А.С.Макаренко (1888-1939) ең алғашында педагогика ғылымына тәжірибелі педагог ретінде келді. Ол 1917-1918 ж. ж. мектеп ісін меңгеруші, 1920 жылы Полтава түбіндегі балалар колониясын (кейіннен М.Горький атындағы колония) басқарды. 1925-1935 ж. ж. Харьковтегі Дзержинский атындағы колонияда қызмет атқарды. Осы кезеңдерде оның ұстаздық тәжірибесінен туындаған «Ұстаздық дастан”, «Мұнара үстіндегі тулар”, «Ата-аналарға арналған кітап” атты еңбектері жарық көрді.
А.С.Макаренко тәрбие үдерісі ең алғашында педагогикалық жобалаудан басталуы керектігін айтты. Ол жеке тұлғаның сапалық қасиеттерін қалыптастыруды екіге бөліп қарастырды. Бірінші, барлық тұлғаларға ортақ сапалар және екінші, оқушының жеке даралық сапасын қалыптастыру үшін оның қабілеттері мен бейімділіктерін ескеру керектігін көрсетті.
А.С.Макаренко тәрбиенің басты мақсаты — белсенді, өмірлік ұстанымдарды жүзеге асыру деп санады. Оқушыдан өзге адамдар мен қоғам алдындағы жауапкершілігін, өз абыройын сақтай білуін, жолдастарының пікірімен санасуды, өз пікірін дәлелдей білуін, өмірдің қойған талаптарына сай сыпайы, қатал, қарапайым болуын талап етті. Сонымен бірге, оқушы белсенді ұйымдастырушылық қасиетке ие болып, қойған мақсатына жетуі, өзін ортада ұстай білуі және өзгелерге ықпал ете білу қасиеттерін меңгеруі тиіс. Оқушының көңіл-күйі көтеріңкі, сергек, күреске әзір тұратын, сүйе білетін және бақытты болуға ұмтылуы керек деп түйіндеді.
А.С.Макаренко теориясының өзегі коллектив (ұжым) туралы ілім болды. Ол педагогикаға ”коллектив” деген терминді ендірді, коллективтік тәрбиені ұйымдастыру теориясының негізін қалады. Мектеп коллективінің маңызын барынша жоғары бағалап, коллективтің даму кезеңдерін үшке бөліп, оған сипаттама берді:
бірінші кезең, педагог ұжым мүшелеріне талап қойып, оның орындалуын қадағалайды;
екінші кезең, балалар арасынан белсенділер тобы бөлініп, өз еріктерімен түрлі жұмыстарға қатысады, педагогтың қойған талаптарына қолдау көрсетеді;
үшінші кезеңде ұжым өзін-өзі басқару деңгейіне жетіп, түрлі оқу-тәрбие, шаруашылық, мәдени мәселелерді шешуге қатысады, ұжым атынан әр оқушыға міндет жүктеледі.
Тәрбиеші ұжымның даму кезеңін ескеруіне байланысты тәрбиеленушілерге тиімді ықпал жасау әдістерін таңдай алады.
А.С.Макаренко ұжымды сипаттайтын негізгі ерекшеліктерді анықтады, олар: айқын түрде мақсатқа талпынушылық, барлық ұжым мүшелерінің іс-әрекет жасауы, бірлігі, ұжым мүшелерінің өз арасында міндеттерін анықтауы, бұл міндеттерді әр қайсысының ұқыпты орындауы; қатаң түрде орнатылған тәртіптің болуы, оны ұжым мүшелерінің сөзсіз орындауы; өз мүшелері үшін ұжымның жеке адамдарының бүкіл ұжым алдындағы жауапкершілігі, өзара көмек, өзара бақылау, жолдастық сезім, өзара бағына білу.
Белгілі педагог еңбектің зор пайдасы адамның психикалық, рухани дамуына әсер етуінде деп түсінді. Еңбек тәрбиесінің міндеттері: балаларды еңбекті өзімнің азаматтық борышым деп сүйе білуге үйрету, қоғамдық өнімді еңбекке қатынасуға даярлау. Бұл тәрбиені іске асырудың негізгі жолы балалардың өзін тікелей еңбекке араластыру деп санады.
