Соғыс жылдарының шежіресіне назар аударсақ, фашизмнің қара түнегі ел басына төнгенде, Отанды қорғауға ерлермен бірге, әскери қызметке міндетті болмаса да мыңдаған қазақтың қыз-келіншектері де өз еріктерімен майданға аттанып, жауынгер атанған. Соңғы архивтік мәліметтерге сүйенсек, бір Қазақстанның өзінен 5183 қыз-келіншек аттанған екен. Ел басына күн туған қиын-қыстау күндерде олар азамат жүгін арқалап, уақыт сынынан, тарих талқысынан сүрінбей өтіп, батырлық пен табандылықты, Отанға шексіз берілгендіктің жарқын үлгілерін көрсетті.
…Штурман, гвардия лейтенанты, ержүрек Хиуаз Доспанова, ұшақтың механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкистер – Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмилә Талқанбаева, пулеметші Жәмилә Бейсенбаева сияқты батыр қыздарымыздың ерліктерін бір мақала түгіл, бір кітапқа да сыйғызу мүмкін емес.
Қазақ даласының қос сұңқары Әлия мен Мәншүкті бүгін кім мақтан етпейді. Бүкіл дүниежүзі жырына қосып, ерлігіне бас иді. Дүниенi дүр сiлкiндiрген сұрапыл соғыстың анықталмаған құпиялары әлi де жетерлiк. Оның iшiнде қазақ халқына қатысты ақиқаттың талай есiгi жабылып, жарияланбағаны тағы бар.
Жарық дүниеде бар болғаны 19 жыл ғана өмір сүрген Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы бүгінде не білеміз? Жалпы Әлияның өмірбаяны баршаға мәлім, ол жайында көркем фильм де түсірілген болатын. Бірақ, бүгінде соғыста Отан қорғауға аттанып, ерлікпен көз жұмған Әлияның қамшының сабындай ғұмыры туралы бір жүйеге түспеген деректер әлі де бар.
…Әлия Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген.
Әлия туған топырақ – талай батырлар түлеген киелі топырақ. Ол жер Қара Қыпшақ Қобыланды мен атақты Абат батырдың ізі қалған, берідегі Кеңес Одағының 9 бірдей батыры шыққан қасиетті мекен. Сол топыраққа тартып туған батыр қыз Әлияның есімі бүгінде талай жерді шарлап жүр.
Әлияның азан шақырып қойған аты – Ілия екен, орыстар Лия деп атаған. Әлияны анасы «Ақмоншағым» деп еркелетіпті. Әлия сегіз жасқа келгенде, анасы картоптың масағын жинап жүріп, күзетшінің оғынан оқыстан қайтыс болады. Бұл сонау әйгілі ашаршылық жылдары еді. Әлияның әкесі Нұрмұханбет байдың баласы болғаны үшін қуғынға түсіп жүрген. Әйелі қайтыс болғанда оның қолында ұлы Бағдат және қызы Әлия қалады. Екі кішкентай балаларға қарау қиынға түскен соң, әкесі Темір ауданындағы Шығырлы ауылында тұратын қарындасы Қанышаның қолына апарады. Көп ұзамай ұлы ауырып қайтыс болып, әкесі жалғыз қалған Әлияны әйелінің Ақтөбедегі бауыры Әбубәкір Молдағұловтың қолына әкеліп береді. Осылайша, Әлияның өмір жолы Молдағұловтар отбасында жалғасады.
Әлия нағашысының қарындасы, өзімен құрдас Сапурамен бірге өсіп, есейеді. Үй-іші Әлияның қисықтау, тіктеу мінезіне қарамай, өте жақсы көреді.
1933 жылы Молдағұловтар отбасы Шалқардан Жамбылға, ол кезде Әулиеата деген кішкентай станцияға көшіп барады. Үйлері теміржол вокзалының жанында болғандықтан, Әлия алғаш мектеп табалдырығын теміржол мектебінде аттайды.
