Жоспар:
1 Жүсіпбек Аймауытовтың педагогикалық іс әрекеті
2 Жүсіпбек Аймауытовтың көзқарастары. (1889-1931).
3 С.Көбеевтің педагогикалық мұрасы
4 Нәзипа Құлжанованың мектепке дейінгі бала тәрбиесі теориясы мәселелері.
Лекцияның мәтіні:
Ұзақ жылдар бойы “ұлтшылдық” әдебиеттің өкілі деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Ж.Аймауытов жазушылығымен қоса қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдары саласында қалам тартып, құнды-құнды ғылыми-зерттеу еңбектерін жазуымен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болуымен дараланған ірі тұлға.
Ж.Аймауытов бұрынғы Семей губерниясының, Кереку (қазіргі Павлодар) уезінің Қызылтау болысында, кедей шаруасының отбасында дүниеге келген. Ол Павлодардағы орыс-қазақ мектебін, одан соң Семейдегі мұғалімдер семинариясын (1918) бітірген. 1917-19 жылдары алашорда ұйымына кіреді. 1911-14 жылдар арасында Баянауылда бала оқытады, кейінгі жылдары әртүрлі қызмет атқарады. 1920 жылы РК (б) П қатарына кіреді. Қазақстан Советтерінің съезінде делегат болып сайланады. КАССР халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, “Қазақ тілі”, “Ақ жол” газеттерінің қызметкері, мектеп мұғалімі, 1926-29 жылдары Шымкенттегі педтехникумның директоры болып қызмет істейді. 1929 жылы тұтқынға алынып, 1931 жылы өлім жазасына кесіледі.
Ж.Аймауытов өзінің тәлім-тәрбие саласындағы бағыт-бағдарын 1918 жылы ақпан айында Семей қаласында шыққан әдеби және ғылыми-қоғамдық “Абай” атты журналдың бас мақаласынан аңғартады. Онда Аймауытов: “…қазақ сахарасында мыңмен жалғыз алысып, жапа шеккен ұлы ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді” – деп жазады. Ол Абай ұстанған ағартушылық жолды тыныс-тіршілігінің негізгі арқауы етіп алды.
Абай журналының 1918 жылғы 1,2 сандарында Аймауытовтың “Тәрбие” атты көлемді мақаласында тәлім-тәрбиелік ой-пікірлер ғылыми тұрғыдан терең баяндалған.
Ж.Аймауытов “адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен” дейді. Ол тәрбиенің екі түрлі болатынын: дене тәрбиесі және жан (рух) тәрбиесі болып бөлінетіндігін атап көрсетеді.
Аймауытов балаға әсер ететін нәрсе медресе (мектеп) және тәрбиеші (мұғалім) деп санайды.
Автор ең алдымен бала тәрбиесіндегі отбасының рөліне ерекше тоқталады. “Баланы бұзуға, яки түзеуге себеп болатын бір шарт жас күнде көрген өнеге. Ол өнеге әке-шешенің тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата-ананың берген тәрбиесі баланың мінезіне салған ізге байланысты. “Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі” деп атамыз қазақ тауып айтқан. Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірік– шілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Баланың бойына басынан сіңірген мінезді қайта түзету қиындық келтіреді. “Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді” деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді…” – деп автор бала мінезін қалыптастырудағы жанұя мүшелерінің, әсіресе әке-шешенің ықпалын айқын ашып берді. Ол отбасында теріс тәрбиеленген баланы қайта тәрбиелеудің үлкен қиындық келтіретінін айтады.
Ж.Аймауытов өнегелі үйелменнен бұзық мінезді баланың шығуы немесе тәрбиесі нашар отбасынан да тәрбиелі, өнегелі баланың өсуі мүмкін дей келеді де, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға еліктеуден болатынын дәлелдейді.
Тәлімгер-ғалым бала тәрбиесіне туған елдің әдет-ғұрпы мен салт-санасының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. Ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына тоқталады.
Ж.Аймауытов “Тәрбиенің негізгі мақсаты – мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тәрбиелеу” деген қағиданы қуаттай келіп, “Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, айтып ұқтырғаннан гөрі, бала көргеніне көп еліктегіш болып келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек” – дейді.
Ж.Аймауытовтың педагогика ғылымы саласындағы жүйелі ой-пікірлері оның 1924 жылы Орынборда басылған “Тәрбиеші жетекші” атты еңбегінен жақсы байқалады. Бұл еңбекте Аймауытов “Баланы оқытудың белгілі ереже заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогиканың негізгі бөлімі – дидактикаға ғылыми анықтама берген. Оның пікірінше, мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп, өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістен табан аумай шектеліп қалуға болмайды… Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер… Дидактика мұғалімге жалпы жол-жоба көрсетіп, жетекшілік етеді… сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды” – деп оқыту, білім беру әдісінің қатып-семіп қалған догма емес, үнемі ізденуден туатын іс-әрекет екенін дұрыс атап өтеді.
