Бұқарашылдық идеясын айқын танытып, қазақ қауымындағы таптық қайшылықтың шиеленіскен кезін, хан-феодалдар мен еңбекші халық арасындағы кескілескен күресті нағыз шындық тұрғысында жырлап өткен ақын Махамбет еді.Ол-езілген елдің жоғын жоқтап, ар-намысын қорғаған күрескер ақын, Исатай Тайманов бастаған шаруалар қозғалысына бастан-аяқ қатынасқан, сол қозғалыстың ең бір табанды сарбазы, жалынды үгітшісі, өз кезеңінің ірі қоғам қайраткері.
Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы, қазіргі Гурьев пен Орал облыстарына қарасты Нарын құмында туған. Махамбеттің шыққан ортасы-шағын шаруа. Бірақ бір ағасы-Бекмұхамбет хан сарайына жақын, Жәңгір ханның сенімді биі болған. Ол жағында болып көтеріліске қарсы күрескен. Ал Махамбеттің басқа ағайындылары көтеріліс жағын жақтап, жау қолынан қаза тапқан. Ер жетіп, ат жалын тартып мінгеннен бастап Махамбет өмірдің жай-жапсарына ой жіберіп, сын көзімен болжай білген озық ойлы албырт жас ретінде көзге түседі. Қалың еңбекші қауымның ортасында өскен ол бұқара халықтың зары мен мұңын жақсы білді, жігіт шағында хан ордасы маңында болып, өзгеше өктем ортаға кездесіп, ондағы сән-салтанат, байлықтың сырын терең түсінді. Байлық пен салтанатқа, сарайдың жалтырауық сыртқы сәніне қызыққан жоқ. Махамбет халық қозғалысы тұсында өсіп, күрес-тартыста шынығып, әдебиет майданына келген өршіл идеяны алып күшті, өрен ақыны болатын.
Махамбет ұл болып туған жастың масаты:”Ереуіл атқа ер салу, егеулі найза қолға алу, алты малтаны ас қылып, ат үстінде күн көріп, ашаршылық шөл көріп” жүріп, жаудан кек алу, халықтың арын, жерін қорғай білу деп түсінеді. Махамбет XIX ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүріп, сол кезеңнің зор дүбірлі тарихи оқиғасының жалынды жаршысы, насихатшысы болды. Махамбет ел тарыққан заманда одан шығар жолда батыл күрестен тауып, жауына қарсы қол бастаған қамқоршы, әрі батыр, әрі ақын болды.
1925 жылы Халел Досмұхамедұлы жариялаған “Исатай-Махамбет” атты кітаптағы пікірлер бойынша, “Махамбеттің өзі де жас кезінде Жәңгірдің нөкерінде болған екен. Исатай ханға қарсы бола бастағанда – ақ Исатайға еріп кеткен. Махамбеттің өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы; өте қызулы адам екен…”-делінген.
Сондай-ақ Махамбеттің орысша, мұсылманша сауатты адам болғаны туралы деректі материалдар бар екені мәлім. Олардың бірі тарихшы А.Ф.Рязанов тауып мәлімдеген Махамбеттің 1939 жылғы елде қалған жолдастарына жазған хаты; екіншісі , 1845 жылғы Орынбор шекара комиссиясына баласы Нұрсұлтанды оқуға алуын сұрап, өз қолымен жазып жолдаған арызы.
Махамбет өз кезінің алдыңғы қатарлы, көзі ашық, білімді адамы болған.Хан сарайы айналасында жүрген Махамбет жас кезінен оқуға мүмкіндік алған.
Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар қозғалысы туралы соңғы жылдары жаңа деректер табылып, олар баспа бетін көре бастады.Сол деректердің ең ұстамдысы деп біз Никита Савичев (1821-1855) қалдырған еңбекті атамақпыз. Никита Федорович Савичев XIX ғасырдың екінші жартысында Орал қаласында әскеи қызмет атқарған, тарихшы-этнограф, архив ісімен шұғылданушы, сурет өнерімен, жазушылықпен әуес, жан-жақты талапкер адам болған.Исатай мен Махамбет көтерілісі туралы алғаш тарихи шынайы пікір түйіндеген прогресшіл зерттеуші.
