Өрмекші тәрізділердің класына атмосферамен тыныс алатын мүшелері жапырақшалау келген өкпелері мен кеңірдектері бар құрлықта тіршілік ететін хелицералылар жатады. Денесі бас – көкірек пен құрсақтан тұрады, бірақ бұлары жоғары сатыдағы өрмекші тәрізділерде – кенелерде (Acarina) – жалпы бір бөлім бірігіп кетеді.
Бас көкірегі әдетте сегменттенбейді, бірақ өрмекші тәрізділердің кейбір отрядтарында оның кейінгі жағы дербес екі-үш сегментке бөлініп келеді (сольпугалар). Бас – көкіректің алты жұп аяқ-қолдары болады, бұлардың бірінші жұбы ауыздың үстінгі жағында жатады да, қалған бес жұбы ауыздың кейінгі жағында жатады. Аяқ – қолдардың бірінші жұбы хелицералылар (сhelicera) қысқарып, 2-3 мүшелігі ғана қалған. Олардың ұшында қысқыш немесе тырнақ сияқты болып біткен мүшелік (членик) алу, яки ең сезімі мүшесінің жұмысын атқарады. Бұл — пелипальпалар (pedipalpus). Бас көкіректің аяқ-қолдарының қалған басқа төрт жұбы жүру аяқтары.
Өрмекші тәрізділердің денесінің артқы бөлімі – құрсағы — әдетте сегменттелген. Құрсақта аяқ-қолдардың рудименттері де болуы мүмкін. Құрсақтың алдыңғы жағында, екінші сегментте, сыңар жыныс тесігі жатады.
Дамуы әдетте – метаморфозсыз тікелей даму.
Өрмекші тәрізділер класының өкілі – кресті өрмекші
(Caraneus epeira). Кресті өрмекші – жоғарғы сатыдағы өрмекшілердің мекені: аласа бойлы, сирек біткен бұталары бар тоғай алаңдары және тоғайдың шеттері. Ірілігі орман жаңғағындай келген аналығы өзінің өрмегінің ортасында отырады. Аталығы едәуір кішкене келеді. Бұның құрсағы жіңішке және ұзынша, аяқ қатары әжептеуір ұзындау, педипальпалар ұшы қампайып тұрады. Аталықтары, аналықтарына қарағанда, сирек ұшырайды, өйткені бұлар өрмектің өзіне шығып отырмайды, соған жақын жерде, жапырақтың астыңғы жағын мекендейді.
Бас көкірек. Өрмекшінің денесі жұмыртқа пішіндес келген екі бөлімнен құралады. Екі бөлімнің арасындағы байланыстырып тұрған жіңішке сабақша құрсақтың алдыңғы жақтағы ең шеткі ұшы болып табылады: ол құрсақтың бірінші сегментіне сәйкес келеді.
Бас көкіректе алты жұп аяқ-қолдар болады. Аяқ қолдар өспеген бос жері бас көкіректің бетіндегі екі қалқанша болып саналады үлкен аралық қалқанша бас-көкіректі жоғары жағынан, ілгері жағынан бүйірлерінен және аздап артқы жағынан жауып тұрады. Арқалық қалқаншаның алқалық беті мен ілгері жақтағы бетінің шекараларында да көлденең қатар болып сегіз жай көздер жатады. Арқалық қалқанша сегменттелмеген. Бас көкіректің астыңғы жағынан сопақ қалқанша төстабан жауып тұрады. Төстабаны да сегменттелген. Бас – көкіректің алты сегментінің бірігіп тұтасып кеткендігін, тек бірінен соң бірі жатқан аяқтардыңалты жұбынан ғана байқауға болады.