А.С.Макаренконың отбасы тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды. Ол «Ата-аналар кітабы”, «Балаларды тәрбиелеу лекциялары” атты еңбектерінде ата-аналар арасында жүргізілетін педагогикалық жұмыстарға ерекше тоқталады, отбасында балалар өмірін дұрыс ұйымдастыру қажеттігіне назар аударады
Кеңес үкім В.А.Сухомлинскийдің (1918-1970) өмір жолы мен гуманистік педагогикалық идеялары. В.А.Сухомлинский 1918 жылы 28 қыркүйекте Украинадағы Павлыш селосының жанындағы Кременчуг деген жердегі шаруа отбасында дүниеге келді. Рабфакты бітіргеннен кейін Полтавадағы педагогика институтына түсіп, оның күндізгі бөлімінде біраз уақыт оқығаннан кейін, сырттай оқу бөліміне ауысып, өзінің туған жеріне жақын маңдағы мектепте қызмет етті. Он жеті жасында бастауыш сыныптың мұғалімі болып қызмет атқарды. 1939 жылы украин тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша институт бітірді.
1947 жылы соғыстан оралып, Павлыш орта селолық мектебінің директоры қызметін атқарды.
Василий Александрович Сухомлинский 33 жыл бойы өмірінің соңына дейін Павлыш мектебінде директорлық қызмет атқарған жылдарын “ең үлкен, ешнәрсемен салыстыруға келмейтін бақыт” деп жазды.
1958 жылы В.А.Сухомлинский кандидаттық диссертация қорғап,директорлық қызметін сол Павлыш мектебінде жалғастыра берді. 1968 жылы КСРО Педагогикалық академиясы оны өзіне ғылым корреспондент мүшесі етіп сайлады. Ол педагогикаға саласына арналған 38 кітап жазып шығарып, бірнеше басылмаған еңбектердің қолжазбасын даярлады.
В.А.Сухомлинскийдің еңбектері әлемдегі халықтардың 40 тіліне аударылды. Ол — тәрбиенің теориясы мен тәжірибесіне, дидактика мен мектептануға зор үлес қосқан белгілі ұстаз.
Ол тәжірибе мен теорияны ұштастырған талантты педагог болды, өмір бойы селолық мектепте ұстаздық қызмет етті. Оның қызметіндегі ең маңызды нәрсе — педагогтың өз кәсібіне шығармашылықпен қарауы әлеуметтік мәні зор мәселе болды. “Жас мектеп директорымен әңгіме” атты еңбегінде В.А.Сухомлинский былай деп жазады: “Егер сіз мұғалімнің еңбегі оған қуаныш әкелсін десеңіз, онда оны күнделікті бірқалыпты қызықсыз іс-әрекеттен бас тартқызып, әр мұғалімді ізденіс жолына түсіріңіз”. Тәрбиеші жұмысының нәтижелі болуы үшін ол әр баланың жан дүниесі мен ерекшелігін ескере отырып, педагогикалық шеберлігі мен шығармашылығын ұйымдастыру арқылы іске асыра алуы керектігін көрсетті.
В.А.Сухомлинскийдің басты назары жас ұрпаққа азаматтық тәрбие беру болды. Ол тәрбие үрдісінде ұжымды қалыптастыру теориясын жетілдіріп, ұжымдағы жеке оқушымен жұмыс жасау әдістемесін жасады.
Ол “Оқушылардың ұжымдық тәрбиесі” (1956) атты еңбегінде: “Балалар ұжымы – ортақ мұратты көздеген, зияттық-эмоциональдық жағынан ұйымдасқан қауым. Ұжымның бай рухани өмірін қалыптастыру өте күрделі. Ол әр оқушының рухани өмірін қалыптастырып, ұжымдық рухани байлыққа айналып, одан жеке оқушыға әсер етіп, үнемі бір-бірінің дамуына өзара ықпал жасайтын терең байланыстар орнатады,” — деп көрсетеді.
