Бүгінгі лингвистикада әбден зерттелген, бір жүйеге түскен деп жүрген лексика саласының ішінде де шешімін таппай жүрген жайлар аз емес. Олардың қатарында диалектілік лексика мен кәсіби сөздердің межесі, тілдегі жаргон сөздердің жайы, тіліміздегі термин сөздердің жайы секілді бірқатар жайларды атауға болады. Осындай күрделі мәселенің бірі – тіліміздегі тұрмыстық лексика мәселесі деуге болады.
Алдымен, тұрмыстық лексика дегеніміздің өзі не, нақты қандай ұғымды білдіреді, көлемі мен шегі бар ма, т.с. күңгірт қалған тұстары әлі де айқындап алуды қажет етеді.
Әдетте, бұл ұғым аясына адамның күнделікті өмірінде қолданылатын заттарының, бұйымдарының атаулары сондай-ақ тұрмыспен тікелей байланысты күнделікті үй жағдайына, үй шаруашылығына байланысты сөздер жатқызылып жүр. Сондықтан да зерттеу еңбектерінде бұл мәселеге қатысты көптеген терминдер де кездеседі. Мәселен, «этномәдени лексика», «этнографиялық лексика», «кәсіби лексика», «тұрмыстық лексика», «материалдық және рухани мәдениет лексикасы», «заттық мәдениет лексикасы», «тұрмыстық терминдер», «кәсіби-тұрмыстық лексика» т.б.
Тұрмыстық лексика жайлы екінші бір түсінік оның қолданыс аясына байланысты. Бұл жерде тұрмыстық лексика күнделікті сөйлеу тілі лексикасына байланысты қарастырылады. Бұл жайлы Ә. Болғанбайұлы мен Ғ.Қалиұлының еңбектерінен кездестіреміз. Күнделікті сөйлеуде қолданылатын лексиканы тұрмыстық лексикаға жатқызудың да айқындап көрсете түсетін жақтары бар. Ол — тұрмыстық қатынаста қолданылатын лексикалық бірліктер. Осы тұрғыдан алғанда ауызекі сөйлеу түрінің барлығы, онда қолданылатын лексикалық бірліктердің барлығы тұрмыстық лексикаға жатпайды. Сөйлеу тілі лексикасындағы күнделікті үйде, туыстармен, достармен сөйлесу барысында тұрмыстық қарым-қатынасқа байланысты сөйлеуде қолданылатын лексиканы жатқызады [1].
Тұрмыстық лексика өзінің ауқымды әрі кеңінен қолдануына байланысты, тіл сөздігінің ең негізгі әрі ең жылжымалы бөліктерінің бірін білдіреді. Себебі ол, бірінші кезекте, сол тілдің сөздік құрамының дамуындағы болмашы өзгеріске жауап қатады. Қай тілде болмасын, тұрмыстық сөздер лексиканың өте ауқымды бөлігін қамтиды.
Сондықтан да ол әр тілдің өзегі деуге болады. Оны ең қажетті, өмірлік маңызы бар ұғымдар болып табылатын сөздер құрайды. Осынау топқа кіретін сөздерді пайдалану кәсіпке, аумақтық және әлеуметтік шектеулерге байланысты емес.
Тұрмыстық лексиканы лексиканың кез-келген өзге тобынан ажыратуға мүмкіндік беретін нақты критерийлер жоқ десе де болады, себебі кейде тұрмыстық сөздер адам өмірінің күнделікті тұрмыстан алшақ жатқан салаларында да кездесе береді. Осы тектес сөздерді тұрмыстық лексиканың құрамында зерттеу мүмкін бе, әлде олар өзге жүйенің құрамдас бөлігі болып табылады ма? Е. А. Дворникова тұрмыстық лексиканың мынадай бір анықтамасын береді: «Тұрмыстық лексика — бұл тұрмыспен байланысты күнделікті және іскерлік тілге тән жалпылама көпшіліктің пайдаланатын әдеби лексикасы… [2].
Тұрмыстық лексиканың семантикалық қабаттары адам тұрмысының, тіршілігінің көптеген тұстарын қамтиды. Бұл әшекей заттарды қосқандағы киім-кешектер, сондай-ақ оны дайындаумен және қолданумен байланысты әрекеттер; азық-түліктер, сондай-ақ асты дайындаумен және оны жеумен байланысты әрекеттер мен үдерістер; бұл сондай-ақ үйде қолданылатын заттар мен әртүрлі құрылыстар, тұрғын жайлар; бұл ұйқымен және оянумен, сонымен бірге, қандай да бір мазасызданулармен және т.б. байланыстысөздер.» [2, 15-б.].
