Клетка-өте кішкентай тіршілік қабілеті бар тірі организмнің құрамдас бөлігі, жеке функционалды бірлігі. Клетка-тұтас организмнің барлық заңдылық қасиетін сақтайтын негізгі кішкентай бөлігі. Барлық тірі организмдер денесі, ең қарапайымынан бастап күрделі құрылыстарына дейін клеткадан тұрады. Клетка-өз бетімен тіршілік ете алатын, көбейетін, дамитын тіріжүйе. Клетка – аса маңызды тіршілік процесі жүретін орын. Клетка- көмір қышқыл газын, суды, күн сәулесі энергияның арқасында бойына сіңіріп, органикалық және биологиялық активті заттар қорын жинап, ылғи да зат алмасу процестері болып жататын орын, сонымен қатар клетка тұқымқуалайтын заттың құралуын қамтамасыз ететін орын. Клетка-өте кішкене әлем, тіршілік мәйегі.
Өсімдік клеткасын (1665 ж) ашып, оған алғаш сипаттама берген ағылшын ғылымы Роберт Гук (1635-1703). Ол өсімдіктердің жұқа кесіндісін 270 есе үлкейтетін микроскоппен қарап, олардың тор тәрізді не араның ұясына құрылымы бар екенін көріп, оны клетка деп атады. Клетка жөніндегі ұғымның одан әрі қарай дамуы ағылшын ғылымы Н.Грю (1672-1781) және итальян зерттеушісі М. Мальпигидің есімдерімен тығыз байланысты. Олар өсімдік клеткаларының формалары мен сабығына көңіл аударған.
Ағылшын ботанигі Р. Браун 1833 жылы клеткадан ядроны ашып, оған сипаттама берді, неміс ботанигі Х. Моль цитоплазманы ашты. Неміс оқымыстылары М.Я. Шлейден мен Т. Шван өсімдік клеткалары мен жануарлар клеткасының арасындағы сабақтастықтың, бірдейліктің бар екенін дәлелдеді.
2.Организмнің клетка құрылымының күрделеніп дамуы көбіне оның ядро аппарытының құрылысына байланысты. Клетка тірі заттан және тіршілік әрекетінен құралған заттардан тұрады. Клетканың тірі затын протопласт деп атайды, ол цитоплазмадан, ядро мен ядрошықтан, хлоропластан, лизосомадан, рибосомалардан, Гольджи аппаратынан, эндоплазмалық тордан, плазмодесмадан, микротүтікшелерден, байланысқан рибосомалардан, бұжырлы эндоплазмалық тордан, ядро қабықшаларынан және пластидтерден тұрады.
Цитоплазма –жас клетка кеңістігін толтырып тұратын түссіз, мөлдір, қоймалжың кілігейлі, түйіршікті зат. Цитоплазманы алғаш рет чех ғалымы Ян Пуркинье, 1840 ж. Неміс ботанигі Х. Моль 1846 жылдары ашып сипаттап жазды. Цитоплазманың серпімділік, жартылай өткізгіштік және басқа сұйық заттармен араласатын ерекше қасиеттері бар. Цитоплазманың басқа қасиетінің бірі үнемі қоғалыста болуына, қозғалысы көбіне айналмалы және тасқынды түрде болады. Айналмалы қозғалыста зат алмасу процесі жақсы жүреді. Цитоплазма қозғалысымен бірге ондағы органоидтар да қозғалады. Цитплазманың барлық жағдайы, қозғалысы ортамен тығыз байланысты. Оның қозғалысын хара балдырдан, не элодея мен валиснерия өсімдіктерінен байқауға болады.
