Теріден,былғарыдан сыйлық бұйым жасау технологиясы

1.Тері илеу технологиясы. Теріні құрымға салу, ысқа ұстау .Торсық (саба, көнек…) жасау.Тері илеу.Тері бояу.Былғары өңдеу: көксауыр, былғары.Саптама.Шоңқайма.Көк етік. Кебіс. Мәсі. Тарамыс.

Халық тұрмысында мал терілерін қарапаиым жолмен ұқсату көптен бері келе жатқан тәсілдердің бірі. Сондықтан бұған байланысты турлі-түрлі ұғымдар туды. Мысалы, ірі қара малдың иленбеген терісін шылғи тері немесе шылғи қайыс, ал тері иленіп ұқсатылғаннан кейін оны қайыс деп атайды. Шылғи қайысты ұқсатудың екі түрлі жолы бар. Бірі — оның жүнін сылып тастап пайдалану, екіншісі — теріні жүнін сылымай-ақ пайдалану. Жүнді терілерден тулақ, тайтері, бөстек, тұлып, қауға, шанаш, мес, дорба, шарқай, т. б. жасалады. Жүнін алып тастаған терілерден көк, өкше сірі, көн, дабыл жасалады. Құрымға салынып, ысқа ұсталып, құмға қатырылған теріден саба, торсық, көнек, шанақ істеледі. Иленген теріден көксауыр, таспа, қайыс, қапшық, құлын, жарғаң, бота ішік, шідер, жүген, айыл, тартпа, тамақбау, құлақбау сияқты нәрселермен қатар, былғары, ұлтан, опайке, шегрен, көзел, етік, мәсі, кебіс, қоржын, тоқым, ертұрман, тон, шалбар, шамадан, тақия, көпшік, белдік, кісе, кейде тұс киіз сияқты келемді заттар да жасалады.

Ірі қараның терісі әрбір іске арнайы пайдаланылған. Соған қарай олардың әр түрлі атаулары бар. Мысалы, сиыр терілерін қолөнер шеберлері сиыр терісі, егіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөліп атайды да, әр терінің өн бойы — жондың, қабырғалың, үйек бас тері, пұшпақ, мойын болып бірнеше түрге бөлінеді. Жылқы терісін — бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөледі. Түйе терілерін атан терісі, бота терісі деп екіге ғана бөледі. Атан терісі, өгіз терісі және олардың жондықтары қол істеріне ең қолайлысы. Қой терілерін: жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тақыр тері, тоқтышақ терісі, сеңсең, елтірі, мари, жылбысқа тері деп он түрге бөліп атайды. Осы терілер киім түрлерінің бәріне жарай береді. Ешкі терілерін — жүндес тері, тақыр тері, түбітті тері, серке терісі, лақ терісі, лақ мариі деп бөледі. Ешкі терілері төзімді келеді. Сондықтан одан алуан түрлі киім тігеді, бөстек, тулақ, торсық, саба, қапшық жасайды.

Теріні ысқа әзірлегенде сиыр, жылқы, серке терілерінің пышақ кескен жері жоқ бүтінін таңдап алады да, жүнін ұстарамен сыпырып тастайды. Содан кейін 2—3 күн шошаланың төбесіне жайып не киіз қайнатқан құрымға салып қояды. Тері ашты құрымның күшімен иленген сияқтанып ширығып, шымырлана түседі және қара қошқыл өңге енеді. Содан кейін оны сорғытып, аз құрғатып үлгіге салып отырып сабаға, көнекке, иықты, емізікті торсықтарға, кеукеріндерге, қауғаға арнап пішеді де терінің қыртысын сыртына қаратып шуда жіппен жиі жөрмеп тігеді. Ертерек кезде жақсы торсықтарды тарамыспен тіккен.