Бас көкіректегі аяқ-қолдар. Бастан шығатын екі мүшелікті хелицералар кресті өрмекшіде өзінің негізгі мүшелерінің бағытымен төмен қарай кеткен. Мүшелерінің сайы болады, сол сайға хелицераның ұшындағы тырнақ тәрізді мүшелік жиырылып орналасады. Осы тырнақтың ұшына жақын улы бездің өзегінің тесігі жатады, бұл без хелицераның негізгі мүшелігінде, бас көкіректің алдыңғы жағында болады. Аяқ-қолдардың келесі жұбы аяқ-қармалағыштар (педипальпалар) алты мүшелікті. Аяқ қармалағыштың негізгі мүшелігінің, әдетте өрмекші тәрізділерде болатыны сияқты, жақ тармағы болады. Жақ тармағының екеуінің арасында көлденең ауыз саңлауы жатады, ауызды алдыңғы жағынан етті бұдыр – жоғарғы ерін тежеп тұрады да, артқы жағы мен төменгі жағынан, жоғарыда айтылған, төменгі ерін тежеп тұрады. Жақ тармағының жиегіндегі қылшықтар, өрмекшінің соруына көмектеседі. Аталығында соңғы мүшелік пен жыныстық шағылыс аппараты байланысты болады. Жіңішкерген ұш жағы инеге (embolus) айналатын ұшында тесігі бар нәк тәрізді домалақ кейбір ересек еркек өрмекшіде жыныстық шағылыс аппараты болып саналады. Аталығы мен аналығы шағылысып қосарланған кезде ине аналық өрмекшінің екі тесігінің бірі арқылы ұрық қабылдағышына енеді де, сол кезде резервуарда жатқан шәует (сперма) ерекше бір қысатын тесік арқылы сығылып аналығының ұрық қабылдағышына құйылады.
Сыртқы жамылғысы. Өрмекшінің сыртқы жамылғысы әдетте хитинді кутикуладан және оны астарлап жатқан клеткалар құрылысты гиподермадан тұрады. Сыртқы жамылғының астында бұлшық ет қабаты жатады, бұл қабат түрлі бағытта кеткен ет талшықтарынан құралады.
Кресті өрмекшілердің ішкі құрылысы.
Нерв системасы. Орталық нерв системасы бас – көкірегінің артқы жартысында төстабанның үстіңгі жағында шоғырланып жатады. Осы жерде құрсақ тізбегінің бірігіп кетуінен пайда болған жалпайып келген нерв массасы болады. Бұл жұтқыншақ асты массасының сегменттенуі бүйірдегі нервтердің бес жұбының түп жақтарының жуандап келетіндігінен көрінеді, бұлардың алдыңғы жұбы аяқ қармалағышты қамтамасыз етеді де, келесі төрт жұбы жүру аяқтарына кетеді. Артқа қарай екі нерв тіні кетеді де, олар сабақша арқылы құрсаққа еніп құрсақтың ішкі органын қамтамасыз етеді. Жұтқыншақ үсті түйін (ми) қысқа және жуан коннективалар арқылы жұтқыншақ асты массамен байланысқан, бүкіл орталық нерв жүйесі тар жұтқыншақтың горизанталь иіні тесіп өткен жалпы нерв массасына айналады. Жұтқыншақ үсті түйіннің алдыңғы жақ бетінен жұп негізі бар көз нервтері шығады, бұлар кейін көздің санына сәйкес сегіз бұтаққа бөлінеді. Көз нервтерінің астыңғы жағынан тап сол жұтқыншақ үсті түйіннің алдыңғы жақ бетінің өзінен хелицералардың қос нерві шығады.
Көру органдары. Кресті өрмекшінің сегіз көзінің бәрі де жай көздер.
Ас қорыту органдары. Кресті өрмекшінің ішектерінен үш бөлімді ажыратуға болады: алдыңғы, ортаңғы және артқы ішек бөлімі. Алдыңғы ішектері қысқалау, ал ортаңғы ішек — өте күшті дамыған және өзінің түрлі тармақтарымен іштің көп жерін алып жатады. Алдыңғы ішекті екі бөлімшесі де кутикуламен астарланған және олардың ішкі қуысын керетін радиациальды бұлшық еті бар. Жұтқыншақ орталық нерв жүйесін тесіп өтеді. Сол бағытында артқа кетіп, сорғыш қарынға барып құяды. Сорғыш қарыннан кейін сәл кеңірек ортаңғы ішек басталады – яғни бұның бас көкірекпен қарынға өзінен шығарып тұйық тармақтар жіберетін жері жатады. Бұл тармақтар бас-көкіректің ішімен аяқтарға барып, олардан кейін қарай бұрылып, төс табандағы орталық нерв жүйесінің астыңғы жағынан келіп тұйықталып аяқталады. Сабақша арқылы ортаңғы ішек құрсақ ішіне өтеді. Бұл тармақтар, өздерінің секрет шығару әрекетімен қатар, сору ролін де атқарады, ортаңғы ішектің негізгі каналы тәрізді қызмет атқарады. Құрсақтың артқы бөлімінде өрмек сүйелдерінің үстіңгі жағынан ортаңғы ішек қапшық сияқты кең жерге келіп құйылады – бұл жерді ректальдық қуық деп атайды. Бұған өрмекшінің нәжістері жиналады және мальпигий түтіктері арқылы мүшелерде ыдыраған өнімдер келіп түседі. Ректальдық қуықтан кейін тік ішек келеді, бұл – аналь сүйелінің төменгі жағынан келіп аналь тесігі болып сыртқа ашылады.