Автор білім алуды күнделікті өмір тәжірибесімен ұштастыра білудің қажеттігін, мектепте алған білімнің келешек өмірдегі мамандыққа қазық болатынын жақсы айтқан.
Ж.Аймауытов білім негіздерінің ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келе: “Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы болып, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі” – деп оның қоғамдық рөлін, адамзат баласы жасаған бар рухани-мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екендігін, оны жан-жақты және терең меңгерудің қажеттігін баса көрсетеді.
Автор адамның жан қуаттарының өсіп-жетілуінде тарих пәнінің алатын орнын былайша сипаттайды: “Осы заманғы ғылымның көбі тарихпен тікелей байланыста жатыр. Тұрмыс жүйесі, әлеумет заңы, заң, пәлсапа, әдебиет, мәдениет, өнер – бәрі тарихтан қозғайды. Әр ғылымның тарихы бар. Осы тарихтың бәрі – жалпы азамат тарихымен байланысты”. “Тарихты оқып білу арқылы шәкірттерге қазіргі өмір мен өткен заманның байланыс заңдылықтарын ажырата білерлік сана туғызамыз”, – дейді.
Ж.Аймауытов “тарихты оқытуды қай кластардан бастау керек?” деген мәселеге талдау жасап, тарихи мағлұматтар балалар әр тарауда білім алып, әзірленгеннен кейін, жазуға, оқуға әбден төселген соң, тарихи жеңіл әңгімелерді ұғынып айтып берерлік дәрежеге жеткен кезде, төңіректегі тұрмыс пен табиғаттан, жағрафиядан едәуір білім алғаннан кейін үйретілетін болсын дейді. Осы пәнді тарихи әңгімелер есебінде 4-кластан бастап оқыту дұрыс деген тұжырымды қуаттайды.
Автор мектепте “Бірден жалпы тарихты немесе КСРО тарихын оқытудан гөрі алдымен балалардың өздеріне күнделікті өмірден жақсы таныс өз жұртының тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігімен байланысты тарихын оқудан бастаған жөн” – деп тұжырымдайды. Ж.Аймауытов осы еңбегінде туған өлкенің жағрафиясын оның тарихынан бөлек қарауға болмайтынын айта келіп, оны қазақ халқының ертедегі тарихымен байланыстыра жүргізуді меңзейді.
Көшпелі жұрттың өткендегі салт-сана, әдет-ғұрпы, шаруашылық кәсібі және мәдени өмірінен хабардар болу үшін 4-класта әдебиетті, тарихты және жағрафияны біріктіріп, яғни интеграциялап “Біздің Отан” деген атпен оқыту қажет деген пікір ұсынады.
Ж.Аймауытов адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын алып келгенін, өнерсіз қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін емес екендігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін өнері мен әуез өнерін, яғни сурет салу, ән-күй өнерін үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетін тәрбиелеудің қажеттігін баса айтады.
Әрбір мұғалім, сабақ беру процесінде қызықты мағлұматтармен балаларды шабыттандырып, олардың ынта-ықыласын, зейін-зердесін білімді меңгеруге бағыштауы керек дей келіп, жекелеме оқу әдістерінің тиімділігін нақтылы мысалдар келтіре отырып сөз етеді.
Ол психология саласында да өндіре еңбек етіп, артына көп мұра қалдырып кетті. Оның екі кітабы: “Психология” (376-бет, 1926 ж.), “Жан жүйесі және өнер таңдау” (80-бет, 1926 ж.) осы ғылым саласынан жазылған тұңғыш төл туындылар. Ж.Аймауытов “Тәрбиеге жетекші” (1924), “Комплексті оқыту жолдары” (1929), “Жаңа ауыл” (1930) дейтін еңбектерінде де психологиялық мәселелерге ерекше мән берген.
Ж.Аймауытовтың психологиялық мұрасы туралы айтқанда, оның “Психология” атты төл оқу құралы толығырақ сөз етуді қажет етеді.