Көп кешікпей нағашысы Әубәкір Әскери-көлік Академиясына оқуға түсіп, отбасымен Москваға көшеді, кейінірек соғыстың алдында Академиямен бірге Ленинградқа ауысады да, Әлияны өздерімен ала кетеді. Кейінірек нағашысы жұмыс бабымен Ташкентке ауысып, отбасы жағдайына байланысты нағашысы Әлияны балалар үйіне тапсырды. Осылайша Әлия Ленинградта қалып қойып №140-мектепте оқуын жалғастырады.
Жастайынан өте ұстамды, терең ойлы, таза, ұқыпты, алғыр болып өскен қыз сыныптың старостасы болады. Еңбекқорлық, шыншылдық, табандылық сияқты бойындағы тамаша қасиеттерінің арқасында Әлия «өте жақсы» деген бағалармен оқиды.
«Әлияның қолы шебер, ұқыпты, бөлмесі кірсе-шыққысыз жайнап тұратын. Төсек жапқышы, көпшігі, терезе перделерін өзі тоқыған шілтермен көмкеріп, айна алдында герань, олеандр, камелия өсіретін. Бір қызығы, осы аталған гүлдер өте нәзік әрі сұлу, сонымен қатар шөлге төзімді, суыққа шыдамды өсімдіктер. Осы гүлдер арқылы да мен Әлияның сұлулықты сүйетінін, мінезі де осы гүлдер сияқты екенін байқадым», – деп жазған екен балалар үйіндегі ұстазы өзінің естелігінде.
Үздік оқуы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері Артекке жіберілген. Бүгінде Артектегі батырлардың тақтасында атақты батырлар Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзенің қатарында Әлия Молдағұлованың да суреті де бар.
Сұрапыл соғыс басталғанда Әлия 6-класты бітірген болатын. Қала блокадада қалған. Балалар ересектермен бірге қаланың бомбалануына, жарықтың болмауына, аштыққа үйрене бастайды. Ленинградты немістер қамауға алып, оның тұрғындарын ашаршылыққа ұшыратады. Сабақтан кейін Әлия госпитальға барып, жарақаттанған жауынгерлерге көмектеседі. №46-балалар үйінің аға пионер жетекшісі Лидия Костинаның естелігінде Әлия шанамен суға барып, аштықтан көшеде есінен танып құлаған, сөйтсе ол өз нанының жартысын Қаты деген қызға береді екен.
1942 жылдың 1-ші қазанында Әлия Рыбинск авиатехникумының студенті болды, бірақ оқудың ұзақтығына шыдамай, 3 айдан кейін қала әскери комиссариатына өтініш беріп, Қызыл Әскерге кетуіне байланысты 1942 жылдың 21-ші желтоқсанында техникумнан өз еркімен шығып кетеді.
Сөйтіп атқыш-снайперлерді дайындайтын әйелдер мектебіне түседі. Бұл мектеп Бүкілодақтық Лениншіл Комммунистік Жастар Одағы (Комсомол) Орталық комитеті және КСРО Қорғаныс Халық Комиссариатының бастамасымен ашылған болатын. Әлия оқуға бар ынтасымен, зейінімен беріледі, көз өткірлігін, мергендігін, қолдың нақтылығын көп жаттықтырды. Бірақ оның майданға аттануына тағы бір кедергі пайда болады. Мектеп басшылары емтиханнан кейін Әлияны майданға жібермей, мектепте басқа жаңа курсанттарды үйрететін инструктор ретінде қалдыру туралы шешім қабылдайды. Оны естіген Әлия әскери устав пен тәртіпті ұмытып, «Бәрібір майданға кетемін!», – деп тұрып алады.
Майдан естелігінен…
…1942 жылдың желтоқсанында Мәскеу түбіндегі қыздарға арналған мергендер мектебін 6 ай оқып тауысқан 4 құрбы майданға аттанды. Әлия Молдағұлова, Надя Матвеева, Валя Яковлева, Зина Полякова Калинин облысы Холм қаласының түбіндегі қорғаныста тұрған 54-атқыштар бригадасының 4-батальонына түседі.
