М. Әуезов о баста-ақ Абай шығармаларының түп нұсқасы ретінде ұстанып келе жатқан қолжазба көшірме деректерге айрықша мән бере қараған. Абай қолымен жазылған түпнұсқа қалмағандықтан, оның орнын толықтырар сенімді тірек-негіз ретінде бірден бір жазба дерек осы көшірме қолжазбаларда жататын. Осы себепті текстологиялық салыстырулар, талдаулар жүргізіп барып, ақын шығармаларының бастапқы қалпына келтірудегі ұстанар бірден бір хатқа түскен негіздер о баста Абай ауылында пайда болған әр қилы көшірме қолжазбаларға кеп тірелетін-ді. Бұл іспеттес деректер көзіне кіші молда (Ғабитхан), Көкбай, Мүрсейіт, Кәкітай, Ақылбай,Мағауия, Шәкәрім, Тұрағұл т.б. арқылы көшірілген ақын шығармалары әр түрлі жолдармен ел арасына таралып жатты. Бұл қолжазбалар сапасы жағынан әрқилы сипат танытатын. Себебі, Көкбай, Шәкәрім, Кәкітай Абаймен тетелес боп, ақындық өнері шарықтаған шақта өмірі мен творчестоволық туындыларына тікелей куәгер болып өссе, соңғылары Абай басып өткен өмір жолы мен творчестволық актылар бастамасын естелік-әңгімелер арқылы жанама түрде біліп өскенін де ескермек керек.
Абай шығармаларының әр түрлі таралу жолына М. Әуезов ерекше ден қоя қараған. Ақын мұрасын таратудың бір жолы – қолжазба көшірмелерде жататын-ды.Ақын шығармаларына құмартушылар оны арнаулы кісілерге көшіртіп алып сақтайтын. Немесе өзі үшін көшіріп алушылар, не арнайы түрде көшіріп берушілер тобы да ақынның көзі тірісінде көптеп кездесетін-ді.
Абай өлеңінің шын мәнінде бізге дейін жетіп келген қолжазба көшірмелері де болды. Мұның ішінде ерекше керектісі – Мүрсейіт көшірген қолжазбалар. Мүрсейіт Абай шығармаларын 1896 жылдан бастап көшіре бастаған. Өзі құрастырып, асыл түпнұсқа ретінде көшіріп жинақтағандарын ел арасына қолқа салып, ақы төлеп алатындарға қайта көшіріп беріп қызмет етсе де, келешектегі қазақ әдебиеті үшін теңдесі жоқ тарихи қызмет атқарып жатты. Абай айналасындағылар ақын шығармаларын көшіруді дәстүрге айналдырса, артынан осы дәстүрді Ғабитхан, Мұхаммедкәрім, Махмұт, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Дайрабай сияқты бір топ сауатты жастар жалғастырып әкетті. 1974 жылы Шыңғыстаудан табылған Абай өлеңдерінің қолжазбасы да ( көлемі 44 бет) жоғарыда атап өткен дәстүрдің бір көрінісі десе болғандай.
Абай мұрасының көптеген қолжазба көшірмелерімен сол ортада туып өскен М. Әуезов ерте танысты. Есейе келе аталмыш жазба деректерге сынмен, ғылым талғамымен қарап, онда кеткен текстологиялық ауытқуларды тамыршыдай танып өскеніне екі түрлі жағдай әсер етіп, көмектескендей: мұның бірі – М. Әуезов балауса бала кезінде Абай шығармаларын жатқа білу болса, екіншісі, Абаймен жолдас, туыс болып, қатар өмір сүрген білікті, ақындық өнермен танылған бір топ талантты кісілермен әңгіме-дүкен құрып, солар айтқан Абай өлеңдерімен ерте қанығуында жатқан сияқты.
Қазіргі күнде қолда бар 1905, 1907, 1910 жылдары көшірілген Мүрсейіт қолжазаларын бір-бірімен салыстыра қарағанда елеулі текстологиялық өзгерістер ұшырасады.
