Қолқанаттылар отряды (Chiroptera)

Насекомқоректілер отряды (Insectivora). Насекомқоректілерге көртышқан, жертесерлер, кірпілер, жұпар (выхухоли) тағы осылар сияқты тұмсығы сүйір кішкентай жануарлар тобы жатады. Бұлардың дене құрылысында және тіршіліктерінде ертеде болған сүтқоректілердің белгісі бар. Формасы конус тәрізді тістері күрек тіс, шошақ тіс, азу тіс болып жеке жіктелмеген және олардың үстіңгі бетінде шайнау бұдыры болмайды. Тұмсықтары сүйір жұмсақ қозғалмалы, ерні болады, сондықтан оны (хоботок) тұмсығы сүйір деп атайды. Насекомқоректілер отрядының өкілдері жер бетіне өте көп тараған, олардың кейбіреулері мына төмендегілер.

Көртышқан. Ол тіршілігін жер қазып, жер астында өткізеді. Сондықтан осындай тіршілік жағдайына қарай өте жақсы икемделген. Атап айтқанда, оның алдыңғы аяқтары жер қазуға икемделіп төмен қарай иілген және екі жағына қарай қайырылған. Жер қазуға бейім өткір тырнақтары да бар. Жер қазу әрекетіне сәйкес аяқтарының сүйектері де имиіп, қазу мүмкіншілігін арттырады. Ал саусақтары болса бір-бірімен тері жарғақпен қосылған. Сөйтіп, тіршілік орталығының әсерінен көртышқанның алдыңғы аяқтары жалпақ қалақша немесе күрекше сияқты болады. Дене құрылысының осындай болуы көртышқанның эволюциялық тарихи дамуына байланысты. Көртышқанның мойны жеке бейнеленбей қысқарып басымен денесі қосылып кеткен. Ал денесінің алдыңғы жағы сүйір конус пішіндес болады. Мұндай дене пішіні жер астында тар індерде жүргенді жеңілдетеді. Көртышқан алдына қарай және кейін шегініп те жақсы жүре алады. Оған жүні кедергі жасамайды, өйткені оның жүні қысқа және өте жұмсақ алға және артқа қарай да жығылады. Көртышқанның қатты қабықты насекомдарды жейтін үшкір жіңішке шошақ тістері болады. Оның азу тіс пен алдыңғы тістерінің бір-бірімен айырмасы аз. Көртышқан жер астында көрінбей жатады. Бірақ иіс сезімі жақсы жетілген. Тұмсықтың үстінде сезім мұртшалары да бар. Көртышқан жер астында ұя жасап, көктемде 13-5 кішкене қызылшақа соқыр бала туады. Олар бір айдай сүтпен қоректеніп жетіледі. Көртышқаңдар жер қазып, топырақ арасында кездесетін құрттар мен насекомдарды жеп қоректенеді.

Көртышқанның пайдасы да, зияны да бар. Олар насекомдарды және олардың личинкаларын жеп ауыл шаруашылығына, орман шаруашылығына пайдасын тигізеді. Көртышқанның терісінен бас киім және тон тігіледі.

Жұпар. Қазақстанда Жайық өзенінің жағалауын мекендейтін, жартылай суда тіршілік ететін жануар. Олар қорегін судан алады. Дене тұрқы 18-20 см, салмағы 300-400 г. Жұпар қазіргі Қазақстанда сирек кездесетін аңдар қатарына алынған. Оны қорғау үшін ол мекендейтін жерлерден шағын қорық ұйымдастырған жөн. Жойылып бара жатқан аң болғандықтан жұпар Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Қолқанаттылар отряды (Chiroptera)