Қан майданға түскен қыздар үшін адам өлтіру оңай болмайды. Түні бойы қара суық пен сықырлаған аязда, денеңді төмен тартқан батпақтың ішінде алғашқы шепте жатып, тәулік бойы жаудың нүктесін аңдиды. Винтовканың үлкейткіш әйнегінен кезену оңай, ал адам ату – қиынның қиыны. Жас солдаттың ішкі арпалысы осы жерде көрінеді: алғаш рет жауды өлтіргенде жан-дүниесінің бір бөлшегі сынғандай күй кешеді. Алғашқы фашисті атқаннан соң қыздар бірнеше күн бойы тамақ ішпей, жұртпен сөйлеспей, ұйықтай алмайды. Қорқыныш сезімін бастан өткереді. Ал жауды көздей тұра атуға қолы бармаған қыздар қасындағылардан ұялады. Бұл, соғысқа енді ғана кірген әрбір жауынгердің басынан өткеретін жәйттары. Кейінірек қасыңдағы серігіңді жау қалай жайратып жатқанын көргенде, сезімге мүлдем орын қалмайды.
«Сезімге берілетін жер емес!», Әлия өзінің Сапураға жолдаған бір хатында осылай жазады. 17 жасында қан майданға кірген Әлияның алғырлығы, тез шешім қабылдау қабілеті, ойының жүйріктігі мен елгезектігі шайқастың шешуші сәттерінде оны өзгелерден даралап тұрады. Өзі де байқай бермеген бойындағы қазаққа тән батырлық рух құдіреті Әлияны жауға қарсы талай шайқасқа көтерді. «Рота! Тыңда менің командамды!», «Қазақтар, бауырлар, алға!». Осы бұйрықтың екпінділігі, күштілігі сол, оны тыңдамау мүмкін емес…
Зина Полякованың естелігінен: «…1943 жылдың қарашасында төртеуміз Холм түбінде барлау соғысына қатыстық. Бұл барлау соғыс тәсілі немістерден «тіл» алу мақсатында жүргізілетін. Біз батальон солдаттарымен бірге немістердің траншеясына басып кіріп, 5 немісті тұтқындадық. Қыздар (Лия, Надя, Валя) немістермен ұрыста өздерін нағыз солдат ретінде көрсете білді. Қолма-қол ұрысқа жасқанбай кірісті. Артынан жертөлемізде осы ұрыс барлауын еске ала отырып, әуелі күлдік, сосын бойымыздағы қорқыныш оянып, ағыл-тегіл жыладық…
Лия өте сүйкімді әрі көңілді қыз еді. Күлкісі келсе, риясыз, ашық даусымен барынша сыңғырлай күлетін…. Демалыс сәттерінде бір-бірімізге жастық шағымыз, туған жеріміз туралы әңгімелейтінбіз. Лия көбінесе Надя Матвеевамен бірге жүрді. Надя Лиядан екі жасқа ересек, оған қамқор болып жүретін. Насва стансасы үшін шайқас алдында (бұл Әлияның өміріндегі соңғы түн) біз 30 градустан жоғары аязда окопта жатып, соғыстан кейін қалай өмір сүретініміз, оқитынымыз жайында сөйлестік. Түні бойы әңгімелестік (шабуыл таңғы сағат 4-те басталатын). Біздер үшеу едік: Надя, Лия және мен. Санамызда кейін кездесе алмаймыз деген ой жоқ…».
Әлияның ақтық шайқасы
Ресейдің Псков облысы Новосокольники жері. Қазақтың қаршадай қызының қаһармандығы айқындалған соғыс алаңы сол жер болды. Дәл осы жерде 1944 жылы 14 қаңтарда Новосокольники ауданы Казачиха деревнясын азат етуде Әлия ғасырларға жалғасқан аңыз қалдырды. Бұл Әлияның соңғы соғысы еді.
…Ресми идеология Әлия қазасына қатысты деректерді тым саясиландырды. Окопта жау солдатымен кездесіп қалып, Әлия винтовкасын алғанша, фриц атып жіберді деді. Яғни Әлия окопта өлді.
