Қола дәуіріндегі Шығыс Қазақстан тайпаларының мәдениеті үш кезеңнің: әуелгі, орта және кейінгі кезеңдердің ескерткіштерімен танылады. Бұлардың ішінде Андронов мәдени қауымына жататын орта қола ескерткіштері неғұрлым жақсы зерттелген.
Шығыс Қазақстан мыс, қалайы рудаларын және алтын өндіретін орталықтардың бірі болды. Үй кәсіптері, оның ішінде қыш ыдыстар жасау дамыды. Тұрмыста ыдыстың екі түрі көзелер мен қыш құмыралар ұсталды, әдетте ыдыстың бүкіл сырты ирек қалыппен түсірілген күрделі геометриялық суретпен молынан өрнектелді. Көзелердегі ою-өрнек шырша түрінде, ал кейде шырша ойықтармен, тырнақ ізді маржандармен ұштасып келеді. Тырнақ ізді ою-өрнек бұл кезең үшін Шығыс Қазақстан керамикасына ғана тән. Көзе түріндегі ыдыстардың біразына ою-өрнек салынбаған. Бітімі жатық құмыралар да көп кездеседі.
Өлген адамдарды жерден қазылған шұңқырларға, тас жәшіктерде және цисталарда жерлеген, ал моланың үстіне үйіңді оба немесе тас қоршау тұрғызылатын болған.
Жерлеу құрылыстарының құрылымында, өлікті жерлеу ғұрпында, ою-өрнек мәнерлерінде бұдан бұрынғы кезеңмен сабақтастық байланыс сақталған. Жерлеу құрылыстары қырынан қойылған және жерге қазылып орнатылған тақта тастардан тұратын тік бұрышты, шаршы, сопақша қоршаулар болып келеді. Көбінде өлікті көмумен бірге өлікті өртеу де кездеседі.
Сондай-ақ кейінгі қола дәуірі ескерткіштерінің орта қола дәуірі ескерткіштерімен – Андронов мәдениетімен сабақтастық байланысы да аңғарылады. Бұл қабір үстіндегі құрылыстардың құрылымынан (қоршаулар тік бұрышты, шаршы және шеңбер түрінде болып келеді), жерлеу құрылыстарынан (жерден қазылған қабір шұңқырлары, тас жәшіктер, цисталар), жерленгендердің жатқызылуынан (өлікті оң немесе сол қырынан бүгіп салу), оларды белгілі бір бағытқа қаратып салудан (басын оңтүстікке қаратып салып, аздап батысқа бұру), жерлеу мүліктерінен (бітімі жатық құмыра түріндегі қыш ыдыстар), ою-өрнектерден (кейде ыдыс тұтастай ою-өрнекпен көмкеріледі) көрінеді. Сонымен бірге Шығыс Қазақстанның кейінгі қола ескерткіштерінде бір-біріне жалғасқан шеңбер қоршаулар құрылысынан, бір қабірге бірнеше ересек адамды, кейде балаларымен бірге жерлеуден көрінетін Оңтүстік Сібір мен Алтайдың карасук тайпалары мәдениетінің ықпалы аңғарылады. Бұл ықпалдың сондай-ақ қыш ыдыста да, металл бұйымдарда да (пышақтарда, әшекейлерде) ізі бар.
Шығыс Қазақстан тайпаларының кейінгі қола мәдениеті Сібірдің карасук мәдениетіне, Зауральенің Замараев және Орталық Қазақстанның Дәндібай-Бегазы Неолит дәуірінің ескерткіштерінен (Железинка селосы маңындағы мола, Пеньки І, ІІ көлдік тұрақтары ) кейінгі ең ертедегі ескерткіш уақыт жағынан Сібірдің Афанасьев мәдениетіне жақын Қанай аулы іргесіндегі бейіт болып табылады. Ол жер үстінде тігінен қойылған тақта тастардан тұратын шаршы қоршаумен белгіленген. Қоршаудың қабырғалары әлемнің төрт жағына қарай бағдарланған. Жерден қазылған қабірден бастарын шығысқа қаратып, шалқасынан жатқызылған еркек пен әйелдің сүйектері шықты. Сүйектердің біразы жосамен боялған. Жерленгендердің екеуі де андроновтық антропологиялық типке жатады. Қабірде өлік асының қалдықтары, жебенің жайпақ қола ұшы, ашық жасыл түсті тас моншақ, таяқшамен әр жерінен батырылып өрнек салынған көзе бітімдес қыш ыдыстың сынықтары және топайлар сақталған.
