«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы — Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында орналасқан.
1978 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақ ССР министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша Қожа Ахмет кесенесі негізінде «Республикалық Ахмет Ясауи сәулет кешені музейі» болып ашылып 1989 жылдың 28 тамызындағы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №265 қаулысы бойынша «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі болып қайта құрылды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы бүкіләлемдік мұралар тізіміне (ЮНЕСКО) алынған тарихи ескерткіш (2003 жыл, маусым айы).
Қорық музейі Түркістан қаласында көне Жібек Жолы бойында қазіргі Шымкент-Қызылорда автожолының бойында Тәуке хан даңғылы мен алматы алаңының қиылысында орналасқан. Қорық музейдің құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан 8 тарихи ескерткіш музейлендіріліп халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Олар:
- Қожа Ахмет Ясауи кесенесі музейі. ХІҮ ғасыр. Экспозициялық алаңы 654.98 шаршы метр.
- Қылует жер асты мешіті музейі. ХІІ ғасыр. 702 шаршы метр.
- Жұма мешіті музейі. ХІХ ғ. 603,6 шаршы метр.
- Шығыс моншасы музейі. ХҮІ ғ. 130 шаршы метр.
- Түркістан тарихы музей. ХІХ ғ. 1050 шаршы метр.
- Археология және этнография музейі. ХІХ ғ. 140 шаршы метр.
- Рабия Сұлтан бегім кесенесі музейі. ХҮ ғ. 62 шаршы метр.
- Түркістан көшесі музейі. ХІХ ғ. 452 шаршы метр.
Музейлердің жалпы экспозициялық алаңы 3794,52 шаршы метр.Әулиелердің сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи көз жұмған соң ХII-шi ғасырдың екінші жартысында оның мазарының басында екi бөлмелi шағын кесене тұрғызылады. Қазіргі үлкен кесене, тамаша сәулет өнерінің туындысы ХIVғ. соңында Әмiр Темiрдiң бұйрығымен салынған. Ғимарат бас ұста Мәулен Убайдулла Садырдың басшылығымен тұрғызылады. Орталық Азияда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тең келетін сәулет өнерінің туындысы жоқ. Оның сыртқы биіктігі 41 метр. Ұзындығы 65, ені 46,5 метр. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 2 метр, Қазандық бөлмесінің қабырғалары 3 метр. Барлығы 35 бөлме бар. Орталық залдың күмбезінің диаметр 18,3 метр. Тайқазан 12399 жылы 25 шақырым жерде тұрған Қарнақ қаласында Әбділәзиз Шарафутдинұлы Тебризи құйған. Салмағы 2 тонна болатын қазанға 3 мың литр су сияды. ХVI ғасырдан бастап кесене маңына хандар мен билер, атақты кiсiлер жерленетін болды. Оларды жерлеу рәсiмi бастарына жеке кесене— мазарлар және дiни құрылыстар салумен қатар жүрдi.
«Әзiрет Сұлтан» кесенесiн жөндеуге алғаш рет 1872 жылы көңiл бөлiндi. Ол жұмыстар кесене төңiрегiндегi қоқысты тазалауға бағытталды. Осы кезден бастап кесенедегi жөндеу және қайта қалпына келтiру жұмыстары бiрнеше кезеңде жүргiзiлiп отырды.
1966 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң шешiмiмен Мәдениет министрлiгi жанынан республикалық ғылыми-жөндеу шеберханасы, ал 1972 жылы Түркiстан қаласында арнайы жөндеу және қалпына келтiру шеберханасы ашылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесi музей болып ашылғаннан кейiн кешен құрамындағы «Шығыс моншасы» қайта қалпына келтiрiлдi. 1975 жылға дейiн үздiксiз жұмыс iстеп келген монша тарихи мәдени ескерткiш ретiнде, өзiнiң негiзгi қызметiн тоқтатып, 1979 жылдан бастап мұражайға айналдырылды. 1980 жылы қалпына келтiрiлген Қорған қабырғасы мен Қорғанның қақпасын бұрынғы сақталған сурет, сызбалар негiзiнде жаңадан тұрғызуға тура келдi. Ал, Жұма мешiтiнiң 1878 жылы салынған ғимараты бастапқы қалпы сақталып, қайта қалпына келтiрiлдi. ХIVғ. ескерткiшi болып табылатын Шiлдехана iшiнара қалпына келтiрiлiп, консервацияланды.1979 жылы кесене төңiрегiндегi ортағасырлық сәулет ескерткiшi «Шығыс моншасы» көне ескерткiшi сақтау мақсатында музейлендiрiлдi. 1982 жылы «Жұма мешiтi» ХIХ ғасыр ескерткiшi орнынан «Археологиялық табыстар» атты музейi ұйымдастырылды.1996 жылы Қожа Ахмет Ясауи өмiрiмен байланысты тарихи орын, жерасты мекенi, сопылық орталық болып саналатын ХII-ХIХғғ. Ескерткiш «Қылует» мешiтi музей қызметкерлерiнiң күшiмен экспозиция қойылып музей ретiнде ашылды.«Түркiстан тарихы» музейi орналасқан ғимарат— ХIХ ғасырда салынып әскери казарма ретiнде пайдаланылған. Кеңес заманында тiгiн тоқыма фабрикасы қызметiн атқарған. ХIХ ғасырда салынған сәулет ескерткiшi мемлекет қарауына алынып, жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп 2000 жылы «Түркiстан тарихы» музейi-тарихи қаланың 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып пайдалануға берiлдi. Музейден тарихи, рухани қаланың өткенi, кешегiсi туралы толық мағлұмат алуға болады. Музей экспозициясы үлкен-үлкен сегiз бөлiмнен тұрады. Музей қызметкерлерiнiң мақсаты көне қаланы «музейлер қаласы, рухани орталық» ретiнде түрленте беру. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістан қаласында болғанда «Қазақстанның рухани орталығы Түркістан»-деген болатын. Сондықтан «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің халқымыздың рухани өсіп өркендеуінде алатын оны ерекше.
Музейде мынадай құрылымдық бөлімдер бар.
- Ғылыми-зерттеу бөлімі.
- Ғылыми кітапхана
- Ғылыми қор бөлімі
- Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімі
Болашақта осы бөлімдерді кеңейтіп, жаңа ғылыми зерттеу салаларын ашу жоспарланып отыр. Олар: археологиялық-ескерткіштерді зертеу бөлімі, этнография және этнология бөлімі, дін тарихы бөлімі, мәдени көпшілік және насихат бөлімі, экспозиция және көрмелер бөлімі, туризм және сервис жұмыстары.
«Әзірет Сұлтан » қорық музейі Қазақстандағы ерекше маңызы бар рухани орталық болып табылады. Мұнда:
- қазақ халқының тарихы мен рухы насихатталады
- қазақтың ел билеген хандары мен елін жерін қорғаған батырлары, би-шешендерінің мәңгілік мекендері ретінде олардың рухтарына тағзым етіледі
- халқымызды имандылыққа, адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелейтін Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы насихатталады
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі өзінің жан-жақты шығармашылығы және рухани құндылықтарды насихаттау арқылы, өзінің алдындағы барлық мақсаттарын жүзеге асыруға және бұл салада қызмет ететін барлық ұйымдар мен мекемелер, қорлар мен агентттіктермен ынтымақтаса отырып жұмыс жүргізуге дайын.