Абайдың артында ешқандай эпистолярлық мұра қалмағандықтан, М. Әуезов, негізінен, тірі архив иелеріне қол артқан еді. Абайдың ғылыми өмірбаянын жазу үстінде ол даланың естігенін ұмытпайтын, сақ құлақ, әңгіменің майын тамызатын жез таңдай, көне көз шежірелерімен, әңгімелесу, сұхбаттасу, естеліктер жазып алу сияқты әдістерді жиі қолданып, көл-көсір деректер жинады. Ақын мен оның замандастары, дала өмірі жайлы ұлан-ғайыр деректер мен мағлұматтарды талдап отырып алған ой тұжырымдарын жазушы көркем шығармаларының желісіне үлкен суреткерлік шеберлікпен ендіріп отырды. Суреткер сол арқылы өлі дүниені қайта тірілткендей, далаға жан бітіп, сан алуан адам образдарын бар тіршілік-тынысымен құлпыртып, көз алдыңыздан өткізеді. М. Әуезовтің көркем творчестводағы осы ерен еңбегінің өзі оның жазушылық лабораториясының құпия сырын ашуға арналған ғылыми зерттеуді қажет етеді.
Қайсыбір суреткер болмасын, ол шығармалары арқылы өзінің ой-өрісін, ақыл парасатын, білім деңгейін, сезім толғаныстарын, дүниеге көзқарасын, жалпы өзінің алуан түрлі қырлары мен сырларын танытатыны белгілі.
Абайдың бар байлығы, ең асыл қазынасы-оның қазақ поэзиясында бұрын-соңды болып көрмеген теңдесі жоқ, ғаламат жырлары десек, ол өзінің парасатқа тұнған інжу-маржандай төгілген өлең сөзімен сан мыңдаған оқушысы мен тыңдаушысының жүрегін сырлас, мұңдас жанашыр дос ретінде жаулап алған еді.
Ғұламалардың ұғымынша, суреткер тек талант иесі ғана емес, ол ең алдымен, адам, адамдық жолындағы күрескер де болуға тиіс. Сонымен Абай шығармаларында ақынның өз бейнесі қалай сомдалған?
Көзі қарақты оқушы ақын жайлы көркем шығармаларды, ғылыми зерттеулерді оқымай тұрып-ақ, тек Абай шығармаларын зерделеп оқып шыққанның өзінде мынаған көз жеткізер еді: Абай өмір бойы адамдықтың, әділеттің туынт көтерген жаны жомарт ізгілік жыршысы, қалың елі қазағын емірене сүйген, оның келеңсіз қылықтарына жаны күйген үлкен жүректі патриот ақын, заманының, замандастарының кемістік міндерін, олқылықтарын бүкпесіз көрсеткен шыншыл ақын, имандылық пен жақсылықтың қас жауы, зұлымдықпен алысып өткен күрескер ақын, қоғамды да адамды да сауықтырушы, айықтырушы, емші ақын.
Бұған қоса Абайдың біреу, біреу байқамас үлкен бір қасиеті бар. Ол оның ұстаз ақын екендігі. Бұл жерде әңгіме Абайдың жастарды оқуға үндеген ғылым, білім тақырыбындағы өлеңдері туралы емес. Олар Абайдың озық дүниетанымынан туған өлеңдер. Оқу, өнер-білім тақырыбындағы өлеңдер Абайдың алдында Ы. Алтынсаринде, кейін ХХ ғасыр басындағы ақындардың барлығыда да болған. Абайдың ғылым, білім туралы өлеңдерінде ешкімге ұқсамайтын ерекшелік болғанымен, мұндай тақырыпта шығарма жазған барлық ақындарда мотив-біреу. Ол- ағартушылық идеядан туған халықты оқуға, өнер-білімге шақыру.
Енді Абайды ұстаз ақын деген пікірімізге оралайық. Абайтанушы ғалым. Ж. Ысмағұлов ұлы суреткерді барлық өлеңдерінде ұстаз ақын тағылымы бой көрсететіндігін, оның өнер әсемдігін түсіндіретін эстетикалық мектебі болғандығын атап өтеді. “… Ұстаздық тәлімгерлік борыш та, сол борышты атқарудың құралы ретінде өлең сөз де ақынның өмір бойы арқалаған жүгі,”- деген ой айтады. Шындығы да солай. Абайдың ақындық мектебі нағыз эстетика мектебі болатын.
Ақын мен ақындық, өлең мен ән, жалпы өнер тақырыбының Абай шығармаларында үлкен орын алуы да сондықтан болса керек. Өлең мен әннің, ақындықтың не екенін, ақын мен әншінің қандай болуы керектігін Абай шәкірттеріне, ең алдымен, көркем сөз құдіреті арқылы түсіндіреді. Шығыс, батыс әдебиетінің , өзіне дейінгі қазақ әдебиетінің інжу-маржандарын зерделеп оқу, әдебиетінің халықтық негіздерін зерттеу Абайды өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап, ақын мен ақындықтың мұрат-мақсаты жайлы жаңа көзқарасқа алып келеді. Абай сөз өнерін, ең алдымен, үлкен қоғамдық күш , әлеуметтік тартыстың құралы деп таныды. “Өлең-сөздің патшасы, сөз сарсы” атты өлеңі бұл тұрғыда ақынның бағдарламасы тәрізді. Ақын жақсы өлеңді даналықтың айғағы деп ұғады да, реалистік поэзияның сыр-сипаты қандай болатындығын терең ашып береді. Абай поэзиясында мазмұн мен түрдің үйлесіміне айрықша зер салады, соның ішінде, әсіресе, көркем шығарма мазмұнын бірінші орынға қоятынын ашық айтады.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы?
Осылайша іші-сырты үйлесіп келген сөз-жақсы сөз. Абай жақсы сөз деген тіркесті реалистік поэзия деген мағынада қолданды.