1.Қол өнердің шығу тарихы. Қолөнер дүние жүзінің әр халқында бар. Сонымен қатар әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырып келеді. Қазіргі кезде қолөнер элементтерін үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, бас киімді әшекейлегенде көп қолданып жүр. Қолөнер – ежелден келе жатқан кәсіп. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Өнер туындыларының иесін шебер деп атаған. Қолөнер шеберлері табиғаттың әсем көріністерін қолөнер бұйымдарында жиі қолданған. Оның орындалу технологиясына да ерекшеліктер еңгізіп отыр. Мысалы, ою-өрнекпен әшекейленген бұйымда қатырма жапсыру, моншақтармен, түрлі түсті тастармен безендіру жиі кездеседі. Неше түрлі жібек, жылтыр люрекс жіптері қолданылады. Дегенмен, көне заманнан келе жатқан қазақ қолөнері өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалған. Сол қолөнердің бір түрі – кесте тігу. Бірақ ерекшелігі – кестені ұсақ моншақпен, кішкене түйме тәріздес долмалақ жылтыр материалмен орындау. Моншақпен тек киімді ғана емес, жаулықтарды, неше түрлі сувенир заттарды кестелеуге, панно тігуге болады. Моншақтардың тесікшелері өте кішкентай болғандықтан, жіңішке ине алған жөн. Жіп моншақпен түстес болу қажет.
Қолөнерде жүнді пайдалану. Қазақ қолөнерінде пайдаланылған негізгі шикізат түрі — жүн. Оның табиғаттық қасиетіне зер салып, тиімділігі мен күнделікті тұрмыста қолайлы жақтарын қарастыра отырып, әдемілік жағына да көңіл бөлінді. Бүгінге дейін дәстүрлі қолөнер түрі – киіз басу. Бұл көне заманнан бері әйгілі. Бұрын киізді қара немесе ақ түсті етіп басқан, соңғы кезде оюлап басу кеңінен тарап кетті. Жүннің пайдалы да, сонымен қатар зиянды жақтары да бар. Жүннен жасалған бұйым, әрине, жылы, төзімді келеді. Ал гигиена тұрғысынан қарағанда – шаң, ауа өткізгіштігі төмен. Қазақ халқы-кең байтақ елімізде қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері және сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы, ұлттық қолөнердің үздік үлгілерін атадан балаға мұра етуші.Қасиетті қазақ халқының, соның ішінде әйел адамдардың қолдарынан шыққан қолөнер туындыларының тарихы тым тереңде жатыр. Ол кең байтақ жерімізді мекендеген сақ, үйсін, қыпшақ, ғұн тәрізді көне түрік тайпаларының мәдениетінен арқау алады. Және де оған Оңтүстік-Сібір, Орта Азия мен Ресей халықтарының да мәдениеті өз әсерін тигізген. Осындай үнемі жаңғыру үстінде болған қазақ халқының дәстүрлі қолөнерінің даму биігіне көтерілген кезеңі ХІХ ғасырдың 2-жартысы мен ХХ ғасырдың басы.Археологиялық қазбалар мен жазба ескерткіштерге арқа сүйенсек, Қазақстан аймағын мекендеген тайпалар жүздеген жылдар бойы металл, тас, сүйек, саз балшық, ағаш, жүн, тағы басқа да шикізаттарды шаруашылық кәсіптері мен күнделікті тұрмыс қажетіне жарап, қол өнердің өз ұлтына тән ерекше көркем түрлерін қалыптастырған.
2.Синкретикалық өнер. Қазақстан жеріндегі қолөнердің көне заманнан келе жатқанына Павлодар өңіріндегі Досыбай жартасынан табылған бейнелер, Өскемендегі жазбалар мен Ұлытау жартасындағы суреттер, өзіміздің облыс көлеміндегі Лебедевка, Қырықоба обаларында жүргізілген архелогиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған керамикалық қазындылардың беттеріне салынған геометриялық өрнектер нақты айғақ бола алады.Өзге де ғылыми деректерде қазақ даласында болған саяхатшылар қазақ топырағын мекендеген сақтар мен массағаттардың барлық заттардың әшекейленіп, киімдердің өзіне тән үлгісі барын айтады. Ал енді қазақтың ұлттық қолөнерінің таңғажайып туындысы – киіз үй орта ғасыр саяхатшылары Марко Полоны (1230), Плано Карпиниді (1246), қатты таң қалдырып, олардың тарихи жазбаларынан орын алғаны – біз үшін үлкен мақтаныш.Ұлттық қолөнеріміздің баға жетпес байлығы-киіз үй-қолдануға ыңғайлы, тасымалдауға жеңіл, ұлан-байтақ даланың табиғаты мен тұрмысына бейімделген ерекше баспана. Киіз үйдің қаңқасы ағаштан жасалса, ал жабындысы, бау-басқұры, жасау-жабдығы мал шикізатынан, яғни жүннен дайындалған. Демек киіз үйдің ішкі сән-салтанатын келтіретін бұйымдардың барлығы дерлік әйелдердің қолынан шыққан туындылар болып табылады. Киіз үйдің киізіне қарай ақ үй, боз үй, қара үй деп бөлінген. Киіздер ақ, боз қойдың жүнінен басылып, ешкінің қылынан есілген жіппен жиектелген.