Қола дәуірінің орта (дамыған) кезеңіндегі Шығыс Қазақстан тұрғындарының мәдениеті қоныстар мен қорымдардың үлкен тобымен сипатталады. Неғұрлым көрнекі материалдар Қанай аулы маңындағы қоныстан, құрбандық орнынан, Зевакино селосы, Сарыкөл көлі маңындағы, Кіші қойтас, Нұрмамбет қойнауларындағы және т.б. қорымдардан алынды.
Ертістің оң жағалауына орналасқан Қанай аулы іргесіндегі қоныста жапсарластыра салынған шаруашылық құрылыстары бар тік бұрыш бітімдес (аумағы 50 шаршы метрге жуық) тұрғын жай ашылды. Жай жартылай жертөле бітімдес. Құрылыс қабырғаларының негізі – тіреулер, олардың арасына қамыс салынып, балшықпен сыланған. Едені жер, онда тастан қаланған үш ошақ бар. Оның екеуі тамақ дайындауға, біреуі үйді жылытуға арналған. Шаруашылық қора-қопсы негізгі тұрғын жаймен бірге тұтас жайдақ төбемен жабылған. Тұрғын жайға өзенге қараған тар дәлізден кіреді. Жайдың орталық бөлігі кіретін дәлізден аласа қабырғамен бөлінген. Бөлінген жағы шаруашылыққа арналған болу керек – онда төлдер ұсталған (бұзау мен лақтың қаңқалары табылды). Жайдың біршама биік оңтүстік-шығыс бөлігінен ыдысқа ою-өрнек салу үшін сүйектен істелген жылтыр және ирек қалыптар, қыш жүкшенің сынығы, тас келісап пен үккіш, малдың өңделген жауырыны, малдың жақ сүйегінен істелген сабау, қола моншақтар, білезік бұрамасы шықты.
Тұрғындар шаруашылықта және тұрмыста тас дәнүккіштер, үккіштер, келісаптар, тас тоқпақшалар, кетпендер, жылтыратқыштар, құйма қалыптар, бұғы мүйізінен істелген кетпендер, сүйек пышақтар, біздер, тескіштер, малдың жақ сүйегінен істелген лөкет пышақтар мен сабаулар, тегіс және ирек қалыптар, малдың өңделген жауырындарын, тоғалар, қола біздер, моншақтар, білезіктер; ұршықтарға арналған қыш кермелер, блок тәрізді жүкшелер және негізінен екі түрлі ыдыстар: тік немесе шамалы шығыңқы бүйірлі көзелер мен иіні дөңгелек келген қыш құмыралар тұтынған.
Қоныстан оңтүстік-шығысқа таман үш тас қаламамен белгіленген табынатын орын болған Мал сүйектері, ыс басқан дәнүккіштердің сынықтары, сондай-ақ күл, көмір мен күйген сүйектер бұл жерде құрбан шалу ғұрпының атқарылғандығын көрсетеді.
Зевакино селосы, Қанай аулы, Сарыкөл көлі, Қаражал мен Кіші Қойтас, Нұрмамбет атыраптары маңындағы, Усть-Буконь. Көкдомбақ және басқа селолар түбіндегі қорымдарды қазу кезінде алынған материалдар қола дәуірі адамдарының шаруашылығы, тұрмысы, кескін-кейпі туралы біздің білімімізді едәуір ұлғайтып, толықтыра түседі.
Ертістің оң жағалауында орналасқан Зевакино қорымы әр кезеңдегі 500-ден астам,
Қанай қорымы 15 бейіт құрылыстарынан тұрады. Бір қабірге бір ғана өлік жерленгенде оларды жерден қазылған қабірлерге, тас жәшіктерге, цисталарға және ағаш қималарға қоятын болған. Жерленгендер сол және оң қырынан, басы батысқа және солтүстік-батысқа қаратылып, қолаяғы бүрістіріліп салынған.
