Бұлшық ет ұлпасы – организмнің қозғалысы мен ішкі органдарының жиырылу процестерін қамтамасыз ететін жоғары дәрежеде мамандалған ұлпалар. Бұлшық еттің үш түрін ажыратады:
- Бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы;
- Көлденең салалы бұлшық ет ұлпасы;
- Жүрек бұлшық ет ұлпасы.
Бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы. Көлденең жолағы болмауына байланысты бірыңғай салалы деп атаған. Бұлшық еттің бұл түрінің жиырылуы біздің еркімізге байланысты емес. Оның функциясын вегетативтік нерв жүйесі реттейді. Бірыңғай салалы бұлшықет қабат құрап орналасады. Кейбір қуыс органдардың қабырғаларында, мысалы, қан тамырларында, өкпенің ауа жүретін жолдарында, қуықта, өт қабында, ас қорыту жолдарында бір немесе екі қабат құрайды. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасының құрылымдық элементі бірыңғай салалы бұлшық ет клеткасы. Клетка мағынасында “талшық” деген термин де қолданылады. Оның пішіні ұршық тәрізді ядросы клетканың жалпақ бөлігінде орналасқан. Жеке клеткалар сирек сирек кездеседі, әдетте, олар жуандығы түрліше шоғырлар құрайды. Шоғырларда және олардың аралығында коллагендік және эластиндік талшықтары көп дәнекер ұлпасының жіңішке қабаты болады. Дәнекер ұлпасы арқылы қан тамырлары мен нервтер өтеді.
Элетрондық микроскоп бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы клеткасының цитоплазмасында митохондрияларыдың, рибосомалардың, Гольджи аппаратының, гранулалық эндоплазмалқ тордың элементтерінің болатынын анықтады. Бұл органеллалар ядроның полюстерінде орналасады. Сонымен бірге цитоплазмада жуандығы 7нм жіңішке және диаметрі 17нм филаменттердің болатыны да байқалды. Жіңішке филаменттерді актиндік, ал жуанын – миозиндік деп атайды.
Жіңішке филаменттің құрамында актиннен басқа да екі белок болады – тропомиозин мен тропонин. Бұл екі белок Са2+ иондары болмағанда актин мен миозиннің өзара әрекеттесуін бәсеңдетеді. Кейін аралық филаменттер де ашылды (жуандығы 10 нм ). Бірыңғай бұлшық ет ұлпасы мезенхимадан дамиды. Зақымдалған жағдайда қалпына келеді.
Көлденең салалы бұлшық ет ұлпасы, қаңқа еті немесе сомалық (дене) еті деп те аталады. Бұлшық еттің бұл түрінің құрылымдық элементі клетка емес, симпласт болып саналатын көп ядролық талшық, талшықтың пішіні цилиндр тәрізді, ұзындығы 1-ден 40 мм – дей, ал жуандығы 0,1 мм – ге жетеді. Көлденең салалы бұлшық ет талшығын сарколемма (гректің саркос – ет, лема – қабықша деген сөздерінен құралған) деп аталатын плазмалық мембрана қаптап тұрады. Бұлшық ет талшығының цитоплазмасын саркоплазма дейді. Ядросыны пішіні таяқша тәрізді.
Құстардың, сүтқоректілердің және адамның бұлшықет талшығының ядролары сарколемманың астында цитоплазманың шет жағында орналасқан, ал төменгі сатыдағыомыртқалылар мен барлық омыртқасыздар да ядро талшығының ішінде немесе ортасында жатады.
Электронды микроскоппен зерттеген кезде саркоплазмада мембраналармен шектелген цистерналар мен түтікшелер жүйесінің болатыны анықталды. Құрылысы басқа клеткалардың эндоплазмалық ретикулумға ұқсас болғандықтан, оны саркоплазмалық ретикулум деп атайды. Саркоплазмалық ретикулумда гликоген синтезделеді және кальцийдің ионы болады. Гликоген бұлшықет жиырылуына қажет энергияның көзі, ал кейде бұл мақсатта май қышқылдары да пайдаланады.Бұлшық ет талшықтарының цитоплазмасында немесе саркоплазмасында миофибриллалар көп болады.
Саркоплазма ядроны ғана қоршап қана қоймайды, сонымен бірге миофибриллалардың арасында толтырып тұрады. Саркоплазманың мөлшері өзгермелі. Кейбір бұлшық ет талшығында саркоплазма аз болып келеді, ал оның есесіне миофибриллаларкөп болады. Мұндай талшықтардың жиырылуы күші жоғары, бірақ жұмсалған энергияны тез қалпына келтіре алмағандықтан, олар тез шаршайды. Ұзақ мерзім жұмыс істейтін бұлшық ет талшықтарында, керісінше, саркоплазма көп болады да, жиырылғыш зат аз болады.
Жарық микроскопы мен қарағанда миофибриллардың көлденең жолақтығы байқалады. Электрондық микроскопиялық зерттеулер көлденең жолақтылық және актин және миозин жіптерінің орналасуының салдары екенін көрсетеді.
Бұлшықет талшығының метаболизміне қажет құрамында тыныс алу ферменттері болатын саркосома деп аталатын митохондриялар саркоплазмада көп болады. Саркоплазмада ерігіш пигменттік белоку миозин болады. Бұл белок химиялық құрамы жағынан эритроциттердің гемоглобиндаріне жақын, оның оттегін байланыстыратын және қажетіне қарай бөліп беретін қабілеті бар.
Жүрек еті (миокард) вентралдық мезодерманың висцералдық жапырақшасынан дамиды. Жүрек етінің құрыылмдық функциялық бірлігі жүрек бұлшық ет клеткасы — кардиомиоцит. Электрондық микроскоп шыққанға дейін жүрек етін бірі мен бірі жалғасып жататын бұлшықет талшықтарынан тұратын симпласт деп санаған. Электрондық микроскоп жүрек ет талшықтарының ұштарымен жалғасқан жеке клеткалардан тұратынын анықтады.
Жүрек еті өзінің жиырылғыш элементтерінің құрылымы жағынан көлденең салалы бұлшық етке ұқсас. Соңғылардікі сияқты бұлардың миофибриллалары көлденеңнен сызылған. Сонымен бірге жүрек етінің құрылысында өзіне тән ерекшеліктер де бар. Оның бірі – бұлшық ет талшығында көлденең орналасқан “аралық жолақ” деп аталатын ерекше құрылымның болуы. Электронды микроскоп – аралық дискілердің жүрек еті клеткаларының шекарасына сәйкес келетінін көрсетті. Жүрек еті көлденең жолақты болғанымен оның жиырылуы біздің еркімізге байланысты емес. Жүрек етінде митохондриялар көп болады. Саркоплазмада митохондриялардың арасында гликогеннің гранулалары жиі кездеседі. Митохондриялар мен гликоген, Гольджи қапшықтары мен липид тамшылары саркоплазмада ядроның полюстерінде орналасқан. Ол вегетативтік нерв жүйесімен нервтенеді.