Кейбір шеберлер оған сыздық салып отырып тебе тіккен. Тігіліп дайын болған торсықты (сабаны, көнекті) өзен судың жағасына апарып, ішіне ыстық құм толтырып, құмды келтекпен түйгілеп әбден нығыздау керек. Бұлай істегенде болашақ сабаның, торсықтың сырт өрнегі қалыптасады. Құм кептелген торсықтар ыстық пен желде 4—5 күн тұрып әбден кеуіп сіріленіп қатады. Содан кейін құмын төгіп тастап, ыдыстың іші тысын тұздалған сармаймен немесе жылқының сүр етінің майымен майлап тағы да күнге қояды. Енді май сіңген тері ыдыс ыстауға әзір тұрады. ЬІстық орнын не өзен жағасындағы жарқабақтан, не құдық маңындағы ескі апандардың шетінен дайындайды. Бұл үшін ені 40—45 см, тереңдігі 35—40 см, ұзындығы 10—15 м жыра қазылады. Мұның жар не апан жақтағы аузын шұқырлап оттық жасайды да, дала жақтағы аузын плитаның үстіңгі тесіктері сияқты етіп ашық қалдырады. Жыраның өн бойының екі жақ қабырғасына кезекпе-кезек кірпіш қалытқы қалап бұрма жасайды. Сонда оттықтан шыққан тобылғының жалыны мен ыстығы орта жолдағы қалытқыларда бөгеледі де, шұңқырдың аузына тек жылы түтін ғана келеді. Ал ысталатын терілерді ілетін күрке шұңқырдың осы дала жақ аузына тігіледі. Ол үшін бірнеше түзу ағаштардың басын түйістіріп, іргесін жая күрке жасайды. Оның сыртын терімен, ескі құрым киіздермен немесе жас шөппен қымтап жауып қояды.

Ысқа қойылатын ыдыстар осы күркенің ішіне ауыздарын төмен, яғни түтінге қаратып ілінеді. Ысқа онша қурамаған бүрлі тобылғы, ши, көк пішен жағады, кейде ысқа ерекше иіс сіңіру үшін жусан, адраспан, арша т. б. шөптерді қоса жағады. ЬІсты әдетте бір ауылдың ақсақалы, беделді адамы салады. Өйткені ыс дұрыс салынбаса өрт шығып кетуі мүмкін. Ыс әбден сіңген ыдыстардың түсі қызыл күреңденіп, кепкен мейіздей болып қатып қалады. Осындай тобылғы торы торсықтар 5—6 айға дейін жібімейді де, дымдаңбайды да, көгермейді де, өңезденбейді де. Қажет жағдайда бес-алты айдан кейін оны тазалап кептіріп, майлап тағы да ыстайды. Ысталған ыдыстар ең алдымен қымыз, саумал, бие сүттері үшін қажет.

Мал терілерін илеу үшін үлкен күбіге немесе шелекке ашытқы ашытып, теріні соған салып илеу. Мұны малма дейді. Ал иді қатықтан, айраннан, не езген құрттан, не құрттың сары суынан, кейде ашытқан көжеден, немесе ұнға тұз қосып та жасайды.

Теріні бір рет суық суға жуып тазартады. Одан кейін күбідегі иге салып, күн сайын бірнеше рет сапсиды (шайқайды). Иге салынған тері иге түгел батырылады. Олай болмаса терінің иге батпаған жері қара қайыстанып, бырысады да, кейін пішіп тігуге жарамайды. Қой, ешкі терілері иде 6—9 күн, ірі қара терілері 15—20 күн жатады. Терінің иі қанғанын білу үшін оны қолмен тырнап қарағанда тері қыртысы қалыңдап, ет қыртысы кәшіп тұрады. Иден шыққан теріні көлеңкеге бір рет кептіріп, соңынан сақармен жуып тазартады. Малмаға салған терінің жүні үйысып, білтеленіп қалады. Оны ажырату үшін кепкен соң жұмсақ шыбықпен сабап сілкеді. Кейде сирек тісті тарақпен тарайды. Теріні аз тобарсыған соң уқалай отырып, қолдың жылуымен кептірген жақсы.

Иленіп, кептірілген теріні қырады.Теріні қыру үшін жұмыр ағаштың бір басын қабырғаға, не діңгекке сүйеп, бір басын көлбете жерге тіреп қояды да, оның үстінен биязы шекпен, не брезент жабады. Оның үстіне ет жағын сыртына қаратып теріні салып қырады. Терінің еті тез көшіп түсуі үшін, оған не ұн, не ұнтақталған бор сеуіп қырады. Қырғы шалғы орақтан немесе жүзді темірден жасалады.

