XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бiрiншi жартысында Германияда философиялық қозғалыстың дамуына арқау болған басты бағдар – диалектиканы шындықты танудың теориясы мен әдiсi ретiнде түсiндi. Ғылым тарихында бұл қозғалысты “немiстiң классикалық философиясы” деп атады. Оның өкiлдерi (И.Кант, Ф.Шлейермахер, И.Финте, Г.Гегель) жаңа заман педагогикасының дамуына ерекше үлес қосты.
Иммануил Кант (1724-1804) Кенигсбергтегi университетте профессор мiндетiн атқарып, философия және педагогика курстарына дәрiстер оқыды.
Ол философияның мазмұндық мәнi – табиғат заңдылықтары тәрiздес адамдар ерiк-күйi бойынша заң нормаларын ұстап, өмiрде өз орнын табу, өзiн-өзi жетiлдiруге талпынуы тиiс деп есептеді. И.Кант адамның адамгершiлiк сезiмiн қалыптастыруда iшкi жан-дүниесiнiң ар-ожданын оятуға көңiл бөлдi.
И.Финте (1762-1814) болса педагогикалық тұрғыдан адамның жеке тұлғасы ешкімге тәуелсіз, белсенді болғанда қоғамға пайдасы мол тиеді деген пікірде болды. Оның пікірінше, білім арқылы ұлттық мәдениетті адам ұғынып түсінеді, сол арқылы жалпы адамзаттық мәдениетті игереді.
Ал, Ф.Шлейермахер (1768-1834) тәрбиенің дұрыс ұйымдастырылуы барысында үлкен мен кішінің арасында келіспеушілік болмайды деп санады. Педагогика болса, бұл “өнер” дей келе тәрбие мен оқыту мазмұндарын этикамен және саясатпен ұштастырады.
Гегель Георг Вильгельм Фридрих (1770-1831) жеке тұлғаны қалыптастыру жайлы айтқанда адам тарихтың нәтижесі, ақыл мен өзін-өзі тану адамзат өркениетінің қызметінің жемісі деген қорытындыға келеді. Гегель тәрбиенің даму тарихы мен адамзат өркениеті тарихын диалектикалық байланыста қарастыруға талпынды. Тәрбие арқылы жеке тұлға қоғамдық мәдени өмірге белсенді қатысып, айналасын қоршаған ортамен қарым-қатынастар жасау арқылы қалыптасады деген пікірді дәлелдеді. Ол тәрбие мен оқыту мәселелерін тарихи және жүйелілік тұрғыда қарастырды, қоғамның еркін мүшесі білімді азамат қалыптастыруға ұмтылды, білім берудің элитарлық тұжырымдамаларына қарсы шықты. Тәрбиенің оқыту мен тәртіп сияқты жақтарын бөліп көрсетті. Оқытудың мақсаты- өзіндік ойлау қалыптастыру екенін айтты. Баланы отбасы мен мемлекет тәрбиелеуге міндетті деді.
Француз ағартушыларының тәрбие туралы ілімдері 1789-1794 жылдардағы төңкеріс қайреткерлері мен социал-утопистердің (Сен-Симон, Фурье, Оуэн) педагогикалық идеяларына күшті әсерін тигізді