Қазақ әдебиеті, қазақ халқының көркем сөз өрнегі бүгінгі биігіне оп – оңай жете қойған жоқ, ол сан ғасырлық жолдардан, асулардан, зар замандардан өтті.
Демек басқа да бауырлас халықтардың әдебиеті сияқты қазақтың жазба әдебиетінің өмірге келу, қалыптасу, есею және кемелдену кезеңдері, яғни өзіндік даму тарихы бар.
Қай халықтың болмасын әдебиет тарихы, ең алдымен, сол халықтың қоғамдық — әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты болып келеді. Қазақ әдебиетінің тарихы да қазақ халқының қоғамдық, әлеуметтік және саяси өмірінің бейнелі көрінісі, сүрлеуі, ізі болып табылады. Сондықтан да біз қазақ әдебиетінің түп – төркінін, ежелгі дәуірін ғылыми негізде танып – білу үшін алдымен халқымыздың арғы – бергі тарихынан толық хабардар болу керек дейміз.
Қазақ тарихының ежелгі дәуірден қалыптасып, өсіп, дамып келе жатқан өзіндік материалдық және рухани мәдениеті бар.
Қазақ халқы да бүкіл дүние жүзілік ғылым мен өнердің, әдебиеттің дамуына өзіндік үлес қосты, есімі әлемге мәшһүр ғалымдар мен ақын – жазушыларды, өнер қайраткерлерін тарих сахнасына шығарды.
Қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан, сан қырлы әрі бай рухани мәдениетінің маңызды бір саласы – қазақ әдебиеті болып табылады.
Әдебиет тарихы — әдебиеттану ғылымының құрамдас, негізгі бір бөлімі.
Әдебиет тарихы пәні көркем әдебиеттің даму процесін қоғамдық өмірдің нақты жағдайымен байланысты түрде алып зерттейді.
Әдебиет тарихы пәнінің міндеті әрбір халықтың дамуындағы идеялық бағыт – бағдарларды, әдеби ағымдарды және олардың көркемдік ерекшеліктерін сол халықтың қоғамдық – экономикалық құрылысымен байланысты түрде танып – білу. Қазақ әдебиеті тарихы әдебиеттану ғылымының құрамдас бөлімі ретінде көркем сөз өнерінің тарихын халқымыздың төл тарихынан бөліп – жармай, тұтас күйінде зерттейді. Сол арқылы ол әдеби шығарманың туылуын, әдеби өмірдің кемелденуін сан алуан әдеби бағыттар мен көріктеу құралдарының даму кезеңдерін, әдеби процеске ықпал еткен қаламгерлердің творчествосын танып біледі.
Қазақ әдебиеті тарихы – қазақ халқының қадым замандардан бастап, бүгінгі күнге дейін жасаған көркем әдебиет туындыларын қамтиды.
Қазақтар халық ретінде тек XV ғасырларда қалыптасқанмен, қазақ әдебиетінің сан ғасырлық тарихы өте ерте, қадым замандардан, ежелгі дәстүрлерден басталатыны даусыз. Қазақ халқының құрамына негіз болған этникалық процестердің түп тамыры ежелгі заманнан, алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап таптық қатынастар туа бастаған заманнан басталатыны тарихтан жақсы мәлім.
Бертін келе қазақ халқының құрылуына негіз болған ру – тайпалар көне замандардан – ақ қазіргі Қазақстанды, Орта Азияны, оңтүстік – шығыс Сібірді, Орталық Азияны, Еділ бойы мен Каспий жағалауларын мекен етті. Қазақ халқын құраған осы ру – тайпалар кезінде өзбек, қырғыз, азербайжан, түрікмен, ұйғыр, қарақалпақ, хақас, башқұрт, татар халықтарының құрамына енген ру – тайпалармен аралас, көршілес өмір сүргені белгілі.
Түркі тектес халықтардың ежелгі мәдени, әдеби және тілдік мұраларын ұзақ жылдар бойы зерттеген Е. Э. Бартельс, А. Н. Самойлович, С. Е. Малов, И. В. Стеблева, Ә. Н. Нәжіп сияқты кеңес ғалымдары қазіргі түркі тектес халықтардың ру – ұлыстық дәуірінде бәріне ортақ жазу – сызуы, әліппесі, мәдениеті, тілі, әдебиеті болған деп санайды.