Теріні и жағып та илейді. Ол үшін иленетін заттың көлемі шағын болуы шарт. Сеңсең, елтірі, лақ елтірісі, бота терісі мен ұсақ аң терілерін жағып илейді. Бұларға жағылатын да жоғарыда айтылған и. Қоян, түлкі, бұлғын, қарсақ, тиін сияқты өңі жұқа аң терілері өте тез иленеді. Оларға и жағылғаннан кейін 1—2-ақ күн тұрады. Аң терілері бітеу сойылып, оның жүнін былғамай, өңін шыңылтырландырмай илеп алады. Мұны «сабаулау» деп атайды. Мысалы, жаңа сойылған түлкі терісін теріс айналдырып, құрт пен тұз жағады да, ішіне екі сабауды сұғып, кергілеп толғайды. Бұл тәсілмен ұқсатылған түлкі терісі 7—8 сағат ішінде тымақ тігуге әзір болады. Аң терісін қырғыштамайды, қалың көк еттері мен майларын қолмен алып тастайды.

Тері ұқсатушылардың арасында ең көп тарағаны және теріні ұқсатудың тиімді тәсілі — қабыққа салып бояу. Теріні қабыққа салып бояу үшін талдың, еменнің, қара мойылдың, кейде май қарағайдың қабықтары да жақсы. Оларды жасамалы ағаштардан күздігүні әзірлейді. Тік тұрған ағаштың қабығын сыдыру ағашқа үлкен зиян келтіреді. Сондықтан бояуға алынатын қабықты кесілген ағаштардан жинайды. Жиналған қабықты жылы сумен жуып, кепкен соң темір келіге салып түйеді немесе қол диірменмен тартады. 11-12 қойдың терісінен тігетін үлкен тонды бояу үшін осындай ұнтаталған 4—4,5 кг қабықты бір жарым-екі шелек суга салып, тұзын татытып қайнатады. Қайнау мен суалдырудың мезгілін қайнап шыққан қабық бояуының түсуіне және қоюлығына қарай белгілейді. Су аз құйылғандықтан бояуы шықпай, қабықтар құрғап бара жатса, үстеп су құяды. Мұның керісінше, кейде оның суы көбейіп, бояуы өте сұйылса, қосымша қабық ұнтағын салып қайнатады. Ал қайнауы қанып, қажетті түсі мен қоюлығы жеткен соң от жағуды тоқтатып, қабықтың ұнтағын сүзіп алып тастайды. Қайнатылған бояу тері күйместей қанжылым болған соң теріні бояй беруге болады. Бояудың қою-сүйықтығын бірқалыпты етіп, қыл сыпыртқымен немесе кірі жоқ киіз қырдасынмен теріге жағады. Боялған теріні бояуын бойына сіңіру үшін бір-екі сағат өңін ішіне келтіріп бүктеп қояды. Бүктеулі жатып дегдіген теріні желге, көлеңкеге, ыстық үйге жайып кептіреді. Кептіргенде ол шыңылтырланып құрғап қалмас үшін теріні тобарси бастаған соң-ақ қолмен уқалап созғылайды.

2.Теріден былғарыны сыйлық бұйым жасау технологиясы. Теріні бояудың басқа түрлері — томар бояу, қынамен бояу. Боялған теріден әсем киім,тұтынуға қолайлы түрлі мүліктер жасалады. Соның ішінде әсіресе төрт түлік малдың терілерінен көп киім тігіледі. Бұларды өң киімдер деп атайды. Өйткені бұл киімдер өте жылы болады. Қой мен ешкінің терісінен тон, шалбар, үлкен қойдың терісінен ішік, сеңсең ішік, елтірі ішік, лаң терісінен ішік, бөкебай ішік тігіледі. Қозы, лақ терлерінен тымақ, бәрік, құлақшын тігеді. Сондай-ақ жүнін сыртына қаратып, құлын терісінен тіккен ішікті (доханы) «құлын ішік» деп, ал жүнін ішіне қаратып бота терісінен тіккен ішікті «бота ішік» деп атайды. Қойдың, ешкінің, тайлақтың пұшпақтарынан құрап тігілетін ішіктер де бар. Мұндай құрама киімдерді көбінесе балаларға арнап тігеді. Олар әрі жылы, әрі жеңіл келеді.

