Қабықшалармен қапталған нерв клеткаларының өсінділері нерв талшықтарын құрайды. Нерв талшықтары ми мен жұлынның өткізуші жолдарын, ал шет жағында нервтерді құрайды. Орталық нерв жүйесінде нерв талшықтары мидың ақ затының құрамына кіреді.
Оны қабықшалар қаптап тұрады. Қабықшаларының құрылысына қарап нерв талшықтарының екі түрін ажыратады: миелинсіз (жұмсақ затсыз) және миелинді (жұмсақ затты) нерв талшықтарын.
Жұмсақ затсыз нерв талшығы Шванн клеткаларымен қоршалған бірнеше (7-12) орталық цилиндрлерден тұрады. Жұмсақ затсыз қабықшаның құрамында миелин болмайды. Жұмсақ затсыз нерв талшығы жұқа дәнекер ұлпалық базальдық мембрана мен қапталған.
Миелинді (жұмсақ затты ) нерв талшықтары орталық және шеткі нерв жүйесінде байқалады. Бұл талшықтар нерв импульстарын өте тез және дәл өткізеді. Орталық цилиндрге тікелей жанасып, оны қаптап тұрады. Изолятор рольін атқарады деп есептейді. Миелин нерв талшығын толықтай қаптамайды, белгілі аралықта үзіледі, ‡зілген жерін Ранвьенің үзіілсі деп атайды.
Бұл жерлер Шванн қабықшасымен қапталмайды. Миелин қабықшасы үзілуінің орталық цилиндрге қажетті заттардың енуіне, иондар алмасуына тигізетін әсері үлкен және нервтік қозудың жылдамдығын да арттырады.
Миелиндік қабықшада үзілістер арасында кішкене саңылаулар болады, оны Шмидт – Лантермен кесіндісі дейді.
Нейрондардың өзара байланысы. Нейрондар әрқайсысы өз алдына жеке қызмет атқармайды. Олар өзара байланысып, біртұтас жүйе құрайды. Нерондардың өзара және сол сияқты нерв жүйесіне жатпайтын клеткаларымен жанасып, байланысқан жерлері синапстар деп аталады. Синапстардың құрылысы мен орналасуына қарай үш топқа бөлінеді: нейрондараралаық, рецепторлық – нейрондық және нейроэффекторлық деп. Нейрондарааралық синапстар аксодендриттік, аксосомалық және аксоаксондық болып бөлінеді.
Синапстық саңылаулармен шектескен бір мембрананы, яғни аксонның нейрилеммасын пресинапстық мембрана, ал екіншісін, дендриттің нейролеммасымен жанасатын — пост синапстық мембрана дейді.
Синапстардағы қозудың берілуі ерекше химиялық заттың, медиатордың, ацетилхолиннің бөлінуіне байланысты. Ол пресинапстық көпіршіктерде ғана жиналады және пресинапстық аксонды қоздырған кезде жеткілікте мөлшерде бөлінеді. Медиаторлар көпіршіктерден синапстық саңылауға шығады да постсинапстық мембрананың компоненттерімен байланысқа түсіп, оған тез сіңеді.
Нейрондараралық синапстар нерв клеткаларының арасындағы синапстар. Егер бір нейронның аксоны басқа постсинапстық нейронның дендритімен контактіге түссе, бұндай синапстарды аксодендриттік деп атайды. Бұлар синапстардың кең тараған түрі және құрылысы да түрліше болады. Егер бір нейронның аксоны басқа постсинапстық нейронның перикарионымен контактіге түссе, ондай синапсты аксосомалық дейді. Бір нейронның аксоны екінші бір постсинапстық нейронның аксонымен байланысса, ондай синапсты аксоаксондық деп атайды. Нейронаралық синапстар өте көп болуы мүмкін. Морфофункциялық белгілері бойынша синапстарды химиялық және электрлік деп бөледі. Химиялық синапстар қоздырушы және бөгеуші болып ажырайды.
Нерв ұштары. Нерв талшықтарының бәрі нерв ұштары деп аталатын ұштық аппаратпен аяқталады. Функциялық ерекшелігіне қарай нерв ұштарын эффекторлық (эффекторлар), сезімдік (немесе рецепторлар) және нейрондараралық синапстарды құраушы ұштық аппараттар деп бөледі. Эффекторлық нерв ұштары қозғаушы немесе секреторлық болып бөлінеді. Қозғаушы немесе моторлық, нерв ұштары дегеніміз сомалық немесе вегетатаивтік нерв жүйесінің моторлық клеткаларының нейреттерінің ұштық аппараттары. Олардың қатысуымен нерв импульстары жұмыс органдарының ұлпаларына беріледі.
Бірыңғай салалы бұлшықетте қимылдық нервтенуді миелинсіз нерв талшықтары қамтамасыз етеді. Рецепторлық нерв ұштары – рецепторлар. Рецепторлардың екі тобын ажыратады: экстерорецепторлар және интерорецепторлар деп. Рецепторлардың белгілі түрінің қабылдайтын тітіркенішінің ерекшелігіне байланысты барлық сезімдік ұштарды механорецепторлар, барорецепторлар, хеморецепторлар, терморецепторлар т.б. деп ажыратады.
Дәнекер ұлпасындағы рецепторлар алуан түрлі. Бұған жататындар пластинкалық дәнешіктер немесе Фатер – Пачини денешіктері. Гольджи – Мацциони денешіктері, Мейснер денешіктері, Краузенің ұштық колбалары, Руффинидің денешіктері, генитальдық денешіктер немесе Догельдің денешігі т.б.
Адам денесінде ең көп тараған Фатер – Пачини денешіктер. Бұлар механорецепторлар. Сүт безінде, сіңірлер мен буындар маңында, терінің борпылдақ дәнекер ұлпасында, ішектің шарабы майында, Ұйқы безінде, ішкі органдардың дәнекер ұлпасында және қан тамырларының маңында болады. Бұл рецепторлар дәнекер ұлпалық капсуладан, сезімдік нейронның дендритінен және олардың арасында орналсқан нейроглиялық клеткалардан тұрады. Дендрит нейроглиялық клеткалармен бірге Фатер – Пачинидің ішкі колбасын құрайды.
Ішкі колба сыртқы колба деп аталатын дәнекер ұлпалық қабықшамен қапталған. Фатер – Пачини денешіктері терінің терең қабаттарында және барлық ішкі органдарда көп болады.
Тері негізінің еміздікше қабатында механорецепторлар болып есептелетін, сипауды сезетін денешіктер немесе Мейснердің денешіктері орналасқан. Олар олигодендроглияциттерден тұрады. Адам денесінде Краузе колбаларыда кең тарған. Бұлар да өстік цилиндрден, ішкі глиалық колбадан және сыртқы дәнекер ұлпалық капсуладан тұрады. Терінің дәнекер ұлпалық негізінде, кілегей және серозалық қабықшаларда болатын терморецепторлар бар.