В.А.Сухомлинский педагогикаға “ұжымның рухани өмірі”, “сыныптың зияттық (интеллектуалдық) қалпы” тәрізді жаңа түсініктерді енгізді. Оқушылардың түрлі қызығушылықтары мен жұмыла атқарған істері, рухани игіліктері, білімі, біліктері біріне-бірі ықпал етіп, ұжым мүшелерінің зияттық деңгейін дамытады, білуге деген құштарлығын оятып, шығармашылық ізденіске түсіріп, ұжымдық іс-әрекетке үйретеді. Ол – халық дәстүрі мен фольклорының, табиғаттың тәрбиелік ықпалын терең зерттеп, педагогикада өзіндік қолтаңбасын қалдырған педагог.
В.А. Сухомлинский “Балаларға жүрек жылуы” (1969) атты еңбегінде тәрбиеші қызметінің нәтижелі болуы — балаларды жан-жақты дамытуға, олардың рухани өмірі мен әр баланың даму ерекшелігін терең білуге байланысты екенін көрсетті. Оның жоғары азаматтық парыз бен мораль туралы ойлары «Балаларға жүрек жылуы (1969), “Азаматтың қалыптасуы” (1971), “Ұлыма хат” атты еңбектерінде жалғасын тауып, жастарды тәрбиелеуге арналды.
В.А.Сухомлинский өмірінің соңғы жылдары оның педагогикалық идеяларында «тапсыздық тәрбие” насихатталды деген желеумен орталық баспасөз бетінде коммунистік партияның қатаң сынына ұшырады.
В.А.Сухомлинскийдің өзін үнемі аяусыз жұмысқа жегуі, негізсіз сынға ұшырауы, бұрынғы жарақатының асқынуы, 1970 жылы оның өмірінің ерте үзілуіне әкеліп соқты.
еті құрылған соң Оқу-ағарту саласы бойынша мемлекеттік комиссия (1917) ұйымдастырылды. Ол бұрын қалыптасқан мектеп жүйесін таратып, Кеңес үкіметінің мүддесіне қызмет ететін жаңа мектеп жүйесін құруды көздеді.
1917-1918 жылдары Кеңес үкіметі қабылдаған 30-ға тарта мемлекеттік декреттер негізінде кеңес мектебін құру ұстанымдары қайта қаралды:
- Қазан төңкерісіне дейінгі барлық оқу-тәрбие мекемелерінің типтері таратылып, мектеп жүйесі өзгертілді;
- мектеп шіркеуден бөлініп, діни мектептер таратылып, мектепте дінді оқытуға тыйым салынды;
- барлық азаматтардың шыққан әлеуметтік ортасына, дініне, ұлтына және т.б. қарамастан, білім алу құқы жарияланды;
- Ресей құрамындағы барлық халықтарға өз ана тілінде оқуға мүмкіндік берілді;
- ұл балалар мен қыздарды бірге оқыту қолға алынды;
- тұңғыш рет мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылатын болды;
- мектеп ісін басқару мемлекет қарамағына алынды.
Халыққа білім беру қайраткерлері және I Жалпыресейлік халықағарту сьезі (1918). Мектеп ісін басқаруды Кеңес үкіметі большевиктік партияның көрнекті қайраткерлері А.В.Луначарский мен Н.К.Крупскаяға жүктеді.
1918 жылы оқу-ағарту жөніндегі мемлекеттік комиссияда А.В.Луначарскийдің және Н.К.Крупскаяның басқаруымен “Бірыңғай еңбек мектебі туралы ереже” және “Бірыңғай еңбек мектебінің негізгі ұстанымдары” атты құжатты даярлау жұмысы жүргізіліп, 16 қазанда аталған құжаттар жарияланды. Осы құжаттың екіншісі “Бірыңғай еңбек мектебі туралы декларация” деген атпен халыққа тарады. “Декларация” мектептің саясатпен байланысты болуын кеңес педагогикасының ең негізгі ұстанымы ретінде атап өтті.
Анатолий Васильевич Луначарский (1875-1933), Халық ағарту комитетін 1929 жылға дейін басқарып, коммунистік тәрбие беру идеясын насихаттап, мектепті қайта құру мәселелерімен белсене айланысты. Оның негізгі ұстанған идеясы жас ұрпаққа қоғам мүддесіне сай білім беру және тәрбиелеу болды.