Мал терісімен қатар, аң терілерінен де түрлі бас киімдер мен ішіктер тігіледі. Мысалы: қасқыр ішік, түлкі ішік, сусар бөрік, жанат ішік, бұлғын ішік аң терісінен тігіледі. Кей де мұндай киімдерді аң терісінің жонынан, тамағынан немесе пұшағынан құрап істейді. Бұл киімдерді тамақ ішік, пұшпақ бөрік, пұшпақ ішік деп атайды. Аң терілерінен әр түрлі төсеніштер жасайды. Оларды бөстек дейді.

Теріден тігілген киімдерді кестелі немесе кестесіз маталармен тыстап, әдіптейді, жаға-жеңдерін кестелеп жұрындайды немесе сыздың жүргізу арқылы әшекейлейді (құндыз бөрік, қамқа тон т.б.).

Мал терілерін илеп, бояп, ең беру ертеден келе жатқан ең жақсы дамыған және жетілген өнер. Илеуі қанып, бояуы сіңген былғары су тартып езілмейді. Одан жасалған мүлік шегені берік ұстайды, тігісі де ыдырамайды және өзі тұтынуға төзімді, әрі әдемі. Былғарының бірнеше түрі бар. Олар: көксауыр, опайке, былғары, құрым (хром), көзел, шегірен, сақтиян, ұлтан т. б.

Көксауыр — жылқы терісі мен серке терілерінің сауырынан (жондығынан) жасалады. Көбінесе ол көкпен, кейде қызыл, сары, жасыл түстермен боялып, өң беті жалтырап тұрады. Көксауырдың әр түстілерін өзара мүйіздеп, өюластыры немесе бір түсті көксауырдың әзін әр түрлі жібек жіппен кестелеп, өрнектеп, кебіс, мәсі, етік, кісе, аттұрман тігеді. Бұл заттарды да көксауыр деп атай береді. Көксауырларға алтын, күміс, жез шегелер қағып, кейде маржаннан моншақ жүргізіп, өкше сірінің артына, тұмсығына, қоныштың әр жеріне неше түрлі жарқырауың асыл тастар отырғызып әсемдейді. Мұндай заттар өте жарасымды және бағалы жиһаз саналады. Көксауырдан тоқым, қорамсақ, дулыға сияқты заттармен қатар тұскиіз, тон, сәукеле сияқты өте сәнді мүліктер де жасалған. Сондықтан көксауыр ісі кебінесе зергерлер қолына тән.

Былғары — қазақ арасында былғарыдан ең көп тігілетін киімнің бірі етік болғандықтан былғарыны өңдеумен айналысатын шеберлерді етікші дейді. Тоқым, шілия, белдік, жүген, құйысқан сияқты былғарыдан жасалатын мүліктерді де сол етікшілер тігеді. Халық арасына көп тараған былғары аяқ киімдерінің қазақ атауында мынадай түрлері бар:

Саптама — бұл қонышы ұзын, кең, киіз байпақпен, шалбардың балағын іштен салып киетін аласа өкшелі етік. Оның ішкі табанына киіз ұлтарақ салып және байпақтың ішінен қалың шұлғау орайды, кейде киіз байпақтың ішінен шұлғаулы мәсі киеді. Саптамалардың қонышы бітеу қусырылады да, тізеден асыңқырап тұрады. Тақымға қарайтын жағы әнтек төмен ойылып келеді. Оны кобінесе қыстыгүні алыс сапарға шыққанда, жылқы баққанда, шанамен жол жүргенде киеді.

Шоңқайма — саптаманың бір түрі. Оның өкшесі биігірек, өкше сірісі аласа, тұмсығы үшкір, қонышы тізеден аспайды. Кеңдігі саптаманың кеңдігіндей. Қонышы екі жақ жанынан жармаланып тігілген. Сондықтан оны кейде «жарма қоныш» деп те атайды.

Мықшима — өкшесінің түбі жуан, жер басар жағы жіңішке, тұмсығы жоғары қарай қайқы келген биік өкшелі саптама етік. Мықшиманы бұрын жас жігіттерге, ойын сауықшыл серілерге арнап тігетін. Оның қонышын, өкшелігін көксауырлап, тұмсығына қатырғы салады.

