Омыртқалылардың дәнекер ұлпасы

Дәнекер ұлпасының өзі.

Жоғарғы сатыдағы жануарлардың организмінде дәнекер ұлпасы көп тараған. Қан тамырларының жанында орналасады, эпителиалдық ұлпаға төсекше қызметін атқарады, органдардың арасын толтырады. Дәнекер ұлпа заттар алмасуын қамтамасыз ететін орта болып есептеледі. Органдардың қабында механикалық қызмет те атқарады.

Ұлпаның гистологиялық құрылымы атқаратын қызметіне байланысты. Трофикалық маңызы бар ұлпаларда клеткалар өте көп болады, ал аралық заттың механикалық элементтері нашар жетіледі. Тіректік маңызы бар ұлпаларда, керісінше, механикалық құрылымдар көп болады да, клеткалардың саны аз болады. Осыған сәйкес дәнекер ұлпасының бірнеше түрі ажыратылады: Ретикулалық ұлпа, борпылдақ дәнекер ұлпа және тығыз дәнекер ұлпасы.

Дәнекер ұлпасы күрделі құрылым оның құрамында ұрықтың мезенхимасынан дамитын түрлі клеткалар, клеткалардың өлі өнімдері болып саналатын талшықтардың бірнеше типтері және гиалурон қышқылынан, хондротиннен, хондроитинсульфаттан және кератинсульфаттан тұратын сұйық немесе қоймалжың, аморфтық матрикс болады. Дәнекер ұлпасын құрайтын клеткалар, әдетте бір – бірінен қашық орналасады.

Борпылдақ дәнекер ұлпа.

Дәнекер ұлпасының бұл түрі адаммен сүтқоректілердің организмінде кең тараған. Борпылдақ дәнекер ұлпа терінің астында жатады. Органдардың, ұлпалардың және клеткалардың арасын толтырып тұрады. Борпылдақ дәнекер ұлпада түрлі бағытта тәртіпсіз орналасқан, коллагендік және эластиндік талшықтар болады. Олардың арасында клеткалар орналасады. Борпылдақ дәнекер ұлпасының клеткалары : фибробластлар, гистиоциттер, адвентициялық клеткалар, толық клеткалар, май және пигменттік клеткалар. Сонымен бірге қанның клеткаларыда кезедеседі – лимфоциттер, плазмоциттер, және макрофагтар. Борпылдақ дәнекер ұлпасының клеткааралық заты талшықтар мен аморфты заттан тұрады.

Талшықтар ұлпаға мықтылық пен серпімділікті қамтамасыз ететін қасиет береді. Талшықтарын үш түрін ажыратады: коллагендік, эластиндік және ретикулалық. Коллагендік талшық берік келеді және тармақталмайды. Пісірген кезде алдымен ісінеді, сонан кейін еріп, желімге айналады. Осы қасиетіне қарай коллагендік деп атаған. Эластинді талшықтар эластин белогінен түзілген, физикалық қасиетіне қарай бұларды эластикалық немесе серпінді талшықтар деп атайды. Серпінді талшықтардың қасиеттері коллагендік талшықтарға қарама – қарсы. Олар өте созылмалы және оңай үзіледі.

Ретикулалық талшықтар жай әдістермен өңдегенде наша байқалады. Дәнекер ұлпаны күмістің тұздарымен өңдеген кезде жақсы көрінеді, сондықтан аргирофильдік талшықтар деп аталған. Бұл талшықтар өте жіңішке, қысқа жиналған кезде тор түзеді, ретикулалақ (ретикула – тор) деп аталуы осы қасиетіне байланысты. Борпылдақ дәнекер ұлпасының талшықтарының арасында борпылдақ дәнекер ұлпасының негізгі заты деп аталатын құрылымы жоқ зат болады. Кейін оны клеткааралық заттың аморфты компоненті деген. Аморфты зат ұлпалардың тіршілігінде маңызды рөл атқарады және жоғары молекулалық қышқыл мукополисохаридтерден, гепариннен, гиалурон және хондроидтин күкірт қышқылдарынан тұрады.

Фибробластлар борпылдақ, қалыптаспаған дәнекер ұлпасының негізгі жасушалары. Фибробластлар мезенхимадан немесе перициттерден пайда болады. Бұлар – ірі жалпайған көп өсінділі жасушалар. Фибробластлар жасушааралық заттың түрлі компоненттерін синтездейді, бірақ бұлар коллагендік, эластиндік талшықтар мен аморфтық жасушааралық затты түзуші бір ғана жасушалар емес. Жіктеле келе фибробластлар бірте – бірте қартайып, көбею қабілетінен айрылып, фиброцитке айналады. Бұлар даму кезеңі аяқталған фибробластлар. Фиброциттер бөлінбеген мен, жасушааралық заттың белгілі мөлшерін бөлу қабілетін сақтайды. Гистиоциттердің борпылдақ дәнекер ұлпасындағы саны шамамен фибробластлардай болады. Функциясы жағынан фибробластлардан өзге, дәнекер ұлпасының жасушааралық затын құрамайды, трофикалық және қорғаныш рөлін атқарады.