Қолқанаттылар немесе жыртқыштар отрядына жататын жануарлардың алдыңғы аяғының ұзын саусақтарын арасында және денесінің екі бүйірінде құйрығына шейін керілген тері жарғағы болады. Ұштаны болғандықтан жарқанаттылардың кейбір белгісі құстардікіндей. Мысалы, көкірек клеткасы және кейбір бұлшық еттері құстардікіндей жақсы жетілмеген. Төс сүйегінде құстардікі сияқты биік жалқыры болады. Жарқанаттар іңірде және түнде ұшып жүріп насекомдармен қоректенеді. Олардың көзі нашар көреді, бірақ дыбыс мүшесі мен сезім мүшесі жақсы жетілген. Олар ұшып бара жатқан насекомдарды дыбыс мүшесінің көмегімен ұстайды. Жарқанаттар кәдімгі дыбыстан басқа адамға естілмейтін ультра дыбыстар деп аталатын дыбыстарды шығарып және оны қайта қабылдайтындығы дәлелденді. Жарқанат ұшқан кезде шығарған ультра дыбыс толқындары кедергіге кездесіп, ол кедергіден шағалысады да, жарқанаттың есту мүшесіне сезіледі. Сөйтіп дыбыс арқылы кедергіні білгенмен кейін ол кедергіге ешуақытта да соқтықпайды. Ол ұшып бара жатқан насекомдарды да осылай сезіп біледі. Қосқанаттылардың көбі кішкентай жануарлар мыс: жарқанат қолқанаттылар.

Бұлардың өздеріне тән ерекшелігі жоғарғы жағындағы негізгі жұп күрек тісінің арт жағында орналасқан, нашар жетілген тағы да бір жұп күрек тісі болады. Онша үлкен емес (жабайы қояндар, үй қояндары), бойы аласа (шиқылдауықтар — пищухи) ұсақ аңдар жатады. Оларға тән ерекшеліктер құлақтары үлкен, артқы аяқтары ұзын және құйрықтары қысқа болады. Өсімдік тектес азықтармен қоректенеді. Өсімтал жануарлар, қояндар мен үй қояндары дүние жүзінде кең таралған. Олар Оңтүстік Америка мен Мадагаскар жерінде жоқ, ал Австралияға арнайы алып келіп жіберілген.

Қазақстанда қоянның үш түрі кездеседі: құм қояны, ақ қоян және орқоян. Құмқоян Қызылорда, ІІІымкент, Жамбыл, Алматы және Талдықорған облыстарының құмды төбелерінде кездеседі. Құмқояны өсімтал, әр туғанда 1-9-ға дейін көжек туады. Акқоян Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Көкшетау т.б. Республикамыздың солтүстік облыстарында кездеседі. Орқоян Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау облыстарының құмды, Жайық өзенінің жайылымында, тоғайдың арасында, ашық далалы жерлерді мекендейді.

Қазіргі үй қоянының отаны Оңтүстік Европа (Испания, Оңтүстік Франция) деп саналады. Сол жерден Европаға, Солтүстік Америкаға, Африкаға, сол сияқты шығыс елдеріне, оның ішінде Жапонияға, Қытайға, Австралияға тараған.

Жабайы үй қояндарының екі түрі белгілі: кәдімгі және майқұйрық үй қояны. Зерттеу мәліметтеріне қарағанда үй қояндарының барлық тұқымдары осыдан 2 000 жыл бұрын, оңтүстің европалық тағы үй қояндарынан шыққан. Қазіргі уақытта үй қояны дүние жүзінің барлық елдерінде өсіріледі.

Үй қояны мен жабайы қояндардың еті, терісі және жүні әркімге белгілі. Сол үшін қолда өсіреді, аңшылық кәсіп ұйымдастырады. Ал олар шамадан тыс көбейіп кетсе, үй малдары жейтін пайдалы өсімдіктерді жеп зияны тигізеді. Сонымен қатар әртүрлі жұқпалы аурулар таратуы да ықтимал.