Қазақ әдебиеті тарихын кезеңдерге бөліп, дәуірлеу үшін, бір жағынан, қоғамның жалпы даму заңдылықтарына, екінші жағынан әдебиет дамуының өзіне ғана тән белгі – сипаттарға негізделуі тиіс.
Демек, қазақ әдебиеті тарихын мынадай екі принципке сүйене отырып жүйелей аламыз :
- Адамзат қоғамының жалпы даму заңдылықтарын, соның ішінде қазақ халқының қалыптасып, тарихи кезеңдеріне ықпал еткен әлеуметтік экономикалық факторларды жете білу.
- Көркем әдебиеттің қоғамдық – эстетикалық мәні мен қызметінің өсу, жетіле түсу сатыларын, сан қилы әдеби ағымдардың пайда болу жолдарын, әдеби жанрлар мен әдеби тәсілдердің даму кезеңдерін танып – білу қажет.
Белгілі ғалым Б. Кенжебаев бастаған ғалымдар тобы қазақ әдебиеті тарихын төмендегідей кезеңдерге бөліп, жүйелеп қарастырады :
- Ежелгі әдебиет, бұл дәуір VI – XV ғасырлар арасын қамтиды. Бұл кейінірек қазақ халқының құрамына енген қазақ ру – тайпаларының ежелгі ру, ұлыс дәуірлеріндегі әдебиет. Ерте кездегі түрік ру – тайпаларымен бірге жасалған ортақ әдебиет.
- Қазақ хандығы дәуіріндегі (XV – XVIII ғасырлар арасы) әдебиет. Қазақтың өзіндік төл әдебиеті.
- Қазақтың XIX ғасырдағы жаңа, сыншыл, реалистік әдебиеті.
- Қазақтың XX ғасыр басындағы (1900 – 1920 жылдардағы) әдебиеті.
- Қазіргі дәуір әдебиеті.
Ежелгі дәуір әдебиетінің өзін (VI-XVI ғасырлар) төмендегідей кезеңдерге бөліп қарастырамыз.
- VI – IX ғасырлардағы көне түркі әдебиет ескерткіштері. Бұған Орхон жазба ескерткіштері, атап айтқанда, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк туралы құлыптастарға қашап жазылған жырлар, сондай – ақ “Оғыз — наме” дастаны мен “Қорқыт ата кітабы”, Әбу Насыр әл – Фарабидің әдебиет саласындағы еңбектері енеді.
- X – XII ғасырлардағы әдебиет. Бұлар, негізінен, Қараханид түріктерінің тілінде жазылған әдеби ескерткіштер деуге болады. Бұл кезеңге Жүсіп Баласағұнидің “Құтадғу біліг” (“Құтты біліг”) деген дидактикалық дастаны, Махмұд Қашқаридің “Диуани лұғат ат — түрік” (“Түркі тілдерінің сөздігі”), Қожа Ахмет Яссауидің “Диуани хикмат” (“Даналық кітабы”) атты өлеңдер жинағы, Ахмет Иүгінекидің“Хибатул — хақайық” (“Ақиқат сыйы”) деген дидактикалық сарындағы жыр жинағы, Сүлеймен Бақырғанидің “Хакім ата”,“Жұбан ана”,“Әулие Мария” атты өлең жинақтары т. б. X – XII ғасырларда өмірге келген әдебиет нұсқалары енеді.
- XIII – XIV ғасырлардағы әдебиет. Бұл кезең әдебиет тарихында Алтын Орда – Хорезм дәуірі деп те аталады. Аталған дәуірдегі туындылар жалпы түркі әдеби тілінің (шағатай) қыпшақ диалектісі негізінде жазылған. Олар : “Кодекс Куманикус” (“Қыпшақ тілінің сөздігі”), Хорезмидің “Мұхаббат — наме” дастаны, Насыредин Рабғузидың “Қисса – сул Әнбия” немесе “Қиссауи Рабғузи” жинағы, Дүрбектің “Жүсіп — Зылиқа”, Сайф Сарайдың “Гүлістан бит — түрік”, Құтбтың “Хұсрау — Шырын” дастандары. Сондай – ақ Алтын Орда дәуірінде жазылған тарихи мұралар, шежіре – кітаптар да баршылық. Қазақтың тұңғыш тарихшысы Хайдар Дулатидің “Тарихи Рашиди”, Қадырғали Жалайридің“Жамиғ ат — тауарих”, Захириддин Бабырдың“Бабыр — наме” атты шығармалары аталмыш дәуірдегі әдебиеттің көрнекті үлгілері болып табылады.