Борпылдақ дәнекер ұлпада гистиоциттер ұсақ қан тамырлары мен май клеткаларының жиылған жерінде байқалады. Қабыну процестері кезінде гистиоциттер қабыну ошағына жиналып, бөгде денелер мен белоктарды фагоцитоздап, лизосомалардың гидролиздеуші ферменттерінің көмегімен оларды қорытады. Қабыну ошағында гистиоциттер үлкейіп, өсіп макрофагтарға айналады. Лимфалық жүйенің ретикулалық клеткалармен қосылып, организмнің ретикула – эндотелийлік жүйесін құрайды. Гистиоциттер қажет болған жағдайда псевдоподиялардың көмегімен амебаша қозғала алады, пішіні айнымалы. Цитоплазмасы фибробластікіне қарағанда қанық боялады, клеткаларға тән органоидтардың бәріде болады. Пішіні тұрақсыз болуына және физиологиялық қасиеттері түрліше болуына байланысты гистиоциттер полибластлар, кезеген клеткалар т.б. деп аталады.

Май жасушалары немесе липоциттер ретикулалық жасушалармен гистиоциттерден пайда болады. Цитоплазмасында май жиналады. Сүтқоректілер мен адамның май ұлпасы ақ және қоңыр май ұлпалары болып бөлінеді.

Ақ май ұлпасы адамды құрсақтың төменгі бөлігінде, санда, бөкседе, шарбыда, бүйрек майында болады. Қоңыр май жаңа туған нәрестелерде және қысқы ұйқыға кететін сүтқоректілерде байқалады. Қоңыр май ұлпасы адам мен сүтқоректіледің жауырын аймағында, мойнында, омыртқа жотасының бойында, төсте, қол белдеуінің бұлшық еттерінің арасында орналасады. Май ұлпасы тіршілікке қажетті энергия көзі болып табылатын организмдегі май депосы рөлін атқарады. Ішкі органдарды соққыдан сақтайды, организмде жылудың сақталуына себепші болады.

Толық жасушалар адам мен сүтқоректілердің борпылдақ дәнекер ұлпаларында, көмекей безінде, бауырында, алқым безінде, жатыр қабырғасында, сүт бездерінде, ас қорыту жолының кілегей асты қабатында, тілде байқалады. Осы органдарда толық жасушалар ұсақ қан мен лимфа тамырларын бойлай орналасады.

Плазмалық жасушаларкөмекей бездерінде, көк бауырда, лимфа түйіндерінде, бауырда, ішектің кілегейлі қабатында т.б. органдарда болатын пішіні жұмыр немесе сопақша ұсақ жасушалар, ядросы жасушаның бір жағына ауыса орналасқан. Плазмалық жасушалар организмнің иммундық жүйесінің маңызды компоненті антиденелерді бөледі.

Тығыз дәнекер ұлпа.

Тығыз дәнекер ұлпаның механикалық маңызы бар. Оның құрамында клеткалар мен аморфтық зат аз болады да, талшықтар басым келеді. Талшықтары тәртіппен орналасқан. Тығыз дәнекер ұлпа терінің негізін, сіңірді, шандырды, желкені құрайды.

Дәнекер ұлпалаық талшықтардың орналасуына байланысты тығыз дәнекер ұлпасының екі түрін ажыратады: тығыз қалыптаспаған және тығыз қалыптасқан дәнекер ұлпаларын. Тығыз қалыптаспаған дәнекер ұлпасында клеткааралық заттың талшықтар шоғыры түрлі бағыттарда жатады және олардың орналасу бағытында қатаң заңдылық болмайды. Тығыз қалыптасқан дәнекер ұлпаларының талшықтар шоғырларына ұлпаға әсер ететін механикалық күштердің бағытына сәйкес орналасу заңдылықтары тән. Ұлпаның негізгі массасын құрайтын талшықтардың түріне байланысты қалыптасқан дәнекер ұлпасын коллагендік және серпілмелі (эластикалық) деп бөледі. Тығыз қалыптаспаған дәнекер ұлпасы адам мен сүтқоректілер терісінің негізін құрайды. Коллаген талшықтарының шоғырлары түрлі бағытта орналасып, айқұш – ұйқыш шырмалып жатады.

Дәнекер ұлпасының бұл түрінде коллагендік талшықтармен бірге эластиндік талшықтардың кейбір саны кездеседі. Бұл ұлпада клеткалар аз болады, олар негізінде фибробластлар, фиброциттер және борпылдақ дәнекер ұлпасында байқалатын кейбір клеткаларда кездеседі. Тығыз дәнекер ұлпасы сіңірді құрайды.

Тығыз қалыптасқан серпілмелі дәнекер ұлпасы адам мен сүтқоректілерде желке мен дыбыс тарамыстарын құрайды. Бұл ұлпаның құрылысы тығыз қалыптасқан коллагендік дәнекер ұлпасына ұқсас, айырмашылығы негізгі құрылымдық компоненті эластиндік талшықтар. Коллагендік талшықтар аз болады. Тығыз қалыптасқан серпілмелі дәнекер ұлпасы шоғырларға бөлінбейді. Оның клеткалық элементтері, көбінесе, фиброциттерден тұрады, бірақ борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпасына тән басқа клеткаларда кезедеседі. Соңғылар қан тамырларын бойлай эластинді талшықтардың арасында орналасады. Тығыз дәнекер ұлпасы түрлі эмбриондық бастамалардан дамиды: тығыз қалыптаспаған дәнекер ұлпасы дерматомның мезенхимасынан, ал тығыз қалыптасқан дәнекер ұлпасы склеротомнан пайда болады. Эмбриондық гистогенез процесі кезінде мезенхиманың клеткалары фибробластларға жіктеледі.