Кемірушілер отряды (Rodentia)

Жоғарғы сатыдағы аңдар класс тармағының тағы бір отряды кемірушілер. Бұл отрядқа жататын жануарлардың саны 2500-ге жетеді. Мысалы. олар тиіндер, ондатр, саршұнақтар, егеуқұйрықтар, тышқаңдар, қосаяқтар, аламаңдар, жайра, камшат, бұзаубас, соқыртышқан т.б. жатады. Олар жер бетінде де көп тараған. Табиғатта әртүрлі тіршілік ортасына бейімделген, кейбіреулері ағаш басына, суға, жер астына тағы басқа ортаға тіршілік етуге бейімделген. Індерде көпшілік кемірушілер тіршілік етеді. Тамақ құрамына қарасақ өсімдік тектес азықпен қоректенеді, бірақ ішінде тамақты тандамай жей беретіндері де бар. Кемірушілердің ең негізгі сипаттамасы (белгісі) күрек тістерінің жақсы дамуында (үстіңгі жақ сүйегінде екеу және астыңғы жақ сүйегінде екеу). Күрек тістері мен азу тістерінің арасында тіссіз бос аралық болады, оны диастема деп атайды. Күрек тістерінің түбірі болмайды, сондықтан тістері өмір бойы өсіп отырады. Тістері шамадан тыс өсіп кетпеу үшін, олар қатты заттарды, қатты өсімдік тектес азықтарды кеміріп отырады. Ішектері өте ұзын. Жыныстық жағынан ерте жетіледі, өсімтал келеді. Кемірушілер тез өніп-өсіп болғандықтан, олардың саны жылдам өседі де халық шаруашылығындағы маңызы арта түседі. Бірсыпыра кемірушілер ауыл шаруашылық өсімдіктерінің зиянкестері (дала тышқаңдары, орман тышқаңдары, саршұнақтар, тышқаңдар), суырлар, саршұнақтар, егеуқұйрықтар т.б. оба, түйнек ауруларының қоздырғыштарын бойына сақтап, оны жұқтырады. Кемірушілердің кейбір түрлерінің (ондатр, камшат, тиін, суыр т.б.) кәсіптік маңызы бар. Жыртқыш сүтқоректілер мен жыртқыш құстардың негізгі қорегі.

Жыртқыштар отряды (Carnivora)

Бұл отрядқа күшті дене мөлшері әр түрлі болатын сүтқореқтілер жатады. Олар омыртқалы жануарлармен қоректенеді. Ал бір қатарлы өсімдік тектес азықпен де қоректенеді. Мысалы, қоңыр аю, борсықтар өсімдіктерді пайдаланады.

Жыртқыш сүтқоректілердің тістері үшкір жақсы жетілген, әсіресе ит тістері мен азу тістері беткейіндегі үшкір бүрлері өткір қырлы болады. Ал күрек тістері нашар. Астыңғы жақ сүйектері бірінші азу тіс, үстігі жақ сүйектері ақырғы жалған азу тістері басқалардан үлкен үшкір өткір қырлы болып келеді. Оларды жыртқыш тістер деп атайды. Үстіңгі тістің өткір ұшы төменгі тістің сырт жағынан өткір қайшының жүзіндей айқасып тұрады да, етті қайшымен қиғандай турайды. Жыртқыштардың тырнақтары да үшкір, жақсы жетілген. Олар жемді тырнақтарымен бүріп те ұстайды.

Жыртқыштар отрядының өкілдері: қасқыр, ит, аю, түлкі, күзен т.б. жатады. Олар жер бетінде едәуір кең тараған. Жыртқыштар отряды бірнеше тұқымдастарға бөлінеді, олардың негізгілері:

  1. Мысық тұқымдасына жабайы және үй мысығы, арыстан, жолбарыс т.б.
  2. Иттер тұқымдасына ит, қасқыр, түлкі т.б.
  3. Аюлар тұқымдасына қоңыр аю, ақ аю т.б.
  4. Сусар тұқымдасына сусар, бұлғын, борсық, күзен, ақкіс, аққалақ т.б.

Жыртқыштардың тигізетін пайдасы да бар. Олар зиянды кемірушілерді жеп, табиғатта олардың санын реттеп отырады. Көпшілік түрлерінің кәсіптік маңызы бар. Кейбір құнды жыртқыштар (қара күзен — норки), көгілдір түлкі (песцы) қолда өсіріледі.