Көк етік — көксауырдан оюлап тіккен жеңіл, үшкір тұмсық етік. Оны көксауыр етік деп те атайды. Көк етіктің қонышы, ойындысы, күлшіні оюланып, кестеленіп жасалады. Көк етікті көбіне серілер, батырлар, салдар киетін. Қазақтын: «Көк етікті кез келмей, көк етіктіге бармай отырған қыз» дейтін мәтел сөзі осыдан қалған.

Кебіс – көбінесе былғарының сауырларынан тігіліп, қалыпқа қатырылады. Шажамайы мен ернеуі жақсы былғарымен астарланады. Сыны бұзылмау үшін кебістің ұлтарақшасы мен өкшеліктеріне ең шымыр ұлтандар мен тоздар (қайыңның қабығы) салынып, кепкен қайың шегемен шегеленіп, тарамыспен қайып тігіледі. Кебіс атаулары да көксауыр, мықшима, жезөкше, қазықөкше, үшкір бас деген сияқты бірнеше түрлерге бөлінеді. Кебістің өкшелігіне мық қағып, өкшесіне жезден, мыстан нәл орнатып, шажамайларын күміспен өрнектеп, ернеуіне сызықты ою батырып әшекелейді.

Мәсі — мұны кей жерлерде іш байпақ, іш етік (ичиги), былғары байпақ, көзел, сақтиян дейді, өйткені мәсі құрымнан, шегіреннен, көзелден, жұмсақ былғарыдан тігіледі. Көбінесе мәсінің қонышы астарланып, көмкеріліп, машинамен жүргізеді. Мәсінің ұлтаны жалаң қабат болады. Ол тек тарамыспен ішкі жағынан жөрмеп, немесе жара шаншып өбістіре тігу арқылы ұлтарылады. Мәсінің өкшелігі бір қабат қана оюлап жапсырған былғарыдан жасалады, оны мәсінің күлшіні дейді. Күлшін көбінесе басқа түсті былғарыдан тігіледі. Мәсілерді көк, қызыл шегірендермен оюлап, әр түсті жіппен кестелейді. Мәсіні етіктің ішінен киеді.

Етікшілер етікті, кебісті, мәсіні сондай-ақ былғарыдан жасалатын басқа да заттарды тарамыспен тігеді. Тарамыс дегеніміз — ірі қараның жіліншік сіңірінен ширатылып алынған жіп. Тарамыс былай жасалады. Сойылып жатқан ірі қараның сирағындағы көк етпен аралас тұрған сіңірлерді алып кептіреді. Әбден кепкен сіңірді ағаш тоқпақпен ұрып жаныштайды. Сіңір тарамданып, шашақталады, оны тарамыс есуші тарамдап, талшықтарын бір-бірімен жалғастыра екі тін етіп ширатады. Тарамыстың жуан-жіңішкелігіне қарай қаю тарамыс, бүрме тарамыс, тігіс тарамыс деген үш түрі бар. Тарамыс біздің ізімен өткермелеп немесе жұлдызға сабақтап тігуге ыңғайлы. Тарамыс жіп өзге жіптерден берік, ол шірімейді де, езілмейді де.