«Тұрмыс» ұғымын анықтау да біздің тұрмыстық лексика жайлы түсінігімізді кеңейте түседі. С. И. Ожегов өзінің сөздігінде былай деп атап көрсетеді: «Тұрмыс – ортақ өмірлік қалып (ырғақ), күнделікті өмір» [3].
Социалистік тұрмысқа былайша анықтама берілуі мүмкін: «Тұрмыс – бұл өндірістік емес тіршілік әрекеті саласының, материалдық және рухани қажеттіліктерді қанағаттандыру тәсілдері мен формалары саласының жиынтығы, сондай-ақ әртүрлі дәстүрлер, салттар мен рәсімдер, жөн-жоралғылар, әдеттер және бірлесіп өмір сүру нормалары» [4].
«Тұрмыстық ұғым — өз ішіне күнделікті тіршіліктің, белгілі бір ұжым қабылдаған қоршаған заттар мен құбылыстардың, олардың елеулі белгілерін бейнелей бермейтін түсінігі» деп жазады А. Гундавичюс [5].
Ә. Хасенов еңбегінде тұрмыстық лексика жайлы: «Тұрмыстық лексика – күнделікті жиі қолданылатын аса қажетті, сондай-ақ халықтың тұрмыс жайы, салт-сана, әдет-ғұрпына, өмір тіршілігіне қатысты сөздер. Бұлар, негізінен, күнделікті ауызекі сөйлеу тіліне тән жалпылама лексикамен астасып жатады. Тұрмыстық лексика – халық өмірінің айнасы есепті», — деп анықтама бере келіп, оларды былайша топтастырады: үй-баспанаға байланысты сөздер: жаппа, жеркепе, кереге, уық т.б.; құрал-сайман атаулары: мама ағаш, қамшы, жүген, құрық т.б.; киім-кешек аттары: саптама етік, кәмшат бөрік, түлкі тымақ, күпі т.б.; ыдыс-аяқ аттары: таба, табақ, жанан, тостаған, қазан т.б. … [1, 58-б.].
Тұрмыстық лексикаға жататын сөздердің бұлай топтастырылуы ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын тұрмыстық қатынасқа қатысты қолданылатын сөздер деп тұрмыстық лексиканы түсінуімізді, оған берілген түсініктемені нақтылай түседі.
«Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде» (авторы Ғ.Қалиев) қарастырып отырған мәселеміз – тұрмыстық сөздер деп беріліп, былайша түсіндіріледі: «күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздер. Мысалы: төсек, ас, нан, тұз, шам, терезе, сағат, бос белбеу, бетім-ай, жолың болғыр, о тоба, тілеуің берсін т.б.». …. [1, 59-б.].
Жұмыста біз қолданған термин халық өмірінің рухани айнасы іспетті мәдени, рухани және материалдық заттарының атауларын түсінеміз. Сондай-ақ бұл термин «этномәдени» және «этнографиялық» атауларымен синонимдес.
Тұрмыстық лексика жайлы деректерді А.Төлегеновтің «Түркістан уалаяты» газетінің лексикасы атты мақаласынан кездестіреміз. Аталған мақалада зерттеуші газет тілінде кездесетін тұрмыстық лексика тобына жататын сөздерді шығу тегі мен тұрмыста атқаратын қызметтеріне қарай былайша топтастырған:
а) үй жиһаздары, тағам атаулары, ыдыс-аяқ: үй, ағаш үй, киіз үй, шатыр, жүк, орындық, сандық, ошақ, қазан, темір қазан, мыс қазан, шойын құман, күбі, саба, қонақ асы, ет, сорпа, сүр, қалжа, көже, тоқаш.
ә) киім, мата және матадан жасалған материалдар: ішік, тон, шапан, етік, бөрік, жейде, кебін, жіп, жібек, жүк, шыт, көк шыт, бөз, дәке, шұға, кебін, кенеп, кендір, тері былғары, қызыл былғары, қара сүрік былғары, елтірі, шылбыр, арқан, кендір арқан т.б.
б) мал атаулары: түйе, бура, нар, інген, жылқы, айғыр, бие, құлын, ат, сиыр, бұзау, тоқты, қозы т.б. … [1, 60-б.].
