Ток-шоу сөзі ағылшын тілінен аударғанда «talk show», яки «сөйлейтін шоу» деген мағынаға ие. Ток-шоу жанрындағы бағдарламаларда бірнеше адам студияға жиналып, бір тақырыптың аясында пікір алмасып, ойды ортаға салады.
Бұл жанр америкалық экранда ХХ ғасырдың 60-жылдары пайда болды. Оның негізін қалаушы — журналист Фил Донахью. Жанрдың пайда болуына қатысты ел арасында түрлі аңыздар тараған екен. Бірде тікелей эфирде Фил Донахью студияға шақырылған қонаққа қояр сұрақ таппай, дал болады. Келеңсіз жағдайдан сәтті шығудың жолын іздеген журналист, студияда отырған көрермендердің бірінен: «Қонағымызға қояр сұрағыңыз бар ма?» деп сұрайды. Әп-сәтте көрерменнің де сұрағы табыла қалады. Міне, осылайша, әйгілі журналист ток-шоу жанрын дүниеге әкелген.
Алғаш рет Фил Донахью 1963- 1967 жылдары студияға қонақтар шақырып, тікелей эфирде ток-шоу өткізеді. Бұл бағдарлама қарапайым елді мекеннің телестансасынан көрсетілгендіктен, ток-шоуға бөлінген қаржы аз болып, Донахью әйгілі адамдарды студияға шақыра алмай қиналады. Көрермендер аудиториясын, сонымен қатар шоу-бизнес өкілдері мен саясаткерлердің назарын аудару үшін Фил Донахью бағдарламасына әйгілі адамдарды шақырмай-ақ, қоғамда қызу пікір тудыратын тақырыптарды эфир барысында талқылайды. The Phil Donahue Show бағдарламасының алғашқы шығарылымына журналист Маделин О Хэйр есімді атеистік көзқарастағы азаматшаны шақырады. 1967 жылдың аяғында Фил Донахью перзентханада арнайы түсірілген фоторепортажды эфирге шығарып, студия қонақтарымен нәрестенің өмірге келу процесін талқылайды. Аталмыш бағдарламадан соң, ток-шоу жанры кең етек жайып, әлемге таныла бастады. 80-жылдардың орта шенінде шиеленісті мәселелерді қызу талқылау үрдісі Америка Құрама Штаттарының ұлттық телеарналары мен елді мекендердегі жергілікті телеарналарында кең етек жаяды. Бастапқыда ток-шоу жанрындағы бағдарламаларда әлеуметтік, саяси мәселелер талқыланса, кейін келе, журналистер қоғамды елең еткізер мәселелерге назар аударады. Осылайша, ток-шоуларда қызу, тартысты һәм халық арасында дау тудыратын тақырыптар талқыға түседі. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, ток-шоу жанры сұхбат, пікірталас, ойын-сауық сияқты бірнеше жанрды байланыстырады. Бірақ аталмыш жанрдың барлығы ең алдымен тележүргізушілердің айналасында өрбиді. Ток-шоудың танылуы тележүргізушінің ақылына, тапқырлығына, қалжыңқойлығына, тыңдау қабілетіне тікелей байланысты [1,150]. Телеиндустрия саласындағы қайсыбір жанр алдымен АҚШ-та пайда болады. АҚШ-тан Ресей үйренеді, біз Ресейге иек артамыз. Соңғы бірнеше жылда осы үрдіс жойылған жоқ. Фил Донахьюден кейін де ток-шоуды жан-жақты дамытып, жанрды әрі қарай өрбіткендер көп болды. Әлемге әйгілі тележүргізуші Опра Уинфри де ток-шоу арқылы көпшілікке танылды. Ең әуелі ток-шоу бағдарламаларының жанрлық сипатына, көрерменге берері не деген сұраққа тоқтала