Ұзынқанаттылар, тоқылдақ тәрізділер, жапалақтар, торғай тәрізділер отрядтары

17 отряд. Ұзын қанаттылар. Бұл отрядқа сұр қарлығаштар және колибрилер жатады. Олардың қанаттары ұзын және сүйір болады, сондықтан тез бұрыла, ұша алады.

Сұр қарлығаштар сыртқы пішіні мен тіршілік ету тәсілі жағынан қарлығаштарға ұқсайды. Олар ұшып бара жатып ұсақ насекомдарды қағып жейді. Өйткені, аяқтары қысқа, төрт саусағының барлығы да алдына қарай бағытталғандықтан жер бетімен жүре алмайды. Бұлар ұяларын ағаштардың қуысына жартастардың жарығына, үйлердің жапсарларына салады. Бізде кәдімгі сұр қарлығаш кең тараған. Ұяларын слекей бездерінен шыққан жабысқақ және тез қататын шырындарымен салады.

Колибрилер — ұсақ және өте ұсақ ерекше құстардың тобы. Ірі колибрилер қарлығаштай, ал ұсағы түкті араның үлкендігіндей болады. Түсі ашық жарқырауық келеді. Олар өте тез ұшады, қанатын жиі қағатын болғандықтан тіпті оның пішінін байқау мүмкін емес. Барлық түрлері де ағашты, бұталы жерлерді мекендейді. Олар гүлдердің нектары мен және гүлдегі ұсақ насекомдармен қоректенеді. Бұлардың көпшілігінің тұмсығы ұзын, аздап төмен қарай иілген, нектарды соруға бейімделген болады. Бұтақтарға ұялайды, ұясында екі жұмыртқа болады. Балапандары әлсіз, аналары өздерінің аузынан нектарларын кейін шығарып, балаланының аузы арқылы өңешіне құяды. Колибрилердің көпшілігі өсімдіктерді тозандандырады. Жалпы 600-дей түрі белгілі. Оңтүстік және солтүстік Америкада мекендейді.

18 Отряд. Тоқылдақ тәрізділер

Тоқылдақ тәрізділердің көлемі ұсақ және орташа болады, өздері ағашта тіршілік етуге ерекше бейімделген құстар. Бұлар ұяларын ағаштарға салады. Ағаштардың дәндерімен, жемістерімен немесе ағаш қабығындағы насекомдармен қоректенеді. Тоқылдақ тәрізділер қорегін мықты мүйізденген тұмсығының жәрдемімен алады, оның формасы түрліше болады. Олар ағаш бойларымен тез қозғалады, тырнақтары иілген. Арқа омыртқалары бір-біріне бірікпегендіктен денесі өте қозғалымды. Тоқылдақтар негізінен тропикада көп тараған. Балапандары көп уақытқа дейін ұяларында болады.

Біздің фаунада тоқылдақтардың 10 — нан аса түрі белгілі. Олардың негізгілері: қара тоқылдақ, үлкен ала тоқылдақ, кіші ала тоқылдақ, жасыл тоқылдақ және т.б. орман шаруашылығында тоқылдақтардың пайдасы үлкен. Олар күн сайын бірнеше жүз зиянды насекомдарды қырады.

19 Отряд. Жапалақтар

Жапалақтар сыртқы белгілеріне қарағанда, күндізгі жыртқыш құстарға ұқсас болғанымен, систематикалық жөнінен олардан анағұрлым алыстау тұрады. Жапалақтың қауырсындары қалың және жұмсақ, қопсып тұрады. Сондықтан да ұшқанда дыбыс шығармайды. Қорегін есту органының көмегімен іздеп табады. Құлағының қалқаны біршама жақсы жетілген. Құлақ қуысының алдыңғы жағында, дыбыс толқындарын күшейтетін тері қатпары орналасқан. Бұлардың көзі үлкен, сондықтан жапалақтар түнде де жақсы көреді. Басын өте тез қозғап, 270 градусқа бұра алады. Қорегін ұзын саусақты табанымен қармап ұстайды. Бұлар көп жерге тараған құс, 200 — ге жуық түрлері бар. Ал бізде 20 — дай түрі кездеседі. Балапандары әлсіз, көп уақытқа дейін ұяларында болады.

20 Отряд. Торғай тәрізділер

Торғай тәрізділерге қазір тіршілік ететін құстардың жартысынан көбі жатады, оның 5000-ға жуық түрі белгілі. Сыртқы пішінімен мөлшері алуан түрлі болады. Ең ұсағы каролек, оның салмағы 5 — 6 г болады, ал ірісі қарға салмағы 1100 — 1500 г болады. Торғай тәрізділердің көпшілігі бұталы, орманды жерлерді мекендейді. Торғай тәрізділердің ішінде нағыз су құстары болмайды. Барлығы да болжыр балапанды құстар. Ұясын өте ұқыпты жасайды. Кейбір түрлері жылына екі рет балапандайды. Торғай терізділер үш отряд тармағына белінеді.

  1. Үншіл торғай тәрізділер. Тропиктік ұсақ орман құстар 1000 — ға тарта түрі белгілі 11 тұқымдасқа топтасады.
  2. Жалған жыршы торғай тәрізділер. Бұған Австралияға тараған бір азғана түрлері жатады. Нағыз торғай тәрізділермен салыстырғанда, дыбыс байланыстары нашар жетілген. Негізгі тұқымдасы — лиралар.
  3. Жыршы торғай тәрізділер. Бұл отряд тармағына, отрядтағы түрлердің 2/3 белігі жатады. Дыбыс аппараты толық жетілген. 5-7 пар дыбыс еттері блады. 4000-ға тарта түрі белгілі, олар 52 тұқымдасқа бірігеді. Олардың түрлері:

Босторғайлар далада шөлді жерлерде, тіршілік өтетін ұсақ құстар, артқы саусағының тырнағы түзу және ұзын. Бұлар ауада ұшып жүріп жырлайды.

Қарлығаштар — өте тез ұшатын ұсақ құстар, олар насекомдарды ауада ұшып бара жатып, қағып ұстап жейді. Бізде қарлығаштардың 3 түрі қыстау қарлығашы, қала қарлығашы, жаға қарлығашы кездеседі.

Қарғалар — дене мөлшері орташа, ірі болып келетін құстар. Бір сыпырасы орманда, бірсыпырасы жер бетінде тіршілік өтеді. Қарғалар кез келген затпен қоректенеді. Бұл тұқымдасқа — құзғын, қарға, ұзақ, сауысқан, және т.б. жатады.