Кеңес дәуіріндегі Ресей мектебі мен педагогикасы П.П Блонскидің ,С.Т Шацкийдің көзқарастары.

Жоспар:

  1. П.П.Блонскийдің педагогикалық көзқарастары
  2. П.П.Блонскийдің педагогикалық теориясы
  3. С.Т.Шацкийдің педагогикалық көзқарастары
  4. С.Т.Шацкий — еркін тәрбие беру тұжырымдамасының негізін қалаушылардың бірі

Лекцияның мәтіні:

П.П.Блонский (1884-1941) – 200-ге тарта педагогикалық, психологиялық және философиялық еңбектердің авторы.

П.П.Блонский өзінің педагогикалық көзқарастарын «Халық мектебінің мақсаттары мен міндеттері” (1916) атты еңбегінде ұсынды. Кеңестік мектептерде оның сол көзқарастары мейілінше дамытылды. Оның еңбегіндегі елеулі жаңалықтар:

  • оқыту мен тәрбие беру ісін баланың жас ерекшелігіне лайықтап ұйымдастыру;
  • баланың жеке басын құрметтеу, баланың талабы мен ынтасын ескеру;
  • ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және еңбек тәрбиесін жан-жақты жүргізу;
  • еңбек тәрбиесі мен политехникалық білім беру.

Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі П.П.Блонский еңбектері негізінен педагогика ғылымының политехникалық білім беру негіздерін анықтауға арналды.

Оның “Еңбек мектебі“ және т.б. еңбектерінде оқыту мен тәрбиелеудің көкейтесті ұстанымдары сақталды, ол:

  • еңбекке оқытудың жалпы білім берумен тығыз байланысын қамтамасыз ету;
  • жалпы және политехникалық білім беруді ғылым табыстарымен байланыстырып жүргізу;
  • білім беруді баланың жас және жеке бас ерекшеліктеріне лайық ұйымдастыру.

П.П.Блонскийдің мектепке дейінгі педагогика, адамгершілік және жыныстық тәрбие мәселелеріне арналған еңбектерінің де маңызы зор болды.

Ол мектептегі педагогикалық үдерісті баланың жас және жеке бас ерекшеліктеріне байланысты ұйымдастырудың маңызына ерекше мән берді.

П.П.Блонский өз еңбектерінде екі мәселеге ерекше назар аударды:

— бала психикасын дамытуды, психиканы эволюция нәтижесі деп қарастыруды ұсынды;

— баланы зерттегенде оған біртұтас көзқарас тұрғысынан (оның тәндік және психикалық қасиеттерін өзара байланыс пен өзара әрекеттестікте) қарауды ұстанды.

Оның еңбектері педология арнасында зерттелді. Ол 1934, 1936 жылдары шыққан педология оқулықтарында балалардың жас ерекшеліктерін түрлі кезеңдерге бөліп, оның оқу-тәрбиемен байланысын атап көрсетті.

«Ғылыми психология очерктері” (1921), «Психологиялық очерктер” (1927) атты еңбектерінде психикалық тіршіліктің қалыптасуы мен дамуы және психикалық қызметтің деңгейлері туралы өзіндік пікір ұсынды: ұйқыдан (қарапайым психикалық күй) жоғары зияттық істерді атқаруға дейінгі психикалық қызметтің ережелеріне сипаттама жасады. Сонымен қатар, жас кезеңдеріне қарай, ойлау қызметін эксперимент барысында тексеруге ұмтылды.

Ес-жады теориясын, оның түрлі кезеңдерін зерттеді. Адам іс-қылықтарының негізі эмоцияға байланысты деп есептеді. Сонымен қатар, түрлі психикалық құбылыстар мен үдерістердің өзара әрекеттестігіне баса назар аударды.

. С.Т.Шацкий өз еңбектерінде адам өміріндегі балалық шақтың маңызын, оның ерекшеліктерін, заңдылықтарын, әр жас кезеңінің оқу-тәрбиедегі мәнін — балалық шақтың құнды ұстанымдарын анықтауға арнады. Бұл ұстаным бойынша оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда баланың дүниені сезінуін, оның ішкі жан дүниесін ескеру керектігі баса айтылды.

Оқу-тәрбие жұмысы баланың даму заңдылықтарына сәйкес, айналадағы ортамен байланысты ұйымдастырылуы тиіс. Бұл баланың табиғи дамуын ескеру ұстанымына және оның ішкі сезімінің дүниесіне сәйкес келеді.

Ол баланы оның табиғи дамуына лайықты шығармашылық қызметке: танымдық, көркем-шығармашылық, ойын, еңбек, қарым-қатынас құруға өз еркімен араластыру қажет деп есептеді.