кетсек. Бұл жанр қарапайым адамдардың телебағдарламаға қатысып, өзінің еркін пікірін білдіре алатын ашық алаңы іспетті. Әлемдік телевизия тарихында теледискуссияны алмастырған осы жанр дүниеге келгелі бері, ең жоғары рейтингтерді иеленіп келеді. Ток-шоу жанрына деген көрермен қызығушылығының өзі тектен-тек туындаған жоқ. Өйткені мұндай бағдарламалардың өз артықшылықтары мен мүмкіндіктері жетіп артылады. Мәселенің бір қыры, өмірдің түрлі қиындығына ұшыраған мыңдаған жандар басына түскен ауыртпалықтың өзгелердің де иығында бар екенін, өзінің жалғыз еместігін түсінеді, әрі студияға келген кейіпкерлер мен танымал қонақтардың дәл сондай мәселеге жаны ауыратынын, әрі өз тәжірибелерімен, ақыл-кеңестерімен бөлісуге даяр екенін біледі. Ал екінші қыры, дәл осы ток-шоу жанры қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстардың астарына көппен бірге үңіліп, күрмеулі мәселелерді де біріге отырып шешуге, тығырықтан шығудың жолын бірге қарастыруға, тіпті кей жағдайда адам өзін қалай ұстауы тиіс, қандай қадамдар жасауы керек деген сияқты әр алуан қам-қарекеттерді қамтиды. Америкалық ток-шоулардың басым көбі әу баста үйде отырған әйелдерге арналып түсіріліп, әрі күндізгі уақытта көрсетілгені, сондай–ақ оның мазмұндық астарында қоғамдық пікір қалыптастыруға бағытталған идеология жүргізілгені соңғы кездері ғана ашық айтыла бастады.
Дәстүрлі ток-шоулар жүргізуші, сарапшылар және студия қонақтары атты үштағаннан тұрады. Ток-шоудың табиғатында сұхбат, пікірталас, ойын-сауық, драматургия секілді бірнеше жанрлардың өзара үйлесуі хабардың көрерменге әсер ету мүмкіндіктерін де ұлғайта түседі. Америкалық ток–шоудың «атасы» Фил Донахьюдің атышулы бағдарламаларынан кейін, әлемнің түкпір–түкпірінде осы жанр телевизия саласына дендеп ене бастады. Ал көршіміз Ресейде бұл жанр 90-жылдан бастап қарқын алды. Нәтижесінде, тек ресейліктерді ғана емес, посткеңестік елдердің де көрерменін жаулап алған «Большая стирка», «Страна советов», «Принцип домино», «Что хочет женщина», «Короткое замыкание», қазіргі «Пусть говорят» сияқты ток-шоулар өмірге келді.
Заманның тынысы өзгерген сайын ток-шоулар да мазмұндық-формалық жағынан түрленіп, әрбірінің мақсат-мұраттары бір-бірінен ерекшеленіп отырары анық. Ток-шоу тікелей эфир арқылы миллиондаған көрермен жинай алатын бағдарлама. Оның көрермендерге ықпалын сөзбен жеткізу қиын. Сондықтан да АҚШ, Ресей сияқты алпауыт елдерде мұндай бағдарламалар үшін қыруар қаржы бөлініп, ток-шоу алуан түрлі формада ұйымдастырылып жүр. Қазақстан жағдайын олармен салыстыруға келмейді. Соған қарамастан әлемдік сипат алған ток-шоу еліміз телеарналарында көрініс табуда. Тек оны жай ғана эфир толтыру үшін емес, халыққа пайдасын тигізетін жаңа деңгейге көтеруге күш салу керек. Сол арқылы қазіргі интернетке сүйенген жедел ақпараттар заманында телевизия өз беделі мен орнын жоғалтпайды.