Жүсіпбек “Психология нені сөйлейді?” дейтін бірінші тарауда осы ғылымның екі жарым мың жылдық тарихынан біраз мағлұмат береді. Бұл жерде рационалистік (ақыл-ой), эксперименттік (тәжірибе) психологияның жай-жапсарын баяндайтын беттері өте тартымды. Кітаптың екінші тарауында адамның жандүниесін, мінез-құлқын зерттеуді қайтып ұйымдастыруға болатындығын айта келіп, (бақылау, анкета, әңгімелесу, тәжірибе әдістерінің мән-жайын) тәптіштеп түсіндіреді. Ол – жан дүниесінің заңдылықтарын зерттеуде математиканы, оның вариациялық статистика дейтін саласын қалайша пайдалануға болатындығын қазақ топырағында алғаш рет сөз етеді. Кітаптың үшінші тарауы “Тірі заттардың қылығын жалпы мінездеу” (қазіргі терминде “Психика және сана”) деп аталады. Мұнда психофизикалық және психофизиологиялық құбылыстар, атап айтқанда, организмнің, тітіркенушілік пен сезгіштік қасиеттерінің ерекшеліктері, жануар мен адамның дағды, инстинктері (соқыр сезімдері), бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары, өсімдіктер дүниесіндегі тіршілік белгісі (тропизмдер) ғылыми талдауға алынады…
Ал Ж.Аймауытов “Жан жүйесі мен өнер таңдау” (Мәскеу, 1926) атты еңбегінде ғылыми психологияда кең тараған анкета, байқау әдістері арқылы мамандық таңдау жолындағы талпыныстарын тәжірибе арқылы анықтағысы келген. Зерттеудің басты мақсаты: Қазан төңкерісінен кейінгі жаңа заманның кезінде жастарға мамандықты дұрыс таңдай білуге жәрдемдесу…
Аймауытов еңбектерінің ерекше назар аударатын басты ерекшелігі – бұлар төл тілімізде туындаған тұңғыш психологиялық дүние болуымен қатар еліміздегі отызға жуық түркі тектес халықтар тілдерінде алғаш жарық көрген, ғылыми туындылар екендігінде…
Нәзипа Құлжанованың педагогикалық көзқарастары (1887-1934). Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданында көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында өзінің тәлім-тәрбиелік ойларымен қазақ әйелдерінің арасынан әлеумет өмірінде алғаш көзге көрінген кісінің бірі – Нәзипа Құлжанова болды. Ол журналист-публицист, педагог-тәлімгер, екі тілде бірдей жазатын аудармашы. Шығыс еңбекші әйелдерінің І съезін ұйымдастырушылардың бірі, орыс жағрафия қоғамының Семей бөлімшесінің мүшесі еді.
Ол 1902 жылы Қостанайдағы қыздар гимназиясын бітірген соң Торғайдағы қыз балалар училищесіне мұғалімдікке тағайындалады. Н.Құлжанова 1904 жылдары Семей мұғалімдер семинариясына орналасып, сонда 1919 жылдарға дейін оқытушы болып істейді, 1920-22 жылдары Ақмолада әуелі мұғалім, кейіннен уездік комитетте жауапты қызмет атқарады, одан соң Орынборға шақырылып, 1923-25 жылдары “Қызыл Қазақстан” журналының хатшысы, ал 1925-29 жылдары республикалық “Еңбекші қазақ” газетінде редколлегия мүшелерінің бірі, “Әйел теңдігі” журналының бөлім меңгерушісі, кейіннен жауапты хатшысы қызметтерін атқарады.
Н.Құлжанованың белсене араласуымен 1924 жылы Орынборда “Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу” атты педагогикалық жинақ, нұсқау кітабы жарық көрді. Кейіннен “Әйел теңдігі” журналында осы ізгілікті іс әрмен қарай жалғастырылды. Журнал беттерінде қазақ бала бақшаларының озат тәжірибелері, онда жүргізіліп жатқан түрлі тәрбие жұмыстарының жай-жапсары, мақсат-міндеттері жайлы көптеген мақалалар жарияланды. Осы журналдың мектепке дейінгі тәрбие бөлімін басқарған Н.Құлжанова осынау көшпелі қазақ елінде бұрын-соңды болып көрмеген бала тәрбиесінің жаңа түрін аяғынан тәй тұрғызуға себепші болды. (Қазақ Совет энциклопедиясы”, 7-том. Алматы, 1975, 586-бет). Нәзипаның тәлім-тәрбиелік пікірлері медицина ғылымымен сабақтасып жатады. Автордың “Бала күтімі”, “Баланың өміріне күннің сәулесі, таза ауа аса қажет”, “Баланың аурулары” т.б. мақалаларында тәрбиені бала жөргегінен бастауды ұсына келіп, өзі түйіндеген тұжырымның түп негізі етіп: “Тәні саудың – жаны сау” дейтін халық даналығын алады.
