Жібек таспамен кестелеудің шығу тарихы

  1. Кесте түрлері. Кесте – қазақ халқының қолөнерінің ерекше түрінің бірі. Кесте тігу өнерінің қазақ халқында ерте кезден болғандығын архологиялық қазбалар мен жазба ескерткіштері дәлелдейді. Кесте – сан ғасырлар бойына халқымыздың талантты ісмерлерінің көркем қиялдарын шеберлік құдіретімен бейнелеген ақыл-парасаттарының жауһары. Небір керемет кесте үлгілері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, толықтырылып, жаңғыртылып отырды. Кестешілік дәстүрі толысып, кемелденуімен, жан сергітер әсемдігімен, өміршеңдігімен халқымыздың тірлік – тынысына мән – мағына қосып, заттық және рухани өмірін әрлей түсті, сән-салтанатын арттырып отырды.

Қазақ халқында кесте тігумен тек қана әйелдер айналысады. Қазақ қыздарына аналары ыждахаттылық пен төзімді талап ететін бұл қолөнер түрін бала кезінен үйретеді. Кесте өнерінің қыз баланың табанды, сабырлы мәнез-құлқын қалыптастыруға тигізетін пайдасы көп. Бойжеткен қыздар өздеріне арналған жасаудың кестеленетін түрлерінің бәрін өздері тігеді. Іс үстінде ісмерлігін шыңдайды. Кесте тігуге көбінесе аналарымыз қалң материалды таңдаған. Балбархыт, күліш, шұға, мәуіті, ағызу, бурлат, қалың жібек, кездемелер әртүрлі мәнерленген терілер, жұқа киіздер таңдалған. Кестеге алуан түрлі мулине жібек жіптер пайдаланылған. Кесте түрлеріне шыраштап тігу, баспа кесте, тышқан із, қайып тігу, кенебе, албыр кесте, айқас кесте, біз кесте, жіп салып тігу т.б.

Біз кесте. Біз кесте шығыс халықтарының арасында қазақ пен қырғыз халқында аса жоғары деңгейде дамыған. Біз кесте-кергішке керілген арнайы мата бетіне түсірілген (сызылған), ою-өрнек немесе бейнені сызық бойымен қармақ бізді матадан ары өткізіп, жіпті бері іліп шалып алу арқылы қайталанатын майда тігісті айтамыз.

Баспа кесте. Баспа кесте деген материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестеленген шымқай кестені айтады. Шым кесте ақ матаға тегістікті сақтау арқылы жіпті қатар орналастыру әдісімен тігіледі. Шым кестеге өрнек пен оюдың, аң-құс, гүлдің түрлі сұлбалары салынып, көбіне орамалдың шеті, кимешектің жағы, жастықтың тысы, жейденің жаға-жеңі, сәукеле сияқты басқа да көптеген киімдерге тігіледі.

Айқас тігіс (шыралжың).

Инемен тігілетін кестенің көп тараған түрі.

Өрнек инемен біркелкі төрт бұрышты

етіп, бір жіптің үстіне екінші жіпті крест

түрінде айқастырып бастырып отырады.

Маржандап, моншақтап кестелеу. Әйелдердің бас киімдеріне, тақия, сәукеле, өңір, қол дорба, камзолдар және сән-салтанатты киімдерді ғана маржандап, моншақтап кестеленеді.

Қазақтар маталарды сауда-саттықпен Ресей, Қытай, Бұқар, Парсы, Үндістан, Стамбул т.б. жақтардан Қазақстан жері арқылы өткен көне «Жібек жолы» арқылы әкелген. Орта Азиямен, Қытаймен сауда – саттық жасаудың нәтижесінде жүн, мата, мақта маталарын үзбей айырбас жасап алып тұрған. Көшпеліқазақ ауылдары бірнеше ғасыр бойы Орта және Орталық Азия немесе Еділ бойы қалаларына барып сауда саттық жасаған. Осы алыс берістің нәтижесінде осы елдерден маталармен бірге кестенің кейбір түрлері де қазақ жеріне енген.

Кесте және көркемдеп тігу ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Кесте өнері нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш-үйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар.

Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қарамақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді.

Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кестені айтады.

Әредік кестеде материалдың әр жері өшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады.

Шым кесте, тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле сияқты басқа да көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек материалға төгіп қондырылады. Әредік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы, перделердің шеттері сияқты заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп қондырады.

Айқас (крестеп) тігу де инемен тігілетін кестенің ең көп тараған түрі. Мұнда өрнек ізімен біркелкі төрт бұрышты етіп, бір жіптің үстінен екінші жіпті крест түрінде айқастыра бастырып отырады. Бұл қазір кесте тігудің ең қолайлы түрі деп танылып жүр.