Сарыкөл көлі, Көкдомбақ және Кіші Қойтас селолары маңындағы қорымдар іргелерін шеңберлей, шаршылап және тік бұрыштап тақта тастармен қоршаған, топырақ үйілген обалардан тұрады. Бұл қорымдардағы материалдық мәдениет заттары мен жерлеу ғұрпы үйіндісі жоқ қоршаулардағыдай болып келеді. Кейде тақта тастармен жабылған тас жәшіктерде, сондай-ақ ағаштармен жабылған жерден қазылған тік бұрышты қабірлерде де әдетте өлік өртелмей қойылатын болған, сол сияқты өлікті өртеу де ұшырасады. Ру ақсүйектері жерленген қабірлер қыш ыдыстарының көптігімен, сан алуан әшекейлерінің молдығымен ерекшеленеді. Ыдыстардың бітімі, ою-өрнек пен оны бедерлеу техникасы Андронов мәдениеті дәстүріне сай келеді.
Шідерті өзенінің оң жағалауындағы Нұрмамбет қорымындағы екі адамның қаңқасы шыққан қабір ерекше көңіл қоярлық. Жерленгендер бір-біріне бетпе-бет құшақтастырылып салынған: ері – сол қырынан, әйел – оң қырынан, әйелі – оң қырынан жатқызылған. Ер адамның бас жағынан қола құйма қанжар қойылған. Әйелдің саусақтарында бес қола сақина, ал білектерінде бір-бірден қола білезік; аяқтарында тізесінің буынына таман қола моншақтардан білезіктер бар. Бас жағында – қола біз бен ине. Ою-өрнегі мол қыш ыдыстан қойдың сүйектері — өлік асының қалдықтары табылды.
Қазақстанның барлық жерлеріндегі сияқты Шығыс Қазақстанның кейінгі қола кезеңі – бақташы тайпалардың көшпелі мал шаруашылығына көшкен уақыты. Бұл кезеңді Трушниково селосының іргесіндегі қонысты, Мало-Красноярка селосы іргесіндегі қоныс пен қорымды, Зевакино қорымын зерттеу кезінде алынған археологиялық деректер сипаттайды.
Трушниково қонысында тік бұрышты жартылай жертөле үлгісіндегі екі тұрғын жай ашылды. Мало-Красноярка селосы іргесіндегі қоныста жапсарластыра салған қора-қопсысы бар екі тұрғын үй ашылды. Үйдің бұрыштары иіліп келген тік бұрыш бітімді, жартылай жертөле үлгісінде; аумағы 160 шаршы метрге жуық. Ортадағы екі қатар тіреулер екі сайлы шатырды тіреп тұрған. Сопақша келген жер ошақ үйдің ортасынан қазылған, оған таяу граниттен жасалған келі табылды. Үйдің солтүстік-шығыс жақтағы қабырғасына дәліз іспетті екі құрылыс жалғасқан, олар да жерден қазылып тереңдетілген. Бұлар бейне бір жабық аула сияқты. Екі құрылыс та күрке тәріздес жабылған.
Шағын аулаға кіре берісте күл қалдығы астынан жердің үстіндегі бір құрылыстың төбесін немесе жаппаны тіреп тұрған үлкен тіреулердің орнатылған орнындағы шұңқырлар табылды. Бұл мыс және қола заттар жасайтын шеберхана болған. Осында мыс шлагының, күйген тастардың кесектері, құйма қалыптың сынықтары, металл ерітетін ыдыстың сынығы және найзаның қола ұшы табылды.
Кейінгі қола дәуірінің керамикасы: 1 – 8, 10 – 13 – Трушниково қонысынан
9 – Зевакино қорымынан
Жерлеу мүлкі қола пышақтар, қанжар, қыш ыдыстар, металдан, тас пен сүйектен істелген әшекейлер мен тұрмыстық заттар түрінде болып келеді. Балалар жерленген қабірлерде көп мөлшерде қойдың асықтары кездеседі, олардың біразы қызыл жосамен боялған, қайсыбірінде өңдеудің іздері байқалады.