Н.Құлжанованың ұстаздық тәлімгерлік тұлғасын таныта түсетін екі еңбегі бар. Оның алғашқысы 1923 жылы Орынборда шыққан “Мектептен бұрынғы тәрбие” атты еңбегі еді, оның алғы сөзін халқымыздың көрнекті лингвист-ғалымы, түрколог, ақын, публицист, ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов жазған болатын. Аталмыш еңбектерінде автор мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тарихын, олардың отандық және шетелдік үлгілерін сөз ете келіп, қоғамдық ортадан тәрбие алатын жас жеткіншектердің ерекшелігіне орай, қоршаған ортасының ықпал-әсерінен туындайтын психологиялық өзгерістерді де кеңінен баяндайды. Мәселен, бұл жөнінде автор былай дейді: “Ойын – оның шын тіршілігі… Төңіректегі нәрседен өзіне қызықтысы ғана көзіне түсіп, ықылас тартады. Және бір мінезі – сөйлеуге жалықпайды. Тынымсыз қимылының бәрі сөзімен жалғасып жүреді. Көрген нәрсесіне ықыласы жеңіл, тұрақсыз… Көрген нәрсесін айтқанда ұмытқан жерлерін ойдан толықтырады”… дей келіп үш пен жеті жастың арасындағы балдырғандар бойында кездесетін физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді сөз етеді.
Ол ересектер мен сәби, бөбектер арасындағы қарым-қатынас мәселесіне де ерекше көңіл бөледі: “Балаға сусындай керегінің бірі – сөйлеу. Түрлі білімнің түбірі, негізі – баланың сөйлеуі, білуге құмарлығы. Сұрағына жауап бермей “мазамды алма” деп, үнемі баланың бетін қайтару арқылы білуге құмарлығының негізін жоғалтып жіберуге болады”, – дей келе, автор бала ойынының айналаны тани-білу құмарлығымен ұштасып жататындығын ескертеді. Н.Құлжанова баланы жас кезінде көбінде табиғат аясында бағып-қағудың тиімділігін айтады. Ол осы пікірін әрмен қарай жалғастыра келіп: “Әрбір құлықты, жақсы адам мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл және дене тазалығының машықтары бала әдетіне кіріп, сіңіп қалады, төңіректегінің бәріне еліктегіш, талшыбықтай икемді, нәзік келеді”, – деп автор ойын баласының мектеп жасына дейінгі бүкіл тыныс-тіршілігі оның мектепте алар тәлімінің әзірлік сатысы болып табылатындықтан осы кезеңдегі тәлім-тәрбиеге ерекше мұқият қараудың маңыздылығына тоқталады.
Н.Құлжанова мектепке дейінгі тәрбиенің басты бағыттарын “Тән саулығы”, “Баланың сырт сезімдерінің дамуы”, “Нәрсенің түр-түсін тану”, “Дененің қимылын түзету”, “Шеберлігін көтеру”, “Баланың білімін арттыру”, “Бала тілінің шеберленуі”, “Еңбекке машықтандыру”, “Көпшілдік және еңбек”, – деп бұлардың әрқайсысына жеке-жеке сипаттама берді.
Н.Құлжанованың еңбектерінде Қазан төңкерісінің қарсаңындағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақыттағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын байқалады.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақ-тапсырмалар:
- Кеңестік дәуірдегі педагогика ғылымының қалыптасуына әсер еткен жағдайларға сипаттама бер.
- А.Байтұрсыновтың қазақ тілі ғылымы мен әдістемесіне қосқан үлесін саралай талдап, тіл ғылымының негізін салушы екенін дәлелдеп бер.
- Н.Құлжанованың мектепке дейінгі тәрбие ғылымының іргетасын қалаушы екенін еңбектерінен мысалдар келтіре отырып дәлелде.
- Ж.Аймауытовты қазақ топырағында тұңғыш психология ғылымының негізін салушы деп бағалайтын себептерін айқындап бер.
- М.Жұмабаевтың “Педагогика” атты еңбегінің халық педагогикасымен байланысын дәйекті фактілермен талдап дәлелде.
Реферат тақырыптары:
- А.Байтұрсынов тіл ғылымының негізін салушы.
- Н.Құлжанова және мектепке дейінгі тәрбие мәселесі.
3.Ж.Аймауытов Қазақстанда тұңғыш психология ғылымының негізін салушы.
4.М.Жұмабаев және халық педагогикасы
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Байтұрсынов А. Шығармалары, -Алматы: “Жазушы”,
- Байтұрсынов А. Ақ жол. -Алматы: “Жазушы”,
- Құлжанова Н. Мектепке дейінгі тәрбие, Ана мен бала. — Алматы: “Білім”, 1993.
- Аймауытов Ж. Шығармалары. — Алматы: “Жазушы”,
- Жұмабаев М. Педагогика. -Алматы: “Ана тілі”,
- Жарықбаев Қ.Б., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі — Алматы: “Санат”,
- Бес арыс (құраст.Д.Әшірбеков). — Алматы: “Жалын”,
- Тажибаева Т. Просвещение в школе Казахстана во второй половине ХІХ в. –Алматы. 1962.
- Қалиев С.Қ. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. – Алматы. Білім, 2003.