Тесіп торлап тігуде өрнектелетін материалды өрнек мәнеріне қарай тесіп алады да, оны торлай және ортасын кереге көздеп, санап отырып шалу арқылы түрлі өрнек салады. Тесік аралығын кереге көздеу әдісінде кестенің тесік аралығындағы жіптерін өрмелеп шалып тоқу түрі де қолданылады. Мұндай тесіп, торлап өрнектеу әдісімен көбінесе жастық тысының беті, жастық жапқыштар, төсек жапқыштар әйелдердің іш көйлектерінің кеудесі, етегі, гүл қойғыш төсеніштер, дастарқандар мен диван жапқыштар, үйдің қабырғасына керіп қоятын маталар кестеленеді.

Кестені бедерлеп тіккенде кестеленген материалда әр түрлі ою-өрнек, мәнерлі бұдырлар өрнектеледі. Мұндай тігу түрін орындағанда әуелі үлгі бойынша сызылып алынған өрнектердің үстіне мақта, мата қиындылары, қағаз, картон салынып, кестенің жіптерін, сол заттарды бастыра шалып тігеді. Соның нәтижесінде матаның бетіндегі өрнектер бұдырланып бедерленеді. Бедерлеп тігу әдісіне де өрнектің мәнері мен шебердің шешіміне қарай бірнеше түсті жіптер қолданылады. Бедерлеп тіккен кестені көп жуа беруге болмайды.

  1. Жалпақ түйін тігіс. Кестелеп тігу ісіндегі әдемілік пен көрнектілік жағынан ерекше көзге түсетін түрлерінің бірі көпіртіп тігу. Көпіртіп тігу кестесі де әзірленген өрнек үлгісінің ізімен тігіледі. Мұнда материалдың үстіңгі бетіне бүлдіргеленген жіп селпеулері қалдырылып отырады. Кестенің жібі бірнеше түсті болуы мүмкін. Бедерлеп тігу әдісімен алма, жүзім, бүлдірген, қарақат, қауын-қарбыз түйнектері сияқты түрлі жемістерді салуға болады. Көпіртіп кестеленген бұйымдар жуыла да өтектеле де береді, бірақ өтектен шыққан соң оларды қағып, сілкіп бүртіктерін тірілту керек.

Кестені түктеп тіккенде бізбен шалынған жіптің үстіңгі жағында (өң бетінде) кейде 1, кейде 2 сантиметрдей бүлдіргі қалып отырады. Шебер кестені тігіп болғаннан кейін әлгі қалған бүлдіргілерді тегістеп қырқады. Жиі шаншылып, қалың түсірілген бүлдірге жіптері қырқылып тегістелген соң, кәдімгі кілемнің түгі сияқты түрлі түсті болып құлпырып тұрады (түкті кілем). Кейде бүлдіргілердің астына ширатқан жуан жіпті ширатқан шүберекті, жұмсақ металл шыбықтарын мүйіздеп, ою өрнегіне келтіріп салып тігеді де, тігіп болған әлгі тігіс астына салынған заттарды үстінен тіліп алып тастайды. Мұндай әдіспен түктеп тігілген өрнектер мінсіз және түгінің биіктігі біркелкі шығады.

Алтындап, күмістеп тігу сән-салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін кебінесе барқыт, плюш, атлас, қырмызы сияқты бағалы материалдар пайдаланылады. Мұндай тігістерге, әсіресе, өзіне арналып жасалған алтын және күміс жіптер қолданылады. Кейде алтын, күміс түстес жіңішке жиек саулары (зер) пайдаланылады. Бағалы затты ысырапсыз пайдалану үшін оның өрнегі мен тігіс жіптерін санап білу керек. Өйткені бұл жұмыс өзге тігістерден гөрі ауыр келеді.

Алтындап тігуге көбінесе бедерлі, бедерсіз басып тігу әдісін қолданады. Алтындап тігу кестесіне маржандап тігуді де аралас жүргізеді. Мысалы, қыздардың қамзолдарының омыраулары, өңірлері және тағы да сол сияқтылар осылай тігіледі.

Алтын кестелі тон, шапан, айыр қалпақ, кемер белбеу, сал шалбар, сәукеле әдемілік әшекейінің ең асылы және бағалысы болып есептеледі.