Қан айналыс органдары. Кресті өрмекшінің қан жүру системасы, өздерінің меншікті қабырғалары бар, қан тамырларынан және бірнеше қуыстардан – лакундардан, яки синустардан, құралады, бұл қуыстар дененің ішкі қуыстары болып табылады. Барлық қан тамырлары артериялық қан тамырларының жүйесіне жатады: бұлардың барлығы да қанды жүректен алып шығып, дененің барлық жерлеріне тотыққан қанды таратып алып кетеді. Синустар жүйесі вена қан тамырларының орнына жүреді, ақыр аяғында келіп, барлық қан синустар жүйесінің соңғы буыны – жүрек жанындағы синусқа келіп құйылады. Бұл синус жүректі жан-жағынан қоршап тұрады. Жүректің қабырғалары түзетін сақина тәрізді мышицаның жиырылуы қанды алдыңғы жақтағы бұтақтанып жатқан қолқаға да сондай-ақ, артқы артериялардың түйдегіне де бағыттап жіберіп отырады, осылар арқылы қан дененің ішкі қуысына құйылады. Дененің барлық бөлімінен қан өкпелерді қоршап жатқан синустарға жиналады, бұл жерден тотыққан қан жүрек жанындағы синусқа қайтады. Жүрек жанындағы қуыстан қан үш жұп остиялар арқылы жүрекке құйылады.
Тыныс органдары. Кресті өрмекшінің тыныс органдары ретінде жапырақ пішінді келген өкпелері және кеңірдек түтіктерінің жүйесі бар. Кеңірдек түтіктері жалғыз сыңар болып келетін стигма мен өрмекшінің бауыры жағына өрмек сүйелдерінің ілгері жағынан келіп сыртқа ашылады. Құрсақтың алдыңғы жағының төменгі бетінде саңылау тәрізді жұп тесік жатады. Бұл тесіктер тақ жыныс тесігімен бір деңгейде жатады. Осы екі саңылаудың екеуі де жапырақ тәрізді өкпелердің стигмалары. Өкпенің саңылау тәрізді тесігі өкпенің кіреберісіне барып тіреледі. Кіреберістің артқы қабырғасы да, төменгі қабырғасы да тұтас келеді. Алдыңғы жақ қабырғасында бірқатар параллель саңылаулар бар, бұл саңылаулар өздерінің санындай жалпақ қалталарға барып жалғасады, ол қатарлар жалпы бір текше болып жатады. Қалталардың араларында дененің тар қуыстары жатады, сол қуыстарға қалталарды шайып өтетін қан келеді. Олардың жұқа кутикулардан қабығы болады және өздері семіп беттесіп қалмайды. Оларға ауа ешбір кедергісіз кіре алады, өйткені кіреберістің де сондай-ақ қалталардың да қабырғалардың беттерін ағаш сияқты бұтақтанып кеткен өсіктер басып жатады, бұл өсіктер қалтаның қарсы жатқан қабырғасына барып тіреледі. Кеңірдек үймесі бұтақтанбайтын екі жұп түтіктерден тұрады, бұлар негізгі қалтадан шығып ілгері қарай кетеді. Негізгі қалта өрмек сүйелдерінің ілгергі жағынан білінер – білінбес көлденең саңылау болып сыртқа ашылады.