Былғары— мал терілерін химиялық және механикалық әдістермен өңдеу арқылы алынатын материал. Одан аяқ киім, сырт киім, айыл-тұрман, галантерея, техникалық бұйымдар т.б. жасалады. Мал терісі 3 қабаттан — шелден, өзеңнен, қыртыстан тұрады. Былғары жасау үшін терінің жүні жидітіледі, шелі сылынып, қыртысы жазылады. Терінің өзеңін (ортаңғы қабатын) өңдей отырып былғары алынады. Өзең айқыш-ұйқыштанып тығыз байланысқан коллогенді талшықтардан құралады. Теріні жүннен арылту үшін сілті (күл мен әк ерітіндісі) және фермент жағылады, күкіртті натрий, әк ерітіндісі бүркіледі. Бірнеше сағаттан кейін қылшық пен босаң қыртыс арнаулы машина арқылы оңай ажыратылады. Мұнан соң шелдеу машинасымен терінің шелі сылынады. Осыдан шыққан шикізат көн деп аталады. Көндегі сілті және басқа қосылыстар кетіріліп, әк сумен жуылып шайылады. Шикізат талқымен жұмсартылады. Арнаулы машинамен ылғалдан арылтылған соң, қалыңдығы бір тегіс болу үшін былғары сүріледі де, қандай мақсатқа пайдаланатындығына және жағылатын бояу түсіне қарай сұрыпталады. Тікелей бояу, қышқылды бояу, т.б. тәсілдермен боялған былғарының қатпарлары жазылып, керу машинасына жіберіледі. Керіліп кептірілген былғарының пұшпақтары кесіледі, сығылады және оған жылтыр өң беріледі. Пайдалану мақсатына қарай былғары 4 топқа бөлінеді: аяқ киімдік былғары, қайыс немесе айыл-тұрмандық былғары, сырт киімдік және галантереялық былғары, техникалық былғары Аяқ киімдік былғары қасаң және жұмсақ былғары түрінде болады. Аяқ киімнің үстіңгі бөлігіне жұмсақ былғары, ал табан бөлігіне (ұлтан, өкше, сірі өкше, т.б.) қасаң былғары жұмсалады. Қасаң былғары ірі мал терісінен жасалады, өңделмеген терінің орташа салм. 23 — 26 кг-нан кем болмайды.

Қайыс немесе айыл-тұрмандық былғарыдан белдік т.б. бұйымдар (қалыңд. 2,5 — 3,0 мм), сондай-ақ, айыл-тұрмандар (қалыңд. 2,2 — 4,0 мм) жасалады. Сырт киімдік және галантереялық былғары ұсақ мал терісінен жасалады, қалыңд. 0,5 — 1,2 мм-ден аспайды. Галантереялық бұйымдар жасау үшін ірі балықтың, жылан мен кесірткенің терілері де пайдаланылады. Техникалық былғары ірі малдың жон терісінен жасалады, ол әрі қалың, әрі төзімді болады. Оны өндірістік машиналардың кейбір бөлшектерін жасауға пайдаланады.

Қолданбалы өнердің негізгі шикізаты — тері өнімі. Теріні өндеу бойынша технологиялық мәліметтер. Теріден таспа тілу. Ат саймандары. Жапсырма жұмысының шығу тарихы. Жапсырмалау элементтері. Түрлері. Қала құрылысыңда және басқа да ғимараттарда кездесетін қарапайым жапсырмалау жұмыстары. Үйдің маңдайшасын, бағанасын жапсырмалау және оның техникасы. Құйма. Қайта жөндеу, әрлеу жұмыстары. Қауіпсіз жұмыс істеу ережелері. Гигиенаны сақтау. Өру өнерің шығу тарихы. Өру тәсілдері. Қайың қабығынан, қамыстан,шиден ,теріден өру түрлері және макраме техникасындағы өру түрлері. Өру жұмысына керекті заттарды дайындау ережесі. Ағаш-табиғаттың тамаша туындысы. Ағаш көп өскен жерді халық орман, тоғай деп атаған. Тоғай ертеден адамдардың негізгі тұрақ жайы болған. Ерте заманнан-ақ адамдар ағашты тіршілігіне қажетті материал ретінде пайдаланған. Олар ағаштан аң аулауға қажетті аша таяқ, найза, қада, жебе т.б. заттар жасаған. Адам ағаш өңдеуді тез үйренген. Өйткені ағаш өңдеуге оңай көнетін материал. Пышақ, балта сияқты қарапайым құралдардың көмегімен адамдар үйлерді, көпірлерді, жел диірмендерін, қамалдар мен ыдыс-аяқтар жасаған.

Қазіргі уақытта да біздер ағашсыз өз өмірімізді елестете алмаймыз. Тұрған үйіміз, үй жиһаздары, басқа да тұрмыста жиі қолданылатын заттардың көбі ағаштан жасалған.

Қолөнердің ең көп тараған түрлерінің бірі — бұл ағашты көркемдеп, өңдеу. Ертеден-ақ көшпелі халық тұрмысына қажетті заттарды өздері жасап отырған. Ағаштан түйін түйген шеберлер атқа салатын ерді, тамақ сақтайтын кебеже, киім салатын сандық, әбдіре, киім ілетін-адалбақан, тостаған, саптаяқ, шара, отау, табақ пен тегештерді аса шеберлікпен жасаған.