Исатай қозғалысын біз бұрын батыр өлген 1838 жылмен аяқтап жүрдік. Ал Савичев материалдары бойынша көтерілістің жалғасы 1842 жылы Аббас Кучиев және Муса Айбулатовтар басшылығымен хан Жәңгірдің қатал жауыздығына қарсы болыпты.Бірақ сәтсіз аяқталған.
Савичевтің мәліметі бойынша, Исатай Тайманов 1838 жылы 12 шілде күні Ақбұлақты оқиға үстінде “өз ерлігінің құрбаны ретінде қаза тапты” деп, Исатай Таймановты ол аққан жұлдызға (метеорға) балайды, “Дауылпаз батыр” санайды.
Н.Савичев Исатайдың серіктері ішінде Махамбетті ерекше еске алады. Ол көп жерде екеуін қатар атап, нағыз пікірлес, мақсаттас, қайтпас қайсар батырлар санайды.”Көтеріліс тәмамдалғаннан соң,-дейді Савичев, -Исатай нөкерінің аман қалған қазақтары Қиылға қарай жол тартты. Бұлардың ішінде Таймановтың бірден-бір жанашыр жолдасы, әрі жолын қуушы шәкірті ретіндегі ақын інісі Махамбет Өтемісов те бар еді”. Исатай қазасынан кейін Махамбеттің жауына берілмей, батыр ісін қайта бастап, көтеріліс туын жықпау жолында жан аямай күресіп, ат арқасынан түспегенін, ақыры қатыгез жаулары оны да құтқармағанына аяныш білдіреді.”Ықылас бастаған Б.Айшуақовтың жендеттері оны 1846 жылы 16 қазан күні (Қаройда) сатқындықпен өлтіреді”,-деп батырдың өлімін де өкінішпен аяқтайды.
Махамбет-суырып салма ақпа ақын. Өлеңдері ауызша тарап келген. Сөйтсе де ақынның кейбір өлеңдері өзінің мазмұны жағынан да, түр өзгешелігі жағынан да бұрынғы ауыз әдебиеті шеңберінен жоғары, жазба әдебиетке біртабан жақын тұр.
Махамбет өлеңдері баспа бетін кейін көрді.Кейбір өлеңдері XX ғасыр басында, Қазан төңкерілісі алдында шыққан қазақ ақындарының жинақтарына енеді. 1908 жылы қазанда басылып шыққан “Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны” деген жинаққа Махамбеттің жүз жолдан астам екі толғауы енген.Бұл басылымдағы өлең “Борайда-борай қар жауса” деп басталады. “Беріш батырының сұлтанға айтқаны” деген атпен қазір бөлек басылып жүрген бірнеше өлеңі осы жинақта біріктіріліп беріледі.Бұлардың Мұрат ақынның айтуы бойынша басылғаны ескертіледі. Жалпы мазмұнында ерекше өзгешелік жоқ… Тек кейбір жолдары ғана қазіргі басылуынан біраз бөлегірек.
Махамбет толғауларының кейбір үзінділері 1910 жылдары Орынборда шыққан “Шайыр” жинағында да басылған.Осы жинақта “Исатайдың әндесі Махамбет жыраудың сөзі” деген атпен ақынның “Ереуіл атқа ер салмай”, “Мен, мен едім, мен едім” толғаулары берілген.
Махамбет өлеңдерінің тиянақты жиналып бастырылуы, оның өмірі мен шщығармашылығын зерттеу революциядан кейін ғана құнттап қолға алынды.Атап айтсақ , Халел Досмұхамбетұлы құрастырған “Исатай, Махамбет” кітабында 1925 жылы, “Аламан” жинақтарында 1926 жылы Ташкентте басылды және осы тұста жарық көрген “Жаңа мектеп” , “Сәуле” журналдарында Махамбет өлеңдері түгелге жақын жарияланып, Исатай көтерілісі туралы мәліметтер, Ғылман ақын поэмасы және басқалары шықты.