Халықағарту комиссариатыныңбелгілі қайраткерлерінің бірі — Надежда Константиновна Крупская (1869-1939). Оның негізгі идеясы жас ұрпаққа коммунистік тәрбие беру болды. Н.К.Крупская еңбек тәрбиесіне жалпы және политехникалық білім беруге, мектепке дейінгі және мектептен тыс тәрбиеге, оқыту мен тәрбие мазмұнына арналған көптеген педагогикалық еңбектер жазды.
Ол еңбек тәрбиесін политехникалық білім берумен ұштастыру қажет деп санады, политехникалық білімнің жалпы білім негізінде берілуін талап етті. Политехникалық білім беруге Н.К.Крупская тірі табиғатты, материалдардың технологиясын, өндіріс құралдарын, олардың тетігін, энергетиканы білу, сонымен қатар экономикалық қатынастардың жағрафиялық негізін білу жатады деп санады. Политехнизм жеке пән емес, — деді ол, — барлық пәндерді оқытуда сол пәндердің (физиканың, химияның, жаратылыстың, қоғамтанудың) материалдарын іріктеп алу арқылы берілетін білім: ол пәндер бірімен-бірі байланысты тәжірибемен ұштастырыла оқытылуға тиіс, әсіресе оқыту еңбекпен байланыстырылуы керек деп есептеді.
1918 жылы I Жалпыресейлік халық оқу-ағарту съезінде жаңа мектептің бағытын айқындайтын құжаттардың “Бірыңғай еңбек мектебінің ережесі” және “Бірыңғай еңбек мектебінің негізгі ұстанымдары” деп аталған құжаттардың жобалары қабылданды. Осы құжаттардың негізінде мектепті қайта құру ұстанымдары мен оқудың жаңа мазмұны қарастырылды, оларда:
- жергілікті басқару органдарынан мектеп ісін тікелей қолға алу талап етілді; етілді;
- мектепте өзін-өзі басқаратын орган (мектеп кеңестерін) құру, оныңқұрамына педагогтар, оқушылар, ата-аналардың өкілдерін қамту көзделді;
- жергілікті жердің жағдайын ескеретін, үлгі ретінде (міндетті емес) оқу бағдарламалары енгізілді;
- ғылым негіздерінен оқулықтар дайындалды, қолданыста бар оқулықтарды пайдалануды ұсынды;
Алайда бұл құжаттарда балалардың білімін күнделікті тексеріп отыру, үйде орындауға тапсырма беру, емтихан тапсыру міндеттелмеді.
Жаңа мектепті құрудың алғашқы жылдарында мұғалімдер мен оқушылардың тәжірибелік ізденістеріне шектеу қойылған жоқ. Оқу ісін ұйымдастыруға мұғалім мен оқушылар тең құқықпен белсенді түрде өздері қатысуы тиіс болды. Мектептегі оқытудың негізіне еңбек тәрбиесі алынды. Мектептегі еңбек тәрбиесі ең бірінші маңызы зор мәселе ретінде қаралумен бірге, оқушылардың дене және эстетикалық тәрбиесіне де ерекше назар аударылды, политехникалық білім беру мәселесін қолға алу керектігі атап көрсетілді.
Балалармен гуманистік, яғни ізгілік қатынас құру мақсатында мұғалім мен оқушы арасындағы сыйластық қарым-қатынас үлгісін орнатуға көңіл бөлінді.
Бірыңғай еңбек мектебінбір нұсқадағы ғана мектеп деп түсінбей, олар ұстанатын жалпы идеялар бірлігін талап етумен бірге, жергілікті аймақтың жалпы және айырықша ерекшеліктерін ескеру қажеттігі айтылды.
1920 жылы Оқу-ағарту халық комиссариаты кеңес мектебінің оқу жоспарын жариялады. Бұл оқу жоспарының ерекшелігі әр түрлі оқу пәндерін оқытуға назар аударылды. Орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерін оқытуға сағат көбірек бөлінді. Сонымен бірге, алғашқы оқу жоспарының басты кемшілігі — оның орындалуы міндетті болмады, ол тек үлгі ретінде ғана ұсынылды.
Орыстан өзге халықтардың балалары үшін ұлттық мектептер құрыла бастады.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында оқыту мен тәрбие беру мекемелерінің төмендегідей жаңа типтері ұйымдастырылды.