Мал өрісінің жаздық, күздік жайылымы жағдайына қарай қоныс қуалап, көшпелі өмір сүрген қазақ ауылы онеркәсіп орталығынан қашық жатты. Олар күнбе-күнгі тұрмыс қажеттерін өздерінде бар мүмкіншіліктермен ғана өтеді. Сондықтан матадан, теріден, өрмек өнімінен жасалатын киім-кешектерді, саба, торсық, үйге жабатын киіз сияқты заттардың барлығын да қол инемен тікті. Қолмен тігу семья мұқтажын өтеумен қатар, заттарды көркемдеп тігуде де тиімді әдіс саналды. Соған қарағанда киімдерді төсек-орын жабдықтарын қол инемен кестелеп тігудің алуан түрлері туды.

Қолмен тігуде негізінен жуалдыз (тебен ине), жуан ине, жуантық (жөндем) ине, бәсең ине, жіңішке ине қолданылды. Жуалдызбен түйенің жабуы, қалың сырмақ, былғары тоқым сияқты заттарды сыриды. Жуан инемен сырмақтың жиегін, үйдің киіздерін, тері киімдерді және киіз байпақтарды тігеді. Жуантық инемен қап, шекпен, күпі, тымақ сияқты заттарды, ал бәсең инемен түйме, ілгек қадайды, матадан жасалған жүқа киімдерді тігеді.

Жіңішке инемен жібек, торғын сияқты жұқа материал-дарды, оларға салынатын кестелерді тігеді. Осыларға керекті жуан, жіңішке жіптерді де халық шеберлері суыртпақтай отырып өздері дайындайды. Ол үшін керекті жіптің түсіне ұқсас матаның шетінен жалпақтығы 3—4 см, ұзындығы — 30—40 см кенересін жыртып алады. Осындай жіп суыруға арналған бір бөлек жыртынды матаны шеберлер суыртпақ деп атайды. Суыртпақтан жіп суырып алудың да әдісі бар. Әуелгі жіпті сетінетіп суырады да, суыртпаңтың шеті шашақтанған соң оны ептеп саумалап отырып тура тартып суырады. Өйткені шет шашағы молайған сайын суыртпақ тез сетінемей, суыратын жіптер шашақтарға оралып үзіле береді. Суырып алынған жалаң қабат жіптерді керегіне қарай екіден, үштен, төрттен қабаттап ширатады. Ол үшін жіптің бір ұшын тістеп тұрып, екінші ұшын бармақ пен сұқ қолдың басымен, не екі алақанның арасына салып ширықтыра бұрап еседі. Мұны жіп ширату деп атайды. Суыртпаққа көбінесе сирек тоқылған, түксіз маталар пайдаланылады. Жіпті шудадан, жүннен, мақтадан, торқадан, кендірден қолмен иіріп алып пайдалану тәсілі де көп қолданылады.

Қазақ халқының қол тігістері өзінің тігілу әдісі мен мәнеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді де, олардың әрқайсысы өз атауларымен аталады.

Батырып тігу. Бұл былғары, киіз, көрпе сияқты қалың заттарға ғана қолданылады. Оның үстіңгі өң жағы өте жиі шаншылып, ал астыңғы жібі қатты тартылып алыс шаншу арқылы үстіңгі жіпті сіңіріп отырып тігіледі. Шебер неғұрлым жіптің өң бетте көрінбей тұруын қарастырады.

«Бұзау тіс», тұмарша орындалу жағынан қарапайым, жүрдек тігістер. Бұзау тіс екі жапсарды қосатын тігіс. Бұл әдіспен көбінесе қалың киіз, жабағы сияқты заттарды шеттестіріп тігеді. «Бұзау тіс» тігісі заттың шетін кезек түйреп алып, жапсардан өткізіп отыру арқылы орындалады. Тұмарша тігісін көбінесе орамалдың шетін жинауға қолданады. Бұл тігіс матаның шетін бекітіп, соның ізімен қайта жөрмеу арқылы орындалады.

Бүрме тігіс әр түрлі желбірлерді, қос етектерді бүре жап-сырғанда, бүрмелі жағаларға, етіктің басын қалыпқа салып ұлтарақшаға жапсырғанда, бір заттың шетін жинай тіккенде қолданылады. Бүрме тігістер көбінеее екі қатар жүргізіледі. Мұнда иненің әрбір шаншымы сиректеу келеді де, жіптің бүре тартылуымен жиырыла тігіледі. Бүрмелердің қатпар жасалып, тізбелей жиырыла тігілуі мүмкін.

Есіп жөрмеу — көбінесе су таситын қарын, мес, матадан, кенептен тіккен сондай ыдыс қапшықтардың шеттерін тіккенде, кейде орамалдың шетін бүге тіккенде қолданылады. Ондай заттардың қусырындысын, шеттерін сол қолдың көмегімен ширата бүктемелеп отырып жөрмеп тігеді. Сонда шет бүктесін тігісі ескен сияқты болып өз-өзіне кіріге жұмырланып түседі.