Жертану

1.Жертану немесе физикалық география (грекше фюзис – табиғат) табиғат денелері мен құбылыстарының Жер бетінде таралу заңдылықтарын зерттейді. Географияның бұл саласы табиғаттың құрамдас бөліктерінің (жер бедері, ауа райы, жер беті суы,топырақ ,өсімдік және жануарлар) бір-бірімен өзара байланысын ,бір-біріне тигізетін әсерін, соның негізінде олардың аумақ бойынша сараланып таралуын анықтауды мақсат етіп қояды.

Өз кезегінде физикалық география жалпы және аймақтық салалардан тұрады. Жалпы физикалық география жер беті табиғатының бүкіл Жер шарына тән жалпы заңдылықтарын зерттеумен айналысады. Ал аймақтық физикалық география жер беті табиғатын жеке бөліктерге (материктерге,материк бөліктеріне,елдерге) бөліп қарастырады.

Адам табиғат аясында өмір сүреді, оның байлықтарын пайдаланады. Бұл жағдай табиғатты, шаруашылықты, адам қоғамы мен қоршаған ортаны біртұтас зерттеудің қажет екендігін көрсетеді. Осыдан келіп, жер бетінің табиғатын зерттейтін физикалық география мен халықты және оның шаруашылық салаларын зерттейтін – экономикалық географияның біртұтастығы шығады.

2.Қазіргі заманда адамдардың айнала қоршаған ортаға әсері тез ұлғайып, бүкіл Жер шарын қамтыды. Адам іс-әрекетінің әсерінен жер бедері, климат жағдайлары өзгеруде. Бір жерлерде қолдан орасан зорып бөгендер жасалып жатса, оған керісінше басқа бір өңірлерде көлемді су алаптары жойылуда (мысалы, Арал теңізі). Жер қыртысынан миллиондаған тонна тау жыныстары қопарылып, топырақ құрамы азып-тозуда. Өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрлері құрып кетудің аз-ақ алдында тұр, т.б. Осындай жағдайлар география ғылымының алдына табиғатты қорғау және оны тиімді пайдалану шараларын жүзеге асыру міндетін қойып оыр.

Адамның шаруашылық әрекетінің мықтап өркендеуі табиғатта болыу мүмкін өзгерістерді алдын ала болжау қажеттігін тудырады. Мысалы, ірі су электр станциясын салуға байланысты сол төңіректің табиғаты қай бағытта өзгереді, ол өзгерістердің тиімді және тиімсіз жақтары қандай болмақ деген мәселелер туады.

  1. “Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі” мамандығында оқитын студенттер “Жертану және өлкетану” курсын толық меңгеру қажет.

“Жертану және өлкетану” курсының мақсаты болашақ бастауыш мұғалімін табиғат денелері мен құбылыстарының Жер бетінде таралу заңдылықтарымен және туған өлкенің табиғатын, тарихын, халқы мен шаруашылығы жайлы білім, іскерлік және дағдыларымен толық таныстыру болып табылады.

“Жертану және өлкетану” курсының мазмұнын игеру барысында студенттер балаларды Жер бетіндегі тіршіліктің мәні мен маңызын, аспан әлемінің сан қырларын, сонымен қатар өз өлкесінің табиғат байлықтары мен шаруашылығы туралы, мәдениеті жайлы білімдермен қаруландырады.