Сауатсыздықты жою мектептері. 1919 жылы 26 желтоқсанда сауатсыздықты жою туралы декрет жарияланды. Онда 50 жасқа дейінгі азаматтар орыс және ана тілінде сауатын ашуға міндетті болды. 1920 жылы Н.К.Крупскаяның басшылығымен сауатсыздықты жою мақсатында Жалпыресейлік төтенше комиссия құрылды. Одақтас республикаларда да сауатсыздықты жою пункттері мен шала сауаттыларға арналған мектептер ашылды. Мысалы, қазақтың ұшы-қиырсыз кең даласын “Қызыл керуендер” мен “Көшпелі қызыл отаулар” шарлай бастады. Олардың қызметкерлері сауатсыздар мен шала сауаттылардың есебін жүргізді. Ескере кететін жәйт – латын алфавитіне көшуге байланысты араб жазуын білетін сауатты адамдар жалпы есепке алынбады.
Панасыз балаларға арналған балалар үйі. Қазан төңкерісінен кейінгі жылдары панасыз балалар саны тым көп еді. Жүздеген мың балаларды аштан өлуден және моралдық азғындаудан құтқару керек болды. Осы мақсатпен одақтық республикаларда балалар үйлері құрылды. Мысалы, тек Қазақ республикасында 1921 жылдың басында 5 мыңнан аса балалар үйінде 260 мың панасыз балалар тәрбиеленсе, 1922 жылы балалар үйлерінің саны 7815-ке, ал оларды тәрбиеленетін балалар саны 415 мыңға жетті.
Балалар бақшалары мен яслилері. Әйелдердің шаруашылық, саяси, мәдени өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау үшін мемлекет тарапынан балалар бақшалары мен яслилері және ойын алаңдары ұйымдастырылды.
Жұмысшы факультеттері 1919 жылдан бастап жұмысшы мен шаруалардың мектеп жасынан есейіп кеткен балалары үшінқұрылды. Бұл оқу орындары 4 жыл мерзімде жастардың жоғары оқу орындарына түсуіне қажетті орта білім берді.
Бұрынғы жоғары оқу орындары мемлекет қарауына алынып, онда қыздарды тегін оқыту көзделді. Жоғары оқу орындарының саны да тез дами бастады.
Ресей федерациясының Халық комиссарлар кеңесі 1928 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орнын ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес 1928 жылы Алматыда – республикада мұғалімдерге педагогикалық жоғары білім беретін тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ педагогика институты құрылды. Алғашында Қазақ педагогика институтында кішігірім үш бөлім ашылды. 1928 -1929 оқу жылында осы бөлімдерде 124 студент оқыды, 9 оқытушы (алтауы қазақ), оның ішінде үш профессор болды, белгілі тарихшы, профессор, институттың бірінші ректоры — С.Д.Асфендияров, көрнекті ғалым-тілші – Қ.Жұбанов, әдебиетші профессор – Н.Н.Фатов, тағы бір доцент қызмет етті.
1931 жылы желтоқсанда институт орта мектептерге өзінің алғашқы 59 түлегін ұшырды. 1932 жылға дейін бұл институт педагог мамандар даярлайтын, қазақтың ұлттық зиялыларын қалыптастыратын бірден-бір орталық болды.
1935 жылы институтқа қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың есімі берілді. Институтта осы кезде көптеген көрнекті ғалымдар істеді. Олар: қазақ әдебиетінің негізін салушы С.Сейфуллин, академик жазушы –М..Әуезов, профессор Ш.Әлжанов, көрнекті ғалым-тілші – С.Аманжолов, академиктер С.Мұқанов, Т.Тәжібаев, С.Кеңесбаев, О.Жәутіков, т.б.
Жалпыға бірдей бастауыш және жетіжылдық оқуды енгізу (1930). 1930 жылдың 14 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесі жаппай бастауыш білім беруді жүзеге асыру туралы қаулы қабылдады. Онда одақтың барлық жерінде балаларға жаппай бастауыш білім беруді жүзеге асыру талап етілді, 8-9 жасар ер және қыз балалар мектепте білім алуы міндетті деп белгіленді.