Кейбір жыртқыш аңдарды адамдар қолға үйретті. Соның ішінде ит бірінші үй жануары болды. Ит, шамасы қасқыр мен шиебөрінің шағылысуынан пайда болып, содан кейін әртүрлі бағытта қолдан сұрыптаудың нәтижесінде келіп шыққан. Қазіргі уақытта иттердің шамамен 350 тұқымы бар. Ит қасқырмен, шиебөрімен шағылысып жақсы өсімтал ұрпақ береді.

Үй мысығы Африкада, Орта және Орталық Азияда мекендейтін дала тұз мысығы шыққан. Мысық ең бірінші Египетте қолға үйретілген.

Жыртқыштар үй малдарына және адамдарға шабуыл жасайды. Осы отрядтың ұсақ өкілдері үй құстарын жеп зиянын тигізеді. Ит тұқымдасына жататын жыртқыштар таспа құрттар мен жұмыр құрттардың иесі болып, адамдар мен үй малдарын жарақаттандырады. Қасқырлар және басқа жыртқыш адамдар мен малдарды тістеп құтыру (бешенство) ауруын жұқтырады. Жыртқыштар белгілі бір жағдайдарда зиянды болғанмен, көпшілік жағдайда олар пайдалы (кәсіптік маңызы). Сондықтан оларды белгілі бір аймақтарда қорғап санын көбейту керек.

Казіргі жыртқыштар эволюциялық дамудың барысында көне жыртқыш креодонттардан келіп шыққан.

Ескекаяқтылар отряды (Pinnipedia)

Суда ұзақ уақыт жүзуге бейімделген ірі сүтқоректілер. Бұл отрядқа тюленьдердің бірнеше түрлері жатады (теңіз мысығы, морж, құлақты итбалық т.б.). Олар тіршілігінің көбін сулы орталықта өткізеді, сондықтан оған өте жақсы икемделген жануарлар. Жағаға немесе мұздың үстіне олар көбею мен түлеті кезінде ғана шығады. Аяқтары жүгіріл жүретін жануарлардікіндей емес, өзгеріп қалақаша тәрізді болып кеткен, ал саусақтарын тері қаптап жатады. Сондықтан аяқ жақсы жүзу мүмкіншілігіг туғызады. Терінің астында қалың май қабаты болады, ол ескекаяқтыларды суықтан сақтайды. Құлақ қалқаны болмайды, ол сыртқы ортаның жағдайына икемделгендігінің белігісі. Құлақ тесіктері мен танау тесіктері суға түскенде ерекше тері жарғақпен жабылып қалады. Тюленьдер бұрын өткен уақытта құрғақ жерде тіршілік етсе де, қазір су ішінде мекендейтін нағыз сүтқоректілердің өкілі. Олардың төрт камералы жүрегі бар, денесінің температурасы жоғарғы жылы қанды жануарлар. Бұлардың өкпелері жақсы жетілген, атмосфералық ауамен тыныс алады. Тыныс алу үшін әрбір 10 минут сайын, судың бетіне шығып тұрады, Тюленьдер теңізде үлкен көлдерде мекендеп балықтармен қоректенеді. Ескекаяқтылар бірнеше тұқымдастарға бөлінді. Олар: 1) құлақты тюленьдер тұқымдасы — оның өкілі теңіз мысығы; 2) Нағыз итбалықтар тұқымдасы — оның өкілі теңіз қояны; 3) морждар тұқымдасы — оның өкілі морждар. Ескекаяқтылар отрядының өкілдері терісі мен майы, еті үшін ауланатын кәсіптік маңызы зор жануарлар.

Қазақстанда оның бір-ақ түрі каспий итбалығы ғана кездеседі. Дене тұрқы 160 см, салмағы 50-85 кт тарғыл түсті аң. Оның майы мен белогы медицинада және парфюмерияда қолданылса, сүйегі мен еті құрама жем дайындауға кетеді.