Ток-шоу жанры өз ішінен бірнеше түрге бөлінеді. Қоғамдық – танымдық: Негізгі көтеретін мәселелер—саясат, экономика,әлеуметтік жағдайлар негізінен алғандамемлекеттегі маңызды мәселелерді қозғайды. Көбінесе эфирге кешкілік уақытта шығады. Бұл ток-шоу түрінің жүргізушісі көрермендерге жаққсы танымал адам болуы керек. Оның жүргізушілік қыры кез-келген тығырықтан шыға білуінде. Шоудың жүргізушісі саясатты жақсы біліп, мәдениет пен өнер саласында білімі болуы қажет. Психологияық түрінде негізгі қозғайтын тақырып адамның жеке өмірі, әлеуметтік мәселелері. Атап айтқанда: отбасы, мансап қуу, сұлулық. Мысалы : « Күйеуім неге кетіп қалды» тақырыбында ажырасу мәселелері қозғалады. Мұндағы қонақтардың көпшілігі қарапайым адамдар, халыққа танымал емес жандар болады. Жүргізуші міндеттті түрде танымал адам болуы керек. Бұл ток-шоу жанрының түрінде негізгі қонақтар әйелдер қауымы. Күнделікті түскі уақытта эфирге шығады. Мамандандырылған түрі. Бұл ток-шоудың көтеретін тақырыбы – денсаулық ,тағам түрлері, балалар болып келеді. Бұл ток-шоудың түрі адамдарға кеңес беру. Ток-шоуда тәжірибе жасау керек болғандықтан міндетті түрле арнайы мамандар шақырылады. Мысалы: денсаулық тақырыбы қозғалса дәрігерсіз бағдарлама өткізу мүмкін емес. Сол сияқты балалар мәселесі айтылғанда арнайы психолог, педагогтар қатысады. Негізгі эфирге шығатын уақыты күнделікті таңғы уақыт.Дау-жанжал: Бұл ток-шоу жанрының түрі көбінесе өмірде орын алып жатқан іс-әрекеттерді қозғайды. Тіптен бұл ток-шоуда қонақтар арасында төбелес, айқай-шу, жанжал болуы әбден мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік шарасын сақтау мақсатында арнайы жасақталған бағдарламаның қауіпсіздік қызметкерлері болады. Бұл ток-шоу жанрының түрінде отбасылық мәселелер жиі қозғалады .
Журналистика саласындағы жанрлардың өзіндік ерекшеліктері болады. Алдымен ток-шоудың ерекшелігін айтпас бұрын басқа жанрларға тоқталып өтсек.Тележурналистиканың ақпаратты жанрлары телевизияның ең бірінші кезектегі функциясын, яғни, қалың бұқараны ақпаратпен қамтамасыз ету міндетін жүзеге асыру процесінде жаңалықтар желісі ретінде көгілдір экраннан орын алады. Тележурналистика жанрларының бұл тобындағы ең шағын, әрі ең күрделі жанр – телеақпарат. Қысқа да, нұсқа бас – аяғы бес – алты сөйлемнен тұратын бұл журналистік туынды толыққанды сипат алу үшін алты сұраққа жауап беруі керек. Ақпарат алудың ең негізгі тәсілі болып табылатын телесұхбат жанрының өзіне тән белгілері мен заңдылықтарын сақтаудың басты принципі нақты сұраққа нақты жауап болып табылады. Күнделікті өмірде болып жатқан қоғамдық маңызы бар оқиғалар мен орын алған құбылыстар телерепортаж жанрының үлесінде. Еліміздің саяси өміріндегі ресми іс – шаралардың қысқаша мазмұнын мән – маңызына қарай іріктеп, жинақтап ұсынатын – есеп жанры. Көгілдір экранның қуатын арттырып, қоғамдық пікір алуандығын алға тосып, өткір де өзекті мәселелерді халықтың назарына ұсынатын жанр – қадрдегі сөз (выступление). Дәріс аясында әр жанрға жеке – жеке тоқталып өтіп, олардың әрқайсысына күнделікті көгілдір экрандағы бейнематериалдардан нақты мысалдар келтіру арқылы талдау жасалады.