Қаңтардың қақаған аязында Насва стансасы үшін қырғын шайқаста он тоғыз жастағы өрімдей қыз жаңбырша жауған оқтың астында сиреп қалған қаруластарын 6 рет шайқасқа өзі бастап шыққаны рас. Новосокольникилік зерттеуші Ю. Алексеев Әлияның қаруласы Г. Гальпериннің естелігіне сүйене отырып, былай деп жазады: «…Шабуыл 13 қаңтардың кешінде басталды. 20 минуттық артиллериялық шабуылдан соң атқыштар взводы ұмтылды. 1-батальон жете алмады да, 2,3,4-батальондар жау траншеясына енді. Немістің жертөлесінде рацияның құлағында А.Надточий бұйрық беріп жатты. Әлі есімде, рациядан басын бұрып, Надточий 4-атқыштар батальонының атқыштар ротасында барлық офицерлер қатардан шығып, ротаны біздің Әлия басқарып жатыр деді. Ертеңіне таң атқасын взвод командирім А. Сапига: «Лия қаза тапты, бірақ денесін шығарып алу мүмкін емес», – деді. Себебі ол жер әлі атқыланып жатты.
Әлияның өлімі туралы түрліше айтылып жүр. Батальон командирі Моисеев соғыстан кейін Поляковтарға жазған хатында Әлияның жау окобында емес, жау снаряды түсіп өртенген сарайда қалғаны туралы айта келе: «Жау шебіне жетпей орта жолда ашық жерде жатып қалған ротаны Әлия шабуылға өзі бастады. Ол қазақша-орысша: «Алға, бауырлар! Отан үшін!», – деп ұрандатты. Ротада қазақ жауынгерлері көп еді», – деп жазады.
…«Казачиха деревнясын алғанға дейін рота жарты құрамынан айрылды. Бұл маңның қорғанысы мықты еді. Үздіксіз шайқастардан біздің солдаттар әбден қалжырайды. Бірнеше күннен бері ұйқысыз, тамақсыз…. Оның үстіне, сықырлаған аяз тұрды, ұйтқыған желдің қарқыны күшті. Соған қарамастан Казачиха қолға өтті. Бір кезде немістер деревняны танкімен қоршай бастады, жаяу әскері соңында. Лия бір үйдің ішінен оқ атып жатты. Ату нүктесін басқа жаққа ауыстыру үшін жүгіріп жүргенде оқ тиді. Жаяу әскерлер түгелдей қаза тапқасын, шайқасқа Поляковтың барлау взводы кірісті. Барлаушылар Лияның құлап қалғанын көрген бойы жауып тұрған оқтың астымен көмекке ұмтылды. Лия ішінен жараланған еді. П.Поляков, Н.Неруш, Гончаров, тағы да біреу бар, Әлияны алып шықты да, қамыс жапқан әлде сарай, әлде шөп қора ма, соған апарып жатқызды. Ол жерде басқа да жаралы 8 адам жатты. Лияны шөпке жатқызып, қайтадан ұрысқа кірісті. Іле-шала Лия жатқан сарайдың төбесіне жау снаряды түсіп, сарай әп-сәтте өртеніп кетті. 9 адамнан кімнің тірі қалғаны беймәлім. Сарай жермен-жексен болды. Жауынгерлер жауды қуып кете береді. Деревня адамдары қайта оралып, қаза тапқан жауынгерлерді жинады. Григорий Бойков пен оның қызы Евдокия өртенген сарайдан шағын бойлы, жартылай күйік шалған қыздың денесін плащ-палаткаға орап шығып, алысқа апармай алма баққа жерледі», – деп жазады Г.Гальперин өзінің естеліктерінде.
…Кеңестік идеология бойынша батыр не болса да ерлікпен өлу керек деп шешкен. Шындығында зерттей келе Әлия сол шабуыл кезінде қатты жарақаттанады. Бірақ, оны қасындағы Валя Яковлева, Надежда Матвеева, Зинаида Полякова, Полякованың күйеуі Попов деген азамат плащ палаткаға салып, Әлияны көп солдаттар жатқан жерге апарып қайтып келе жатқанда сол жерге бомба түседі. Әлия сол жерде қайтыс болады. Бірақ бұл туралы көпке дейін айтылмады. Дегенмен шындық осы.
Соғыстан кейін Псков облысы Новосокольники ауданының әр түрлі жерлеріндегі жауынгерлердің сүйектері Казачиха деревнясынан 4 шақырым жердегі Монаково селосына кіре берістегі жотадағы бір ағайындық зиратқа әскери салтанатпен жерленеді.
Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен заман келгенде ерлерше ешкімнен тайсалмай, жауға қарсы оқ кезенген қазақтың арулары аз емес. Соғыс болмасын дейміз, әрине, дегенмен Отан үшін отқа да, суға да түсуге дайын қаракөздер арамызда әлі де бар. Бұл – қазақтың қанында бар қасиет. Сонау сұрапыл жылдарда өр рухымен оза шапқан қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға топырақ өзге жерден бұйырды. Әттең…!
Қаһарман қызға 1943 жылы Псков облысындағы Холм қаласы үшін болған ұрыстарда Даңқ ордені табысталады, қайтыс болғаннан соң Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылдың 4-ші маусымында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы, «Алтын жұлдыз» медалі және Ленин ордені беріледі.
Ресейде есімдері аңызға айналған қазақтардың атындағы екі мектеп бар. Бірі – Мәскеу қаласындағы № 921 Әлия Молдағұлованың, екіншісі – Зеленогрдатағы Бауыржан Момышұлының атындағы мектептер. Бұл мектептерге қазақстандық кәсіпкерлер 1 млн. долларға жуық қаржы бөліп, Ресей билігінің көмек көрсетуі арқылы барлық қажетті техникамен жабдықталған. Әлия Молдағұлованың туған күнінде оның атындағы мектеп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан тарту алды.
…Соңғы кезде біздің, кейінгі ұрпақтың Ұлы Отан соғысының батырларына салқын қарай бастағанымыз рас. Майдангерлерді тек Жеңіс күні ғана еске аламыз. Отан соғысы қашықтаған сайын батырлары да алыстап барады…
ІЛИЯ – семит тілдерінде жаратушы мағынасын береді. Бұл есім әдетте су иесі Ілияс пайғамбардың құрметіне қойылады.
1933 жылы Молдағұловтар отбасы Шалқардан Жамбылға, ол кезде Әулиеата деген кішкентай станцияға көшіп барады. Үйлері теміржол вокзалының жанында болғандықтан Әлия алғаш мектеп табалдырығын теміржол мектебінде аттайды.
P.S: Жоғарыда айтылғандай, Әлияны орыс құрбылары, тәрбиешілері Лия деп өздерінің тіліне ыңғайлап атап, ал тегін шатастырып Магдагулова деп жазған. Өкінішке орай, қазіргі уақытта Лия Магдагулова мен Әлия Молдағұлова екеуі екі бөлек адам деген пікір қалыптасып жүр. Осы мақала мұндай пікірдің жалған, Лия Магдагулова мен Әлия Молдағұлованың бір адам екендігіне дәлел.
…Әлияны қызыл жүйе жетім етті. Қудалаған жүйе 16 жастан сәл асқанда, қырғын майданға жіберді. Өлгеннен соң қайта тірілтіп, өз идеологиясының қалыбына салып, адамдарға әсер етудің қуатты құралына айналдырды. Құралайды көзге атқан мерген қыздың өмірбаяны осымен тәмам.
…Әттең, аққан жұлдыздай жарқ етіп жоқ болған қысқа ғұмырында ел сүйсінерлік ерлік жасап, артында аңызға айналдырарлық әңгіме қалдырған батыр қызымыз бойжеткен қыздарға тән ғашық болу, сүю, сүйген жанның сүйіктісі болу сезімдерін сезіне алмады. Қапияда қыршын қиылған аруымызға тұрмысқа шығып, бала сүйіп, ана атанып, ұрпақ тәрбиелеп, әйел бақытын сезіну бұйырмады. Қазіргі кезде біздің жүрегімізде Әлияның батырлығынан гөрі, қыршын өмірінің қиылғанына өкіну, ашыну бар…
Мақаладағы тың деректер Әлия мен Мәншүк атындағы «Қос шынар» қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербестің іздестіру еңбектерінен алынып, сол кісінің арнайы рұқсаты бойынша пайдаланылған.
Әлияның соғыс жылдарындағы хаттары «Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалдық мұражайынан» алынған.
Ғалия БЕКТЕНҚЫЗЫ