Абай мұрасын бастапқы асыл түпнұсқа қалпына келтіру жолындағы басты деректер көзінің екінші арнасы — Абай өлеңдерінің 1909 жылғы Петербургте басылған тұңғыш жинағы мен мерзімді баспасөзде қазақ, орыс тілінде жарияланған басылымдарымен шектеледі. Тұңғыш жинақ Абай шығармаларын түпнұсқа қалпын жақсы білетін Кәкітай мен Тұрағұл тарапынан даярланып, алғаш рет өлеңдердің жазылған мерзімдері қойылуымен де ерекшеленеді. Осы себепті бұл жинақ Абай шығармаларын бастапқы асыл түпнұсқа қалпына келтіру жолында жүргізіліп келе жатқан текстологиялық жұмыстардың сүйенер тірек негізі ретіндегі басты қайнар көзге айналып отыр. 1916 жылы Орынборда Самат Әбішұлы бастырған “Абай термесінде” тұңғыш рет 1-қарасөзі мен 7 өлеңі басылды. Бұл басылымға да М. Әуезов назар аударып, абайтанудан оқыған лекцияларында сөз етіп отырған.
Абай мұрасын оның ұмтылған шығармаларымен, кейбір өлең жолдарымен толықтыру кезінде ауызша тараған өлеңдері де ілгері дерек көзі боп табылмақ. Бұл М. Әуезов жүргізген текстологиялық жұмыстардың нәтижесінен көрінеді.
Дәстүрге енген салт бойынша ақын мұрасын ауызша тарату жолында Абай маңында топталған көкірек көзі ашық өнерпаз ақын, жыршы, әнші, шежіреші Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Әріп, Бейсембай, Әлмағамбеттер әрекет етті. Осымен қабат алыстан ат арылтып кеп, қона жатып, Абай өлеңдері мен әндерін үйреніп, өнеге үлгісін елге жаюшы Біржан, Әсет, Жаяу Мұса, Ғазиз, Естай, Мұқа, Мауқай, Шашубай, Ажар, Зейнеп, Сара, Қуандықтар сияқты көптеген өнерпаздар арқылы да ақын өлеңдері ауызша таралып жатты.
Советтік дәуірде ең алғаш М. Әуезов шығармаларын жинастырып, тұңғыш толық жинағын құрастыру жолында асыл түпнұсқаны толықтырып, ұмыт болған шығармаларын қайта тірілтуде бірден-бірге жатқа біліп, ауызша тарату дәстүрі өз жемісін көптеп берді.
Абай әрі ақын, әрі композитор. Әсіресе, Абай өлеңдерінен — арнайы ән шығарғандары қазақ даласына айрықша мол әрі тез таралған. Абай өлеңінің әнмен таралуында, әсіресе, Абай маңында болған Мұқа, Әлмағамбет, Мұқаметжан, Әйгерім сияқты атақты әншілердің орны ерекше болғаны зерттеу негізінде табылған деректер бойынша беріледі, ол әндердің, тіпті, халықтық репертуарға айналып кеткені аяулы да ару қыз-келіншектер мен жас жігіттер арқылы ойын-той, әр түрлі жиындарды суреттеу үстінде көрсетіледі. Абай өлеңдерінің таралу тарихы мен жолдары өмірде болған шындық негізінде ғылыми зерттеу жұмыстары мен көп томды эпопея желісінде бір негізде беріліп отыратынын көреміз.
Абай шығармаларын түпнұсқа қалпына келтіріп, толықтыру жолында осылардың арасында Абайдың көп жыл үзеңгі жолдасы болған Көкбай сіңірген еңбекке М. Әуезов айрықша мән берген.
Абай өлеңдері революцияға дейінгі дәстүрде ауызша түрінде мол таралып отырумен қатар, сол ауызша таралған өлеңдердің кейбірі баспасөз бетіне де түсе бастады. “Қан сонарда бүркітші шығады аңға”, “Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ”, “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат”, “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы”, “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман”, “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” т.б. өлеңдері Қазан, Уфа баспаларында жарияланған кітап беттерінде жарық көріп жатты. Бірақ олар асыл түпнұсқа ретінде салынған Абай қолжазбаларынан алынбады.
1945 жылғыюбилейі қарсаңында басылуға тиісті толық жинаққа осы іспеттес екі өлең ұсынады. Зейнелғабиден ибн Әміре әл Жәуһари әл-Омскаудің 1909 жылы Уфада жарияланған “Насихат-Қазақия” кітабында басылған бір топ Абай өлеңдері ішінен “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”, “Ал енді жақсы дейміз кімді қалап” деген атпен басылған екі өлеңі М.Әуезов өз қолымен көшіріп ендірген. 1903 жылы Қазанда басылған “Байлар жүр жиған малын қорғалатып” өлеңі бөгде кісі атынан айтылады әрі тексі жағынан да көп өзгеріске түскен.