Тележурналистиканың талдамалы жанрларының атқаратын функциясы біріншіден, ақпаратпен қамтамасыз ету болса, екіншіден, болып жатқан оқиғалар мен орын алған құбылыстардың себеп – салдарын , мән – маңызын талдап, түсіндіру, баға беру. Телекомментарий — қоғамдық маңызы бар фактіге қолма – қол талдау жасап, баға беретін талдамалы жанрлардың ішіндегі ең оңтайлы, ең шағын, ең оперативті жанр. Телешолу-ақпарат алумен қатар зерттеп – зерделеу әдісі болып табылады. Сондықтан да, бұл жанрда фактілер сабақтастығы, хронологиялық критерий, тұжырымдар тұтастығы айрықша мәнге ие болады. Телекомментарийде фактіге талдау жасалып, баға берілсе, телешолуда белгілі бір маңызды оқиғаға қатысты фактілер мен ой – пікір, көзқарастар тоғыстырылып, жан – жақты талданып, қорытынды жасалады. Телеәңгімелесу – диалогқа құрылғандықтан сұхбатқа ұқсас, бірақ, атқаратын функциясы одан әлдеқайда ауқымды жанр. Егер сұхбаттың мақсаты – нақты сұраққа нақты жауап алу болса, ал телеәңгімелесудің барысында сұрақ әңгіме тиегін ағытып, одан әрі өрістету үшін немесе, керісінше, толып жатқан дәлелдер мен дәйектерді алға тосу арқылы студия қонағының емін – еркін жауабынан қандай да бір мәселенің негізгі түйінін табу, шындықтың бетін ашу, сонымен қатар, бүгінгі күннің өзекті проблемасына халық назарын аудару болып табылады.Ток-шоу жанрының кейбір тұстары осы телеәңгімелесу жанрына ұқсас болып келеді. Яғни ток-шоу жүргізушісі кейіпкерден мән жайдан сұрау үшін онымен кішкене бола да сұхбаттасып, әңгімелеседі. Теледискуссия — камера алдындағы екі жақтың дауына құрылатын, қандай да бір даулы мәселені жан – жақты талқылауға арналған жанр. Теледискуссияны жүргізетін журналист те, теледискуссияға қатысатын кейіпкерлер де орақ тілді от ауыз, суырып салма шешен болмаса да, тақырыпты меңгерген, қоғамдық – саяси маңызы бар оқиғалардан хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу сауатты, кез – келген мәселеге өзіндік көзқарасын таныта алатын, пікір білдіре алатын өз ұстанымы бар адам болуы керек. Бұл жанрда ток-шоуға ұқсас болып келеді. Ток-шоудакейіпкер болсын, көрермен болсын өз ойын ортаға салып пікір білдіре алады.Ток-шоудың ерекшелігі қонақ ретінде қатысып отырған адамның жас ерекшелігіне қарамайды. Және өз пікірін ортаға сала алады, сұрақтар қоюға да мүмкіндігі бар. Баспасөз мәслихаты – телевизияның ұйымдастырыушылық функциясын жүзеге асыратын бірден – бір жанр. Өйткені, бұл баспасөз мәслихатын ешқандай ұйым, мекеме емес, телеарна өзі ұйымдастырады. Сондықтан да тақырыбын өздері белгілеп, қатысушыларды да өздері анықтайды. Ал сұрақ қойып, пікір білдіріп, ұсыныс айтатындарға тікелей эфирдегі интерактивтілік әдіс арқылы жол ашылады. Телекорреспонденция — оқиға ортасынан оралған тілшінің баяндауы мен өзіндік көзқарасы, берген бағасы. Журналистік зерттеу — тележурналистиканың демократиялық бағыттағы батын қадамдарын іске асыратын дәйекті деректер мен тарихи мәліметтерге, өмірлік фактілерге құрылған жанр.
Тележурналистиканың эстетикалық қуатының күштілігін ескерсек, экрандағы деректі – көркем жанрларды халық игілігіне айналдырудыңқаншалықты маңызды екені түсінікті. Эссе жанры — ел келешегін болжап көсемсөзбен көмкерілген кестелі керемет тұжырымды көрермендердің көкейіне қондыратын ой – толғам. Телеочерк – талантты тұлғалардың шығармашылық келбетін сомдайтын (портреттік), тарихи оқиғалардың себебі мен салдарын саралап, мағынасы мен мәнін анықтап шежіредей сыр толғайтын ( проблемалық), ел мен жердің, ұлт пен ұлыстың әдет – ғұрып, салт — дәстүрін дәріптеп, қандай да бір орын алған құбылыстар мен болған оқиғалардың куәгерлік дәйекнамасын ұсынып (жолсапар) уақыт үнін, заман тынысын танытатын телетуынды. Суреттеме–табиғаттың таңғажайып көріністері мен көзтоймас көркін, күнделікті өмірдің қат – қабат иірімдерін экран арқылы көркем шығармаға айналдыратын айрықша жанр. Сатиралық жанрлар – қоғамдағы типтік кемшіліктер мен кертартпа әрекеттерді ешкімнің атын атап, түсін түстеместен сын тезіне салуға арналған телетуындылар тобы. Дәріс аясында сатиралық жанрлардың әрқайсысы жеке-жеке мысалдар арқылы түсіндіріледі.