Еркін тәрбие беру тұжырымдамасын ұстанған педагог, баланы биологиялық және әлеуметтік тіршілік иесі санағандықтан, білім және тәрбие беру үдерістерінде оның биологиялық жағын ескеру, баланың тиімді дамуын қамтамасыз ететініне назар аударды:

— ортаның қоятын талабы заңды, сондықтан оқу-тәрбие үдерісінде ортаның ықпалын ескеру шарт;

— оқу-тәрбие үдерісі тұлғаны жан-жақты дамытуға бағыт беріп, оларды әлеуметтік өмірдің тар аясына салмауы тиіс.

С.Т.Шацкий мектеп ортаны өзгертуге қатысуы қажет деп санайды. Тұлғаның шығармашылық дамуына ортаның теріс ықпалы байқалатын болса, онда оқу-тәрбие үдерісін арнайы ұйымдастырылған ортада жүргізу қажеттігін ұсынды.

Еркіндік ұстанымына құрылған оқу-тәрбие үдерісі мемлекеттік мектептерден өзгеше болуы тиіс, мектепішілік жұмыста білімді бағалаудан, емтиханнан бас тарту, қайырымдылыққа негізделген орта құру, баланың күш-қуаты мен мүмкіндігіне сенім арту, оқыту талаптарының табиғи болуы, балаларға ешқандай тәндік жаза мен моральдық қысым көрсетілмеуі, оқушылардың оқу әдістері мен мұғалімдерді таңдауына ерік берілуі керек деп есептеді.

Оқуды еркіндік ұстанымына негіздеуді ұстанған педагог мектепті үкімет бақылауынан босату керек деді.

Еркін тәрбие тұжырымдамасы бала тәрбиесіндегі әлеуметтік ортаның ықпалы күшті деп ескертеді. Баланың ерік сапасын қалыптасыруда ақыл-ой, адамгершілік, дене дамуын қамтамасыз ететін өнімді еңбектің маңызын ерекше атап көрсетеді.

С.Т.Шацкийдің педагогикалық еңбектерінде баланы еңбекке тәрбиелеудің теориялық және тәжірибелік қыры жан-жақты ашылып көрсетіледі. Ол баланың жас кезіндегі еңбегін өнермен және ойынмен тығыз байланысты дамыту қажеттігі туралы құнды пікірлер ұсынады.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақ-тапсырмалар:

  1. Кеңес мектебін құру ұстанымдарының ерекшеліктерін атаңыз.
  2. Жаңа құрылған мектепті ұйымдастыру ұстанымдары мен мазмұны қандай еді?
  3. Оқыту мен тәрбиелеу мекемелерінің жаңа типтеріне сипаттама беріңіз.
  4. 30-шы жылдардағы мектептерде білім беруде қандай күрделі өзгерістер болды?
  5. Марксист — педагогтар -Н.К.Крупская, А.В.Луначар–

ский, М.Н.Покровский және т.б. мектепті ұйымдастыруда қандай пікірді ұстанды?

  1. 20-шы жылдары педагогикада қандай пікірталастар орын алды?
  2. Ұлы Отан соғысы қарсаңындағы мектептің жайын сипаттаңыз.

Реферат тақырыптары:

  1. 20–30-шы жылдардағы мектептің құрылымы мен мазмұнын жетілдіру ерекшеліктері.
  2. П.П.Блонскийдің педагогикалық идеялары.
  3. С.Т.Шацкийдің еркін тәрбие беру тұжырымдамасы.
  4. А.С.Макаренконың ұжымдық тәрбие теориясы.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясына 70 жыл (1933-2003) /Бас редактор Құсайынов А.К. – Алматы: Рауан, 2003.
  2. Джуринский А.Н. История педагогики; Учебное пособие для студентов педвузов. – М.:Гуманитарный издательский центр ВЛАДОС, 1999. С.381.
  3. Мадин И.Б. Қазақстанда совет дәуіріндегі педагогикалық ой-пікірдің дамуы. — Алматы: Мектеп.
  4. Латышина Д.И. История педагогики (История образования и педагогической мысли); Учебное пособие. – М.:Гардарики, 2002. С. 419.
  5. Российская педагогическая энциклопедия в двух томах. – М.:Большая Российская энциклопедия, 1993, С.105-106.
  6. История педагогики и образования. От зарождения воспитания в первобытном обществе до конца ХХ века.: Учебное пособие для педагогических учебных заведений /Под ред. А.И.Пискунова. –М.: ТЦСфера, 2001. — С. 412-422.
  7. Коджаспирова Г.М. История образования и педагогической мысли: таблицы, схемы, опорные конспекты. Учебное пособие. – М., 2003.- 224с. [с 161-168].
  8. Павлова М.П. Педагогическая система А.С. Макаренко и современность. – М., 1980.
  9. Хрестоматия по истории советской школы и педагогики. – М., 1972.
  10. Бержанов Қ., Мусин. Педагогика тарихы. Қысқаша курс. –Алматы: Мектеп, 1984.- 256 б.