Трушниково мен Мало-Красноярка қоныстарында қой-ешкі сүйегінің басым болуы, жылқы сүйектерінің көбеюі, сондай-ақ бүйірі шығыңқы, ернеуі тік немесе шамалы имиген, жапсырып соғылған белдіктермен өрнектелген немесе өрнексіз ыдыстардың жаңа формаларының, сондай-ақ түбі дөңгелек келетін ыдыстардың жаңа формаларының, сондай-ақ түбі дөңгелек келетін ыдыстардың шығуы кейінгі қола дәуірі тайпаларының экономикасында өзгерістер болды деуге мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Оңтүстік Сібірдің шектес территорияларындағы сияқты, мұнда да шаруашылық формаларының өзгеру процесі жүріп жатты.
Әуелгі темір дәуірі ескерткіштерінің едәуір бөлігі Шығыс Қазақстанның ең басты су артериясы – Ертіс өзенінің аңғарларына орналасқан. Оның сол жақ жағалауындағы обалы қорымдар Қалба жотасының солтүстік және оңтүстік баурайларына шоғырланған, ал онан әрі оңтүстік батысқа Шыңғыстауға және Тарбағатайдың батыс аудандарына дейін созылады. Өлкенің оңтүстігінде олар Зайсан ойдымында тараған. Шығыстағы таулы аудандарда обалар Нарым, Бұқтарманың көптеген салаларына тарай орналасады да, Таулы Алтай аудандарының ескерткіштерімен ұштасып жатады.
«Патша» обалары деп аталатын е4 8лкен обалар Зайсан ойдымының Шілікті аңғарында және Оңтүстік Алтай тауларында Бұқтарма өзенінің жағалауында шоғырланған. Шығыс Қазақстанның жабайы тастары мол таулы аудандарында обалардың көбінің тас үйінділері бар (Берел, Катон, Күрті, Майәмір). Жоғарғы Ертіс маңы аңғарларында обалар малта тас араласқан топырақтан үйілген, ал жерлеу құрылыстарына әрқашан дерлік, кейде тіпті алыстан әкелінген тас пайдаланылған (Құлажорға, Баты, Шілікті, Усть-Бұқтарма). Ортаңғы Ертістің Құлынды даласына іргелес жазық аудандарында обалар топырақтан үйілген (Жолқұдық, Чернореченск, Иртышское, Боброво, Леонтьевка).
Әуелгі темір дәуіріндегі Шығыс Қазақстан тайпаларының материалдық мәдениеті дамуының үш кезеңінің: б. З. б. VII – VI ғасырлардағы майәмір, V – IV ғасырлардағы берел, III – I ғасырлардағы құлажорға кезеңдерінің ескерткіштері көбірек зерттелген.
Нарым өзенінің жоғарғы ағысындағы Майәмір даласындағы обалы қорымның аты бойынша белгіленген. Черновая деревнясы мен Алтайское село (Солонечный Белок) маңында жүргізілген қазба жұмыстары арқылы белгілі Таулы Алтайдың қарапайым майәмір обаларының көбінесе іргесін белдеулей қоршаған аласа тас үйінділері болды. Қабір лақыттары тік бұрышты етіп қазылды, олардың қабырғалары ағашпен шегенделді және бір қабат бөренелермен жабылды.
Жерлеу ғұрпы мен материалдық мәдениетінің тұрақтылығы Шығыс Қазақстанда б. З. б. VII – VI ғасырларда әуелгі көшпелілер тайпалары мәдениетінің негізі қалыптасқанын көрсетеді. Майәмір кезеңінен де бұрын өте көне ескерткіштер болған деген пікір айтылып жүр. Осыған байланысты Бұқтарма өзенінің жоғарғы ағысында Күртінің салаларынан табылған жер бетінен шеңбер тәрізді қоршаулары шығып жатқан молаларға назар аударылады.
Шығыс Қазақстанның далалық бөлігінің тамаша ескерткіші Шілікті обасы болып табылады. Ол 51 үйіндіден тұратын үлкен қорымның құрамына кіреді. Мұнда ұсақ обалар жоқ. Қорымның он үш үйіндісінің әрқайсысының диаметрі 100 метрге, биіктігі 8 – 10 метрге, қалғандарының көлемі – соған сәйкес 20 метрден 60 метрге, биіктігі 2 метрден 5 метрге дейін жетеді. Бұл, шамасы, жүздеген жылдар бойы кісі жерленген, тайпалар мен ру көсемдерінің үлкен зираты болса керек.