1930-1931 жылдан бастап бастауыш мектепте оқу, төрт сынып көлемінде білім алу міндетті болып белгіленді. Осы оқу жылынан бастап 11-15 жас арасындағы балаларды жаппай оқыту белгіленді.
1930/31 оқу жылынан бастап өнеркәсіпті қалаларда, аудандарда, жұмысшы бекеттерінде жетіжылдық мектеп көлемінде білім беру жүйесі енгізілді. 1930 -1935 жылдары ұлттық республикаларда жалпыға бірдей бастауыш және жетіжылдық білім беру күшті қарқынмен жүргізілді.
Осы кезеңдегі мектеп жұмысы жайындағы қаулыларда мектептің оқу жұмысында орын алып келген кемшіліктер мен бұрмалаушылықтар (лабораториялық-бригадалық әдіс, сынып-сабақ жүйесін жете бағаламау, т.б.) ерекше аталып көрсетілді.
Отызыншы жылдардың басында “Жалпыға бірдей бастауыш білім беру” туралы Заң (1930, тамыз) қабылданып, “Бастауыш және орта мектеп” (1931, қыркүйек), “Бастауыш және орта мектептегі оқу бағдарламалары мен режимі” (1932, тамыз) тарихи қаулылардың қабылдануы Қазақстандағы ағарту жүйесінің дамуына тікелей әсер етті. Қазақ АССР Халық ағарту комиссары С.Меңдешев 1932 жылы мектептерде пәндік оқу жүйесіне көшу басталғанын, осы мақсатта жаңа оқу бағдарламаларының жасалып, талқылауға жіберілгенін хабарлады. Осы жылы болып өткен Халық ағарту қызметкерлерінің өлкелік конференциясында қазақ мектептеріне арналған оқулықтарды талдауға айырықша көңіл бөлінді.
Сол кездегі бірқатар мемлекеттік құжаттарда, халық ағарту саласының қызметкерлері мен ғалым-педагогтардың сөздерінде білім беру, тәрбиелеу үрдісін жетілдіре түсу үшін арнайы ғылыми-әдістемелік орталықтың қажеттігі айтылды. Сонымен, 1932 жылы Алматыда Ғылыми-педагогикалық кабинет құрылды.
1933 жылдың қаңтарында Республикалық Халық ағарту комиссариатының қарамағындағы Ғылыми-педагогикалық кабинеттің негізінде Педагогикалық ғылыми-зерттеу институты құрылды. Алғашқыда оның құрамында небары үш сектор және әдебиет оқулықтарының кабинеттері болды. Институттың басты міндеті – институт айналысатын мәселелерді анықтау, өзін мамандармен қамтамасыз ету, ғалымдарды, әдіскерлерді оқу бағдарламалары мен төл оқулықтар жасауға жұмылдыру болды. Бұл жұмыстардың басында институттың тұңғыш директоры – Ш.Әлжанов, ғылыми қызметкерлері С.Балаубаев, Қ.Жұбанов, Ә.Сытдықов, С.Логинов сияқты белгілі ғалым–педагогтар тұрды.
Оқытудың негізгі формасы – сабақ, ол белгілі кестемен, тұрақты құрамы бар сыныппен жүргізілуі керектігі айтылды. Оқытушының жаңа сабақты жүйелі түсіндіруі, оқушылардың оқулық және кітаппен өздігінен жұмыс істеуі, оқушылардың жазу мен сызу жұмыстары, лабораториялық жұмыстар, тәжірибе көрсету және экскурсия жүргізу талап етілді.
Мектептегі тәрбие жұмысын жақсарту — пионер ұйымының ең негізгі міндеті, ол оқушыларды оқуға, еңбекке және қоғам жұмысына коммунистік рухта тәрбиелеуі қажет деп саналды.
Әр сыныпта тәрбие жұмысын басқару үшін жетекші белгіленді. Олар 1934 жылдан бастап сынып жетекшілері деп аталынды. Жүзеге асырылған осындай шаралар кеңес мектебіндегі жалпы білім беру сапасын айтарлықтай көтеруге мүмкіндік берді.
