Қосмекенділердің систематикасы

Қазіргі қосмекенділер үш отрядқа бөлінеді: құйрықты (шамамен 300 түрі), аяқсыздар (шамамен 60 түрі), құйрықсыздар (шамамен 2000 түрі). Қазақстанда шамамен 12 түрі кездеседі.

Құйрықты қосмекенділер отряды. Бұл отрядқа саламандрлар, тритондар, протейлер (олар желбезегі бар, көздері жоқ, үңгір су қоймаларында кездеседі), сирендер (желбезегі бар, бірақ артқы аяқтары жоқ) жатады. Көпшілік құйрықты қосмекенділер Солтүстік Америкада таралған. Олардың денесі бас, дене және құйрық бөлімдеріне бөлінген. Өмірінің көпшілік уақытын суда еткізед. Алдыңғы артқы аяқтарының ұзындығы бірдей. Бізде кәдімгі тритон және жалпы тритондар кездеседі. Бұлар жайларында шағын ақпайтын, ақса өте баяу ағатын өсімдігі мол суларды мекендейді, Күзге қарай тритондар судан шығып, ағаштың түбіне, тастың астына, жердің жарығына кіріп паналайды. Қыста құрғақ түбірлердің, құлаған ағаштардың астына қыстап шығады. Көктемде қайтадан су қоймаларына оралады. Көбеюі мен личинкаларының дамуы суда өтеді.

Кәдімгі саламандрлар триондарға қарағанда тіршілігі сумен онша байланысты емес. Күндіз ағаш тамырларының, тастың астында және індерде болады. Саламандрлар желбезегі бар балаларын тірі туады, кейде суға уылдырықтарын шашады, одан личинкалар шығады.

Сирендер Солтүстік Америкада кездеседі. Артқы аяқтары жоқ. Денелері ұзынша, 60-70 см болады. Батпақты жерлерде түбірдің астын мекен етеді.

Протейлер Балқан түбегінің жер асты суларын мекендейді. Аяқтары кішкене жүруге жарамайды. Денесінің ұзындығы 25-35 см болады. Жұмыртқа салу арқылы көбейеді. Балқан протеялары тірі де туады.

Аяқсыз қосмекенділер отряды. Жер астында тіршілік етуіне және жерді қазуына байланысты, дене құрылысы өзгерген құрттар тәрізді кішкентай топ жануарлар. Көпшілік түрлерінің денесі жауын құрттарына (сақиналы) ұқсайды. Аяқтары жоқ, терісінде тері бездері көп болады. Құртша (червяк) деп аталатын бір ғана тұқымдасы бар. Ол Оңтүстік Америкада таралған, ұзындығы 40 см болады. Дымқыл жерлерді 50 см-ге дейін қазып, сол жерде тіршілік етеді. Аяқсыздар індерге, түбірдің түбіне 10-20 шақты жұмыртқа салып көбейеді. Жұмыртқадан шыққан личинкалар, суға барып дамуын аяқтайды. Ұры атануы іште болады.

Құйрықсыз қосмекенділер отряды. Сан жағынан көп, құрылысы күрделі, құрлықта да тіршілік етуге бейімделген жануарлар тобы жатады. Бұл отрядқа көлбақа, тоспа бақасы, құрбақа, жерлянка, квакш, чесночницы т.б. жатады. Құйрықсыздардың көпшілігі тропикалық елдерде көп кездеседі. Олардын әрқашан жақсы дамыған алдыңғы, артқы аяқтары болады. Артқы аяқтары алдыңғысына қарағанда күшті дамыған, сондықтан жер бетінен секіріп жүреді. Олардың ішінде құрлықта, ағаштың басында, суда және қазып інде тіршілік ететіндері бар. Құйрықсыздар терісі қалындау, сондықтан олардың өкпесі жақсы дамыған. Деседе олар тек дымқыл жерлерде ғана тіршілік етеді. Сыртқы ортада ұрықтанады. Қосмекенділердің көбеюіндегі ерекшелік — олардың көбею кезінде суға келіп жұмыртқасын салуы және суда личинканың дамуы өтеді.