Қасым Қайсенов шығармаларындағы партизандық өмірі

Партизан-жазушы Қасым Қайсенов 1941 жылдың қараша айында Оңтүстік-Батыс майдан штабы қарамағына беріледі. Сол жерден арнайы тапсырма бойынша гитлершілер басып алған Украина жеріндегі жау тылына жіберіледі. 1942 жылдың жазында Қ.Қайсенов Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарып, неміс басқыншыларымен жан аямай күреседі. «Вася» украин халқының қазақтың қайсар ұлына еркелетіп берген есімі.

Вася ағамыздың жау тылында жүріп Молдавия, Украинаның Закарпатье, Чехославакия мен Румыния жерлерінде жауға қарсы күрес жүргізіп, талай ерліктер жасағаны белгілі. Қасым аға елге оралған соң ұзақ жылдар «Жазушы», «Қайнар» баспаларында редактор, баспа директорының орынбасары қызметін атқарды. Қаруын қаламға ауыстырған партизан шығармашылыққа ден қойып, тұңғыш шығармасы – «Жас партизандар» деген кітабын 1954 жылы жарыққа шығарды.

Отты жылдардың қызуы басылмағандықтан болар, ересектер мен балалар партизанның шығармасын қызыға іздеп жүріп оқыды. Қасым аға оқырмандарынан мыңдаған жылы лебіз білдірген хаттар алды. Шабыттанған партизан ағамыз бұдан кейін «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Жау тылында», «Днепрде», «Сол бір жылдарда», т.б. шығармаларын бірінен соң бірін шығарды. Оның еңбектері украин, орыс, басқа халықтардың тілдеріне аударылып, басылып жатты. Міне, атақты партизан-жазушының өмірбаяны, келешек ұрпаққа аңыз болып кеткен қаһарлы күндердегі ерлігі туралы ғұмырлық қосағы, қазір де арамызда жүрген, мектеп оқушылары мен балдырғандарға партизан туралы естеліктер айтудан жалықпай келе жатқан Асыл әже әңгімелеп берді. «Қазақтың қаһарман Қасымы» атты деректі фильм Ұлан ауданының орталығы – Қасым Қайсенов кентіндегі орталық стадионда мыңдаған адамға көрсетілді.