаларының жиынтығы болып келеді.
Адам қалай өмір сүру керек ? Ақын осы сауалға өзінше жауап іздеп, дидактикалық сарында оқушысына өсиет-уағыз айтады. Мәселен, шығарманың авторы оқушысына : адам адал өмір сүруі тиіс, сараң болмауы керек, жомарт жанды, білімді кісіні қадірлеу қажет, жақсыдан-шарапат, жаманнан кесапат деген сияқты ғибрат айтады.
“Ақиқат сыйы” дастаны өз заманының көкейтесті мәселелерін жырға арқау еткен, көркемдік дәрежесі биік, дидактикалық сарында жазылған, бүгінгі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ әдеби мұра болып табылады.