Ядро – цитоплазмада орналасқан клетканың басты органоидының бірі. Ол барлық эукариотты организмдердің клеткасына тән. Алғаш рет ядроны ағылшын ботанигі Р. Браун 1833 жылы ашып, сипаттап жазды. Ядроның сыртын белокты липоидтан құралған үлпек қабықша – мембрана қаптап жатады, ол екі қабаттан тұрады. Ядроның өзі кариолимфа деп аталатын ядро шырыны мен ядро заты –хроматин жіпшелерінен және бірнеше шар терізді денешік – ядрошықтар тұрады. Ядро цитоплазма сияқты түссіз, қоймалжың зат, бірақ цитоплазмаға қарағанда одан тығыз, жабысқақ болып келеді. Ядроның хроматин заты құрамында фосфоры бар күрделі, белок пен нуклеопротеидтен тұрады. Ядро –клетканың қажетті құрам бөлігі, зерттеулерге қарағанда ядросыз клетка тіршілігі бұзылады. Ядро цитоплазмамен бірге отырып клетка қабықшасының құрылуына және эндоплазмалық тордың пайда болуына, клетканың бөлінуіне, нуклеин қышқылы мен белок заттарын синтездеуге қатысады.
3.Көлемі, құрылысы және орындайтын қызметі ұқсас клеткалар тобы ұлпа түзеді. Ұлпаның бір түрінің клеткалары өзара клеткааралық затпен байланысқан.
Өсімдіктің ішіне үңіліп, ондағы ұлпалардың қалай түзілгендігін көрейік. Біз тамыр мен өркен ұшін алып қарайық, бұлар ұсақ, үнемі бөлініп тұратын, ірі ядролары бар, цитоплазмасында вакуольдері мүлдем болмайтын клеткалардан түзілген. Бұл түзуші ұлпа, оның клеткаларының бөлінуі өсімдіктің өсуін қамтамасыз етеді. Мысалы, өсімдік ұрығы түгелімен осы ұлпадан тұрады.
Өсімдікті қолайсыз жағдайлардан, жарақаттанудан жабынды ұлпалар қорғайды. Бұлар тірі де, өлі де клеткалардан түзілген. Осындай өлі клеткалардың қалың әрі берік қабықшалары суды да, ауаны да өткізбейді. Мысалы, жабынды ұлпа жапырақ қабықшасын, ағаш діңдерінің тоз қабаттарын түзеді.
Жабынды ұлпа бұдан да басқа қызметтер атқарады. Бұл өсімдікті сыртқы ортамен байланыстырады: арнайы түзілімдер – лептесіктер мен жасымықшалар – арқылы өсімдік тыныс алады, суды буландырады.
Өсімдікке және оның мүшелеріне беріктік қасиетін механикалық ұлпа береді. Оның клеткаларының қалың, сүректенген қабықшалары болады, ал тірі зат көбіне болмайды. Механикалық ұлпаның мықтылығын сендер грек жаңғағының қабығын, өріктің сүйегін сындырып көздеріңді жеткізулеріңе болады, олардың құрамында ерекше тасты клеткалар болады. Ал сабақта тірек қызметін ұзарған клеткалар – талшықтар атқарады.
Су, онда еріген минералды және органикалық заттар өткізгіш ұлпалар бойымен қозғалады. Өткізгіш ұлпа клеткалары тірі де, өлі де болуы мүмкін. Бұлардың сыртқы түрі түтікшелерге өте ұқсас келеді, бұл түтікшелер тамырдан сабақ арқылы жапыраққа дейін созылып жатады.
Жапырақ пен жемістің жұмсағы, гүлдің жұмсақ бөліктері, қабықтың негізгі бөлігін және сабақ пен тамырдың өзегін негізгі ұлпа түзеді. Оның атқаратын қызметі алуан түрлі. Ең негізгісі – қоректік затты түзу және жинақтау. Жапырақ жұмсағының клеткаларында ерекше органоидтар – хлоропласттар болады. Бұлар фотосинтез процесі барысында қоректік затты түзуге қатысады.
Өсімдіктердің сыртқы ортаға кейбір қосылыстарды бөліп шығарып, ал кейбір заттарды арнаулы орындарда жинайтын қызметін бөліп шығарушы ұлпалар атқарады.