1927 жылы шыққан М.Әуезовтің “Әдебиет тарихы” атты еңбегінде Махамбет шығармасына бірінші рет талдау жасалды. Кейінірек, Махамбеттің өмірі мен шығармашылығына М.О.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев,И .Жолдыбаевтар оқулықтарында да (1933-1934) біршама орын берілді.
Жазушы С.Мұқанов Махамбет творчествосын өзінің “XVIII-XIX ғ. әдебиет тарихының очеркінде” кең талдады. 1939 жылы Махамбет өлеңдерінің жинағы жеке кітап болып басылды.
Махамбет заман шындығынан бірден-бір дұрыс қорытынды жасай білген реалист ақын болды. Оның шыншылдығын әрбір өлеңінен көреміз. Халық бақыты, ел мүддесі үшін күрескен Махамбеттей жалынды ақын өлеңі өмір шындығынан аулақ болуы мүмкін де емес еді.
Ақын өзі бастаған қозғалысты бастан аяқ жырлау арқылы сол тарихи оқиғаның шындық көрінісін түп-түгел көз алдыңнан өткізеді. Мысалы, өзінің “Соғыс” деген өлеңінде ақын Бекетай құмына ту тіккен көтерілісшілердің дүбірін, алғаш бас қосып, жауға қарсы аттанған сәттерін жырлайды.
Әскер жиып аттандық,Жау қарасы көрінді,
Бекетай еді тұрағым.Жиылған әскер бүлінді.
Айқайлап жауға тигенде,Исатай-басшы,мен-қосшы…
“Ағатай беріш” ұраным…
Махамбет-қазақ әдебиетінде ең бірінші болып хан-сұлтандарға қарсы халық қозғалысын батыл да ашық айтқан ақын. Оларды халыққа жармасқан албасты, аяусыз талап жатқан қасқыр, шағып жатқан қара шұбар жылан, айыр құйрық шаян бейнесінде суреттеді.
Ол Исатайдың ерлік тұлғасын бейнелеп, сол арқылы күреске аттанған барлық халықтың алып күшін көз алдыңа елестетеді.”Мінген ер”,”Тарланым”,”Тайманның ұлы Исатай”,”Біз неткен ер”,”Ұл туса”,”Туған ұлдан не пайда”,”Исатай деген ағам бар”,т.б. өлеңдерінде ақын халықтың ерлік тұлғасын толық таныта алады.
Махамбет өлеңдері жігерлі де асқақ романтикаға толы. Ақын қиялы алыс қияға самғап, өмір өрін кезеді. Оның халықтық беті де айқын. Ол – халық үшін бар өмірін сарп еткен, ел үшін туған ер ақын. Махамбат поэзиясының реализмі оның халықтығымен ұштасып жатады.Оның поэзиясы-нағыз халықтық-реалистік поэзия.
Махамбет-ақындық мақсатын ел мүддесімен ұщтастыра білген азамат ақын.Халық қамы үшін атқа мініп, жауға қарсы өзінің жалынды сөзін жай оғымен қатар жұмсады.Ақынның өжет сөздері батырдың беліндегі ақ семсер , алмас қылыштай қиып түсер өткір қарудан кем емес еді.
Махамбет өлеңдеріне, оның жыр үлгілеріне Шернияз, Мұрат, Ақтан, Базар, Нұрым,Қашаған, Ғылман сияқты ақындар еліктеген , оның творчествосын жақсы біліп, әдеби үлгі алған.
Махамбет поэзиясы-хан сарайы маңындағы озбыршылыққа қарсы жырланды, ол озық идеялы, халықтық күресшіл поэзияның өріс алуына елеулі үлес қосты.Өз кезіндегі және кейінгі дәуірлердегі жазба әдебиетіміздің қалыптаса беруіне мықты ықпал етті, өміршең, реалистік әдебиетті нығайта түсті.
Махамбет поэзиясы XIX ғасыр әдебиеті қорына өзіндік жаңа леп пен тың идея қосқан жаңашылдығымен құнды.
Махамбет поэзиясына тән өжеттік, өрлік, өткір сын әр кезде де кейінгі жастарға үлгі. Ақынның бітім тұлғасы, ісі, сөзі-бәрі ерліктің мәңгі символы деуге боларлық.