Мектеп және мектептен тыс тәрбие мекемелері (пионер сарайлары, балалар клубтары, т.б.) көркемөнерге, эстетикалық тәрбиеге едәуір көңіл бөлді. Республика астанасында және кейбір облыстық қалаларда балаларды көркемөнерге тәрбиелеу үйлері құрылды. 1934 жылдан бастап көркемөнер олимпиадалары өткізіле бастады.
Партия мен Халық комиссарлар кеңесінің 1934 жылғы қаулысында мектептің бірыңғай жүйесі: төртжылдық бастауыш мектеп (1-IV), жетіжылдық орталау мектеп (I-VII сынып) және онжылдық мектеп (I-X сынып) белгіленді.
1935 жылы “Бастауыш, орталау және орта мектептің ішкі тәртібі және оларда оқу жұмысын ұйымдастыру туралы” қаулы қабылданды. Бұл қаулы бойынша оқу жылының басы 1 қыркүйек болып белгіленді, оқу жылы төрт тоқсанға бөлініп, оқу жылының аяқталу мерзімі анықталды. Осы қаулыда оқушылар білімінің сапасының төмендігі, үй тапсырмаларының шамадан тыс берілуі, жаңа материалдардың сыныпта пысықталмауы, т.б. мектеп жұмысында орын алған кемшіліктер көрсетілді.
Ұлттық республикаларда мектеп оқушыларының саны жылдан жылға артты. Оларға ана тілінде мектеп ашу үшін оқулықтар даярлау қажет болды. Одақ халықтарының тілінде әліппе және басқа оқулықтар баспадан шығарылды. 1928 жылы Одақта 70 тілде, ал 1934 жылы 104 тілде кітаптар баспадан шығарылды. Ұлт мектептерінде оқитын балалар үшін латын алфавиті орыс алфавитімен ауыстырылды. Біріншіден, бұл оқушылардың орыс тілін меңгеруін жеңілдетсе, екіншіден кеңес үкіметінің басты саясаты, барлық халықтарды бір тілде сөйлетіп басқаруды көздеді, осының салдарынан біртіндеп ұлт мектептерінің қоғамдық өмірдегі маңызы әлсіреді.
Қазақстанда 1940 жылы латын алфавитынан кириллица алфавитына көшу туралы Қазақстан Жоғары кеңесi қаулы қабылдады. Осыған орай 1941 жылы қазақ мектептерi төл және орыс тiлiнен тәржiмаланған оқу құралдарымен қамтамасыз етiлдi.
Сонымен, 30 жылдардағы мектепті қайта құрудың жетістіктері мынадай:
- білім беру жүйесінің құрылымы (бастауыш мектептен жоғары мектепке дейін) пайда болды;
- реттелген пәндер жүйесі, оқу жоспары қалыптасты;
- сабақ беру тәртібі бекітілді;
- міндетті бағдарламалар мен оқулықтар енгізілді.
Осы жылдары енгізілген оқу жүйесінің өзіндік кемшіліктері де болды. Мәселен, білім нәтижесі есепке алынбады, оқыту мазмұны мен оны ұйымдастыру әдістері бір сарынды болды, саралап оқытуға мән берілмеді.
Дегенмен, жалпы жетіжылдық білімді ұйымдастыру халықтың білім деңгейін көтеруге себеп болды. Сол кезеңдегі сауатсыздықты жою үкімет алдындағы басты мәселелердің бірі болды.
1939 жылы Одақтың он жастан асқан әрбір бесінші азаматы оқу мен жазуды меңгермеген еді.
Кеңес одағы елдеріндегі педагогиканың дамуы және қалыптасуы. 20-шы жылдары мектепті қайта құруға байланысты теоретиктер — педагогтар арасында өткір пікірталас жүрді. Ол үкімет пен мектеп арақатынасы қандай болуы керек деген мәселелер төңірегінде өрбіді. Марксист-педагогтар Н.К.Крупская, А.В.Луначарский, М.Н.Покровский, А.П.Пинкеевич, В.М.Познер және т.б. мектепті халықтарды рухани тұрғыдан азат ету құралы деп қарауды ұсынды, мемлекеттің партия саясатымен тығыз байланыста болуын насихаттады.