Зәр шығару органдары. Кресті өрмекшінің зәр шығару органдары екі түрлі – мальпиги түтікшелері және коксальдық бездер. Бірінші аталған органдар ересек өрмекшіде ғана қызмет атқарады. Ішектердің әр жағында бұтақтанатын екі түтікшеден болады, бұлар ректалъдік қуыққа құярдың алдында бір-бірімен қосылып кетеді. Малъпиги мүшелерініңбұтақшалары ортаңғы ішектің тұйық тармақтарының барлық жердегі аралықтарын алып жатады. Малъпиги түтікшілерінің ішінде өте көп ұсақ сұр түйіршіктер жиналады, бұлар – түтікшілердің өздерінің бөліп шығаратын заттары. Кресті өрмекшінің коксалъдық қос безі аяқтарының бірінші жұбының түп жағында болады.
Улы бездері. Бас-көкіректің алдыңғы бөлігінде хелицералардың түп жағында ірі екі без жатады, бұл бездер түп жағы жұмырланған, қысқа цилиндр сияқты. Көбнесе бұл бездер хелицералардың негізгі мүшелеріне азды-көпті батыңқырап тұрады. Бездердің сыртқы жамылғысы спиралъ түрде ширатылып келген мышицадан түзіледі. Мышицалардың жиырылуы рақасында у сыртқа қарай ағады, бұл канал кейде хелицераның тырнағының ұшынан келіп те сыртқа ашылады.
Тоқу аппараты екі нәрседен –сыртқы өрмек сүйелдері және ішкі өрмек бездері мүшелерінен құралады. Кресті өрмекшінің үш жұп өрмек сүйелдері бар. Сүйелдің төбесіндкгі жарғақ бетінде ондаған төсіктер болады, міне осы тесіктерден секрет-өрмек шығады. Бұл өрмектер тесіктен шыққан кезінде ауада қатады. Тесіктердің өздері, пішіні де, үлкендігі де түрліше келген ерекше өсіктердің ұшында жатады. Ол өсіктердің біреулкрі – үлкен сопақ пішінді, екінші біреулері –ұсақ цилиндр сияқты немесе, ұшында қылтық тәрізді қосалқысы бар томпақ емшек сияқты. Өрмек бездері аналық өрмекшінің құрсағының ішкі қуысының төменгі жағын толтырып жатады. Өрмек бездерінің пішіні де, үлкендігі де бірдей болмайды. Бірақ мұндай бездер көп емес, ал нәк сияқты ұсақ бездержүздепболады және олар өзара түйдек-түйдек болып бірлеседі. Түйдектердің саны сүйелдердің санына тура келеді. Әрбір без бен әрбір сүйелдің атқаратын қызиеті әр түрлі: мысалы, нәк тәрізді бездер өрмекшінің ұстап алған жемтігін орап тастайтын секрет шығарады, түтік тәрізді без-жұмыртқа пілдесіне керек секрет шығарады, ал ампула тәрізді без-тор құру үшін секрет шығарады, ағаш тәрізді бұтақты без жабысқақ секрет береді, осы секретпен арба дөңгелегі сияқты торының жіпшелерін салып қояды.
Жыныс органдары. Сыртқы жыныс тесігі аталық өрмекшіде де, аналық өрмекшіде де құрсақтың төменгі бетінде, жапырақ тәрізді өкпелердің саңылау екі стигмаларының арасында жатады. Аталық өрмекшінің жыныс тесігімен тікелей байланысты жатқан сыртқы жыныс қосалқысы болмайды: аяқ-қармалақыштарының екуінің де ұшында бір-бір копулятиф мүшеден болады. Ал аналық өрмекшінің жыныс саңылауының нақ алдынғы жағында сыртқы жыныстық жалқы өсік жатады, бұны эпигине деп атайды. Оның қампиған түп жағында екі ұрық қабылдағышы болады. Аталық өрмекшінің ішкі жыныс аппараты ұзынша қапшық тәрізді қос ұрық безінен тұрады. Ілгері қарай олар қос ұрық өзегі түрінде ұласып кетеді, осыдан барып өкпе стигмасының артқы жағынан барған жерде бірігіп сыңар өзекке айналып сыртқа ашылады. Кресті өрмекшінің аналық безі екеу емес, жалқы. Бірақ бұл жағдай барлық өрмекшілерге тән емес. Аналық бездің алғашында жұп болғандығын, оның алдынғы жақ шетінен екеу борлып шығып кейін бірігіп жалқы өзеке айналатын, тұқым жолы көрсетеді. Оның кеңейген бас жағын “жатыр” деп, ал стигмалардың арасындағы көлденең саңылауға келіп ашылатын соңғы жағы “қынап” деп атайды. Эпигиненің түп жағында қосарының жатқан ұрық қабылдағышқа “қынаптан” шығып бір-бір өзектен кетеді, міне осы өзектер арқылы сперматозоидтар қынапқа барып өседі. Әрбір ұрық қабылдағыштың тағы да бір-бір өзегі болады, бұл өзектер эпигиненің түп жағында ерекше бөлек тесіктен ашылады. Осы қос тесікке кресті — өрмекшінің аталығы мен аналығы шағылысқан кезде жыныстық қосу мүшесінің – эмболустың – инесі енгізіледі.
