Биыл Қазақстан халқы үшiн аса маңызды мерейлi мерекелер жылы. Ең бастысы – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Бұл — тарихымызды түгендеудiң бастамасы. Iшкi саясаттағы маңыздысы — Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Бұл болашағымыз үшiн қажет. Ал, Қазақстан Республикасының Конституциясы күнi бүгiнiмiз бен келешегiмiздiң кемелдiгiнiң көрiнiсi. Рас, бұл мереке жыл сайын мемлекеттiк деңгейде аталып өтiлетiнi белгiлi. Десек те, биылғы мейрам ерекшелеу болғалы тұр. Өйткенi, Ата Заңымыздың 20 жылдығы мемлекет пен халық тарапынан айрықша тойланады. Себебi, құқықтық саясатымызда Тәуелсiздiгiмiз бен Конституциямыз тайға таңба басқандай ажырамас егiз ұғымға айналған. Бiрiнсiз бiрi толыққанды мазмұнға ие бола алмасы анық.
Дегенмен, ата-бабаларымыз қолданған дала заңы ежелден-ақ құқықтық саясатымыздың негiзi болғанын ұмытпауға тиiстiмiз. Біздің Ата Заңымыз жарқын болашаққа апаратын айқын жолымыз, арқа сүйер асқар тауымыз, ардағымыз, айбарымыз. Осы әділ Заң аясында көп ұлтты Қазақстан халқы бір анадан туып, бір ананы емгендей тату-тәтті бақытты өмір сүріп, еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, байлығын молайтып, қорғаныс қуатын арттырып келеді. «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жол», Әз-Тәукенің Жеті Жарғысы сияқты тарихи дала заңынан бастау алған Ата Заңымыз қабылданған 20 жыл ішінде өзінің әділдігін, өміршеңдігін көрсетті.
Конституция дегеніміз – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң. Конституция бүгін мемлекетімізді мекендейтін халықтардың тыныш әрі бейбіт өмір сүруінің кепілі болып отыр. Ата заң аясында алтын дала- Қазақстан әлем елдері алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, әр түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуы жөнінен үлгі болып отыр.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата заңы, айшықты құжаты.
Қазақстан халықтары Ассамблеясының мәжілісінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болашақ Ата заңның басымдылықтарын баяндап берді. Бұдан кейін бүкілхалықтық талдау жариялау үшін жарияланған жаңа Конституцияның жобасы бойынша республика азаматтарынан отыз мыңға жуық ұсыныстар келіп түсті.
Ұлттық болмысымызды бейнелеген заңдық қағидалар мен өркениеттік Заңдық ережелерді жастардың бойларына сіңіру және Ата заңымызды құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу. Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жетіп, Егемендігіміздің еңсесі нығайып, көпұлтты Қазақстанымыз көркейіп, ел экономикасы өсіп-өркендеп, халқымыздың әл- ауқаты артып, дамудың даңғыл жолын таңдадық. Қыруар қайратты, еңселі еңбекті қажет етер күрделі де, қиын өмір өткелдерінен өтіп, алуан асуларды, биік белестерді бағындырдық. Елбасымыздың салихалы саясатының арқасында әлем халқын мойындатқан Егемендігі еңселі, Тәуелсіздігі тұғырлы, саяси тұрақтылығы орныққан көпұлтты мемлекетке айналдық. 1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамыздағы Республикалық референдумда бір ауыздан мақұлдады. Біздің еліміз Ата Заң аясында тарих үшін аз жылдың ішінде әлеуметтік- экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан, саяси тұрақтылық берік қалыптасқан, іргесі мықты, айдынды ірі мемлекет ретінде дүниежүзіне танылды.
Мұның бәрі Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, алысты болжайтын кемеңгер Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың дана басшылығының, салиқалы саясаттың, оның басшылығымен бүкілхалықтың Референдумда қабылданған еліміздің Конститутциясының әділдігінің нәтижесі. Бұл орайда Ішкі істер органдарының қызметкерлеріде Ата Заң аясында, Елбасымыздың «Қазақстан-2030» стратегиясын, халыққа Жолдауын жүзеге асыра отырып, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуға, еліміздің байлығын молайтуға, қорғаныс қуатын арттыруға өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.
Конститутция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізгі ретінде ғана танылып қоймай, ол барлық заңдардың бастауы болып табылады. Конститутцияда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ билік тармақтарының қоғамдығы рөлі айқын тұжырымдалған. Конституция біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың құқықтық қайнар көзі ретінде танылады.
Жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының Ата Заңы біздің еліміздің дамуына жол ашып, жаңа тәуелсіз мемлекет буынының бекуіне себеп болды. Сан жылдар егемендікке қол жетпей, аңсатып келген азаттық Елбасының салиқалы да сарабдал саясатының арқасында бізге бұйырып отыр. 1995 жылғы жаңа қабылданған Конститутция Президент лауазымына үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік жүктеді. Ата Заңда атап көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Президенті — халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы, азаматтар және адамдар құқығы мен бостандықтарының нақты кепілі.
Қазақстан Республикасының Парламенті қабылданған өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Ата Заңымыз жаңа сипатқа ие болып, еліміздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Ішкі істер органдары үшін маңызды конститутциялық принцип азаматтар құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол бермеу болып табылады. Негізгі құқықтар мен бостандықтар шектелмейді. Адамның бостандығы олардың жасаған әрекеттері тек заңға қайшы келгенде ғана, Қазақстан заңнамасына сәйкес, сот арқылы шектеу қойылмақ. Өйткені, біздің ең бірінші міндетіміз адам өмірін сақтау және оның құқығы мен бостандығына нұқсан келтіруге жол бермеу. Қазақстан Республикасының азаматы болсын немесе басқа елден келген қонақ болсын мейлі, біз адамға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін әрқашан қызмет атқарамыз.
Сонымен, Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің басты саяси құқықтық құжаты. Заңға бағыну – тәртіп, ал тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты адамға тән қасиеттер бар. Сол қасиеттер қоғам дамуына негіз болады. Өз Отанын танып, сүюі, оның заңдарына бағынуы – бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы.
Лаура Садыбекова