Бұдан кейінгі зертттеулерден Ж. Досқараевтың «Үй және там туралы, олардың диалектілік мағынасы мен басқа түркі тілдеріндегі қолданысы» туралы мақаласынан, Б.Сүлейменованың «шана» сөзінің тарихи қалыптасуына байланысты мақалаларынан кездестіруге болады. Сондай-ақ Ә.Байжоловтың «Қостанай облысы қазақтарының тілдік ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясында Торғай, Тобыл қазақтарының говорларында қолданылатын тұрмыстық лексикаға қатысты сөздер «заттар мен құбылыстардың аттары» деп топтастырылып, үй шаруашылығына байланысты сөздер мен ыдыс-аяқ аттарына қатысты – 12, азық-түлік, тағамға байланысты – 11, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ойын-сауықпен байланысты жұмсалатын – 8, ер-тұрман және транспорт жабдықтарына жұмсалатын – 17, еңбек құралдарына және жабдықтарына байланысты – 13, киім-кешек, мата, сәндік бұйымдарға қатысты – 16 сөздің мағыналары, олардың жергілікті қолданылу ерекшеліктері салыстырмалы түрде талданып, сөз етіледі. [1, 3-б.].
Қазақ тіл біліміндегі бұл саладағы ең іргелі еңбек – Б. Абдығалиеваның «Бытовая лексика казахского языка» деп аталатын зерттеу жұмысы. Бұл жұмыста халықтың күнделікті өмірінде жиі қолданылатын заттар атауларына талдау жасалынады. Олар төмендегідей топтарға жіктелінеді:
1) тұрғын үй және оның бөліктері;
2) үй іші тұрмысында қолданылатын заттар, үй аспаптары;
3) ыдыс-аяқ атаулары, киім-кешек атаулары, аяқ киім, бас киім атаулары, ат әбзелдері, тоқыма атауларына толық семантикалық талдау жасалынған. Сөйтіп тұрмыстық лексиканы алғаш рет зерттеу нысанына айналдырған [6].
Тұрмыстық лексика жайлы құнды деректерді Ж.А.Манкеева еңбектерінен кездестіреміз. Ғалым тұрмыстық лексикаға былайша баға береді: «Сонымен, көне тамырлы этнолексика халықтың этномәдени тарихы және тілдік шығармашылығы туралы баға жетпес «ақпарат» көзі болып табылады. Оның негізін құрайтын тұрмыстық лексиканың дені – ұлттық материалдық мәдениеттің реликті, әрі рухани байлығымыздың түбірі. Себебі, бұл жүйедегі сөздер тек атауыштық қана қызмет атқармайды. Қазақ тіліндегі заттық мәдениетке қатысты атаулар немесе тұрмыстық лексика қазақ халқының материалдық өндірісінің деңгейін, сипатын, түрлерін және шаруашылық пен тұрғын үй мүліктері, киім мен тұрмыс бұйымдарын әшекейлеуге қажет мұқтаждықты қамтамасыз етуге бағытталған қазақтың халықтық қолөнер бұйымдарын бейнелейді. Ал олар – қазақ халқының материалдық қана емес, рухани да байлығының көрсеткіші» [7].
Кейбір зерттеушілер тұрмыстық лексиканы кәсіби лексикаға жақындата түсетіндігін атап көрсету қажет. Осыған белгілі бір негіздемелер бар, мәселен ол белгілі бір қолөнермен немесе шаруашылық үдеріспен байланыстылық, стилистикалық бейтараптылық және бірқатар атаулардың бірмағыналылығы және т.б. Алайда, жалпылама тұрмыстық лексика кәсіби лексикаға қарағанда шұғылданатын кәсібі біріктіретін белгілі бір топқа ғана тиесілі емес, — ол тіл иелерінің көпшілігіне тиесілі және де тұрмыс саласына жатады; ол белгілі бір грамматикалық категориялармен, жанрлық-стильдік бойынша қабаттарға бөлінумен, семантиканың диффузиялылығымен; полисемиямен және синонимдердің болуымен сипатталады.
Тұрмыстық лексика – халықтың материалдық өндірісінің деңгейін, сипатын, түрлерін және шаруашылық пен тұрғын үй мүліктері, киім мен тұрмыс бұйымдарын әшекейлеуге қажет мұқтаждықты қамтамасыз етуге бағытталған қазақтың қолөнер бұйымдарын бейнелейтін кең көлемді сала.
Сонымен, ғалымдар топтастыруындағы, пікірлеріндегі тұрмыстық лексика туралы түсінікті жинақтай келсек, әр ғалымның пікірінде өзіндік негіз бен дәйек барлығын аңғаруға болады. Соған қарамастан, тұрмыстық лексикаға қатысты зерттеулер бұл айтылғандармен бітпейді. Жоғарыда айтқанымыздай тіліміздің ауқымды бөлігін қамтитын осы бір халық өмірімен, халық тұрмысымен біте қайнасқан сөздерді туыстас тілдердің лексикасымен салыстыра зерттеу тіліміздің көнетүркілік қабатын анықтауда берері мол екені сөзсіз.