Педагогикалық ғылымның халыққа білім берудегі маңызы орасан зор болғандықтан, іргелі зерттеулерге және педагогиканы түрлі ғылым салаларымен байланыста зерттеуге көңіл аудару керек болды. Ғылыми ізденістер әлеуметтік орта мен мектеп тәжірбиесінің байланысын айқындауға, оқытуды жоғары технологиямен қаруландыруға, зерттеу үрдісінің және оқыту мен тәрбиелеудің бірлігін қамтамасыз етуге, қажетті теориялық зерттеулерді жүргізуге бағытталды.
Жалпы орта білімді қайта құру педагогика саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді басқа ғылым салаларымен кіріктіре жүргізуді қажет етті.
Үздіксіз білім беру жүйесіндегі базалық орта білім беру тұжырымдамасын (1989) білім саласында іске асыру шаралары жүргізілді. Дегенмен де тұжырымдамада белгіленген шаралар кеңестік кезеңдегі саяси-идеологиялық және экономикалық жүйенің тоқырауына байланысты қоғамдық сұранысты қамтамасыз ете алмады. Бұл кездеОдақтың ыдырауы да белең ала бастап еді. Қоғамдық даму тығырыққа тіреліп, жаңа нарықтық қатынастар жүйесіне лайық болашақ ұрпақты тәрбиелеудің жаңа тұжырымдамаларын жасау үшін ғылыми ізденістер жүргізу қажеттігі пайда болды.
Жаңашыл педагогтардың ғылыми-теориялық және әдістемелік ізденісі. Теория мен практиканы өзара кіріктіре отырып жүргізуде жаңашыл мұғалімдер Ш.А.Амонашивили, В.Ф.Шаталов, С.Н.Лысенкова, И.П.Волков, И.П.Иванов, т.б. іргелі педагогикалық мәселелерді шеше білді.
Ш.А.Амонашивили мектеп практикасында алты жасар балалармен жұмыс істеудің мазмұны мен ұстанымдарын ғылыми негіздеп тексерді. “Мектепке алты жастан“ атты еңбегінде алты жасар баланың бойында болатын қасиеттерді саралап көрсетті. Ол алты жасар балалармен қарым-қатынаста төмендегі қасиеттер негізге алынуы керектігіне тоқталады:
“Біріншіден, біз мейірбанды болуға тиіспіз, балаларды қаз қалпында сүюге тиіспіз, шолжаңды да, тіл алғышты да, ақылдыны да, миғұланы да, жалқауды да, ынталыны да бірдей жақсы көруіміз керек.
Екіншіден, біздер балаларды түсіне білуіміз керек. Бала кішкентай болғанымен, оның ісі мен қарекеті үлкен. … Балаларды түсіну дегеніміз – олардың позициясында тұру, олардың сезімін қадірлеу, қам-қарекеті мен ісін елеу, олармен санасу деген сөз. Баланың көңіл-құбылысы мен жүрек тебіренісін, оның сезімі мен талпынысын түсіне отырып қана әр баланың өміріне ең жақын адамыңдай қоян-қолтық араласа отырып, педагог баянды тәрбиеге қол жеткізе алады.
Үшіншіден, педагогиканың, тәрбиенің жасампаз күшіне сенуіміз керек.
Төртіншіден, біз болашақтың адамын, жаңадан қалыптасқан адамды қалыптастыруға міндеттіміз“.
Ш.Амонашивили мектептің міндеті білім беру арқылы тәрбиелей отырып, балаларды бұрынғы және қазіргі ұрпақтардың материалдық және рухани байлықтарымен таныстыру деп санайды.
Т.И.Гончарованың әдістемесітарихи материалдар негізінде жастардың өзін-өзі және бүгінгі күнді танып-білуіне көмектесу мәселесін көтереді. “Тарих тағылымы — өмір сабағы“ атты еңбегінде: “Нағыз сабақ – дегеніміз мұғалім мен оқушылардың ақиқатты бірлесе іздестіруі, ойлау мәдениетінің лабораториясы. Бұл жоқ жерде көңілсіздік, селсоқтық, рухани жұтаңдық орын алады…”
Ғалымның алдына қойған негізгі мақсаты – жеке адамды қалыптастыру. Ол: “Жеке адам болу дегеніміз өзін адамзаттың адамы ретінде сезіну, сан ғасырлар бойы халық тәжірибесі туғызған рухани мәдениеттің мәңгілік игіліктерін бойына дарытып, осы игіліктерді еңбекке, әлеуметтік мәнді қызметке, қоғамдық өмірге, адамдар қатынасына, күнделікті тұрмысқа енгізу деген сөз. Жеке адам – болмыстың жаңа формасын жасау жөніндегі өз халқының жасампаз істеріне, бұқараның шығармашылығына белсенді және саналы түрде қатысатын, қоғамға пайдалы болуға деген ішкі қажеттілікті сезінетін адам“, — дейді.