Киттәрізділер отярды (Cetacea)

Киттәрізділердің денесі ірі, барлық өмірін суда өткізеді. Осыған байланысты құрлықта, тіршілік ететін сүтқоректілерден көп айырмашылығы бар. Дене пішіні балық тәрізді басы үлкен мойыны білінбейді. Алдыңғы аяқтары ескекке айналған, артқы аяқтары мүлде болмайды. Денесінде түгі болмайды, терісінде тер және май бездері болмайды. Бір жұп сүт безі болады. Ең үлкен киттердің тері астындағы майының қалындығы 50 см-дей. Үлкен киттердің (көк кит) жүрегі бір тоннадай, сүйектерінің салмағы да сондай. Бауырдың салмағы 3 тонна, ал өкпесінде 14000 литр ауа сияды. Өкпеден баска ауа кіретін қапшалары да бар. Киттәрізділердің көпшілігі су астында бір сағат, тіпті одан да көбірек уақытқа шыдайды. Кашалоттар 300 м терендікте сүңги алады. Киттердің есту мүшелері жақсы жетілген. Олар дыбыстарды 10-12 шақырым жерден естиді. Нашар көреді. Иіс сезу мүшелері жойылған.

Көк киттің ұзындығы 33 м, ал салмағы 100 тоннадан асады, яғни 25 пілдің немесе 120 өгіздің салмағындай. Былайша айтқанда көк кит қазіргі жер бетіндегі тіршілік ететін жауарлардың ең үлкені. Көк кит тіссіз киттерге жатады немесе оларды мұртты киттер деп атайды. Киттің таңдайынан төмен салбырап, ұш жағы тарамдалып тұратын толып жатқан мүйізді пластинкаларын кит мұрттары деп атайды. Былпылдаған уақ жануарлар араласқан суды ауызына толтырып алады да, кит оны пластинка елегінен өткізеді, ал сүзіліп қалған жәндіктерді жұлып жібереді. Көк киттің аранды — аузына қаруланған 18 солдат сыйып тұра алады. Ал киттің қарнына барып түскен ұсақ жәндіктердің салмағы бір тоннаға жуық болады. Киттер екі-үш жасында жетіліп бір-ақ бала табады. Дельфиндер жыл сайын балалайды, ұрғашысы судың бетіне құйрығын көтеріп, баласын жоғары 7-8 метрге лақтырады. Баласы жоғарыдан суға түскенде ауамен тыныс алып үлгіреді. Жаңа туған киттің салмағы 2 тоннадан артығырақ болады. Осындай ірі бала тууы жамбас сүйегінің болмауына байланысты.

Киттің сүтінің майлылығы сиырдың сүтімен салыстырғанда, 10-12 есе артық (40-50 проценттей). Ал баласы күніне 200-300 л сүт ішіп тез өседі. Киттердің сүтінің 23-38 % май болады.

Киттәрізділер екі отряд тармағына бөлінеді. 1-отряд тармағы — тісті киттер, 2-отряд тармағы тіссіз немесе мұртты киттер. Киттердің, ішінде тісті жыртқыш киттерге кашалоттар және дельфиндер жатады. Дельфин ұзындығы 1,5-3 м жететін кішкентай киттер. Тістері өте көп (240 жуық). Олар Қара теңізде, Азов және Баренц теңіздерінде кездеседі. Балықтармен және басқа жәндіктермен қоректенеді.

Киттәрізділердің шаруашылықта пайдасы көп. Етінен консерві, ал сүйегінен үй малына беретін ұнға айналдырады. Китті сойғанда алған майдың пайдасы өте зор. Тіпті қарынның ішіндегі әртүрлі заттарды жиып алып жерді тыңайтуға болады. Киттерді Қиыр Шығыста және Арктикадан аулайды. Оларды кеменің үстіне орнатылған зеңбірекпен атады да өлтірген жануарларды кеменің үстіне әкеліп сояды.