Зейнелғабиден өз замандастары арасында Абай мұрасын, әсіресе, ақын тілі мен көркемдік қуатын аса жоғары бағалайды.Абай шығармаларын қазақ поэзиясының гауһары деп танып, татар оқытушыларына қазақ әдебиетінің классикалық үлгі — өнегесі ретінде танытады.
Абай өлеңдері ауызша айтылуынан баспасөзге түсуімен қатар, кейде ауызша жаңа вариантпен жырланып, хатқа түскен түрі де кездеседі.
М. Әуезов, тіпті, өмірінің соңғы жылдарына дейін ауызша таралған Абай өлеңдері тағдырына, ондағы текстологиялық сырына үңіле түсіп, оларды үнемі жинастырып отырған.
М. Әуезов 1933 жылы: “Абайдың әдетінде бір жазған өлеңін қайта түзеп жазып, қайтадан қарастыру машығы жоқ. Жалғыз ғана “Сегіз аяқ” деген өлеңінің басын қайта бір түрлі ғылып айтып еді деген сөз бар”, — деп ескертеді. Абай өз шығармасын бір жазған соң өзгертпейтініне ақын замандастары куәгер.
М. Әуезов жоғарыда аталған әр түрлі жағдайда туған ерекшелігі бар деректер көзін пайдалану, оны зерттей отырып пайдалысын, асылдарын екшеп алудан тартынбаған. Абай мұрасын канондық бір ізге түсіру жолында аталып өткен деректер көзін тұтас қамтып, дер кезінде іздену нәтижесінде Абай шығармаларына көптеген өлең жолдарын, тұтас күйінде табылған сом алтындай жаңа өлеңдер тобын қосып, ата мұрамызды өлшеусіз байытты.
3.Абай шығармалары қазақ тілінде 1909 жылдан бастап таңдамалы, толық жинақ түрінде үздіксіз жарияланып келеді. 1909 жылы Петербургте, 1916 жылы Орынборда жарияланған тұңғыш жинақты еске алмасақ, соңғы басылымдардың бәрі де советтік дәуірде жарық көрді.
1924 жылдан бастап-ақ даярланса да, тек 1933 жылы шыққан Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағы кейінгі дәуірде дүркін-дүркін жарияланып келе жатқан әр түрлі көлемдегі таңдамалар мен толық жинақтардың бәрі де М. Әуезов даярлауымен, редакциялауымен немесе редколлегия мүшесі ретінде кеңес беріп, жол басшылық етумен шығып келеді.
1922 жылы Ташкенттегі В.И. Ленин атындағы Орта Азия университетінде еркін тыңдаушы ретінде оқып жүрген кезінде-ақ кейбір оқу орындарында қазақ әдеиетінен дәріс беріп, Абай мұрасы жайлы терең танымын, ақын мұрасын ұзтаздық, ғылыми творчестволық жолмен насихаттап жүргені байқалады.
Ұлы ақын мұрасын жинау, жариялау, ғылыми зертеулер жүргізу ісі М.Әуезовтің абайтануда жүргізген ұлан ғайыр жұмыстарының рухани өзегіне айналған саласы десе болғандай.
Алғаш рет М. Әуезов С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде 1942 жылдан бастап қазақ әдебиетін оқыту тарихында абайтанудан арнайы курс пен семинар сабағын жүргізе бастады.
М. Әуезов әуелі 1909 жылы Петербургте басылған тұңғыш Абай жинағына енбей қалған Мүрсейіт қолжазбаларындағы ақын шығармаларына назар аударды. Мүрсейіт қолжазбасында бар шығармалардан жинаққа енбей қалған 17 өлең (626 жол өлең), бір аударма поэма (“Вадим”), 45 қарасөз, 1 тарихи шығарма бар екенін анықтайды.
Ақын мұрасының үштен біріндей өз қалпына келтіру жолындағы М. Әуезовтің бұл тарихи еңбегі теңдесі жоқ мол табыс екендігін бүгінгі ұрпақ әрдайым ризалықпен еске алады.