П.Ф.Каптерев, В.И.Чернолуский, П.П.Блонский бастаған педагогтар мектептің үкіметтен бөлінуін, «партиядан және саясаттан тысқары” мектеп болуын талап етті. Осы талапқа байланысты оқытуды өмірмен байланыстыру керек деген мәселе туындады. Оқу-ағарту халық комиссаритатының өкілдері де мектепті өмірмен ұштастыру керектігін қолдады.
Білім беру мекемелерін ұйымдастыру мәселесі де кеңінен пікірталасқа түсті. Мысалы, Украина мен Ресейде педагогтардың бірқатары — балалар үйі дәстүрлі мектептердің орнына «мектеп-коммуна” ашып, онда «балалардың шынайы патшалығын орнату” идеясын ұсынды.
20-шы жылдары политехникалық мектепті ұйымдастыруға байланысты мәселелер де пікірталасқа түсті. Оқу-ағарту Халық комиссариаты кәсіби білім беру бөлімінің жетекшілері кәсіби мектеп құруды ұсынды. Оларға мектепте оқушыларға политехникалық білім беру идеясын ұстанған педагогтар қарсы болды.
Бұл кезеңде Мемлекеттік оқу кеңесінің (ГУС) бағдарламалары, мектептегі оқыту әдістері және оқушыларға теория мен тәжірибені меңгерту мәселелері қызу талқыланды.
20-шы жылдары оқу-тәрбие мәселесіне педология ене бастады. Педология – баланың тағдыры биологиялық (тұқымқуалаушылық) және әлеуметтік (өзгермейтін орта) ықпал арқылы анықталады деген тұжырымды ұстанды. Педология оқулықтары басылып, оның мамандары жоғары оқу орындарында даярланды.
Балаларды зерттеудің негізгі құралы тест болды, тест арқылы балалардың «ақыл-ой дамуының толықтығы”, «ақыл-ой дарындылық коэффиценті” анықталды. Мұның басты кемшілігі баланың ерекшелігін зерттеу туралы жасалатын қорытындыда баланың дамуына ықпал ететін тәрбие, білім, оның өзіне тән белсенділігі ескерілмей, біржақты баға берілді.
Осындай зерттеу әдістерінің кемшілігінен, яғни тек тест тапсырмалары арқылы зерттелген, ақыл-ой қабілеттері дұрыс балалардың көпшілігін ақыл-ой дамуы жағынан төмен, оларды арнайы мектептерде оқыту қажет деген ақылға сыймайтын тұжырым белең алды. Сондықтан партияның 1936 жылы 4 шілдеде «Оқу-ағарту халық комиссариаты жүйесіндегі педологиялық бұрмалаушылықтар туралы” қаулысында педологияның және педологтардың залалдығы қатты сынға алынды, олардың қорытындылары ғылыми негізде жасалмағаны атап айтылды, сөйтіп, педологиялық ғылымның дамуына тосқауыл қойылды.
Сонымен, 20-шы жылдары жаңа мектепті құру ізденістері — жан-жақты дамыған, әлеуметтік тұрғыдан белсенді тұлға тәрбиелеу мәселесіне бағытталды. Мектептің басты ұстанған бағыты оқу-тәрбие ісін өмірмен тығыз байланыстыру, мұғалімдер мен оқушылардың белсенділігін және шығармашылығын арттыру болды. Жіберілген олқылықтардың бірі — бұрыннан ғасырлар бойы қалыптасқан білім беру жүйесіндегі тәжірибе ескінің сарқыншағы делініп түгелдей жоққа шығару еді, ал оның орнына шетел педагогикасындағы ой-пікірлерге көбірек көңіл бөлінді. Жаңа мектепті қалыптастыру мәселесі өте күрделі болды, кереғар пікірталастар, біріне–бірі қайшы нұсқаулар теориялық ізденістердің дамуына кедергі жасады .
Мұғалімдер мен тәрбиешілердің жаңа оқу бағдарламаларымен жұмыс жасауына олардың кәсіби даярлықтарының төмендігі және басшылыққа алынатын құжаттардың шалалығы қиындық келтірді.
Бұл кезеңдегі жаңа мектептің бұрынғы мектептерде орын алмаған жетістіктері де болды. Олар — оқушылардың өзіндік іс-әрекетін, белсенділігі мен шығармашылық қабілетін дамыту жағынан көрініс тапты.