Орта Азия мен қазіргі Қазақстанның кең байтақ даласын алғашқы қауымдық құрылыс кезінде – ақ аңшылық, егіншілік және мал шаруашылығымен айналысатын түрлі тайпалар мекен етті.
Біздің заманымыздан бұрынғы 1мың жылдықтың бас кезінде қазіргі Қазақстан жерінің оңтүстік, шығыс аймақтарын тарихта сақтар деген атпен белгілі тайпалар мекен етті. Оған дәлел соңғы жылдары Есік маңынан (Алматы облысы) табылған сақ көсемінің киімі, “Алтын обадан” (Шымкент облысы) шыққан әшекей – сәндік бұйымдар. Таңбалы тас (Қаратау) пен Саймалташ (Қырғызстан) жартастарына ойылып салынған суреттер.
Сақтардан кейін жасаған ежелгі алғашқы тайпалық бірлестіктер – үйсіндер мен қаңлылар. Олар Шу, Талас өзендері мен Қаратау өңірі және Сырдарияның орта саласын мекен етті.
Қазіргі Қазақстан территориясында еуропалықтарға “ғұндар” деген атпен мәлім көшпелі тайпалар бірлестігінің ықпалы да күшті болды.
Орта Азия мен Қазақстан территориясында бірте – бірте тайпалық одақтар бірігіп, феодалдық мемлекеттер пайда болды. Осындай ежелгі феодалдық мемлекеттің бірі – Түрік қағандығы (552 – 745 жылдар).
“Түрік” деген терминнің этнонимі алғашқы кезде белгілі бір адамның ата – тегі шонжар тұқымынан шыққанын білдірсе, кейін бұл сөздің семантикасы ұлғайып, билік жүргізуші, үстемдік етуші тайпаның символына айналған.
Түріктер Алтай мен Жетісудың бір бөлігін мекен етті. Алғашқы көсемдердің бірі Бумын қаған болды. Қағандықтың ордасы Орхон өзенінің (Монғолия) жоғарғы сағасында еді.
Түрік қағанды іштей жауласып екі қағандыққа бөлініп кетеді : бірі – Шығыс түрік қағандығы (Орталық Азия), екіншісі – Батыс түрік қағандығы (Орта Азия, Жетісу, Шығыс Түркістан).
Батыс түрік қағанатының негізін қалаған Істемі қаған болды.
Батыс түрік қағанатынан кейін Жетісу өңірінде, Түркеш қағанаты (704 – 766 ж), кейін Қарлұқ қағанаты (766 – 940 ж) өмірге келді.
Батыс Қазақстан жерінде түркі халақтарының арғы аталарының бірі – оғыз тайпалары бірлестігі – Оғыз мемлекеті (IX – XI ғ) ғұмыр кешті. Астанасы Сыр бойындағы Янгикент қаласы еді.
Түрік мұсылмандарының алғашқы феодалдық мемлекеті – Қарахан мемлекеті 940 – 1212 жылдар арасында билік жүргізді. Астанасы – Баласағұн қаласы еді.
Батыс түрік қағанаты ыдырай бастаған кезде олардан қалмақтар мен қыпшақтардың арғы аталарының бірі саналатын қыпшақтар бөлініп шықты. Оларды Еуропада – кумандар, ал Россияда – половецтер деп атаған.
Қазақстан территориясын VI – XI ғасырларда мекен еткен ежелгі түрік тайпаларының өзіндік материалдық және рухани мәдениеті болғандығын археологиялық зерттеулер анықтап отыр.
Мәселен, “Ұлы Жібек жолының” бойындағы Суяб, Тараз қалалары, сондай – ақ ірі мәдени орталықтың бірі – Отырар қаласы және Испиджап, Сығанақ, Қойлық, Құмкент, Баба – Ата, Созақ т.б. қалалар. Отырар қаласын ерте дәуірде Тарбан, кейін арабтар Фараб деп атаған.
Қалалардың өсуімен қатар сәулетшілік, қолөнер, архитектура өнері жақсы дамыған. Оған Тараз маңындағы Бабаша – хатун (X ғасыр) және XI – XII ғасырларда салынған Айша – бибі мавзолейлері дәлел.
Қазақстанның қалаларын мекен еткен тайпалардың тілі мен жазуына келсек : сақтардың солтүстік тобы – Түркі тілдес, ал оңтүстік тобы иран тілдес болған. Үйсіндер мен қаңлылар да түркі тілінде сөйлеген.
Батыс түрік қағанатында түрлі диалектідегі көне түрік тілдерімен қатар соғды тілі мен жазуы да болған. Түріктер алфавит үлгісін осы соғдылардан үйренсе керек деген де пікір бар.
Түрік қағанатының көне түрік таңбаларына, яғни ру символдарына сәйкес өз жазуы болды. Бұл жазу геометриялық пішіндегі 38 таңбадан тұрады. Осы көне түрік жазуы тіл тарихында “Руна” жазуы деп аталып кетті. Скандинавия халықтарының тілінде “рунь” деген сөз – “құпия”, “сыры ашылмаған” деген ұғымды білдіреді. Өйткені XVIII ғасырлардың 20 — жылдарында Орхон – Енисей аңғарынан табылған көне түрік жазуын көпке дейін ешкім оқи алмады. Бұл жазудың сырын Дания ғалымы В. Томсен 1893 жылы ашты.
Шығыс Түркістан шаһарларында IX ғасырдан бастан көне ұйғыр жазуы пайда болды.
Көне түріктердің ай календары, жыл қайыру жүйесі болған.
Ежелгі түріктер негізінен қос күшке – Көкке және жерге сыйынған. Сонымен бірге түріктер табынатын үшінші күш – үйдегі отбасы, бала – шағаны қорғаушы әйел тәңірісі — Ұмай.