Денесінің бөлімдері. Өрмекші тәрізділердің денесі екі бөлімнен құралады: бас – көкірек және құрсақ. Бұдан тек кенелердің денесінің құрылысы өзгеше келеді, олардың денелері бөлімге бөлімбейді және сегметтенуі де жойылған, немесе бұлардың тек іздері ғана қалған. Алдыңғы бөлімнің –бас-көкіректің — әдетте сегменттенуі анық білінбейді, өйткені үстіңгі жағынан жалпы арқалық қалқан жауып тұрады. Ал екінші бөлім – құрсақ болатын болса, бұл бірнеше сегменттерден құралады. Бірақ кейде соңғы екі-үш сегменттер бөлек- бөлек болып дербес тұратын жағдайлар кездеседі. Мысалы сольпуганың бас көкірегінің сондай дербес тұрған үш сегменті бар. Құрсақтың постанальдық қосалқыны есептемегенде, он екіге шейін сегменті болуы мүмкін.
Аяқ-қолдары. Өрмекші тәрізділердің алты жұп аяқ-қолдары болады және бұл аяқ-қолдарының бәрі де бас көкіректе тұрады, ал құрсақта басқа қызмет атқаратынрудименттері болуы мүмкін. Ересек өрмекші тәрізділердің аяқ-қолдарының бірінші жұбы-хелицералар яки жоғарғы жақ сүйектер – қашанда болса ауыздың алдындағы жағында жатады және әдетте екі-үш мүшеден құралады. Хелицералармен жемтіктерін ұстап алады, көбіне сол тіпті сол жемтіктерін өлтіруге және олардың қатты қабықтарын ұсақтауға жұмсайды. Соңғы мүшелік тырнақ сияқты (өрмекшілерде), немесе соның алдыңғы мүшеліктің тамағымен бірігіп қысқаша айналады. Аяқ-қолдардың екінші жұбы – аяққармалағыштар (педипальпалар), не төменгі жақ сүйектер ауыздың екі жағында жанында жатады.
Аяқ-қармалағыштарын не жемтігін ұстауға жұмсайды, бұл үшін оның ұшындағы бөлімі нағыз яки жалған қысқаша айналған, не сезу мүшесі ретінде пайдаланады. Ал өрмекшілердің аталықтарында ол шағылыс мүшесіне айналған. Аяқтарының қалған басқа төрт жұбының төртеуі де әдетте жүру аяқтары болады.
Нерв жүйесі және сезім оргндары. Әсіресе шаяндардың орталық нерв жүйесі күшті бунақталған болып келеді, оның денесінің сырт жағы да көбірек бунақталған. Бірақ шаяндардың да, сондай-ақ басқа өрмекші тәрізділердің де нерв түйіндерінің шоғырлануы өте күшті: аяқ-қармалғыштардың сегменттерінен бастап құрсақтың жақтағы төртінші сегментіне шейін сегменттердің түйіндері бірігіп үлкен массаға айналған, бұл масса дененің бас-көкірек бөліміндегі ішектердің астында жатады. Осы массаға қосарланып жатқан жұтқыншақ үсті түйіндер де қосылып кетеді. Жұтқыншақ үсті жұтқыншақ асты массасы мен байланыстыратын коннективалар өте қысқа және жуан келеді, сондық жұтқыншақ асты түиіндердің жалпы массасының арасында жатқан шамалы тесіктен өңеш бойлап өтеді. Бесінші сегменттен бастап сегменттер өздерінің дербес нерв түйіндерін сақтап қалған. Әсіресе өрмекшілер мен кенелердің нерв жүйесі айрықша көбірек шоғырланып өседі.