Қорқыт ата кітабы

Қорқыт тарихта болған адам. Ерте заманның білімпаз-ғұламаларының жазуына қарағанда, Қорқыт Сырдың аяғында Жанкент қаласында, Баят елінде дүниеге келген. Бұл жерден ақындар, жыраулар, даналар көп шықса керек. Солардың ішінде ең әйгілісі Әбунасыр Әл-Фараби де, онан кейінгі алыбы осы Қорқыт. Ол – оғыз елінің ұлы басшысы, кемеңгер ойшылы, асқан күйшісі. Бірақ оның өз өмір жайында жазылған деректер тым тапшы.

Қорқыт — VIII ғасырда Сыр бойында өмір сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Оның теңдесі жоқ күйші – композитор болғандығын халық жадында сақталған “Қорқыт ата күйі”, “Қорқыт сарыны” т.б. музыкалық шығармалары дәлелдейді. Қазақ арасынан шыққан атақты күйші – бақсылар, ақын – жыраулар өздеріне Қорқыт атаны пір, ұстаз тұтқан.

Қорқыт ата туралы сан – қилы аңыз-әңгімелер қазақ арасында ерте кезден – ақ кеңінен тараған. Солардың бірі Қорқыттың өмірге келуіне байланысты аңыз. Анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Оны жылына бір рет толғақ қысып отырады екен Қорқыт туылар алдында күллі әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басып тұрыпты. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел – жұртты қатты қорқыныш сезімі билейді. Сыр бойы мен Қаратау өңірінің аспаны да қараңғы тартып қарауытып кетіпті. Сондықтан бұл маңай “Қараспан” аталыпты. Ашық күн тастай қараңғы түнге айналған қорқынышты күні туылғаны үшін баланың атын Қорқыт деп қойған екен.

Тағы бір аңызда Қорқыт өзінің жүйрік жел маясына мініп, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, өлімге қарсы күресуші ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында “өлмейтін нәрсе жоқ екен” деген пікірге келеді. Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Қорқыт атаның басына тәу ету, бас ию сонау оғыз – қыпшақ заманынан басталады. Қорқыттың мазарын халық сан ғасырлар бойы қадірлеп, ардақтап келеді.

Қорқыт атадан қалды дейтін, шешендік нақыл, ойшыл өсиет сөздер өмірден түйген көп кәрі дананың алып бейнесін бүгінгі оқушы қауымға анық елестетеді: “Ат тұяқты келеді, ақын тілді келеді”, “Ажал келмей кісі өлмес, өлген адам тірілмес”, “Анасыз қыз ақылға жарымас, әкесіз ұл сыйға жарымас”, “Қорқаққа қылыш жұмсаудың қажеті жоқ”, “Шаба білмеген атты қинайды”.

“Адам кірмес қара үйдің құлағаны мақұл. Жылқы жемес арам шөп, өспегені мақұл. Адам ішпес ащы су, ақпағаны мақұл. Даңқ әпермес баланың әкесінің белінен шықпағаны мақұл”.

Қорқыттың толғаулары мейлінше дәл, осылай, өлең-жыр, даналық сөз болып ел жадында сақталған. Осы қасиетімен Қорқыт қазақтағы жыраулардың жырауы, жыраулардың атасы болған Сыпыра жырауға көбірек ұқсайды. Аңыз-әңгімелер, әфсаналар, зерттеушілер Қорқытты 295 жыл жасаған деседі.

“Қорқыт ата кітабының” біздің дәуірімізге дейін екі қолжазба нұсқасы сақталып келген :

  1. Германиядаға Дрезден кітапханасында сақталған қолжазба.
  2. Ватикандағы Аростолика кітапханасында сақталған қолжазба.

1815 жылы неміс ғалымы Г. Ф. Диц бұл шығарманы неміс тіліне аударып, баспасөзде жариялады. В. В. Бартолд бұл кітапты зерттеу, аудару ісімен біраз жыл айналысып, 1922 жылы орыс тіліне аударды. В. М. Жирмунский, А. Н. Кононов, А. Н. Самойлович т. б. ғалымдар да ескерткішті зерттеуге мол үлес қосты. Көрнекті түрколог Х. Г. Көроғлы ескерткішті әдеби, тарихи және тілдік тұрғыдан комплексті түрде зерттеген.

Қазақстан ғалымдарынан “Қорқыт ата кітабын” зерттеу, аудару, насихаттау ісіне академик Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, Б. Ысқақов белсене атсалысып келеді.

“Қорқыт ата кітабы” он екі жырдан тұрады. Дастанда туған жерін, елін, өз Отанын сыртқы жаудан қорғау үшін ажалға бас тігіп, қан майданға шыққан алыптардың ерлігі зор шабытпен жырланады. Шығарма қаһармандары қорқақтық пен опасыздыққа, әділетсіздік пен зұлымдыққа қарсы күреседі.

“Қорқыт ата кітабында” өзінің философиялық, тәрбиелік мән – мағынасын жоймайтын, қайта уақыт өткен сайын құлпыра түсетін өсиет, нақыл сөздер мол кездеседі.