В.Ф.Шаталов педагогикадағы ең қиын міндеттердің бірін — әр оқушыны күнделікті қажырлы ой еңбегіне қатыстыру, жеке бастың сапасы ретінде танымдық дербестікті тәрбиелеу, әр оқушының өзіндік адамгершілік сезімін, өзінің күш жігері мен қабілетіне деген сенімділігін нығайту мәселелерін ойдағыдай шешу жолдарын ұсынды.
С.Н.Лысенкова балаларды оқытудың, оқу-таным қызметін өздігінен реттеудің тәсілдерін ұсынумен бірге төменгі сынып оқушыларының оқу әрекетін басқарудың пәрменді жүйесін жасады.
И.П.Волков төменгі сынып оқушыларымен шығармашылық сабақтарды өткізу барысында оқу материалдарының мазмұны мен оқу процесінің құрылымы айырықша көңіл бөлуді талап етеді, оқу үдерісін оқу мазмұнына сай құра білу балалардың талабы мен қабілетін анықтап, мақсатты түрде дамытуға көмектеседі, әр істегі шығармашылықтың алғы шарты болып табылатын сапаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді дегенді айтады.
И.П.Ивановтың ұжымдық шығармашылық тәрбие әдістемесі А.С.Макаренконың идеяларын қазіргі жағдайларға сай дамытып, ұжымшылдықты қалыптастырудың, сол кездегі пионер және комсомол ұйымдарындағы оқушылардың өмірін жетілдірудің, балалардың қоғамдық игілікке деген жекелей және ұжымдық қамқорлықтарын арттырудың жолдарын көрсетеді.
“Ұжымшылдары тәрбиелеу“ атты еңбегінде Иванов кеңестік дәуірдегі ұжымшылдық — өскелең ұрпақтарды қоғам талаптарына және оның мүдделерімен өмір сүруге тәрбиелеу – мектептің аса маңызды міндеті болғанын, әрбір ұстаз тәрбие беретін ұжымды құрудың және оны нығайтудың мейлінше тиімді жолдары мен құралдарын шығармашылықпен іздестіруге шабыттандыратын ой-пікірдің сарқылмас қайнар көзі деп бағалайды.
Қорыта айтқанда білім мазмұны мен оқыту әдістерін жетілдіру бағытындағы педагогтардың шығармашылық ізденістері дидактиканы теориялық және әдістемелік жағынан жаңа мағынадағы түсініктермен толықтырды.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақ-тапсырмалар:
- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Одақ мектебінің даму ерекшеліктерін сипаттаңыз.
- Жалпыға бірдей бастауыш және жеті жылдық мектепке көшудің мақсатын түсіндіріңіз.
- Жалпыға бірдей міндетті орта білім берудің басты ерекшеліктері неде?
- Қандай оқу орындарының жаңа типтері болды?
- Оқытудың белсенді әдістері қалай дамыды?
- Білім беру мазмұнын жетілдіру жайлы қорытынды жасаңыз.
- Жаңашыл педагогтар қандай педагогикалық мәселе-лерді көтерді?
Реферат тақырыптары:
- Мектеп оқушыларына политехникалық білім берудің маңызы.
- Оқыту үдерісінің тиімділігін арттыру жолдары.
- Оқыту әдістерінің жіктемесіне сипаттама беріңіз.
- Одақ көлемінде жалпыға бірдей міндетті сегізжылдық оқуға көшудің маңызы.
- Онжылдық оқытуға көшу мәселелерінің ерекшеліктері.
- Жаңашыл педагогтардың теориялық және әдістемелік ізденісі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Концепция общего среднего образования как базового в единой системе непрерывного образования. Одобрена решением коллегии Государственногокомитета СССР по народному образованию от 21.07.88. – М., 1988.
- Лернер И.Я. Процесс обучения и его закономернос-ти. — М., 1980.
- Лернер И.Я. Дидактические основы методов обуче-ния. — М., 1981.
- Народное образование в СССР. Сборник документов (1917-1973 г.г.) — М.: Педагогика. 1974.
- Народное образование в СССР. Сборник нормативных актов. — М.: Юридическая литература, 1987.
- Скаткин М.Н., Краевский В.В. Содержание общего среднего образования: Проблемы и перспективы. — М., 1981.
- Педагогикалық ізденіс. –Алматы: Рауан, 1990.
- Храпченков Г.М., Храпченков В.Г. История школы и педагогической мысли Казахстана: учебное пособие. Алматы, 1998. – 108 с.
- Ткаченко И.В. и др. Шпаргалка по истории образования и педагогической мысли: Ответы на экзаменационные билеты. М.: Аллель, 2005. – 64 с.