Шілікті обасы өз кезеңі үшін күрделі архитектуралық құрылыс болды және оны тұрғызуға көптеген адамдардың еңбегі пайдаланылған. Обаға қажетті тас одан 15 км жердегі ең жақын деген таулардан, ал бөренелер аңғардың шығыс бөлігіндегі 40 шақырым жердегі балқарағайлы орманнан тасып әкелінген. Басқа да көптеген «парша» обалары сияқты, Шілікті моласы да көне заманда-ақ, шамасы, жерленгеннен кейін 50 жылдан соң тоналған. Тонаушылар обаның ортасынан үңгіп қазған, қима төбесінің оңтүстік-батыс бұрышынан шығып, төбені шауып тескен де, осылайша қабірдің ішіне кірген
Тоналғанына қарамастан, обада өте бағалы заттар: ертеректегі жебелердің ассиметриялы-ромб формалы деп аталатын ұңғылы қола ұштарының он үші салынған былғары қорамсақтың қалдығы, темір заттың сынығы және ертедегі қолданбалы өнердің 524 алтын бұйымынан тұратын жарқын үлгілері сақталған.
Берел кезеңінде (б. з. б. V – IV ғасырлар) Шығыс Қазақстанның ежелгі мал өсірушілерінің мәдениеті бұдан да айқындалып кемелдене түседі. Таулы аудандарда обалардың таспен нобайланған, жер шұңқырда ағаш қимасы бар және аттар көмілген бұрыннан белгілі тұрақты түрі тарайды.
Ескерткіштердің бұл түрі, әсіресе, Шығыс Алтайдың кеңінен мәлім Пазырық обаларында айқын көрінеді. Олар Таулы Алтайдың басқа жерлерінде де, соның ішінде Шығыс Қазақстан территориясында да тараған. Олардың ішінде ең маңыздысы – Берел қорымы болып табылады; мұның атымен шартты түрде тұтас бір тарихи кезең аталған.
Үлкен Берел обасы үстірттің шетінен көтеріліп, Бұқтарма жайылмасы үстінде қаңқайып тұр.
Құлажорға кезеңі. Б. з. б. III ғасырға таман Шығыс Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінің түрлері мен құрылымдары басқаша болды. Тарбағатай мен Ертістің жоғарғы бойы аралығындағы далаларда құлажорғалық үлгідегі деп аталатын жерлеу құрылыстары тарады. Бұл ескерткіштерді алғашқы қазу жұмыстары Нарым жотасының маңында, Ертістің сол жақ жағасындағы Құлажорға ауылының қасында жүргізілді.
Оба үйінділерінің астынан аршып алынған тас жәшіктер қырынан көміліп, үстін тақта тастармен жапқан төрт және одан да көбірек қашалмаған көлемді тақта тастардан құрастырылған. Өліктерді шалқасынан, созылған күйінде, басын батысқа не шығысқа қаратып жерлеген. Тек бірнеше жағдайларда ғана оң жақ қырынан бүрістіріп жерлегендер кездесті.
Заттар жиынтығының басым көпшілігі – қыш және ағаш ыдыстар. Қыш ыдыстар тікше келген қысқа мойын, жатаған құмыралар, кіреңке тәрізді көзелер, ілмек сияқты сабы бар дөңгелек түпті, бүйірлі және аласа текшелер түрінде болып келеді. Жетісудың қола қазандарына ұқсас, тік және көлденең құлақтары бар қыш қазандардың сирек түрлері де кездесіп қалады. Тік бұрышты астауша, тікше және кесе бітімдес, кейде тұтқасы бар тостағандар түріндегі ағаш ыдыстар Жетісу мен Солтүстік Қырғызстан ыдыстарына жақын. Ағаш ыдыстардың сыртын көбінесе қызыл бояумен бояған, қыш көзелер де көбіне осылай боялады (Құлажорға, Баты, Катон, Зевакино). Негізінен құмыралар мен көзелердің бітімдері Шығыс Қазақстан мал өсірушілерінің мәдениеті үшін дәстүрлі болып табылады, ал олардың шығу тегі пазырық үлгісіндегі ескерткіштерден айқын байқалады. Бірақ олардың кейбіреулерінің бітімдері, мысалы, текшелердің жетісулық дәстүрден шыққаны анық.